Ресей Сібір өзендерін Қазақстанға неге бермеді?

5265

Еліміз су тапшылығына ұшыраса, бұл суларды алу – өмірлік маңызды мәселеге айналады.

Ресей Сібір өзендерін Қазақстанға неге бермеді? Фото: krot.info

Сібір суларын Қазақстанға және одан әрі Орталық Азияға бұру жобалары Кеңес кезінен пысықталған болатын. Бірақ олардың бәрін Кеңес одағы ыдыраған соң, Мәскеу тоқтатып тастады.

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, Сібір өзендерінің ағындарын елімізге және Орталық Азия елдеріне қайта бағыттау жобасын жүзеге асыру жайы 2021 жылғы тамызда, Астанада өткен кездесуде талқыланыпты. Талқылау жабық өткен. Ол туралы Премьер тек енді ғана, депутаттардың сауалына жауабында айтып отыр.

Сонда Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен РФ Табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козлов келіссөз жүргізген болатын. Келіссөз сәтсіз аяқталыпты: Ресей тарапы Сібірдегі өзендердің басыартық су қорын Қазақстан аумағына бағыттауды орынсыз деп тапқандарын ресми хабарлады.

Себебі, оның РФ үшін түрлі теріс салдарлары болады деп санайды. Атап айтқанда, бұл ресейлік су шаруашылығына, ауыл шаруашылығына, экологияға және мемлекет пен жергілікті халықтың әлеуметтік, экономикалық тіршілігіне теріс әсер етеді деп қауіптенеді.

Сондықтан Путин билігі бұл мәселені бұдан былай қарастырмайтын болады.

Жалпы, Сібір суларына қатысты мәселені бұрынғы сайланған Парламенттер де талай көтерген. Бірақ онда Үкімет бұл мәселе келіссөздер арқылы шешілуі мүмкін екенін алға тартатын. Енді міне, Әлиханов Үкіметі күдер үзіп отыр. Бәлкім, Ресейдің келесі басшылары өктемшіл емес, көпшіл болып, сарабдал саясат жүргізсе, "көрші ақысы" үшін келіссөздерге оралар.

БҰҰ дерегінше, ғасыр ортасында, 2050 жылы ауыз су тапшылығынан 5 миллиардтан астам адам зардап шегуі мүмкін.

Inbusiness.kz бұл мәселе Орталық Азиядағы соғысқа себеп болуы мүмкін екенін жазды.

Өйткені судың жетпеуі Орталық Азияның азық-түлік, энергетикалық және экологиялық қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді.

Биылғы мамырда өткен "Орталық Азия–Қытай" бірінші саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев президенттерді осы тығырықтан шығу үшін бірлескен шұғыл шаралар қабылдауға шақырды.

Дегенмен Қазақстанның билігінің өзі іс жүзінде бұл қауіпке салғырт қарап отырғаны байқалады.

2030 жылға дейінгі су шаруашылығы балансының болжамы көрсеткендей, Қазақстанда өзендер ағындарының ішкі ресурстары да, көрші елдерден келетін ағыс та тек кеми береді. Соның кесірінен, республиканың су ресурстары 23 текше шақырымға азайып, елде су тапшылығы туындамақ. Бұл көлем – халық пен экономиканың барлық салалары тұтынатын судың жылдық көлеміне барабар. Осыдан болашақ апат ауқымын аңдауға болады.

Оның алдын алу үшін Қазақстанның билігі не істеп отыр?

Ұтымды істер, тиімді шаралар жоқтың қасы. Ешқандай су үнемдеу байқалмайды. Салдарынан су шығыны артып барады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің мәліметінше, республикада экономиканың салалары мен халықтың қажеттіліктері үшін су шығыны 2020 жылы – 24,6 км3, 2021 жылы – 24,5 км3 болған, ал 2022 жылы – 24,9 текше шақырымға дейін өсті.

Әсіресе, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте және коммуналдық-тұрмыстық секторда су босқа ысырап болуда.

Экономиканың негізгі салаларында су алу және су шығыны көлемдерінің көрсеткіштері

Экономика салалары

Жылдар бойынша су алу және су шығынының

көрсеткіштері (км3)

2020

2021

2022

Су алу

Ысырап

Су алу

Ысырап

Су алу

Ысырап

Ауыл шаруашылығы

15,5

3,1

14,7

3,0

14,2

2,7

Өнеркәсіп

5,8

0,15

5,9

0,2

5,9

0,2

Коммуналдық-тұрмыстық сектор

0,95

0,15

1,0

0,17

1,3

0,2

Басқалары

2,35

0,3

2,9

0,3

3,5

0,3

Барлығы

24,6

3,7

24,5

3,67

24,9

3,4

Inbusiness.kz                                    Су ресурстары комитеті

Яғни, жыл сайын экономика салалары, егістіктер, зауыт, кәсіпорындар, тозған жылу, су желілері және басқасы тұтас Сырдария (суының қазақстандық бөлігіндегі көлемі 3,9 текше шақырым), Есіл (2,9 текше шақырым), Шу-Талас (2,2), Нұра-Сарысу (1,66), Тобыл-Торғай (1,5) сияқты өзендерге тең су мөлшері текке рәсуа болады. Егер Қазақстан олардың бәрін сақтағанда, су тапшылығы күн тәртібінде сонша өткір тұрмас па еді.

Салдарынан, Қазақстан билігі көршілерге қол жаюға, трансшекаралық өзендер арнасымен көбірек су жіберуді өтінуге мәжбүр.

Мәжіліс депутаты Серік Егізбаевтың айтуынша, 1976 жылы Кеңес одағының Компартиясының XXV съезінде Сібір өзендерінің бір бөлігін Қазақстан мен Орталық Азияға бұру жобасын жүзеге асыру жұмыстарын бастау туралы шешім қабылданды. КОКП съезі сол кездегі мемлекеттік басқарудың жоғарғы деңгейі болып есептелетін.

"Бұл жоба бойынша одақтың 160-тан астам мамандандырылған ғылыми ұйымдары жұмыс істеді. Оның ішінде 32 одақтық министрлік, 9 өзге одақтас республикалардың министрліктері болды. Саналуан есептемелердің және қолданбалы ғылыми зерттеу қорытындыларының 50 томы жазылды. Ел су арналары мен су қоймалары жүйелерінің ғаламат құрылысына дайындалды. Бұл ретте тіпті Кар теңізі–Каспий теңізі–Парсы шығанағы арасында "Азия" каналын іске қосып, онымен алып кемелерді жүздіру қарастырылды. Сібір сулары Қазақстан мен Орталық Азияда 14 миллион гектардан астам жаңа, суармалы егістік жерлердің пайда болуына жол ашатын еді. Бірақ 1991 жылы белгілі тарихи оқиғалар болды да, алып жоба тоқырады", – деді депутат.

Оның дерегінше, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының құрылымында "Water Solutions" ұйымы жұмыс істеуде. Ол басқа су жобаларымен бірге Сібір суларына қатысты жобамен де айналысуын жалғастырып жатқан көрінеді.

Алайда барлығы да екі ел үкіметтері арасындағы келіссөздердің төмен тиімділігі кесірінен дағдарды. Қазақстан бүкіл трансшекаралық өзендер бойынша келіссөз процестерінде өз мүддесін қорғап, дегеніне жете алмай отыр. Салдарынан Қытай, Ресей, Орталық Азиядан келетін өзендердің бәрінің суы азайып барады.

Осы себепті Мәжіліс депутаттары Үкіметке Сібір өзендерінің ағындарының бір бөлігін Қазақстанға және Орталық Азияға бағыттау жобасы бойынша Қазақстан–Ресей жеке үкіметаралық комиссиясын құруға бастамашы болуды ұсынған еді. Оның үстіне кеңес кезінен бері барлық ғылыми, техникалық негіздемелері тегіс бар, дайын. Тек өзектілендіру керек деседі олар.

Депутаттардың пікірінше, бұл мегажоба екі елде де ондаған мың жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Экономикалардың дамуына ұзақ жылдар бойы қуатты серпін береді. Көлік-тасымал, сауда-саттық проблемаларын шешуге жәрдемдеседі. Экологиялық, әлеуметік, экономикалық тиімділік әкеледі.

Премьер Әлихан Смайылов өз жауабында бұдан түк шықпайтынын білдіріп, ол қолынан келмейтінін аңғартып, салы суға кетіп отыр.

Сонымен қатар Ресейде жұмыс қолының тарихи тапшылығы басталды, жұмыссыздыъ тарихтағы рекордтық межеге дейін құлдырады. Кремль соғысуға еркек таппай, әйел азаматшаларын, сотталғандарды, мигранттарды, Қазақстан мен Орталық Азия тұрғындарын майданға мол қаржымен қызықтыруға тырысуда.

Мәскеу үшін бүгінде бейбітшілік емес, соғыс мәселелері алдыңғы орындарға шықты.

Бұл тұрғыда Қазақстан депутаттарының ел Үкіметінен Сібір өзендерін бұруға қатысты Ресейді келісімге иліктіруді талап етуі популизмге көбірек ұсайды.  

РФ Ғылым академиясының Сібір бөлімінің Су және экологялық проблемалар институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Александр Пузановтың айтуынша, Сібір суларын бұру мәселесін ғалымдар 2021-2022 жылдары, Қазақстан мен РФ үкімет басшыларының кездесуіне дайындық барысында талқыға салған екен.

Оның нәтижесінде РФ Ғылым академиясы Үкіметке бұл мәселені күн тәртібінен алып тастауға ұсыным беріпті. Себебі, тақырып жете пысықталмаған-мыс.

"КСРО заманында климат, экономикалық және энергетикалық ахуал басқа болды, қазіргі кезде – басқа. Сібір өзендерінің сағалары, ағысының арыны өзгерді. Геосаясат та өзгерді. Енді елдер арасында трансшекаралық даулар туындауы мүмкін. Сол себепті тақырыпты зерттеу доғарылды", – деді Александр Пузанов.

Оның пікірінше, егер болашақта геосаясат өзгеріп жатса, онда бұл жобаға қатысты жаңадан халықаралық ауқымды зерттеу жүргізу қажет болады.

Ресейлік ғалым қазақстандық ғалымдар айтып жүргендей, Сібір өзендерінде, соның ішінде Обь өзенінде бүкіл Орталық Азияға тасқындатуға жетерлік басыартық 25 текше шақырым судың барына шүбәланады. Сондай-ақ бұл бұрылысқа орталықазиялық халықтарға көзі түзу емес Ресей жұртшылығы қарсы шығуы мүмкін.  

Айтпақшы, Обь өзенінің атауы түркі және коми тіліндегі "оппа қар" сөзінен шыққан. Ғалымдар Вольфганг Штейниц пен Андрей Дульзонның айтуынша, орыс отарлаушылары бұл алып дарияның атауын жергілікті коми этносының өкілдерінен естіпті және Обь атауын коми-зырян тілінен "снежный сугроб" деп аударады. Сібірлік өзендердің жағасын бұрынғы замандарда үнемі оппа қар жауып жататын болған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу