Ресейдегі дағдарыс Қазақстан экономикасын бір жылға тежеуі мүмкін

3079

Ұлттық банк экономикалық өсімнің базалық болжамын өзгертті.

Ресейдегі дағдарыс Қазақстан экономикасын бір жылға тежеуі мүмкін

Ұлттық банк 2022 жылдың І тоқсанына арналған ақша-кредит саясаты туралы баяндамасын жариялады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Ұлттық банктің тоқсандық баяндамасында жаһандағы геосаяси жағдай бұрын-соңды болмаған теңдессіз белгісіздікке тап болып отырғаны айтылған. Сол белгісіздік салдарынан Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5% деңгейіне дейін көтерген болатын.

"Қалыптасқан жағдайды ескерсек, әлемдік экономика мен елдер арасындағы сауда әріптестігі бәсеңдейтіні күтілуде. Бұл Қазақстанның экспорттық өніміне сұраныстың төмендеуіне әсерін тигізеді. Өз кезегінде Ресей экономикасының өсуі 2022-2023 жылдары енгізілген экономикалық санкциялар мен рубльдің айырбастау бағамының әлсіреуінің қысымында болады", –делінген Ұлттық банк сараптамасында. Дегенмен мұнай мен газ сияқты энергия өндірісіне қажет шикізаттардың қымбаттауы Қазақстандағы ахуалға геосаяси дағдарыстың тигізетін кері әсерін белгілі бір дәрежеде бәсеңдететіні айтылған.

Астықтан алынатын азық-түлік бағасы өседі деп болжанып отыр. Өйткені Украина да, Ресей де астық экспортындағы ең негізгі ойыншылардың бірі. Соғыс ұзаққа созылған сайын бұл елдердің астық экспортындағы әлеуеті қысқара бермек.

Осы және өзге де макроэкономикалық көрсеткіштерді ескерген Ұлттық банк Қазақстандағы инфляция 2022-2023 жылдары бұған дейінгі бағалардан жоғары болатынын болжап отыр.

Қалыптасқан геосаяси жағдай Қазақстанның тағы бір ірі сауда серіктесі Қытай экономикасына да кері әсер етуі мүмкін.

"Ресейде көптеген қытайлық компаниялардың болуына байланысты АҚШ-тың немесе басқа да дамыған елдердің Қытайға қатысты "қайталама" санкциялар енгізу ықтималдығы экономиканың өсімін тежеуі мүмкін. Ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға арналған неғұрлым жоғары мемлекеттік шығыстар және жергілікті үкіметтің облигациялар шығарылымын күтілетін жеделдету экономикалық белсенділікке қолдау болады. Бұдан басқа, экономикалық белсенділікті ынталандыру пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуіне байланысты қаржыландырудың неғұрлым жеңіл талаптары есебінен жүргізілетін болады", – дейді Рүстем Оразалин.

Қазіргі геосаяси дағдарыстан экономикасы ең көп зардап шегетін ел Ресей екенін даусыз. Сол кері әсерді мейлінше азайту үшін солтүстік көршіміз мұнай мен газ бағасының қымбаттауын өз пайдасына қолданып қалуға тырысады. Батыс нарығындағы экспорт арнасы тарылуына байланысты Ресей Қытайға көбірек бет бұруы мүмкін. Бұл шикізат өндірісі ұқсас Қазақстан мен Ресей кәсіпорындарының арасындағы бәсекені күшейтеді деген сөз.

"2022-2023 жылдарға инфляция бойынша болжамдар алдыңғы бағалаулармен салыстырғанда нашарлауда. Осыны ескере отырып, Қазақстанда тұтыну бағасына сыртқы инфляциялық қысым жоғары болып қалады деп күтілуде. Қысқа мерзімді перспективада Еуропа Одағында жоғары инфляция сақталады. Бұдан әрі инфляция біртіндеп төмендейді. Себебі кейбір факторлардың әсері әлсіреуге тиіс", – делінген баяндамада.

Геосаяси дағдарыспен байланысты белгісіздіктің деңгейі жоғары болып тұрғанына қарамастан, Ұлттық банк өз болжамының базалық сценарийін ұсынды.

Базалық сценарий бойынша Brent маркалы мұнайдың бағасы бір баррель үшін 90 АҚШ доллардан төмен болмауы керек. Мұнай бағасы осы деңгейде сақталған күннің өзінде жалпы ішкі өнім өсімі бұған дейінгі болжамнан төмен болмақ.

"Геосаяси жағдайдың айтарлықтай нашарлауы және ағымдағы жылғы қаңтарда экономика өсімінің 1,4%-ға дейін баяулауы экономикалық белсенділік серпінін қайта қарауға себепкер болып отыр. Геосаяси дағдарыс Қазақстандағы экономикалық белсенділікке бірқалыпты ықпал ететін болады. Ресей мен Украина төңірегіндегі ахуалға, сондай-ақ валюта нарығында байқалатын құбылмалылыққа байланысты инвестициялық және тұтынушылық сұраныс бойынша өткен болжамды раундпен салыстырғанда неғұрлым тежелген серпін күтілуде. Негізінен 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімін тежейтін факторларды іске асыруға байланысты 2023 жылы экономиканың өсуі әлеуетті деңгейлерге жуық межеге қайта оралады деп күтілуде. Алдыңғы болжамды раундпен салыстырғанда инфляция болжамдары жоғарылау жағына қарай қайта қаралды", – деп жазады Ұлттық банктің департамент директоры.

Қысқартып айтсақ, инфляция дәлізі бұған дейінгі межеден ауқымды болмақ. Бұл азық-түлікке жатпайтын тауарлардың да қымбаттауына әсер етеді.

"Ресейдегі инфляцияның жеделдеуі ішкі бағаларға инфляциялық қысым жасайды. Бұл көбінесе азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасына әсерін тигізеді. Орта мерзімді перспективада инфляцияның біршама баяулауы күтілуде. Бұл теңгенің ішкі бағаға, бірінші кезекте азық-түлікке жатпайтын тауарларға құнсыздануынан болатын әсердің таусылуы аясында болады", – дейді Рүстем Оразалин.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу