"Ресей ядролық қаруын қолданса, Батыстың жауабы зұлмат болады"

3383

Кеңестік және украиналық әскери маман, полковник, әскери сарапшы Олег Жданов Ресей Украинаға ядролық соққы берсе, одан азаматтық және әскери инфрақұрылымға қандай нұқсан келуі мүмкін екенін бағалады. 

"Ресей ядролық қаруын қолданса, Батыстың жауабы зұлмат болады"

– Кремль қазір геосаяси ахуалды ушықтыруға барып отыр: мобилизация жариялады, апта соңында, псевдореферендумдар қорытындысында Украинаның кем дегенде төрт облысы Ресейге қосылғанын жариялауды жоспарлап отыр. Мұны Украина қалай қабылдауда?

– Жасыратыны жоқ, Киев қарсылас 24 ақпанда басқыншылық жасағалы бері Ресей жеріндегі инфрақұрылымға шабуыл жасаған жоқ. Әйтпесе, қолда бар қару-жарақтың өзі шекаралас облыстардағы әскери инфрақұрылымға тікелей соққы беруге қауқарлы. Ал ол жақтан Украина жеріне тоқтаусыз қару-жарақ, әскери техника жіберіліп жатыр. Егер Ресей жеріндегі орталық алып қоймаларға соққы жасалса, онда РФ әскері тылының қолдауынан қол үзіп, майдан даласындағы жағдай күрт өзгеруі мүмкін.

Бұдан бөлек, Ресей Украинаның жылу-электр орталығы, бөгендері сияқты азаматтық стратегиялық нысандарына соққы жасауда. Украина оған жауап бере алмады. Бұған дейін олай жасаса, Мәскеу жаппай жұмылдыруды жариялап, Украинаға бірнеше миллион жауынгерін айдауы ықтимал деген қауіп болды. Қазір мобилизация жарияланды. Киевті байлап-матап келген тұсаулар жойылды, ол қимыл еркіндігіне қол жеткізіп отыр. Мәскеу мұны түсінеді. Сондықтан Ресей аумағына, соның ішінде жаңадан оккупацияланған жерлерге шабуыл жасалса, ядролық қаруды қолданамын деп қоқан-лоққы көрсетуде. Оның басқа "көзірі" қалмады.

Оның үстіне Ресейдің мобилизациялық ресурсы да сонша ауқымды еместігі байқалып қалды. Жұмылдыру жағдайында халық арасындағы соғысты қолдау күрт құлдырады, ер-азаматтары шетелге, соның ішінде Қазақстанға қаптап қашуда. Мәскеу 300 мың еркек сыртқа шығып кетті деген ақпаратты келтірді, сарапшылар олардың саны миллионнан асады деп тұспалдады. Оның үстіне бұл лек ары қарай ұлғаюда. Шекараларда шектеу енгізіліп жатқанымен, әзірге жабылған жоқ.

– Мобилизация, референдумдар... Бұл Кремльге не үшін керек? Украина Президенті егер оккупацияланған аумақтарды қосу жөнінде референдум өтсе, онда содан соң ешқандай келіссөз болмайтынын қатаң ескертті ғой? Ал Путин ШЫҰ Самарқан саммитінде келіссөздерге дайын екенін мәлімдеді.

– Ол майданда жеңіліп жатқанын жақсы біледі. Шегінерге жол қалмай барады. Тұйыққа тіреле түскенін түсінген Кремль соңғы картасын суырып алып шықты. Ол енді ядролық қаруы бар екенін және оны қолданатынын барлық арналар мен мәлімдемелер арқылы жаһандық жұртшылыққа жеткізіп қалуға тырысуда. "Бұл блеф емес!" деген құмар ойындарының терминін Путин де, Медведев те ауызға алды.

Кремль осы эскалацияға бару арқылы қос мақсатты көздейді. Біріншісі – жағдайды ушықтыру арқылы түзетуге бағытталған. Яғни, мобилизация мен референдумдардың қатар жариялануы Киевтің үрейін ұшыруға тиіс еді. Тек тұрақты әскер ғана емес, бүкіл Ресейдің ер-азаматтары қолына қару алып, Украинаға қарсы аттанса, елдің тағдыры не болады? Бірақ соғысқа құлшынғандар саны шынында көп болмай шықты. Ресейліктер басын аман алып қалудың түрлі жолдарын іздеп, тіпті военкоматтарға шабуылдап жатыр. Рамзан Қадыров Шешенстанда мобилизация жүрмейтінін бірден мәлімдеді. Ал Путиннің жарлығында бүкіл Ресей аумағында жүретіні айтылған. "Сонда Шешенстан ол аумаққа кірмей ме?" деген сұрақ туады. Кейбір деректер бойынша бас көтерген Дағыстанда да мобилизация доғарылыпты.

Екінші мақсат – майданды сақтап қалу болды. Кремль келіссөздерді қалайды, бірақ келіссөздер үстеліне жеңілген жақ болып отырғысы келмейді. Егер жұмылдыру арқылы басып алған аумақтарын сақтап қалса және алдағы қыста шабуылға шығып, жаңа жерлерді оккупацияласа, онда Киевті ресейлік шарттарға бас идіртіп, капитуляциялануға мәжбүр ете аламын деп ойлайды.

Ол Батыстан қаһарлы, тиімді, алыстан сұрапыл соққы беретін қару түрлері келе бастағанда, Ресей тарапынан адам шығыны өте көп болатынын түсінеді, бірақ оны принципті санамайды. Батыс барлау қызметтерінің дерегінше, Кремль осы мобилизация аясында бір миллионнан астам азаматты соғысқа аттандырады.

Менің бағалауымша, 1 миллион 200 мыңдай әскери жұмылдырылады. Бұл үшін мобилизацияның 4 толқыны болады. Сонымен бірге РФ қарулы күштері сонша жауынгерді жабдықтауға қауқарсыз. Оларды қамтамасыз етуді Мәскеу орталықтан өзі жүргізу орнына, мұны өңірлерге жүктеді. Оның соңы сорақы тірліктерге соқтырды: кейбір өңірлерде әскерге шақырылушылардан әйелдердің гигиеналық заттарын ала келуді талап еткен, себебі, мысалы, тампон оқ тиген жердің қанын тоқтатуға пайдаланылатыны түсіндірілген. Ішінара мобилизацияланғандарға (оларды частично мобилизованные дегеннен шығарып, "чмобики" деп те атайды) кеңес кезінен қалған керзі етіктер, тот басқан автоматтар берілгені бейнеленген видеожазбалар тарап жатыр.

Яғни, Мәскеу кеңес кезіндегі тәсілді қолданбақ: қарсылас алға баса алмауы үшін окоптарды нашар қаруланса да, қатары көп солдаттарға толтырмақ.

Меніңше, референдум мен мобилизация көздеген нәтиже әкелмесе, онда Кремль ядролық қаруды қолданам деп қорқытуды өрістетеді.

– АҚШ тарапы егер Ресей ядролық қаруын қолданса, оның салдары зұлмат, апатты болатынын, Ресейдің нағыз заманақырға тап болатынын мәлімдеді. Бірақ сарапшылар ШЫҰ саммитінде Қытай мен Үндістан секілді басты серіктестерінен қолдау таппаған Кремль стратегиялық ядролық қаруын іске қоса алмайды, әрі кетсе, тактикалық ядролық қарумен соққы береді деп болжайды. Егер шағын ядролық шабуыл жасалса, Батыс тек сөзбен шектеліп, салмақты жауапсыз, сырт қалмай ма?

– Батыста бұл тұрғыда басты лидерледің бәрі өз ұстанымдарын нық білдірді. Демек, жауапсыз қалмайды. Себебі, бұл өткен ғасырдың ортасынан бері сақталып келген жаһандық келісімді бұзу болып табылады. Мысалы, Солтүстік Корея қанша жерден тоталитарлық режим болса да, жылдар бойы доқ көрсетсе де, ядролық зымыранмен ешкімге соққы берген жоқ. Ал егер Ресей ядролық арсеналын шектеулі түрде қолданып, оған жаһандық державалар жауап қатпаса, онда бейресми түрде ядролық қаруға қол жеткізген барлық елдер батылданып шыға келеді. Олар да көршісіне қарсы қолдануы мүмкін. Әлемдік лидерлер бұған жол бере алмайды.

Үн қату бірнеше бағытты қамтуы мүмкін. Біріншіден, жауап соққы болады. Ол ядролық сипатта болмауы мүмкін. АҚШ, Батыс елдері Украинаға бермей отырған қаһарлы ұшақтарымен, қанатты зымырандарымен, мысалы, Томогавкпен РФ аумағындағы шешім қабылдау орталықтарына, соның ішінде бункерге, Украина жеріндегі РФ әскерлеріне үстемелете жойқын соққы жасауы ықтимал.

Батыс Ресейдің ядролық қарулары қайда сақталғанын жақсы, нақты біледі: бұл ядролық қаруды таратпау шарты аясында верификацияланған.

Таяуда АҚШ "Ақырзаман күнгі ұшақтар" аталатын Boeing E-6B Mercury ұшақтарын әуеге көтерді. Бұл командалық пунктер Ресейдің бүкіл аумағындағы ядролық арсеналдың қозғалысын ұдайы қадағалай алады. Егер ядролық зарядты тұрақты сақтау орнынан шығарып, атуға дайындау жүзеге асырыла бастаса, ол жерге зымырандармен привентивті соққы берілуі ықтимал. Бұл туралы Ұлыбритания Премьер-министрі мәлімдеген.

Екінші бағыт ең қатал экономикалық санкцияларды қарастырады. Ресей шетелге ештеңе де сата алмай қалады. Барлық банктері әлеммен транзакция жасай алмайды.

Батыс РФ аумағындағы ядролық қарудың ұшыру қондырғыларының бәрін тәулік бойы бақылауда ұстап отыр.

– Континент араларында ұшатын, тұтас қалаларды жойып жібере алатын стратегиялық ядролық арсеналдың қозғалысын қадағалауға болар. Ал шағын тактикалық ядролық зарядтар ше? Олардың қайдан ұшқанын да білмей қалуы мүмкін ғой?

– Ресей тіпті ядролық салындысы бар артиллериялық снаряд түрінде атса да, оның артында радиоактивті шлейф, із қалады. Сол арқылы оның қайдан атылғанын табуға болады. Ресейлік 152 миллиметрлік зымыран, ішіндегі ядролық контейнерімен бірге шамамен 400 келі тартады. Бұл жеңілдеу көлікке жүктей салып, таси беретін қарапайым оқ-дәрі емес. Арнайы көлік қажет.

– Егер ахуал ядролық соққы жасауға дейін өршісе, Украинаға, өзге елдерге қандай зиян келеді? Қанша шақырым аумақ бүлінеді?

– Ондай соққы қарсаңында дайындық жүреді. Мысалы, егер әңгіме стратегиялық емес, тактикалық ядролық қаруды қолдану туралы болып отырса, онда қарсылас өз әскерін соққы жасалатын аумақтан, жарылыс эпицентрінен кем дегенде 15 шақырым қашыққа шегіндіруі қажет. Мұндай шабуыл терең эшелонданған қорғаныста үлкен тесік жасау немесе бір жерге шоғырланған орасан зор әскери күштерді жойып жіберу үшін жүзеге асырылады. Ал Украина Қарулы күштерінде мұның бірі де жоқ. ЗСУ жауынгерлерін бір жерге шоғырландырмайды. Басқаша әскери өнерді қолданады. Барлығы шағын топтарға бөлініп кеткен.

Ал бір елді мекенді босатуға жұмылдырылған батальонға ядролық соққы беру мүлдем ұтымсыз.

Егер қалалардың бірін жарса, бүкіл әлем, тіпті бейтарап елдер де Ресейден теріс айналады, халықаралық қауымдастық мұндай зұлым елдің өзін түбірімен жоюды талап етуі мүмкін. Егер атом электр станциясына ядролық соққы жасалса, оған да алапат нұқсан келмеуі мүмкін. Ядролық реактор ғимараттарын тұрғызғанда, олардың конструкциясы осындай соққыға шыдас беретіндей етіп жасалады.   

Мұндай шабуылдар Кремль көздеген нәтижелер әкелмейді. Бұл соғыстың барысына да елеулі ықпал ете алмайды. Киев шегінбейді. Ресей оның орнына Украинаны жете қаруландырмай, аяғын аңдап басып отырған Батыстың қаһарына ұшырайды.

Ресейдің экономикасы да бір күнде күйрейді. Қазірдің өзінде Ресей қоғамы қазандай бұрқ-сарқ қайнай бастады. Ресей жерінде ешқандай соғыс жүріп жатқан жоқ, бейбіт өмірде солай бүлінуде. Ал егер НАТО оның аумағына шынымен соққы жасай бастаса, үрейден әлеуметтік жарылыс болуы ғажап емес. Ендеше Кремль басқыншылық саясатынан бас тартып, Украина жерінен кеткені жөн. Одан басқа бітім жолы жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу