Ресей Северодонецкіден неге екінші Мариуполь жасай алмады

4604

Бұл қала үшін қырғынды The New York Times "Украинадағы соғыстың ең қан-қасап шайқасы" деп атады.

Ресей Северодонецкіден неге екінші Мариуполь жасай алмады

Северодонецк – Украинаның шығысында, Северский Донец өзенінің сол жағалауында орналасқан шаһар. Луганск облысының басым бөлігін 2014 жылдан кейін Ресей басып алып, әлем мойындамаған ЛХР-ді құрғанда, Луганск облысының орталығы осы қалаға көшірілген болатын. Сондықтан осы жолғы басқыншылығы барысында Кремль әкімшілік орталықты басып алуға баса маңыз берді.

Северодонецкіде Мариупольдағы Северсталь сияқты кеңестік алып Азот зауыты орналасқан. Бүгінде ол да украиналық әскерге, тұрғындарға пана болып отыр. Бұл шаһар бейбіт заманда өзеннің оң жағалауындағы Лисичанск және басқа қалалармен бірге агломерацияны және аса ірі химиялық өнеркәсіптік торапты құрайтын.   

Қаланы көрші Лисичанск көмегімен қорғаған қарсыласын тікелей шабуылдау үшін Ресей әскерлері Северский Донец өзенін бірнеше мәрте кешіп өтпек болды. Нәтиже шығара алмаған. Мысалы, Соғысты зерттеу институтының (ISW) дерегінше, биылғы 11 мамырда ресейліктер өзеннен кезекті рет өтуге талаптанғанда, 400-ден 500-ге дейінгі (украиналық тарап мәліметінше, 1200-ден аса) жауынгерінен айырылды.  

Содан шетелдік мамандардың бәрі дерлік орыс армиясының бұл әрекеттерін "адам сенбес, ақылға қонбас, тактикалық тұрғыдан түк мағынасы жоқ, залалды талаптар" деп таныды. Бұл түсінік ақыры РФ Бас штабындағылардың санасына да сығалағанға ұқсайды. Ресейліктер тіке шабуылдан және өзенді кешіп өтуден бас тартып, Лисичанск қаласын ту сыртынан айналып, қоршауға алуға кірісті.

Жалпы бір өзенді тел емген Северодонецк пен Лисичанск қалалары үшін жүріп жатқан шайқасты өзгелерден даралайтын ерекшелік бар. Оған әлемдік белелді ақпарат құралдары да, соғысты зерттейтін институттар да, сарапшылар да назар аударды. Мысалы, ISW сарапшылары зерделей келе, РФ армиясына бұл шаһарларды басып алу үшін Мариупольдағыдай блокадаға алып, ұзақ соғыс жүргізуге тура келетінін атап өтеді.  

Жалпы украиналық әскерлер қамалып қалатын Лисичанск-Северодонецк қақпаны (орыс әскерилері оны котел деп атайды) апта соңында тарс етіп жабылуы мүмкін. Өйткені қоршаудың қалыптасу қарқыны күрт үдепті. Бұл туралы ресейшіл ұстанымдағы, Мәскеуде тұратын украиналық журналист, әскери сарапшы Юрий Подоляка хабарлады. Оның мәліметінше, ресейліктер Лоскутовка, Рай-Александровка, Горский елді мекендерін басып алып, құрсауды тұйықтауға жақын қалыпты-мыс. Салдарынан, Лисичанскідегі украиналық отан қорғаушыларды қарумен және керек-жарақпен қамту үшін пайдаланылып келген соңғы топырақты дала жолы жабылды. Лисичанск пен Северский арасында бөтелкенің мойнындай ғана қылта қалды, сол үшін соғыс – қазандықтың қалыптасуына соқтыратын соңғы аккордқа айналуы ықтимал көрінеді.

Ресейлік белгілі публицист, тележүргізуші Юлия Латынина сарапшылармен кеңесе келе, Украина әскерінің осы стратегиялық мәні бар қаланы жанқиярлықпен қорғауда қандай әскери амал-шарғыны қолданып жатқанын, тараптардың тактикасын бүге-шігесіне дейін талдап, "Новая газета. Европа" басылымы үшін сараптама берді.

Онда Донбастағы аса маңызды Северодонецк қаласы үшін қос елдің армиясы бір айдан бері айқасып жатқаны атап өтілген. Бір оңдысы, бұл жолы Украина жағы қалада қалған 13 мыңдай тұрғынды тегіс дерлік эвакуациялап үлгерді. Мүлкін тастап кетуден бас тартқан және "орыс әлемінің" келуін ынты-шынтысымен шын күткен біреше жүз адам кейін бас сауғалап, Азот зауытына тығылған (ол Азовсталь сияқты ядролық соққыға шыдас береді). Осыдан-ақ ол ондаған мың тұрғыны эвакуациялана алмай қырылып қалған Мариупольден ерекшеленеді.

"Сырт көз сыншы үшін бұл қаладағы арпалыс позициялық шайқас, созылмалы тайталас сияқты көрінеді. Шынында, ондағы оперативтік ахуал, ең бастысы, ұрыстардың сипаты апта сайын өзгеру үстінде. Алдымен, Батыстың озық қару-жарағы келгенше, Украина жағына қаланы тек қолында бар төл қаруымын қорғауға тура келді. Салдарынан, ресейдік әскерлер қала шетіне ене сала, Мариуполь үлгісінде қарсыласын табысты талқандай бастады. Тактика келесідей болатын: әлдебір иесіз қалған бесқабатты үйге украиналық жауынгерлер жасырынып, келе жатқан жауды бақылап отырады. Әдетте бұл – ДХР-ден мобилизацияланғандар: ресейлік контрактниктер оларды алдына салып айдайды. Өз кезегінде, келісімшарттық әскерилерді вагнерліктер қуалайды", – деп түсіндіреді сарапшылар.  

Украиналықтар оларды сарт-сұрт ата бастайды. Неге?  

"Өйткені қорқынышты", – деп ашық мойындады Северодонецкіде соғысып жатқандардың бірі.

"Қоршауда қалудан үрейленесің. Қолда қару бар, содан бірдеңе істегің келеді". Содан соң дұшпан кері шегінеді, танкті шақырады. Танк өзге үйдің тасасынан тек оқпан-тұмсығын шығарып, бесқабатты үйді жермен-жексен етіп қиратады. Ондай танкті Джавелинмен іліп түсу мүмкін болмайды. НАТО артиллериясы – M777 гаубицалары, "Цезарь" және басқасы келгенге дейін осылай болды. Украинада жаңа артиллерия пайда болысымен, Северодонецкідегі көрініс айтарлықтай өзгерді. Бесқабатты үйде торуылдағандар сол бұрынғыдай танкке түк қыла алмайды. Бірақ майдан даласының үстінде квадрокоптерлер ілініп тұрады, олар жаңа артиллерияға деректер береді. Енді "арта" танктің өзін тып-типыл етеді. Оны аз десеңіз, жаңа артиллерия әлгі танкті қалаға кіреберісте-ақ жайратып салады. НАТО артиллериясы жауды 40 шақырымға дейінгі аралықта үстемелете соққылап, күйретуге мүмкіндік берді", – делінген сараптамада.  

Өзеннің арғы бетінде, Лисичанскіде "натолық арта" үстемдігін орнатқан соң Украина Қарулы күштері Северодонецкіге элиталық бөлімдерін – шетелдік легионды, арнайы операциялар күштерін (ССО), Бас барлау басқармасының бөлімшелерін аттандырды.

Нәтижесінде, жағдай қайтадан өзгеріп сала берді. Қазір қалада ешқандай танктер және ірі бөлімшелер мүлдем жоқ көрінеді. Неге? "Себебі қалада қандай да бір ірі нысана бой көрсете қалса, оны тараптардың бірі бомбалап тастайды", – дейді запастағы полковник, УҚК бұрынғы ұшқышы Роман Свитан.

Сондықтан қазіргі кезде қалаға Ресей жағынан қадыровшылар немесе вагнерліктер 5-6 адамнан тұратын топпен кіреді, сондай-ақ украиналық зауыт жақтан да сонша көлемдегі шағын топтар тазалау жүргізеді. Мұндай шағын топтарға қос тарап та снарядтарын шығындамайды.  

Сарапшылардың айтуынша, салдарынан абсурдты жағдай қалыптасқан: украиналықтар қаланы тастап шықты, ал ресейліктер оны ала алмады.

Северодонецкіні Мариупольден ерекшелейтін басты фактор – Украина артиллериясының жақындығы. Ол көрші  Лисичанскіден, Северский Донец өзенінің жарқабақты, биік жағалауынан аяусыз атқылайды. Бұған қоса, Киев Северодонецк қаласының оңтүстік бөлігін де тастап кетпей, жан сала қорғауда. Бүгінде өзен біраз таязданып қалған. Бірақ сонда да егер арғы бетке толық шегініп кетсе, қарсы шабуылға көшіп, қаланы жаудан азат ететін шақ туғанда, өзенді техникамен кешіп өту қиындық тудыруы ықтимал.

Сонымен бірге Украина 2014 жылдан бері Золотое елді мекенінде қуатты бекініс, эшелондандырылған қорғаныс желісін жасақтады. Шыдатпай бара жатса, Северодонецк пен Лисичанскідегі отан қорғаушылар Золотоеға шегіне алады.   

Бастапқыда бетпе-бет шабуылдап, Белогоровка ауданы маңында Северский Донецті өтпек болып тыраштанған, екі батальон-тактикалық тобын опат еткен Ресей әскері енді бұл қалаларды айналып өтіп, ту сыртынан шабуылдауда. Осы жолда Золотое–Попасная-Углегорск желісінің шешуші бекінісі саналған Попаснаяны басып алды. Нақты саны айтылмады, алайда Украинаның көптеген ұланы жер жастанған көрінеді. Ол жерде тероборонадағы қолына қару алған жергілікті тұрғындар, екі ай бойы тыным көрмей соғысып, әбден қажыған солдаттар қорғанған. НАТО артиллериясы да кеш жеткен. 

Украина тарапының мәліметінше, Северодонецк майданындағылар қоршауда қалады деп айтуға ерте. Дегенмен оккупанттар Лисичанскіні артиллерия көмегімен талқандап, Золотоені шабуылдауда. Бірақ олардың да күші сарқылуға таяу көрінеді. Украина артиллериясы жаудың тіпті тылдағы техника, қару-жарақ, оқ-дәрі қомаларын қиядан соққы беріп, жарып жіберуде. Егер Украина халқы қайтадан "зрада" мен төңкеріске ден қоймай, бірлігін және елді жаудан азат етуге құштарлығын сақтаса, НАТО-ның қуатты қаруы жеткілікті көлемде жеткізілсе, алдағы күзге қарай шапқыншыларды елден түре қууы да әбден мүмкін.

Осылайша, Украинадағы соғыс шешуші кезеңіне шыққандай. Егер басқыншылар Северский Донец өзенін оның бойындағы қалалармен бірге басып ала алса, 4 сорғы станциясынан, 5 алып су қоймасынан, бөгендерден, өзге өзендерден тұратын, бүкіл Донбасты сумен жабдықтаудың орасан зор жүйесіне қол жеткізбек. Индустрияландыру заманында тұрғызылған бұл алып жүйесіз Донбасс адам тұруға лайық мекенге айнала алмайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу