Шыжыған күн астында және 50 градус ыстықта Ресейдің нан қоржынына айналған Ростов облысының диқандары қуаңшылықтан, аяздан және су тасқындарынан зардап шеккен егінді аман алып қалу үшін жанталасып жатыр.
Өткен жылы Ресейдегі жалпы астық түсімінің 11 пайызын берген Ростов - ауыл шаруашылығы министрлігі бақылауындағы негізгі аймақтардың бірі. Мұнда биыл егін бітік шықпайды деген болжам бар.
Аталған министрліктің сәуір айында жасалған және өткен аптада сақталған соңғы есебіне жүгінсек, 2024 жылы Ресейде жиналатын астық көлемі 132 миллион тоннаға жетеді. Бұл - 2023 жылғы 145 миллионнан 9 пайызға, ал 2022 жылғы рекордтық 158 миллионнан 16 пайызға төмен көрсеткіш.
Өткен аптада Ростовта астық 38%-ға азайып, 10 миллион тоннаға дейін кемиді деген болжам жарияланды. Бұған кінәлі - көктемгі аяз бен одан кейінгі аптап ыстық екен.
"Бидай қыстан жақсы шықты, биыл егін мол болады деп үміттендік, бірақ қазір не қалды - соны жинап жатырмыз", - дейді Ростов облысындағы "Рассвет" шаруа қожалығының бас агрономы Сергей Сасунов Reuters агенттігіне берген сұқбатында.
Тағы бір сөзінде Сасунов өз шаруашылығы өткен жылғы өнім көлемінің жартысын ғана жинағанын айтты.
Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялаған кезден басталған технологиялар мен жабдықтар санкцияларына (батыстық) қарамастан, жаппай мемлекеттік қолдаудың арқасында әлемдегі жетекші бидай экспорттаушыға айналды.
Ауылшаруашылығының өркендеуі Ростов сияқты көптеген оңтүстік аймақтарды өзгертті, қазір ландшафтта егістік алқаптары басым. Бұл даму өңірлердің өмір үру деңгейін де жақсартты.
Жаһандық жылыну Ресейде ауыл шаруашылығы үшін жаңа солтүстік аудандарды ашты, бірақ ауа райының қолайсыздығы Ростов сияқты оңтүстік аймақтарда астық өндірісін тұрақсыз етіп отыр.
Ресей өндірісінің төмендеуіне алаңдаушылық бидайдың жаһандық бағасын сәуір айында көтеруге көмектесті. Бірақ сол баға Ресейде егін бітік шығады, ал АҚШ-та астық бұрынғыдан мол жиналады деген үміттен біршама төмендеген еді.
"Климаттық катаклизмдер"
Ресейдің ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лут үкіметті биылғы астық жинау болжамын қайта қарауға мәжбүр еткен негізгі фактор ретінде құрғақшылықты атады.
Сасуновтың айтуынша, наурыз айынан бері ол тұратын аймақта жауын-шашын аз болған. Ростов облысындағы көптеген шаруалар да ерте көктемде енді шыққан егінді үсіткен аязды астықтың аз болуына себепші деп санайды.
Киров жылқы зауытында мамыр айының басында ауа температурасы минус 4-5 градусқа дейін төмендеген.
"Көрсеткіштер тамаша болды, бірақ кейін климаттық катаклизмдер басталды. Қазір жүгері қатты зардап шегіп жатыр. Күнбағыс қайта егілді, ал көктемгі егіннің барлығы жойылды", - дейді осы шаруашылық басшысының орынбасары Николай Черкезов аяздың да, аптаптың да зиянын айтып.
Күтілгеннен де нашар өнім Ресейде мемлекеттік шығындар мен жалақының өсуінен 8 пайыздан асып кеткен инфляцияны тіпті күшейтуі мүмкін.
Ростовтан басқа екі негізгі ауыл шаруашылығы аймақтары - Ставрополь мен Краснодарда жерлерге иелік ететін ірі аграрлық компанияларының бірі "Степь" - биыл астық түсімі өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға төмен болатынын болжап отыр.
Ауыл шаруашылығы бойынша кеңес беретін Sovecon консалтингтік ұйымының дерегінше, негізгі астық өндіретін аймақтардағы температура алдағы апталарда қалыпты деңгейден 2-6 градусқа жоғары болады.
Ресейдің бас метеорологы Роман Вильфанд болса, алдағы жылдары Ресейде аптап ыстық кезеңдері ұзарып, су тасқындары мен дауылдардың жиілей түсетінін айтады.
"Ауыл шаруашылығы – ашық аспан астындағы шеберхана. Жыл сайын рекорд жаңарта алмаймыз", - дейді Черкезов.