Ресей Путиннен кейінгі Президент кім болуы мүмкін екенін болжауда

6467

Сарапшылардың байламынша, Кремльдің қазіргі қожайыны өзінің "тұяқбасар" мұрагеріне кесапат әрі зұлмат мирас қалдырғалы тұр, одан жаңа көшбасшы "тізе бүгіп, бас иіп" қана құтыла алуы мүмкін.

Ресей Путиннен кейінгі Президент кім болуы мүмкін екенін болжауда

Үш күн бұрын Владимир Путин Украинаның төрт өңірін аннексиялайтын жарлыққа қол қойды. Ал кеше ол өркениетті елдер мойындамаған ДХР (Донецк облысы), ЛХР (Луганск облысы), сондай-ақ Запорожье және Херсон облыстарының Ресей құрамына қосылуы туралы заң жобаларын МемДумаға енгізді. 

Осыдан кейін Украина Президенті Владимир Зеленский Путин мемлекет басшысы болып тұрғанда Ресеймен ешқандай келіссөз жүргізбейтінін жариялады. Яғни басты қарсылас РФ-тың жаңа басшысын күтеді.

Сонымен бірге Ресейдің өз ішінде, төл элитасы арасында Путинді сынаушылар көбейіп барады. Оның отставкасын ашықтан ашық талап еткен өңірлік муниципалдық депутаттар тобының саны 30-дан асты.

Америкалық Politico басылымының хабарлауынша, Ресейде Путинді қатаң сынаушылар көбейді. Танымал блогерлер, талдау орталықтары, тіпті Мәскеудегі саясаткерлер майдан даласындағы жеңіліс пен шегіністерге қатысты ыңғайсыз сауалдарды төтесінен қойып жатыр.

Мысалы, саясаткер, "Единая Россиядан" сайланған экс-депутат Сергей Марков қарсы жақтан украиналық әскерлердің жетістіктері туралы мәліметтер толассыз түсіп жатқанда, Путиннің біресе Мәскеу күнін отшашумен тойлап, біресе, украиналық төрт облыстың қосылуын үлкен концертпен атап өтіп, мәз-майрам болғанын сынап, мінеп тастады.

"Қазір әлденені мерекелеу саяси қателік. Бұл нәубет үстіндегі тойға тең. Әрине, билік халық арасында дүрбелең болмауы үшін салтанатты шаралардан бас тартпаған шығар. Ал оған президенттің өзінің қатысуы Путиннің әбден абдырағанын білдіреді", – деп тұлданды Марков. Ол Украинаға қарсы Донбасстағы соғыстың қызу қолдаушысы саналады. Оның байламынша, билік "Ресей ауыр әскери жеңіліске ұшыраған қайғылы күні" ең құрыса мерекелік отшашуды доғаруы қажет еді: "Халық аза тұтып жатқанда үкімет той тойламауға тиісті".

Бар істе Кремльдің шашбауын көтеретін "Справедливая Россия" партиясының жетекшісі Сергей Миронов Украинаны "жеңгенше" отшашу, думан атаулыны қоя тұруды ұсынды. Әйтпесе бұл соғыс даласында қанын төгіп жатқан ресейліктерді қорлауға ұқсайды-мыс.

Айтқандай, ресейлік әскери шолушылардың, блогерлердің мәліметінше, Лимандағы (оны РФ азаматтары ескіше Красный Лиман атайды) РФ әскерлері бірер күн бұрын қоршауда қала бастағанын хабарлап, Бас штабтан ұйымдасқан түрде шегінуге бұйрық беруді сұрапты, алайда Мәскеуде жоспарланып жатқан аннексияға қатысты салтанатты рәсімдерге қаяу түсірмеу үшін Кремль оған рұқсат бермей қойған көрінеді. Ал салтанат аяқталған шақта ЗСУ Лиманды басқыншылардан толық тазалауға көшті. YouТube арналарында туысқандарымен, әйелдерімен жылап қоштасқан ресейлік жауынгерлердің биллинг арқылы ауланған тілдесулерінің жазбалары да жарияланды.

Бұған дейін ресейлік әскери шолушылар және басқалары Украинаның Харьков облысынан лайықты шегінуді ұйымдастыра алмағаны үшін билікті аяусыз сынады, жерден алып, жерге салды. Тырқырай қашқан РФ армиясы сонда ресейлік пропаганданы білім жүйесі арқылы енгізу үшін барған ресейлік мұғалімдерді де тастап кетіпті. Олар әскери тұтқын емес, Женева конвенциясы қорғамайды, тиісінше олар Украина заңымен ұзақ жылға сотталуы мүмкін. РФ қарулы күштері Харьков облысында қаншама ауыр әскери техника түрін тастап кеткен. Олардың көптігі сонша, Киев мұны "ресейлік ленд-лиз" деп келеке етті.

Ал Украина қарулы күштері толық оккупацияланды деп танылған Луганск облысындағы Лиман, Ямполь, Новоселовка, Шандриголово, Дробышево, Ставкиді азат еткенін естігенде, РФ аудиториясының қарайған қаны басына шауып, талағы тарс айырыла жаздады. Бұған қоса, кеше Херсон облысында да ЗСУ сұрапыл қарсы шабуылға шығып, ресейлік бекіністерін бұзып өте бастаған.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров пен "Вагнер" жеке әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин Путиннің өкілін, Орталық әскери округтың қолбасшысы Александр Лапинді сынға алды. Қадыров Лиманды қорғауға қалдырылған ЛХР содырлары қажетті байланыспен, жеткілікті оқ-дәрімен қамтамасыз етілмегенін, сондықтан оңай нысанаға айналуы ықтимал екенін РФ бас штабының бастығы Валерий Герасимовтың өзімен талқылағанын, алайда ол оны "Лапиннің қолбасшылық талантына еш шүбәланбайтынына, Қызыл Лиманнан және оның айналасынан шегініс болмайтынына сендіргенін" жария етті. Яғни өзара құпия әңгіменің сырын сыртқа шығару арқылы ол Путиннің өзі басқарып отырған РФ армиясының бүкіл қолбасшылығын біліксіз, арыдағыны болжап біле алмайтын сауатсыз, надан етіп көрсетіп отыр.

Ал бизнесмен, "Вагнер" басшысы Е.Пригожин Қадыровты қолдады.

"Қадыровтың экспрессивті мәлімдемесі әрине, менің стиліме жат. Бірақ ашығын айтайын: Рамзан, сен нағыз жігітсің, тоқтама. Бұл оңбағандардың бәрін қолына автомат ұстатып, жалаңаяқ майданға қуу керек", – деді ол.

Бұған дейін ресейлік саясаттанушылар Путиннің орнын либерал, экономист, үкіметтің қазіргі төрағасы Михаил Мишустин басуы мүмкін деп жорамалдаған. Ол соғысқа қолын ластаған жоқ. Қанды қырғынды да қызу қолдаушылар қатарынан табылмады. Бұл кандидатура ұжымдық Батысты да қанағаттандырады деп есептелген.

Алайда РФ саяси элитасы арасында соғысты қызу жақтаушылар және Кремльден әлдеқайда батыл қимылды. Барлық ресейлік еркекті бір уақытта соғысқа аттандырып, ядролық қаруды қолданып, Киевті құлатуды талап ететін империяшыл күштердің қуаттана, зорая бастағаны байқалады. Лондонда тұратын белгілі ресейлік кәсіпкер, ЗСУ-ге арналған гуманитарлық жүктерді жеткізуге үлес қосып жүрген белсенді Евгений Чичваркин Кремль тізгінін Пригожин ұстауы мүмкін дегенді болжады.

"Бұған дейін "Вагнерімен" бірге көлеңкені жағалап келген Пригожиннің уақыты енді келді. Ол қазіргі аласапыран заманның басты бір антиқаһарманы. Ол "Герой России", "Герой ДНР" және "Герой ЛНР" атақтарына ие болды. РФ қоғамының Украинаны жойып жіберуді ынтасымен қалайтын бөлігінің көз алдында оның мерейі өсіп барады. Путиннің өзі Украинада соғыс салып жатқан әскери құрылымдар арасында ең мықтысы "вагнерліктер" екенін мойындады. Қазір солар ғана шабуылдап жатыр. Сондықтан ол алда Путинді алмастырып жатса, таңғалмаймыз. Халық оны патриот, ерік-жігері бар нағыз еркек, елді уысында ұстай алатын тегеурінді жұдырық иесі деп санайды. Оның қатігездігінде шек жоқ. Қазір оған мұздай қаруланған төл армиясы қызмет етеді", – деді Е.Чичваркин.

Оның пікірінше, Мәскеу азаматтық биліктен әскери билікке ауысып бара жатуы мүмкін. Өйткені соғыстан қалжыраған көптеген елде армия төңкеріс жасап, үстемдігін орнататын әлемдік тәжірибе бар.

"Пригожин әскери хунтаны Николай Патрушевпен (РФ ФСБ директоры), Виктор Золотовпен (РФ Ұлттық гвардиясының қолбасшысы), Рамзан Қадыровпен тізе қоса отырып, құра алады. Олигарх болғанымен, халық арасынан шыққан, түрмеде отырған Евгений Пригожин кезінде, 1990 жылы Ленинградта хот-дог сатудан бастап, кейін кейтерингпен айналысып жүріп, Кремльдегілердің сеніміне кірді. Оның мейрамханасында Путин шетелдік мәртебелі меймандарын тамақтандырады. Сондықтан оны "Путиннің аспазы" деп те атайды. Оның "Вагнері" біраз елде, Африкада алтын, мұнай өндірісін өз бақылауына алды. Билікті өз қолына алуға қаражаты да, армиясы да жетеді", – деді Евгений Чичваркин.

Ресейлік-израильдік саясаткер, қоғам қайраткері Леонид Невзлин "LatyninaTV" арнасына берген сұхбатында Ресейдегі билікті Евгений Пригожин өз қолына алуы мүмкін деген болжамын жеткізді.

"Ол бұған дейін біраз елде (Алжир, Ливия, Конго (ДРК), Нигерия, Судан, Ангола және басқасында) билік төңкерістерін ұйымдастырды. Тәжірибесі бар. Әлемде, Еуропадағы ең ірі троллдер фабрикасы соған тиесілі. Алтын, алмас өндірісімен айналысады. Оның бәрін режимді құлатып, сайлау өткізуге пайдалана алады. Пригожиннің РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгуге жаны қас, екеуі қаржыға қатысты, жеке шаруаларында үнемі тістесіп қала береді. Олар бір-бірін иттің етінен жек көреді. Армияға азық-түлік жеткізілімдері үшін айқасты. Оның соңы былтыр Шойгудың жеңісімен аяқталды. Кремль Пригожинге орнын көрсетті. Донбасс, Африка сияқты бағыттармен шектеліп, Ресейге тұмсық сұқпау қажеттігін ескертті. Ал бүгінде Шойгу абыройдан айырылып, Пригожиннің беделі артуда", – деп дәйектеді Леонид Невзлин.

Оның мәліметінше, Пригожинді Валентина Матвиенко, Сергей Лавров, Дмитрий Песков сияқтылар жақтырмайды.

"Былтыр Пригожиннің саяси жағдайының ауырлағаны, Мәскеу жақтан қысымның күшейгені сонша, ол өзін-өзі өлтіріп тынады дген сөздер шыға бастаған. Ал соғыс оны сахнаға шығарды. Оған Кремльдің өзі зәру. Сондықтан Пригожин көлеңкеден күнгейге шығып, халық алдында көріне бастады. Оны енді федералдық арналар паш етіп, пропаганда қаһарман бейнесін сомдауда. Ол жігерлі, қуатты тұлға, кез келген қылмыстан, азаптаудан тайынбайды. Аяушылығы да, ар-ұяты да жоқ адам. Оның арнайы даярланған лаңкестері Сирияда екіқабат әйелдерді атып тастаған деген дерек бар. Біз оның армиясының ауқымы қандай екенін де білмейміз", – деді Л.Невзлин.

Ол Пригожинге билікке келуге Р.Қадыров, Н.Патрушев және Украинадағы соғысқа қолбасшылық етуші армия генералы Сергей Суровикин жәрдемдесуі ықтимал деп болжады.

Прагадағы Univerzita Karlova (Карлов Университеті) оқытушысы, философ Александр Морозовтың түсіндіруінше, референдум өткізіп, Украинаның 4 облысын аннексиялау арқылы В.Путин бейбіт келіссөздер жүргізу мүмкіндігін жіберіп алды.  

"Ол Киевтен капитуляциялануды талап етіп отыр. Мұндай қатаң шарттары бар келіссөздерге өзін сыйлайтын бірде-бір мемлекет араағайын болмайды. Оның үстіне Путин күні кешегі сөзінде НАТО-мен шайқасып жатқанын меңзеді. Ресейлік армияның шегінгеніне рухтанған Украина тіпті Зеленский айтқан биылғы 23 ақпандағы шекараны да қанағат тұтпай, елді толық азат етуге бел буды. Қатаң талаптарында табандаған Путиннің соғысты бітіммен аяқтай алуы неғайбыл. Демек, соғысты аяқтау Путиннің ізбасарына көшеді. Оның мұрагері кім болатыны жеке әңгіме. Бірақ соғысты аяқтағысы келсе, оған Украина талабына бас июге тура келуі мүмкін. Әйтпесе, ол үшін ахуал апатты, төтенше болады. Агрессияның шырқау шегіне жеткені сонша, енді Батыстың өзі Ресейді мұндай басқыншылығын болашақта қайталай алмайтын дәрежеге жеткізуді қалауда", – деді Александр Морозов.

Оның айтуынша, соғыс барысында Украинаға алапат залал, шығын келтірілгендіктен, РФ жаңа лидері көршісіне ғаламат өтемақы төлеуге мойынсынуға мәжбүр болады.

Оның тұспалдауынша, Путиннің билігі бірнеше айға созылуы ғажап емес. Мобилизация сол үшін жарияланды.

"Бірақ ахуал бәрібір бітімге барып тіреледі. Батыс соғыстың бірнеше жылға созылуына жол бере алмайды. Жалпы, Ресей және Украина арасындағы бітім посткеңестік кеңістіктегі геосаясатқа қатысты барлық дерлік "іріңді жараларды" емдей алар еді. Айталық, Мәскеу орасан зор өтемақы төлемей, оның орнына осы аймақтағы шиеленіс ошақтарын жоюға келісе алады. Нақтыласақ, Приднестровьеден әскерін әкетуі, Грузиямен арадағы территориялық дауын шешуі, Калининградты қарудан арылтуы керек. Мәскеудің бітім үстелінде ұсынатын мұндай пакеті еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, болашақтағы агрессияға тосқауыл қоюға жол ашады", – деді зерттеуші А.Морозов.

Ол мұндай сценарий қазір фантастикалық болып көрінетінін жасырмады. Алайда әлемдегі №2 армия ретінде дәріптелген РФ әскерінің Украинадан жеңілетінін кім болжады? Оның үстіне Мәскеудің өзіне төніп келе жатқан апаттан және тұйықтан құтылар басқа жолы қалмай бара жатқан көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу