АҚШ сынақтан бас тартып отырғанда, Ресей ядролық қаруды тәжірибеден өткізбейді. Мұндай мәлімдемені Президент Владимир Путиннің қаруды бақылау жөніндегі өкілі дүйсенбіде жасады.
Осылайша, ол Кремль посткеңестік ядролық сынақтарға жарияланған мораторийден бас тартуы мүмкін деген болжамға жауап қайтарып отыр.
Қазір АҚШ мен оның еуропалық одақтастары Украинаға Батыс зымырандарымен Ресейге терең соққы беруге рұқсат ету мәселесін қарастырып жатыр. Осындай шақта Ресей ядролық сынақтарды қайта бастауы мүмкін деген әңгіме көбейіп кетті.
Ресейдің мемлекеттік газеті "Российская газета" өткен аптада Ресейдің "Новая Земля" ядролық полигонының басшысы Андрей Синицынмен болған сұхбатты жариялап, осы полигоннның кең ауқымды сынақтарды қайта бастауға дайын екенін хабарлады.
Әлемнің ірі ядролық державасында негізгі шешімдерді қабылдайтын Путин Ресейдегі ядролық сынақтардың қайта жандануын АҚШ-тың осындай қадамға баруымен байланысты екенін ескертіп, атомдық арсеналды Украинада қолдануға ешқандай қажеттіліктің жоқтығын атап өтті.
"Ештеңе өзгерген жоқ. Ресей Федерациясының президенті анықтап бергендей, біз мұндай сынақтарды АҚШ дәл сондай қадамға бармайтын болса, өткізбейміз", - дейді РФ сыртқы істер министрінің орынбасары және Ресейдің қаруды бақылау саясатына жауапты Сергей Рябков ресейлік ақпарат агенттіктеріне берген сұхбатында.
Рябковтың сөзінше, "Новая Земля" ядролық полигонын "толық дайын ету" жұмыстары АҚШ өзінің сынақ инфрақұрылымын жақсартып жатқандықтан қолға алынды.
Ресей, АҚШ, Қытай соңғы жылдары ядролық сынақ алаңдарында жаңа нысандар салып, қосымша туннельдер қазды, деп хабарлаған еді CNN телекомпаниясы 2023 жылы.
Посткеңестік Ресей ядролық сынақ өткізген жоқ. Мұндай жарылысты Кеңес Одағы соңғы рет 1990 жылы, ал АҚШ 1992 жылы ұйымдастырған екен. Ал осы ғасырда Солтүстік Кореядан басқа ешбір ел атомдық қаруды тәжірибен өткізбепті.
Дегенмен, Рябковтың айтуынша, Мәскеу "АҚШ Филиппиндегі орта қашықтыққа арналған зымыран жүйесін тез арада шығаруды жоспарлап отырған жоқ" деген ақпаратқа алаңдап отыр.
ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚ
Украинадағы соғыс Ресей мен Батысты 1962 жылғы Куба дағдарысынан бергі ең қатал тайталасқа ұрындырып отыр. Айта кетсек, сол кезде "қырғи-қабақ" соғыстың екі алпауыт державасы ядролық соғысқа қасақана жақындағаны белгілі.
Куба дағдарысынан кейін сол кездегі АҚШ Президент Джон Кеннеди мен КСРО басшысы Никита Хрущев ядролық сынақтарға тыйым салу идеясын зерттеуге келісті.
2023 жылы Ресей Президенті Владимир Путин Ресейдің Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы келісімді ратификациялауын ресми түрде доғарып, Ресейді бұл мәселеде АҚШ-пен теңестірді.
Сынақтардың қайта жандануы жаңа әрі қауіпті ядролық дәуірдің басталғанын білдіруі мүмкін. Онсыз да бүгінгі таңда Ресей, АҚШ, Қытай өздерінің ядролық қаруларын модернизациялауға жарыса кірісіп жатыр.
Вашингтон Ресей мен Қытайды өзіне қауіп төндіріп тұрған ең үлкен ұлттық мемлекеттер деп санайды. Украина соғысы кезінде серіктестіктерін тереңдеткен Бейжің мен Мәскеу болса, Америка Құрама Штаттарын бүкіл әлемді хаосқа ұрындырған және құлдырап бара жатқан держава ретінде көрсетуге тырысып отыр.
Кеңес Одағы 1949 жылы Қазақстанда алғашқы ядролық бомбасын сынап, Батысты дүр сілкіндірген еді. Ал АҚШ 1945 жылы шілдеде Нью-Мексико штатындағы Аламогордо полигонында 20 килотонналық ядролық бомбаны жару арқылы ядролық дәуірдің есігін ашты. Арада бір ай өткенде Құрама Штаттар Екінші дүниежүзілік соғысты аяқтау үшін Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына атом бомбаларын тастағаны белгілі.
Көптеген ғалымдар мен белсенділер үшін "қырғи-қабақ соғыс" кезіндегі ауқымды ядролық сынақтар сайып келгенде, адамзатты жойып, планетаны жүздеген мың жыл бойы ластануға ұрындыра жаздаған ақылға қонымсыз тайталастың көрінісі еді.