Ресей мен Украина жанжалы әлемді қалайша азық-түлік дағдарысына душар етті?

2726

Әлемнің "нан қоржыны" блокададан босатылмаса, биыл жер жүзінде жүздеген миллион адам ашаршылыққа ұшырауы мүмкін. 

Ресей мен Украина жанжалы әлемді қалайша азық-түлік дағдарысына душар етті?

Ресейдің Украинадағы әскери әрекеттері "әлемнің нан қоржынынан" астықтың кетуіне кедергі келтіріп, бүкіл әлемде азық-түлікті қымбаттатып, дамушы елдердегі тапшылықты, аштықты және саяси тұрақсыздықты күшейту қаупін туындатып отыр.

Ресей мен Украина дүниежүзіндегі бидай мен арпаның үштен бір бөлігін, күнбағыс майының 70%-дан астамын экспорттайды және жүгерінің ірі жеткізушілері саналады. Ресей тыңайтқыштарды өндіру бойынша бірінші орында тұр.

Дүниежүзілік азық-түлік бағасы қазірдің өзінде көтерілді, ал соғыс бұл саладағы жағдайды тіпті нашарлатып, 20 млн тоннаға жуық украиндық астықтың Таяу Шығысқа, Солтүстік Африкаға және Азияның кейбір бөліктеріне өтуіне бөгет жасап жатыр.

Украинаның Қара теңіз порттарынан астық шығаруға арналған қауіпсіз дәліздер ашу бойынша апталар бойы жүргізілген келіссөздер мардымды нәтиже бермеді, ал жазғы егін жинау науқаны жақындаған сайын бұл проблеманың өзектілігі арта түсті.

"Алдағы екі ай қорқынышты болады", – дейді Массачусетс Амхерст университетінің ғалымы және Киев Экономика мектебі кеңесінің мүшесі Анна Нагурни Associated Press агенттігіне берген сұқбатында.

Оның айтуынша, дүниежүзінде 400 миллион адам украиндық азық-түлікке тәуелді. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы 41 елдегі 181 миллионға жуық адамның биыл азық-түлік дағдарысына немесе аштыққа ұшырауы мүмкін екенін болжап отыр.

Жағдай қандай?

Әдетте, Украинада орылатын бидай мен басқа да астықтың 90%-ы әлемдік нарыққа теңіз арқылы жөнелтіледі, бірақ қазір Қара теңіз жағалауындағы порттар Ресейдің блокадасында қалып отыр.

Біраз астық жаһандық нарыққа Еуропа арқылы теміржол, автомобиль және өзен көлігімен жеткізіліп жатыр. Алайда бұның бәрі паромдармен, кемелермен тасымалдағанға бәрібір жетпейді немесе теңіздегі тамшыдай ғана көлем. Сонымен қатар Украина теміржолдарының ені батыстағы көршілерінікіне сәйкес келмейтіндігі де шетелдегі клиенттерге бидай жөнелтуді шектеп отыр.

Украина ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Маркиан Дмитрасевич Еуропалық одақ депутаттарынан астықты көбірек экспорттауға, соның ішінде, Қара теңіздегі Румыния портын пайдалануды кеңейтуге, Дунай өзенінде жүк терминалдарын көбейтуге, Польша шекарасында жүктерді өткізуге қатысты бюрократияны жоюға көмектесуді сұрады.

Бірақ бұл тәсілдер азық-түлікті оған мұқтаж жандардан тіпті алшақтататын сияқты.

"Енді сіз Жерорта теңізіне оралу үшін Еуропаны айналып өтуіңіз керек. Бұл шын мәнінде украин астығын мейлінше қымбаттатып жібермек", – дейді Вашингтондағы Халықаралық азық-түлік саясатын зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Джозеф Глаубер.

АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы бас экономисі Глаубердің сөзінше, Украина соғыс басталғалы айына 1,5 миллионнан 2 миллион тоннаға дейін астық экспорттай алды. Ал бұрын бұл көрсеткіш 6 миллион тоннадан жоғары болған.

Ресей астығы да шықпай жатыр. Мәскеудің мәлімдеуінше, Батыстың банк ісіне және кеме қатынасына салған санкциялары Ресейдің азық-түлік пен тыңайтқыш экспорттау мүмкіндігін тежеп отыр. Сондықтан РФ астықты әлемдік нарыққа шығару үшін санкцияларды алып тастауды талап етіп жатыр.

Дегенмен Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен мен басқа да батыстық лидерлердің пікірінше, аталған санкциялар азық-түлікке әсер етіп отырған жоқ.

Тараптар не дейді?

Украина Ресейді ауыл шаруашылығы инфрақұрылымдарын атқылап, егістік алқаптарын өртеп, астықты ұрлап, оны Ливан мен Мысыр сатып алудан бас тартқаннан кейін Сирияға өткізбек болды деп айыптады. Мамырдың аяғында Maxar Technologies спутниктен түсірген суреттер Ресей туын желбіреткен кемелердің Қырым портында астық тиеп, бірнеше күннен кейін люктері ашық күйінде Сирияға барып жатқанын көрсетіп берді.

Украина Президенті Владимир Зеленский Ресейді жаһандық азық-түлік дағдарысын туындатты деп айыптап отыр. Батыс бұл мәлімдемемен келіседі. Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ресейді азық-түлікті қаруға айналдырып алды деп есептейді.

Ресей Украина Қара теңіздегі миналарды жойып, келетін кемелерде қару-жарақтың бар-жоғын тексеруге мүмкіндік бергенде ғана экспорт қайта жанданады дейді.

Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу өзінің теңіздегі артықшылығын "асыра пайдаланбайтынын" және "кемелердің ол жерден еркін шығуы үшін барлық қажетті шараларды жасайтынына" уәде берді.

Украина мен Батыстың бұл уәдеге күмәні бар. Түркия Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлы болса, осы аптада теңізді миналардан тазартпай-ақ қауіпсіз дәліздер ашуға болатынын атап өтті. Өйткені сол жарылғыш заттардың қойылған орны белгілі екен.

Дмитрасевич осы аптада ЕО ауыл шаруашылығы министрлерімен кездесіп, тығырықтан шығудың жалғыз ғана жолы – Ресейді жеңу және порттарды блокададан босату екенін ескертті. "Гуманитарлық дәліздер сияқты басқа да уақытша шаралар мәселені шешпейді", – дейді ол.

Әлем мұндай жағдайға қалай жетті?

Азық-түлік бағасы Украинадағы басқыншылыққа дейін де көтерілді. Оған ауа-райының қолайсыздығы, егіннің бітік шықпауы, жеткізілімдердің қысқаруы, COVID-19 пандемиясынан кейінгі жаһандық сұраныстың күрт артуы тәрізді факторлар себепші.

Глаубердің сөзінше, өткен жылы Америка Құрама Штаттары мен Канадада бидай нашар шыққан және Бразилияда қуаңшылық соя алқаптарына орасан нұқсан келтірген. Сондай-ақ климаттың өзгеруіне байланысты Африка мүйісі соңғы 40 жылдағы ең ауыр құрғақшылыққа тап болып отырса, наурызда Үндістанда рекордтық аптап ыстықтан бидай өнімділігі төмендеді.

Бұған қоса, жанар-жағармай мен тыңайтқыштың қымбаттауы астық өндіруші ірі елдердің осынау олқылықтардың орнын толтыруына кедергі жасап отыр.

Кімдер көп зардап шегіп отыр?

Украина мен Ресей негізгі өнімдерді дамушы елдерге экспорттайды.

Сомали, Ливия, Ливан, Египет және Судан сияқты мемлекеттер соғысып жатқан екі елдің бидайына, жүгерісі мен күнбағыс майына қатты тәуелді.

"Ауыртпашылықты кедейлер көтереді. Бұл – сөз жоқ, гуманитарлық дағдарыс", – дейді Глаубер.

Аштықтан бөлек, азық-түлік бағасының шарықтауы бұл елдерге саяси тұрақсыздық қаупін де төндіріп отыр. "Араб көктеміне" бір кездері дәл осындай проблемалар түрткі болған еді.

ЮНИСЕФ-тің ескертуінше, әлем тек Украинадағы соғысқа назар аударумен шектелмей, өзгеше әрекет етпесе, Сомалиде 200 000-нан астам адам "апаттық аштықпен" бетпе-бет келіп, шамамен 18 миллиондай судандық қыркүйекке дейін сұмдық ашаршылықты бастан өткеруі мүмкін және де 19 миллион йемендік биыл азық-түлік тапшылығына душар болуы ғажап емес.

Айта кетсек, биыл кейбір елдерде бидай бағасы 750%-ға дейін өсті.

"Жалпы бәрі қымбаттап кетті. Мейлі су, мейлі тамақ болсын, бұның бәріне төзу мүмкін емес", – дейді CARE көмек тобының азық-түлік қауіпсіздігі бойынша кеңесшісі Юстус Лику жақында Сомалиге жасаған сапарында.

Не істеліп жатыр?

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш бірнеше апта бойы Ресейдің астық және тыңайтқыш экспортын тосқауылдан босатып, Украинаға Одессаның негізгі портынан тауарларды тасымалдауға рұқсат ету туралы келісімге қол жеткізуге тырысты. Бірақ прогресс баяу.

Осы уақытта астықтың көп мөлшері Украина қоймаларында немесе фермаларында кептеліп қалды. Оның үстіне, қазір Украинада күздік бидай жинау науқаны басталып жатыр. Одан элевавторларға тіпті салмақ түсіп, кейбір жерлерде шайқастарға байланысты егін мүлде орылмай қалуы мүмкін.

АҚШ Президенті Джо Байден еуропалық серіктестермен Украина шекараларында, соның ішінде Польшамен арадағы шекара бойында элеваторлар салу жоспары бойынша жұмыс істеп жатқанын айтты. Сонымен қатар бүгінде Украина мен Еуропа арасындағы әркелкі теміржол өлшемдерін сәйкестендіру мәселесі де қарастырылып жатыр.

Байденнің идеясына сәйкес, салынатын элеваторлардан Украина астығы "Еуропадағы машиналарға тиеліп, сосын мұхитқа шығарылып, бүкіл әлемге жеткізіледі. Бірақ бұл шаруа көп уақытты алады" екен.

Дмитрасевичтің айтуынша, Ресей әскерлері оңтүстік пен шығыстағы элеваторларды басып алып, жойғаннан кейін Украинаның астық сақтау сыйымдылығы 15 миллион тоннаға қысқарған.

Ненің құны көбірек өсті?

"2022 жылы бидай, күріш және басқа да астықтың әлемдік өндірісі 2,78 миллиард тоннаға жетуі мүмкін. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 16 миллион тоннаға кем және төрт жылдағы алғашқы құлдырау", – деп хабарлайды БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ААҰ).

ААҰ бидай бағасы индексіне жүгінсек, биылғы жылдың алғашқы үш айында өткен жылмен салыстырғанда бидай құны 45%-ға өсті. Өсімдік майы 41%-ға қымбаттаса, қант, ет, сүт және балық нарқы екі таңбалы санға жоғарылаған.

Кейбір елдер ең алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуге әрекеттеніп жатыр. Үндістан қант пен бидай экспортын шектесе, Малайзия тірі тауық экспортын тоқтатып, өзінен құс етінің үштен бір бөлігін сатып алатын Сингапурды алаңдатып отыр.

Халықаралық азық-түлік саясатын зерттеу институтының болжамынша, соғыс ұзаққа созылған сайын, азық-түлік тапшылығы күшейіп, баға одан әрі өсіп, бұның бәрі экспорттық шектеулерге алып келуі мүмкін.

"Тағы бір қауіп – тапшы әрі қымбат тыңайтқыш, яғни фермерлер оны үнемдегендіктен алқаптардың өнімділігі төмен болмақ", – дейді Gro Intelligence ауыл шаруашылығы деректері жөніндегі аналитикалық компанияның өкілі Стив Мэтьюс.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу