Ресей Украинадағы әскеріне түрмеден де адамдар тартып жатыр

7150

Бірақ сотталғандардың ішінде Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасып, өкініп қалғандары кездесіп отыр.

Ресей Украинадағы әскеріне түрмеден де адамдар тартып жатыр

Ресей Украинаға басып кіргеннен бері жарты жылға таяп қалды. РФ армиясы шығынға ұшырауын жалғастырып жатыр. Ал Кремль толық мобилизация жариялаудан бас тартты. Өйткені жұртты жаппай әскерге шақыру Президент Владимир Путиннің беделіне сын. Сондықтан Мәскеуде көрші елдегі жоғалтқан адамдарының орнын толтыру үшін қарулы жанжалға сотталғандарды жіберудің жолын іздей бастады. Бұған қоса, Украинада жүздеген ресейлік сарбаздың шайқасудан бас тартып жатқаны белгілі болып отыр. Билік назарының түрмелерге ауғанының өзге бір себебі осы.

"Біз ұзақ уақыт бойы әскери борышын өтеп келгендер мен жақында ғана келісімшартқа отырғандардың майданнан кеткісі келетіндерін көптеп кездестіріп отырмыз. Ал Қорғаныс министрлігі Украинада қызмет етуге көнетін адамдарды қайтсе де табуға күш салып жатыр. Талай адамның келісімшартты бұзғысы келетінін немесе армиядан қашуға оқталғандарды көріп, қатты әсер алдым", – дейді Әскерге шақырылушылар мектебінің заңгері Алексей Табалов АП агенттігіне берген сұхбатында.

Қорғаныс министрлігі қандай да бір "мобилизация шаралары" жүріп жатқанын жоққа шығарып отыр. Дегенмен ол қарулы күштер қатарына шақыруды күшейту үшін барлық шектеулерді алып тастап жатқан сияқты. Әртүрлі аймақтардағы билбордтар мен қоғамдық көліктерде ер адамдарды кәсіби армияға қосылуға үндейтін "Бұл жұмыс" деген жарнамалар жарияланып жатыр. Ал билік кейбір қалаларда және Сібірде мобильді рекрутингтік орталықтар ашуға кіріскен.

Аймақтық әкімшіліктер құрған "еріктілер батальондары" мемлекеттік телеарналарда насихатталып жатыр. "Коммерсант" іскерлік газетінің дерегінше, 20 аймақта кем дегенде 40 осындай ұйым жасақталған. Оларға өткен еріктілерге ай сайын 2 150 доллардан 5 500 долларға дейін жалақы төлеу және бонустар қарастыруға уәде беріліп отыр. Ал жұмыс іздеу сайттарында әскери мамандықтарға мыңдаған вакансия пайда болды.

Британдық барлаушылар осы аптада Ресейдің "еріктілер батальондарынан" 3-ші армия корпусы құрылып, оған жасы 50-ге дейінгі ер адамдар іздестіріліп жатқаны және үміткерлерден орта білім ғана талап етілетінін хабарлады. Сонымен қатар Украинаға жіберілетін жаңа корпус мүшелеріне "пайдалы ақшалай бонустар" ұсынылып жатыр.

Дегенмен бұқаралық ақпарат құралдарында кейбіреулердің осы уәде етілген төлемдерді ала алмағаны жайлы шағымдар да жарияланды.

Сотталғандарды Украинадағы әскери жанжалға тарту жұмыстары соңғы апталарда жеті аймақта жүргізілді. Мұны Gulagu.net тұтқындар құқығын қорғау ұйымының негізін қалаушы Владимир Осечкин өзіне хабарласқан арестанттар мен олардың туыстарына сілтеме жасап мәлімдеді.

Ресей мұндай тактиканы бірінші рет қолданып отырған жоқ. Кеңес одағы да Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде "тұтқындар батальондарын" ұрыс даласына аттандырған.

Бұл орайда Ресей жалғыз емес. Қарулы жанжалдың басында Украина Президенті Владимир Зеленский темір тордың ар жағындағы әскери ардагерлер өз еркімен майданға аттануға келіссе, оларға рақымшылық жасауға уәде берді. Оның бұл әрекетінен не шыққаны әзірге белгісіз.

Осечкиннің айтуынша, тұтқындарды жинайтын Қорғаныс министрлігі емес, Ресейдің көлеңкелі жекеменшік әскери ұйымы – "Вагнер" тобы екен. Алайда сол сотталғандардың ішінде Украинаға баруға келісіп, кейін өкініп қалғандары да кездесіп жатыр.

"Украинаға бару әуелі әскери немесе құқық қорғау саласында тәжірибесі бар тұтқындарға ұсынылды. Кейін бұндай ұсыныс білім деңгейі әртүрлі өзге сотталғандарға жасалды. Шілденің аяғында үлкен жалақы мен рақымшылық жайлы уәделерге алданып, шамамен 1500 адам өтініш білдірген болуы керек. Енді сол еріктілердің көпшілігі алған міндеттемелерінен бас тартып, шын мәнінде Украинаға барғысы келмейтіндерін айтып отыр", – дейді Осечкин.

Жігіті Санкт-Петербордағы колонияда жазасын өтеп жатқан әйелдің сөзінше, түрмеден кету туралы ұсыныстар – бостандыққа деген "үміт оты". Бірақ бұл азаматшаға сотталған сүйіктісі Украинаға аттанған 11 еріктінің сегізі қайтыс болғанын айтқан.

Әскери заңгерлердің сөзінше, кейбір сарбаздар мен тәртіп сақшылары Украинаға барудан бас тартқан немесе онда бірнеше апта болғаннан кейін үйлеріне қайтуға әрекеттенген. Мәселен, шілденің ортасында "Еркін Бурятия" қоры 150-ге жуық ер адамның Қорғаныс министрлігімен жасасқан келісім-шарттарын бұзып, Украинадан Бурятияға оралғанын хабарлады.

Құқықтық көмек көрсетуші адвокат Алексей Табаловтың айтуынша, келісімді тоқтатуға тырысқан 80-ге жуық сарбаз ұсталып, Украинаның шығысындағы Луганск облысындағы Брянка елді мекеніндегі уақытша  тергеу изоляторына қамалған. Бұқаралық ақпарат құралдарының назары тым көп ауғанғандықтан, бұл мекеме өткен аптадан бері жабық тұр.

"Еркін Бурятия" қорының жетекшісі Александра Гармажапова AP тілшісіне берген сұқбатында айтқандай, сарбаздар мен олардың туыстары командирлер әскерден кету туралы өтініштерді жыртып, "бас тартушыларды" қудалаймыз деп қорқытқанына шағымданады.

Қор мәліметінше, шілденің соңына дейін сарбаздар тарапынан келісім шартты бұзу туралы жүздеген арыз жазылған. Өйткені олардың кейбірі Украинаға баратынын білмеген немесе шайқастан әбден шаршаған.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу