Ресейде Путинге импичмент жариялануы мүмкін бе?

5240

РФ президентіне қарсы бас көтерген депутаттар саны артып барады.

Ресейде Путинге импичмент жариялануы мүмкін бе?

Әлемдегі тәуелсіз елдердің көбі өз тағдырында автократ не диктатордың билігін бастан кешеді. Дамыған елдер бүгінде оған жол бермеудің мықты тетігін тапты. Ол – демократия. Оның аясында саяси жүйеде іске қосылған тепе-теңдік пен тежемелік механизмдері билік басына узурпатордың келуіне жол бермейді. Тіпті сондай тұлға популизмді пайдаланып, халыққа жағып, билік тізгінін қолға алғанның өзінде келесі сайлауда қалпақтай ұшады. Мысалы, биліктен кеткісі келмеген Дональд Трамп әлеуметтік желі арқылы жақтаушыларына дем беріп, оларды 2021 жылғы 6 қаңтарда қарулы бүлікке көтеріп, Капитолий ғимаратын басып алуға итермелесе де, көздеген мақсатына жете алмады.

Әйтсе де билікке қансорғыш таскенедей жабысқан автократтар елдің дамуын тежеген, халықтың ауқатын құлдыратқан қаптаған кесапатты туындатады. Ескі биліктің сол былықтарынан арылып, жаңа демократияны қалыптастыруға ұзақ жылдар кетуі мүмкін.

Өкінішке қарай көрші Ресей бұл бағытта ең терең шыңырауға құлады. Ресей Федерациясының жаңа жағдайын кезінде президент әкімшілігі басшысының орынбасары, идеологы болған, ГосДуманың қазіргі төрағасы Вячеслав Володин түйіндеді: "Есть Путин – есть Россия, нет Путина – нет России". Бұл ұран алғаш рет 2014 жылғы 23 қазанда, яғни РФ Украина жеріне алғаш басқыншылық жасап, Қырымды қосып алғанда және Донбасста квазиреспубликаларын құра бастағанда жарияланды. Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының (ВЦИОМ) дерегінше, сол кезде президент Путиннің рейтингі тарихи шырқау шегіне жетті. Ресейліктердің 85,9%-ы соның қызметін сөзсіз мақұлдаған.

Бүгінде жағдай өзгере бастағанға ұқсайды. Себебі ресейлік депутаттар оны лауазымынан айыруды ашық талап ете бастады. Бірақ әзірге мұндай бастаманы соған құзыры бар ГосДума емес, өңірлік депутаттар көтеруде.

Кеше Мәскеу мен Петербордың 18 округінің муниципалдық депутаттары Ресей Президенті Владимир Путинді отставкаға кетуге шақырды.

Өз әріптестерінің тиісті үндеуін Санкт-Петербургтың Семенов округінің мундепі Ксения Торстрем жария етті.

"Біз, Ресейдің муниципалдық депутаттары, Президент В.В.Путиннің әрекеттері Ресейдің және оның азаматтарының болашағына зиян-залал келтіріп жатыр деп санаймыз", – делінген көршінің қос астанасы депутаттарының үндеуінде.

Осының алдында, өткен аптада Петербордың Смольнинское муниципалдық бірлестігінің кеңесі де ГосДума депутаттарына өтінішпен жүгініп, Владимир Путинді "Отанға опасыздық жасағаны үшін лауазымынан айыруды" сұрады. Бұл шешімді жақтап, 7 депутатов (Балтруков, Киселева, Кузнецова, Палюга, Полуйков, Чеботарь, Юферев) дауыс берген. Қалған үшеуі (Мишкинис, Захаров, Серая) қарсы болмаған, тек қалыс қалды.

Депутаттардың шешімі мен үндеуін муниципалдық депутат Дмитрий Палюга Твиттерге орналастырды. Мәтін әлі тұр.

Өз кезегінде тағы бір депутат Радислав Полуйков журналистерге сұхбатында МемДума депутаттарынан батылдық күтпейтінін, дегенмен басты мақсат – олардың пропагандамен уланған санасына күмән дәнін егу болғанын жеткізді.

"Жергілікті жерлерде арнайы әскери операцияны қолдамайтын билік өкілдері жетерлік. Егер Мәскеуде, федералдық биліктің шешім қабылдау сатыларында отырғандардың санасына күмән дәнін себе алсақ, олар кенет оянып, өз басымен, басқаша ойлай бастаса, олар міндетті түрде елдің қандай ауыр жағдайға жеткенін түсінер еді. Сөйтіп міндетті түрде Президентке мемлекетке опасыздық жасаған деген айып тағар еді. Біздің пікірімізше, қазіргі масқара жағдайда соның көріністері бар. Ресейдің қандай сорақылық жасап отырғанын әлем көріп отыр. Біздің үнімізге билік құлақ асады дегенге сене қоймаймыз. Бірақ біз Ресейде депутаттардың барлығы бірдей соғысты қолдамайтынын халық білгені жөн деп санаймыз", – деді ресейлік депутат Радислав Полуйков.

Саясат ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Аббас Галлямов та жергілікті депутаттардың бастамасы жүзеге аса қоятынына сенбейді.

"Бірақ бұл мәлімдемелердің маңызы бар. Ол ескі жүйенің әлсірей бастағанын, мемлекеттік машинаның болттары жан-жаққа шашылып, ұшып жатқанын көрсетеді. Осыны көрген соғысқа қарсы азаматтар бас көтеріп, батылырақ сөйлеп, Мәскеуді ашық сынай бастауы мүмкін. Түптің түбінде шіріген ескі жүйе күйреп, тарихқа кетеді, ел жаңарады деген үміт бар. Сондай-ақ билік өкілдері, соның ішінде депутаттар да қазіргі биліктен тезірек іргесін аулақ салып, жаңа Ресейді құру кезінде билік басында қалудың қамын жасап жатқаны аңғарылады. Жүйе біртіндеп қирай бастады, олар соның үйіндісінің астында қалғысы келмейді", – деді Аббас Галлямов.

Ресей Сенатының – РФ федералдық жиынының Федерация кеңесінің сайтында РФ президентін қызметінен кетіру тетігі туралы ақпарат жарияланған: "Отрешение президента Российской Федерации от должности" деп аталады.

Онда айтылғандай, РФ Конституциясының 93-бабына сәйкес, тек ГосДума мемлекеттік опасыздық жасағаны немесе РФ жоғарғы сотының және РФ Конституциялық сотының қорытындыларымен расталған басқа ауыр қылмыс жасағаны үшін айыптаса ғана РФ президенті қызметінен кетірілуі мүмкін. Бұл шешімді Федерация кеңесі қолдауы шарт. ГосДуманың және Сенаттың президентті қызметінен кетіру (импичмент) туралы айыптауы мен шешімін палаталар депутаттарының жалпы санының кем дегенде үштен екісі қолдауға тиіс.

Осы түсініктемеде көрсетілгендей, РФ президентіне айып тағып, оны орнынан кетіру бастамасын ГосДума депутаттарының үштен бірі құптап, қолдарын қоюы талап етіледі.

Яғни сарапшылар МемДумада Путиннің Единая Россия партиясы басымдыққа ие екенін ескеріп, әзірге оған импичмент жарияламақ түгіл, ондай бастаманы енгізу де күрделі екенін білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу