Ресейде қанша зымыран қалды?

2935

Украинаның ірі қалаларының бірнеше күн қатарынан аяусыз бомбалануы жаһан жұртшылығында "Ресейдің бомбасы қашан бітеді" деген сауал тудырды. Осыған орай халықаралық сарапшылар РФ-та қанша зымыран қалғанын бағамдап көрді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Ресейде қанша зымыран қалды?

Украинаның Энергетика министрлігі өз елінің Еуропаға электр қуатын экспорттауды доғаруға мәжбүр екенін мәлімдеді.

Ресейдің әуеден үсті-үстіне шабуылдап, елдегі біраз жылу-электр орталықтарын, қазандықтарды жарып жіберуі салдарынан Украина өз халқын жылумен және жарықпен қамту үшін осы қадамға барыпты. Ведомство елде аман қалған қуат көздерінің ресурстары Украинаның төл энергетикалық жүйесін тұрақтандыру үшін қажет екенін түсіндірді.

"Ресей Украинаға қарсы энергетикалық лаңкестік жасап, Еуропалық одаққа энергетикалық қысымын күшейтті. Әйтпесе, Украинаның Молдовамен, Польшамен бірге Еуроодаққа экспорттап келген электр энергиясы Еуропаға ресейлік газдан бас тартуға және еуропалық энергетикалық жүйенің тұрақтылығын сақтауға көмектескен еді", – деді Украина Энергетика министрі Герман Галущенко.

Украина Төтенше жағдайлар мемлекеттік қызметінің дерегінше, 10 қыркүйектегі алғашқы күннің өзінде Украина қалаларын бомбалау салдарынан 19 адам қаза тапқан, 105 адам жараланған.

"Ресейдің үстемелете соққы жасауы кесірінен Украинаның 12 облысында және Киевте ірі және аса маңызды азаматтық инфрақұрылым объектілері қирады. Ол жерлерде 30-дан астам өрт туындап, төтенше жағдайлар органдары күшімен тілсіз жау жойылды", – деп хабарлады құтқарушылар.

Киев, Львов, Сума, Тернополь, Хмельницкий облыстарында 301 елдімекен жарықсыз қалып, қараңғылық түнегіне енді.

Ресейлік зымырандар бизнес орталыққа, саябаққа, балалар алаңына, филармонияға, жолаушылар көпіріне, бірнеше музейге, ЖЭО-ларға тиген. Ал Ресей басшысы Владимир Путин жоғары дәлдікті қарулар көмегімен Украинадағы энергетика, әскери басқару және байланыс нысандарына үстемелетілген соққы берілгенін мәлімдеді.

"Novaya Gazeta. Europe" бас редакторы Кирилл Мартынов "Киевті зымырандармен тоқтаусыз атқылау Путинді соғыста жеңіліс табуға жақындата түсетінін", себебі осыны көрген Батыс Украинаға әскери және басқа да көмегін өрістететінін алға тартады.

"Ал оған дейін кеңестік көнерген зымырандармен азаматтық инфрақұрылымды жүйелі соққылау Украинада гуманитарлық апатты ушықтырады. Елді энергетикалық дағдарысқа ұшыратады. Халықты таза ауызсудан тарықтырады. Мәскеу бұған дейін Украинаның оңтүстігінде, Мариупольде және басқа да "босатқан" қалаларында жасаған жан шошырлық көріністі Украинаның басқа да ірі қалаларында орнатуға тырысып көрмек. Бұдан халықтың үлкен бөлігі азап шегуі мүмкін. Бірақ ақыр соңында бұл Украинадағы экономикалық және әлеуметтік хаосты жоюға бүкіл әлемнің көмектесе бастауына әкеледі", – деді К.Мартынов.

Ресейлік әскери сарапшы, саясаттанушы, Прага университетінің профессоры Юрий Федоров Ресейдің шынында дәлдікті емес зымырандарды қолданатынын жеткізді.

"Украинаға бұл соққыларды РФ әскери-әуе күштері стратегиялық бомбалаушы ұшақтардан жасады. Әуе көліктеріне қанатты зымырандар ілінеді. Бұл зымырандар біршама ескі, олар Ресейде өте көп. Оның үстіне 90-жылдардың басында, Будапешт келісіміне сәйкес ядролық қарусыздану аясында осындай қанатты зымырандардың 500-ден астамын Украина Ресейге табыстаған болатын. Өкінішке қарай Мәскеу соларды қазір Украинаның өзіне қарсы қолдануда. Өйткені бұл зымырандар кезінде оны ядролық оқтұмсықпен жарақтандырып, жауға атом бомбасымен соққы беру үшін жасалған еді", – деді Ю.Федоров.

Украинаға үстемелете соққы беруге қатысты пікір білдірген бірқатар сарапшылар бір күнгі қарқынды бомбалау Ресейге 500 миллион долларға түсті деп бағалады. Себебі, қанатты зымырандар қымбат тұрады. Бірақ бұл байламға ресейлік сарапшы күмән келтірді.  

"Бұл заманауи зымырандар емес, оларда әкетіп бара жатқандай техникалық, технологиялық инновациялар жоқ. Бұл сома бір зымыран 5 миллион доллар тұрады деген есептемеге құрылған. Дегенмен ресейлік зымырандар бұрындары, мысалы, кеңес тұсында өндірілгендіктен, сонша қымбат тұруы неғайбыл. Жаңа зымыран болса, Ресейде бөлінген бюджеттің үлкен бөлігі ұрланып, жемқорлар қалтасында кететінін ескерсек, сонша сома шығындалуы да мүмкін. РФ қанатты зымырандары онша бағалы емес, әлгі сомадан кем дегенде екі еседей арзан. Өйткені олардың дәлдігі әлдеқайда төмен. Бір жаманы, мұндай зымырандар Ресейде өте көп", – деді Юрий Евгеньевич.

Сарапшының нақтылауынша, Ресейде кейбір зымыран түрлері түгесілуге таяу, басқасының қоры шексіз.

"РФ әскери қару-жарақ қоймаларында ескі зымырандардың мыңдаған данасы жатыр. Оларды соғыс мақсатында пайдаланса, Ресей еш шығын шекпейді. Оның бәрі бұрын бюджеті бөлініп, жасалып қойылған, дайын, шаң басып жатыр. Оларды сатып алса ғана қыруар қаражаты кететін еді. Ендеше күн сайынғы бомбалау 500 млн долларға түседі деп айтуға келмес. Әртүрлі зымыран түрінің қоры да әртүрлі. Олардың жыл сайынғы өндірісіне қатысты ақпарат құпияландырылған. Сондықтан көлемін шамалап қана айтамыз. Мысалы, үлкен қашықтыққа ұшатын "Калибр" қанатты зымырандарының жылына 100 бірлігі шығарылады деп бағалаймыз. Оның өндірісі 20 жылдай бұрын басталды. Кейбір дереккөздерге сәйкес, соғыс қарсаңында Ресейде "Искандер", "Калибр" зымырандарының шамамен 4 мың данасы болған. Биылғы жазда оның басым бөлігі шығындалды деген болжам бар", – деді ресейлік әскери сарапшы  Ю.Федоров.

Оның мәліметінше, "Искандер", "Калибрден" басқа "әуеде базаланушы зымырандар" (яғни ұшақ не тікұшақтан ұшырылатын "ауа-жер беті" сыныбындағы қанатты зымырандар) саны көп. 

"Мысалы, Ресейде кеңес кезінен қалған Х-22 "Буря" зымырандары әлі күнге дейін қолданылады. Бұл ескі зымырандар аса қуатты термоядролық оқтұмсықпен жарақтандырылып, америкалық авианосецтердің тобын бірден жойып жіберу үшін жасалған. Сол себепті оларды жобалағанда, жоғары дәлдікті болуына еш мән берілмеген. Олар мысалы, басты нысанасынан 500 метр қиыс кетіп құлауы ықтимал. Бірақ қуатты термоядролық бомба ондаған шақырым радиустағы нысандарды тегіс жоятын болса, 500 метр дәлсіздік еш рөл ойнамайтын. Ресей ядролық салындысы жоқ осы зымырандармен Украина аумағына соққы беруде. Содан бұл ескі зымырандар көздеген әскери нысанаға емес, жолай бейбіт тұрғын үйге, азаматтық ғимаратқа тиіп, тып-типыл қылып жатыр. Кремль үшін тонна жарылғышы бар зұлматты зымыранның қайда түсетіні бәрібір сияқты", – деді ресейлік саясаттанушы.

Ал Украина Қорғаныс министрлігі Бас барлау басқармасының өкілі Вадим Скибицкий ақпарат құралдарына Ресейде 200-ден аз "Искандер" қалды деген жорамалын жеткізді.

"Олар оны артқа сақтап отыр, үнеммен жұмсауда. "Искандер" қазір өте сирек пайдаланылады. Соңғы рет тамызда Беларусь аумағынан Киевті сонымен атқылады. Украинаға утилизациялауға жататын ескі зымырандарын көп жолдауда. Біз есептедік: С-300 – 30 жылдан, көпшілігі 35–40 жылдан астам уақыттан бері сақтауда жатқан зымырандар. Оларды жою орнына соғыстың қажетіне жаратуда. Олардың жалпы саны шамамен 7 мыңдай. Бұл зымырандар тағы 3 жыл соққылауға жарайды. "Калибр" жүйелері үшін жылына 150-180 зымыран шығаратын. Бүгінде оның қорын да кейінге сақтап отыр. Өйткені оның құрауыштарының 70%-ы импорттық", – деді Вадим Скибицкий.

Жалпы алғанда, Ресей кең ауқымды соғысты бастағалы, жыл басынан бері Украина жерін 3500-ден астам зымыранмен атқылаған. Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты мамандарының байламынша, шапқыншылық басында Мәскеу тез жеңіске жету үшін жоғары дәлдікті зымырандарын қолданды, ал қазіргі кезде кемелерді жоюға арналған кеңестік Х-22 және Х-32 зымырандарын да құрлықтағы нысандарға қарсы қолдануда. Осыған қарап, шетелдік сарапшылар Ресейде жаңа қару-жарақ таусылуға таяу деген қорытындыға келді. 

Defense Express әскери порталының есептеуінше, соғысқа дейін РФ-та 900 "Искандер", 500 "Калибр" болыпты. Украина жағының дерегінше, агрессор "Искандер" және "Калибр" жоғары дәлдікті зымырандарының 55-60%-ын шығындады. Бұл мәліметтің қаншалықты шын екенін анықтау қиын. Ресей тиісті ақпаратты жарияламады.

Әрине, басқыншы соғысты қанша қаласа, сонша жалғастыра алады. Шетелдік ақпарат құралдары Солтүстік Корея Ресейге оқ-дәрі сатуға келісім бергенін жазды. КХДР қару өндірісін жолға қойған, оған Қытай да қолдау көрсетеді.

Олай болса, қарсыласта қанша зымыран қалды деп, соның аяқталуына үміттену әурешілік емес пе?

Ресей-Украина арасындағы қарулы жанжалға не бітім, не НАТО-ның қаһарлы қаруы нүкте қоюға қауқарлы болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу