Ресейдегі лаңкестік шабуыл кезінде көптеген адам оқтан қаза таппаған

10958

Мәскеудегі "Крокус Ситиде" лаңкестер шабуылынан қаза тапқан 143 адамның мүрдесі табылды. 

Ресейдегі лаңкестік шабуыл кезінде көптеген адам оқтан қаза таппаған Фото: ТАСС

Ресей құзырлы органдары мерт болғандардың саны бұдан көп екенін ескертті, жанып кеткен концерттік залдың үйінділерін аршу жұмыстары жалғасуда. Зардап шеккендер саны 180 адамнан көп.

Бір белгілісі, опат болғандардың басым көпшілігі түтінге тұншығып өлген. ТЖМ мамандары ғимараттың жүк сақталатын қоймаларына, дәретханаларға, басқа да түкпіріне қашып тығылған, сол жерде иіс тиіп, көз жұмған адамдар топтарын тапты.

Ресейлік "Новая газета" террористерге адамдарды қыруға улы түтін көмектескенін, коррупция және қауіпсіздік ережелерін бұзу – теракт құрбандарының санын еселеп арттырғанын жазды.

"Кешкі сегізде басталған лаңкестік акті кезінде терроршылар "Крокус Сити" ғимаратын өртеді. "Тілсіз жау" 13 мың шаршы метрге дейін аумаққа жайылды. Өрт сөндірушілер отты сөндіруге кеш кірісіп, тек түнге қарай оны ауыздықтай алды. Бірақ оны толығымен жою екінші тәулікте ғана мүмкін болды. Жалынмен күреске 320 өрт сөндіруші және үш тікұшақ тартылды. Әуе көліктері жалпы көлемі кем дегенде 160 тонна су шашты. Біз сұрастырған сарапшылар көптеген адамның улы түтіннен жантәсілім еткенін айтты", – дейді журналист Наталья Глухова.

Ол "Крокус" ішінде жалпы саны қанша адам болғаны сол бойы белгісіз қалғанын жеткізді. Ғимарат ішіндегі адамдардың бір бөлігі өрт кезіне арналған баспалдақтармен (пожарная лестница) құтылуға тырысыпты, алайда олардың сыртқы есігі жабық болған.

Өрт сөндіру ісінің сарапшысы, профессор Владимир Брегеттің пікірінше, лаңкестер концерт залындағы креслоларға от қойған, олар тез жана бастаған.

"Биік төбе мен желдеткіш ауаның мол ағынын қамтамасыз етті, салдарынан жалын тілі төбеге жетіп, ғимараттың шатыры лезде отқа оранған. Адамдардың көбі террористердің оғынан емес, өздері жасырынған орын-жайларды жайлаған улы түтіннен қаза тапты. Содан кейін шатырдың, конструкцияның және басқасының күйреп, ішіне опырылып құлауы тірі болған өзге адамдарды үйінді астында қалдырды", – деді В.Брегет.

Оның айтуынша, оттың нысан ішінде тез таралуына ғимараттағы қаптаған пластмасса, креслолардың жұмсақ қаптамалары, ағаштан жасалған заттар, сахнадағы тез жанғыш декорациялар, тіпті көтергіш механизмдер ықпал еткен. Сарапшы төбені тіреп, ұстап тұрған метал конструкциялардың қатты өртке төзімділік қасиеті болмағанын және қызудан қорғайтын арнайы жабынғымен қапталмағанын тұспалдады.

Владимир Брегет өрттің сонша ұзақ, бір тәуліктен артық лаулағанының себебі ретінде өрт сөндірудің заманауи техникасының жеткіліксіз болуын атады.

Маманның байламынша, барлық суын бір төгіп, келесі айналымға кететін тікұшақтар өртті басуға қабілетсіз болған. Соның кесірінен өрт бақылаусыз және тұрақты оқшаулаусыз ары қарай белең ала берді.

Журналистерге анонимділік шартында сұхбат берген өрт сөндірушілер күш құрылымдары келгенше, өртпен күреске толыққанды кірісе алмағандарын жеткізді. Арнайы жасақтар кешігіп жеткен, соған дейін құтқарушылардың күші көтергіш көлікпен адамдарды шатырдан түсіруге, ғимарат төбесіне су шашуға ғана бағытталыпты.  

"Новая-Еуропаға" анонимді сұхбат берген Ресейдің ТЖМ төл қауіпсіздік бас басқармасының бұрынғы қызметкері Сергей К. бұған сыбайлас жемқорлықты айыптады.

Оның тұжырымдауынша, таяу уақытта Ресейде өрт сөндіруге қатысты ауыр ахуал жақсармақ түгіл, тек нашарлай береді.

"Өйткені саланы жаппай коррупция жайлаған. Бүгінде сыбайлас жемқорлық адам сенбес ауқымға жетті. Ресейлік ТЖМ ішінде бір-біріне қас екі қызмет бар. Бірі – өртпен нақты күресетіндер. Оларға қатардағы өрт сөндірушілер, шақыруға бармайтын, бірақ құтқарушылармен үнемі байланыс ұстайтын қызметкерлер, диспетчерлер, жөндеушілер және басқасы кіреді. Екіншісіне – өрт себебін зерттейтін тергеушілердің көбі, инспекторлар, қадағалаушы, бақылаушы органдар жатады. Бұл топтар әрдайым бірін-бірі жек көреді, үнемі жауласады. Негізсіз емес: жемқорларының қарекеті өрттер санының артуына соқтырады. Ресей ТЖМ өңірлік басқармаларының барлық дерлік басшылары коррупциялық схемаларға қатысады. Егер пара алып, енші бөліспесең, жүйеден тез-ақ алып тастайды", – деп сырын бөлісті Сергей.

Оның айтуынша, салдарынан өрт қауіпсіздігінің нұсқаулықтары, талаптары сақталмайды. Ғимараттың және ішкі интерьердің отқа төзімді құрылыс материалдарынан жасалуы, өрт сөндіру қалқандарының жабдықталуы, электр сымдарының мұқият изоляциясы және басқа шарттардың орындалуы өрттің кең қанат жаймауына септесер еді.

Дегенмен, сауда орнының не мейрамхананың қожайынына олардың бәрін орындаудың "қажеті жоқ", пара бермесе, қанша тырысса да, кемшілік табады, қайта-қайта тексерулер тағайындап, мезі етеді, жұмысын дағдартады. Сұраған парасын ұстатса, инспектор әрі қарай тексермей, жайына кетеді екен. Бизнесменге бір жағынан, нысанды барлық талаптарға сай ету, екінші жағынан, пара беру – тиімсіз, екі рет шығындалады. Содан талапты орындамай, пара беріп құтылуды таңдайды.

Сергейдің айтуынша, Ресейдің өртке қарсы бүкіл қызметін толық күйреуден өз ісіне адал, елге жанашыр энтузиастар аман сақтап тұр. Алайда олар не зейнетке шығады немесе өртпен күрес құралдарының аздығынан, "тілсіз жаудың" құрбанына айналады.

Ресейлік "Если быть точным" жобасының зерттеуі көрсеткендей, әлемдегі орташа көрсеткішке қарағанда, Ресейде өрттер салдарынан адамдар үш есе көп өледі. 2022 жылы өрттерде 8 мыңдай ресейлік мерт болыпты. Жан басына шаққанда, бұл орташа дүниежүзілік көрсеткіштен үш есе артық. Ресей ТЖМ дерегінше, бір жыл ішінде Ресейде 353 мың өрт болған. Бұл статистикаға орман өрттері кірмеді.

Қазақстандағы ахуал көршідегіге ұқсас. Бір айырмашылығы, республикада өрт сөндіру қызметінің жоспардан тыс тексерістеріне заңмен тыйым салынған.

Осы орайда Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі "Жаһандық және өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларының" жобасын әзірлеп, пысықтауға кірісті.

Бұл құжаттар мысалы, алапат өрттер бола қалса, ТЖМ және өзге құрылымдардың іс-қимыл алгоритмін бекітеді. Атап айтқанда, Ч+0.30 (төтенше жағдайдың туындағаны туралы хабар түскен уақыттан бастап жарты сағат ішінде) ТЖ аймағында алғашқы авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілуге, адамдарды құтқару, эвакуациялау жүзеге асырылуға тиіс.

Бұл ретте азаматтық қорғау күштері мен құралдарын оқиға орнына жедел бағыттауы және басқаруы қажет. Дәл солай, ТЖМ дереу ТЖ фактісі туралы Қауіпсіздік Кеңесіне, Президент Әкімшілігіне, Үкімет аппаратына және мүдделі меморгандарға хабарлауы шарт.

Қоғамды құлақтандыруға, ақпарат таратуға асықпауына, түсіп жатқан деректерді бір сағаттай салмақтауына рұқсат етіледі. "Ч+1.00 ішінде қалыптасқан жағдай туралы халықты, азаматтық қорғау басқару органдарын ақпараттандыру және хабарландыруды қамтамасыз ету"  қарастырылмақ.

Ч+2.00 – Төтенше жағдайларды алдын алу және жою бойынша Ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өткізілуге тиіс. Далалық мобильдік госпитальдерді жаюға да осы уақыт аралығы бөлінеді. Ч+2.30 – қауірт желі телефонының жұмысын ұйымдастыруы керек.

Өз кезегінде, Үкімет басшысының командасы ірі төтенше жағдай туралы мәлім болысымен, шамамен екі сағат ішінде ТЖ-ны жоюға жауапты басшыны тағайындау туралы Премьер-Министрдің өкімінің жобасын дайындауы керек.

Жаһандық, өңірлік ауқымдағы ТЖ бола қалса, басқа өңірлерден авариялық-құтқару қызметтерді және құрылымдарды жұмылдыруға 48 сағатқа дейін мерзім белгіленеді.  

Жалпы, мұндай іс-қимыл жоспарлары негізінен, мамандарға қызық. Бірақ олар өрттің алапат ауқымға дейін зораюына жол бермеу үшін, демек ел үшін маңызды.

Жаһан жұртшылығы Ресейдің деревня-аймағында емес, астанасында, Мәскеу түбінде болған өртті тез сөндіре алмағанына қайран қалды.

Өкінішке қарай, Қазақстанда да жағдай мәз емес көрінеді. Төтенше жағдайлар министрлігі Астанада өрттердің салдарын жою үшін тартылатын күштер мен құралдардың есебін жариялады.

Бетін аулақ қылсын, бірақ елордада ірі өрт бола қалса, ТЖМ-нің өзі 280 өрт сөндірушіні және 30 автотехниканы ғана бөле алады. Бұдан бөлек,

  • Ішкі істер министрлігінен – 200 адам мен 15 техниканы тарта алады.
  • Сауда және интеграция министрлігі бұл жағдайда арнайы оқудан өткен 15 адамын, 2 техникасын,
  • Көлік министрлігі – 130 адам мен 11 техникасын,
  • Энергетика министрлігі – 4 адамы мен 2 техникасын,
  • Экология және табиғи ресурстар министрлігі – 160 адамы мен 43 техникасын,
  • Ауыл шаруашылығы министрлігі – 59 адамы мен 4 техникасын,
  • Мәдениет және ақпарат министрлігі – 12 адамы мен 3 техникасын,
  • Цифрлық даму министрлігі – 32   адамы мен 12 техникасын,
  • Денсаулық сақтау министрлігі – 569 маманы мен 115 медициналық техникасын,
  • Елорданың және оның аудандарының әкімдіктері – 1 200 адамы мен түрлі 653 техникасын көмекке жібере алуы мүмкін.

Сонда елордада айналасын жалынымен шарпып, түтінін көкке атып, өршіген өртпен барлығы 2 661 адам мен 890 техника алыса алуы мүмкін. Көлік министрлігі 13 әуе көлігін жіберуге дайын болуға тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу