Ресей тартып алған 4 облыста қандай байлық ресурстары бар?

7173

Путин қол қойған жарлыққа сәйкес, қағаз жүзінде Ресей территориясы бірден 108,8 мың шаршы шақырымға ұлғайды.  

Ресей тартып алған 4 облыста қандай байлық ресурстары бар?

Мәскеу Украинаның төрт облысын аннексиялап отыр. Бірақ бұл қадам, сарапшылардың байламынша, Ресейдің өзіне қауіп әкелуі мүмкін.

Кремльде Украинаның Запорожье және Херсон облыстарын, әлем мойындамаған ДХР және ЛХР-ді Ресей құрамына қабылдау туралы шарттарға қол қою рәсімі өтті. В.Путиннің жарлығы бойынша Украинадан тартып алынған территорияларда Ресей Федерациясының жаңа субъектілері құрылды.

Украинаның бұл аумақтарының Ресейге қосылуын өркениетті елдердің ешқайсысы мойындамады. Қазақстан да бұл аумақтарды РФ территориясы деп танымайтынын ашық мәлімдеді. ҚР Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров ресми Астананың осы мәселедегі нық ұстанымын жария етті. Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығы қағидатына берік болады.

Украина жағы бұл оқиғаны салқын, сабырлы қабылдады. Киев ол аумақтардың барлығы азат етілетінін жеткізді.

Ал Украина поштасының басшысы Игорь Смелянский Кремль салтанатты түрде бекіткен жарлықты келеке етті.

"Бүгін сайқымазақ жарлықтардың күні екен, онда мен де өз жарлығыма қол қойдым. Ол жарлық: "Мәскеудегі Кремль аумағын "Укрпочта" АҚ-ның меншігі деп тану туралы" деп аталады. Құжатқа сәйкес, Кремльдің орнына Украина поштасының филиалы ашылады. Бұған қоса, жарлық бойынша Путин ақыл-ойдан тәуелсіз деп танылады", – деп әжуалады Игорь Смелянский.

Өз кезегінде ресейлік ақпарат құралдары Ресей формальды түрде неге қол жеткізгенін салмақтауда. Егер Мәскеу өзі оккупациялаған Украинаның осы аумақтарын қоластында ұстап қала алса, онда жаңа субъектілермен бірге РФ құрамына 6,15 миллион жаңа азаматтар қосылады-мыс.  

  • Херсон облысында – 1 млн тұрғын;
  • Запорожье облысында дұшпан басып ала алмаған облыс орталығы Запорожье қаласын және бірқатар аудан орталықтарын (оларда 0,8 млн адам тұрып жатыр) қоспағанда, 1,65 млн адам;
  • Луганск облысында – 2,12 млн адам (ЛХР квазиреспубликасында 1,4 млн адам және биыл соғыс басталғалы жауланған аумақтарда 720 мың адам);
  • Донецк облысында – 2,23 млн адам.

Бірақ бұл соғысқа дейінгі санақ. Содан бері миллиондаған адам бораған бомбадан, жауған оқтан қашып, босып кетті. Оның үстіне ресейлік әскер Донецк, Херсон, Запорожье облыстарының бір бөлігін жаулай алмады.  

Ресей осы жарлық арқылы Украинадан 108,8 мың шаршы шақырым территориясын тартып алып отыр. Бұл шамамен 140 Сингапур сыйып кететін аумақ. Егер осы жерлерін болашақта қайтара алмаса, Украина өз территориясының 20%-ына жуығын жоғалтуы мүмкін. Ал территориясы жөнінен онсыз да әлемде бірінші орында тұрған алып Ресейдің аумағы бар-жоғы 0,64%-ға ғана ұлғаяды.  

Бірақ Мәскеу Украинаның шыбық қадаса ағашқа айналатын құнарлы, шұрайлы, қара топырақты жерлеріне қол жеткізбек. Бұл аумақта темір, көмірден бастап, түрлі қазба байлық көп. Төрт облыс аумағының климаты ауыл шаруашылығын жүргізуге, егіс салуға қолайлы. Ондағы шүйгін шөбі жайқала өскен жайлаудың жалпы ауданы 5,6 миллион гектарды алып жатыр.

Бұл облыстардың жері:

  • Украинаның бидай және бұршақ тұқымдас дақылдар астығын алатын бүкіл егістігінің шамамен 15%-ын құрайды.
  • Бүкіл әлемде қымбат бағаланатын украиналық сұйық майдың шикізаты – күнбағыс дақылы өсетін барлық егіс алқаптарының төрттен бірі (1,6 млн га) немесе оның бүкіл астығының 20%-ы (3,3 млн тонна күнбағыс) осында.
  • Украина өсіретін бүкіл көкөніс өнімдерінің 20%-ы немесе 1,9 млн тоннасы, ал көкөністер алқабының 16%-ы (74,9 мың га) осы облыстардың еншісінде. Украинаны және батысты қарбызбен және басқа да бақша өнімдерімен қамтитын басты өңір Херсон облысы болатын (1,2 млн тонна өнім немесе 40%-ы).
  • Украинаның жемістер мен жидектер өндірісінің 11%-ы немесе украиналық бау-бақшалардың 14%-ы осы облыстардың иелігінде қалды.
  • Украина өндіріп, экспорттайтын қызыл шиенің (черешня) 90%-дан астамын Запорожье облысы береді.

"Ресей ғаламат ауыл шаруашылығы әлеуеті бар жерлерге қол жеткізді", – деп тамсана жазуда ресейлік басылымдар.

Ал өндірістер енді құритынын олар да ашық жазады: "Некоторые предприятия очевидно окончательно погибнут или не смогут интегрироваться в российский рынок в своём текущем формате".

Ең бастысы, Ресей осы аумақтардағы мол су ресурстарына қол жеткізді. Қырымды РФ аннексиялаған соң Украина түрлі бөгендер салып, бұл түбекке су жіберуді доғарған. Ал қазір Ресей әскері оларды жарып, суды қайта жіберді. Нәтижесінде, бұған дейін шөлейтті жерге айналған Қырымдағы біраз аумақты қазір жасыл желек жауыпты.

Жаңа аумақтарды тартып алу арқылы Ресей:

  • 2,4 миллион тұрғыны бар Қырымды қайтадан ауызсумен және егістікке қажетті мол су ресурстарымен қамти бастады.
  • 13,5 ГВт электр қуаттылығына ие болады: бір өзі 6 ГВт қуат беретін Еуропадағы ең ірі атом станциясы – Запорожье АЭС Ресей қолына көшті. Осылайша, Ресей Украинаның бүкіл электр энергетикасы қуатының 35%-ына жуығын алып қоймақ.
  • Ресей өзінде жоқ, ал Украинадағы жалғыз алып желатин зауытын;
  • Украина аумағындағы жалғыз шыны зауытын;
  • Бірегей тау-кен қазушы техниканы шығаратын Ясиноватский машина жасау зауытын;
  • "Азот" және "Стирол" химиялық комбинаттарын тартып алды. Осы екеуі аммиак өндірісі бойынша бүкіл украиналық қуаттылықтың 61%-ын (2,5 млн тонна), карбамид өндірісінің жалпы қуаттылығының 55%-ын (1,3 млн тонна), аммиак селитрасы өндірісінің 45%-ын (1,2 млн тонна) құрайтын.
  • Осы облыстарда көмірдің 10 миллиард тоннадан, темір рудаларының 1 млрд тоннадан астам барланған қорлары жатыр. Ресей Мариуполь порты арқылы Африканың, Оңтүстік Азияның нарығына жергілікті көмірді сатуға ниетті.

7 аса ірі металлургиялық және коксты химиялық кәсіпорын орналасқан. Бұдан бөлек, егер құнттаса, қаржы құйса, Ильич атындағы Мариуполь металлургиялық зауытын, құбырлар мен болат арқандар шығаратын кәсіпорындарды, Стаханов вагон жасау зауытын, атақты "Азовмашты", Днепрорудненский темір руда комбинатын қалпына келтіруге болады. Олардың бәрінің жұмысына РФ басқыншылығы нүкте қойды. Оккупацияланған аумақтарда жылына 117 тоннадан астам шоколад, басқа да тәтті өнімдерін шығаратын кондитерлік фабрикалар қалды.

Бірқатар деректер бойынша РФ өз құрамына қосып алған екі облыста Ресей азаматтығын алмаған Украина азаматтары дүние, мүліктернен айрылып, облыс аумақтарынан депортацияланатынын жариялаған.  

Бірақ Украина төрт облысын жауға беріп, қарап отырудан бас тартты.

"В.Путин Кремлде төрт облысты аннексиялау туралы жарлыққа қол қойып жатқанда, Украина Қарулы күштері Донецк облысындағы Лиман қаласында бекінген ресейлік үлкен контингентті толығымен қоршауға алды. Ол аумақ енді басқыншылардан тазартылып жатыр. Яғни Кремль РФ аумағын кеңейту туралы жарлық шығарған күн автоматты түрде РФ өз аумағын жоғалта бастаған күнге айналды. Жалпы Мәскеу референдум өткізіп, оккупациялаған аумақтарды ресми түрде Ресей құрамына қосудан бас тартқаны дұрыс болатын еді. Себебі ертең ол аумақтарды Украина азат етсе, Ресей халқы мұны РФ жерінен айырылу ретінде қабылдайды. Бұл жаман прецедент. Салдарынан Ресейдің өз облыстары, республикалары бөлінуге ден қоюы мүмкін", – дейді ресейлік белгілі заңгер, саяси шолушы Марк Фейгин.

Ресейлік пабликтер барлық әскери техникаларын, көліктерін тастап, әр жаққа бытырай қашқан ресейлік солдаттардың видеоларына толды. Себебі Украина дрондары мен артиллериясы шағын топтарды салмақты нысана деп қабылдамай, бар қаһарын көліктер колонналарына төгуде.

Шығыс әскерлер тобының өкілі Сергей Череватый журналистерге Лиман аумағындағы РФ әскерін қоршау "аяқталу сатысына" шыққанын хабарлады.

"Лиман ауданындағы ресейлік әскерлерді қоршауды тәмамдау шаралары жалғасуда. ЗСУ жаудың барлық логистикалық жолдарын, қашу бағыттарын бақылауда ұстап, атқылап жатыр", – деді ол.

Түрлі деректер бойынша бұл ауданда ресейлік 1,5 мыңнан 5,5 мыңға дейінгі жауынгер не жер жастануы, не тұтқынға түсуі мүмкін.

Өз кезегінде соғыс картасын жүргізетін DeepState тобы, донецкілік содырлардың пабликтері, сондай-ақ батыстың барлау қызметтері Украина әскерінің Донецк облысындағы Ямполь қаласын азат еткенін хабарлады. Осыны растайтын, яғни қалада Украина туын көтеру салтанаты түсірілген видео да тарады.

Ресейлік әскери пабликтер ЗСУ-дың Сватово және Кременная қалаларына таяп қалғанын хабарлап, дабыл қағуда. Яғни Украина әскері толықтай оккупацияланған Луганск облысын да азат етуге көшкен сыңайлы. Бұл қалалар РФ армиясының Украинадағы маңызды хабы саналады.

В.Путин РФ-қа жаңадан қосылған аумақтарды өз қолында бар барлық қарумен, соның ішінде ядролық қарумен қорғауға дайын екенін мәлімдеді. Бұған жауап ретінде НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг Кремльдің ядролық қоқан-лоққысы Батыстың Украинаға көмегіне де, Украинаның өз аумағын азат етуге де еш ықпал етпейтінін нықтады.

Мәскеу Украинаның төрт облысын Ресейге қосып алған соң, Украина Президенті Владимир Зеленский Владимир Путин РФ басшысы болып тұрғанда Ресеймен келіссөз жүргізбейтінін үзілді-кесілді мәлімдеді және Украина НАТО-ға жеделдетілген тәртіппен мүше болуға өтініш беретінін жария етті. Украина бұған дейін Ресей мобилизация жарияламауы және референдум өткізбеуі үшін бұл қадамға бара алмай келген еді. Енді олай жасауына еш кедергі қалмады.

Фото: Dmitry Lovetsky

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу