Ресей Украинаның тағы бір қаласын басып алды

5868

Бірақ бұл бәрібір агрессордың жеңілісіне айналып отыр.

Ресей Украинаның тағы бір қаласын басып алды Фото: zn.ua

Украинаның Бахмут қаласында көпірлер бірінен соң бірі жарылып жатыр. Әдетте бұл әлдебір шаһар қарсыластың қолына түсерде жасалады. Мысалы, РФ әскері Херсоннан қашардың алдында "Хаймарстардың" қаншама соққысына төтеп берген Антонов көпірін жарып жіберді.

Алдымен 3 наурызда CNN Бахмутта (Ресей жағы оны кеңес кезіндегі ескі атауымен Артемовск атайды) ЗСУ мен бейбіт тұрғындар пайдаланып келген басты көпірді оккупанттардың жарғанын жариялады. Жарылыстан көз ашпаған байғұс қаланың тұрғындарын таяу жердегі Хромово селосымен байланыстырған көпірді РФ жағы түн ішінде қиратты. 

"Бұл қоршаудағы Бахмут қаласын көрші Хромово селосымен байланыстырған басты көпір болатын. Ол сондай-ақ Бахмутты Часов Яр қаласынан жабдықтаудың соңғы негізгі жолы болатын. Ресейлік әскерлер оны түнде күйретті", – деп хабарлады америкалық арнаның журналистері қаладағы бірнеше дереккөзіне сілтеме жасап. 

Бахмутта ұрыс салып жатқан украиналық солдаттардың бірінің тұспалдауынша, оккупанттар көпірге дәлдікті зымыранмен – "Искандермен" соққы бергенге ұқсайды. Сонымен бірге жергілікті билік таяу күндері көпірді жөндеп, қайта іске қосудан үмітті екенін мәлімдеген. Бұл асығыстықтың себебі бар: қалып қойған бейбіт тұрғындарды шұғыл эвакуациялау қажет. 

Сонымен бірге Украина Президенті Владимир Зеленский Бахмут бағытындағы ахуал күрделгенін растады. 

Ал кеше Бахмуттағы теміржол көпірін Украина Қарулы күштерінің (ЗСУ) өзі жарып жіберді. Ғаламторда соны дәлелдейтін видео да таралды. CNN геолокация арқылы бейнежазбаның шын екенін анықтаған. Осыдан кейін ресейлік ақпарат құралдары украиналық әскердің қаладан кетуге әзірленіп жатқанын айтып, ұлардай шулады. 

Украинаның 46-шы бригадасы бұл қадамның себебін түсіндірді. Оның өкілдері мұның қаланы тастап шығудың нышаны еместігін, ол көпір бәрібір пайдалануға жарамсыз болғанын алға тартты.   

"Бүгінде біздің қаладан кетуіміздің дәлелі ретінде ұсынылып отырған көпір баяғыда жарып жіберілген. Бахмуттағы адамдардың бәрі мұны біледі. Қазіргісі – жай соның қалдығын талқандау ғана. Дүрбелеңді босқа таратпаңыздар. Оның үстіне сол жерде өзен арнасын көпірсіз-ақ кешіп өтуге болады", – деді 46-шы бригада жауынгерлері. 

Шынында, халықаралық ақпарат құралдары аталған көпірдің 2022 жылғы желтоқсан айының басында жарылғанын хабарлаған болатын.

Дегенмен, украиналық әскерилермен аралас-құраластығы бар ресейлік жазушы, колумнист, саяси шолушы Юлия Латынина Украина армиясының қаланы тастап шыға бастағанын, бірақ бұдан тек Путин ғана жеңілгенін нықтады. 

"Украинаның ресми билігі әзірге Бахмуттан кетіп жатқанын мойындамады. Бірақ Бахмутта былтырғы тамыздан бері жүрген сұрапыл соғыс аяқталды. ЗСУ қаланы соңғы екі апта бойы өз қолында ұстап тұрып, соғыстың бір жылдығында Путиннің Бахмутты алдық деп мақтануына мүмкіндік бермеді. Енді кетіп бара жатып, ізінен көпірді жара салды. Украина армиясының тұрақты бөлімшелері Бахмутты қалдырды, олардың орнына АОК (арнайы операциялар күштері) кірді. Былтыр Северодонецкіде де солай болған. АОК арнайы үйретілген жауынгерлері жермен-жексен болып қираған ғимараттар арасында партизандық соғыс жүргізе алады. Сөйтіп, тағы белгілі бір уақыт бойы жаудың қаланы толық бақылауына алуына кедергі жасамақ. Бұған қоса, украиналық артиллерия Часов Яр жақтан қаланың үстінен төніп тұр: қалаған ауданды отқа орай алады", – деді Ю.Латынина.

Сонымен, Киветі 3 күнде алмақ болған Кремль шағын Бахмут қаласын 7 айда әзер тізе бүктірді. 

Бұл қала РФ үшін аса маңызды болды, сондықтан ол оны үстемелете соққылап, үздіксіз шабуылдаған. Шаһарды алу үшін қаншама "вагнерліктер", түрмеден тартылған еріктілер, тіпті мобилизацияланғандар қынадай қырылды. 

Ресейлік "Русь сидящая" жобасының эксперті Ольга Романованың мәліметінше, тек "Вагнер" жеке әскери компаниясынан ғана Бахмут үшін шайқаста шамамен тоғыз мың содыр жер жастанған. Оның 90% – сотталғандар көрінеді. Жаралылары қанша екені белгісіз. Телеграм-арналардағы видеолар РФ әскерінің өз солдаттарының мүрделерінің үстімен, тапап жүгірген күйде соғыс салуға мәжбүр екенін айғақтайды.    

Мәскеу сонау 2014 жылғы қырғында кері шегініп, уысынан шығарып алған донбастық Славянск және Краматорск қалаларын қайта басып алуды мақсат етіп отыр. Ал осы жолда жылдар бойы нығайтылып, мығым бекініске айналдырылған Бахмут тосқауыл болды. Дегенмен, бұл қаланы алса, агрессордың әскері ары қарай аталған екі қалаға лап қоя алмайды. Бахмуттан ары тағы басқа бекіністер түзілген.  

Славянск пен Краматорск Мәскеуге не үшін керек?

Оларды жаулап алса, онда қолына ұзындығы 1 053 шақырымды құрайтын, әрі 133 шақырымдық аса күрделі гидротехникалық құрылымдардан, құбырлы көпірлерден, сорғы станцияларынан, алып су қоймаларынан тұратын "Северский Донец" атты Украинаның шығысындағы ең ірі өзенді өз қолына көшіреді. Бұл өзен бүкіл Донецкіні сумен қамтып келген. Алайда Донбастың үлкен бөлігін РФ басып алғалы ол жаққа су беру тоқтатылды да, аннекцияланған Донецк облысы осы арнасыз шөлейтті далаға айналды: ондағы қалалар суды Ресейден тасып ішеді. Су берудің тоқтауына құбыр көпірлердің, сорғы станцияларының шайқастар барысында талқандалуы себеп болыпты.  

Украиналық сарапшылар Бахмутты тәрк етуден үлкен трагедия жасаудың қажеті жоқтығын айтады.  

"Егер РФ армиясы Изюм қаласын бақылауда ұстап тұрған кезде осы Бахмутты алғанда, онда Славянск пен Краматорск қалаларын жанжақтан қоршап, бүретін еді. Бірақ Изюм және Лиман қалаларын ЗСУ былтыр азат етіп, шымшуырын ("клешня") шауып тастады", – дейді украиналық әскери сарапшы, әскери ұшқыш, запастағы полковник Роман Свитан.

Кез келген армияның басты мақсаты – әрбір Отан қорғаушыны сақтап қалу. Сондықтан қажет кезде шегіне білу де әскери өнер, айла-шарғы. Күш жиған соң, ол жерді кері қайтаруға болады, ал егер армия таусылса, кері оралтуға күш қалмайды. 

Бахмутты алып, Кремль неге жеңілді?

"Жеті ай бұрын Бахмутты қуатты шабуылдауға кіріскенде, Кремль ЗСУ-дың қаруы түгесілуге таяғанын түсінді. Ұлы жоспар келесідей еді: алда қатал қыс келе жатыр, ауқатты Еуропа ресейлік газдан айрылса, жаурап қалудан қорқып, тізе бүгеді. Украинаның энергетикалық жүйесіне соққы Кәрі құрлықты украиналық босқындарға толтырады. Ал Ресей 300 мың жауынгерді мобилизациялап, қуатты шабуылға көшеді. Вашингтон өз өкілдері Бернс пен Салливан арқылы келіссөз туралы сөз қозғай бастағанда, өзіне сенімді Путин менсінбей, олардың меселін қайтарып тастады. Путиннің жоспары майдан даласында күйреді. Еуропада қыс жылы болды, қатып қалған жоқ. Украиналықтар билікке ашынып, көшеге шықпады, әуе қорғанысы зымырандардың 85%-ын жойды. Ал Путиннің ақылға көнбейтінін түсінген АҚШ пен Еуропа Украинаны салмақты қарумен қаруландыруды бастады. Қорғануға емес, енді шабуылға арналған қаруды жеткізуде. "Гепард", "Хаймарстармен" шектелмей, танк пен GLSDB тұтылмайтын авиациялық бомбаларын берді", – деп қорытты Ю.Латынина.

Әскери сарапшылар ресейлік армияның қансырағанына назар аудартады. Былтырғы қыркүйектегі мобилизациядан кейін халықаралық қауымдастық үрке күткен күзгі, қысқы алапат шапқыншылық болмады. 

Өткен аптада ресейлік Conflict Intelligence Team негізін қалаушы Руслан Левиев "өз командасының бағалауынша, Ресейдің Украинадағы адам шығыны, өлгендерді және жаралыларды қосқанда, 270 мың адамға дейін жеткенін" хабарлады. 

Украинаны топан судай, цунамидей жауып қалатындай көрінген ресейлік қысқы шабуыл алып жартастай болған Бахмутқа соғылып, тоқтады. Мұны Батыс та көріп отыр. 

Ресейлік пропаганда федералдық телеарналарда қыс бойы сайрағандай, соғыстың бір жылдығында кем дегенде бүкіл Донбасс өңірі РФ қолына көшуі керек еді. Алайда биылғы 24 ақпанда стадион толтырып, салтанатты жиын өткізген В.Путин Бахмутты алғанына да мақтана алмай қалды. 

Сарапшылардың байламынша, РФ енді Славянскқа дейін жету үшін миллионға жуық жауынгерін не қыруға, не кемтар етуге тиіс. Бірақ сонша еркекті табуы қиын. Бір жарым миллионға жуық тепсе темір үзетін азаматы шетелге, Қазақстанға қашты. Қалғанының көбі, сауалнамалар көрсеткендей, майданға бармауға бекініп отыр. Сонымен қатар, Ресейде миллиондық армияны жарақтандыратын қарудың да, техниканың да, тіпті шұлық пен етіктің де жоқтығы әшкере болып қалды. Оларды "Ашан" сияқты супермаркеттер желілерінен, тұрғындардан жинап әлек.

Демек, Мәскеуге тек келіссөз үстеліне отыру қалады. Бірақ кремльдегілердің соған санасы жеткенше қанша уақыт өтетіні, қанша адам көз жұматыны белгісіз. Украина да ұзақ күтпейді. Бахмут ЗСУ-дың заманауи батыстық қарумен жабдықталуы үшін уақытты ұтты. Бүгінде дамыған елдер украиналық армияның қарсы шабуылға көшуін тағатсыздана күтуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу