Ресейден ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорты айтарлықтай өсуде

3453

Еліміздің агроөнеркәсіптік кешені алға қойған мақсатына жеткен жоқ. 

Ресейден ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорты айтарлықтай өсуде

Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанға Мәскеу облысынан ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау қарқын алып келе жатқанын жазуда. Елімізге 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында Ресейдің осы облысынан келген импорттық тауар көлемі шамамен 133 млн долларды құраған, яғни бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға артық. "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары – басқарма мүшесі Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, еліміздің агроөнеркәсіптік кешені алға қойған мақсатына жетпеген.

"Біздің қазіргі агроөнеркәсіптік кешен бағдарламасының мақсаты – еңбек өнімділігі мен өңделген өнімді экспорттауды кем дегенде 2,5 есеге дейін өсіру. Алайда, бұл мақсатқа жету үшін қабылданған шаралар жеткіліксіз болып отыр. Нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігі 1,7 есеге, өңделген өнімдер экспорты 1,3 есеге ғана өсті. Агроөнеркәсіптік кешеннің 2022-2027 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасында Президент тапсырмаларынан бөлек, шикізат өндірісін бірнеше есеге арттыру, өңдеуші кәсіпорындарға қосымша жүктеме беру, аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып жаңа өндіріс орындарын ашу, импортты алмастыру, субсидияларды анықтау әдістемесін әзірлеу, жеткізілім тізбегін дамыту, ауылшаруашылық құзыреттілігін арттыру сынды міндеттерді де қоюды ұсынамыз", – дейді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Сонымен қатар, Эльдар Жұмағазиев барлық деңгейдегі әкімдердің көрсеткіштерін қайта қарау қажет екенін айта отырып, қауымдастықтар мен кәсіпкерлерден өз ұсыныстарын жіберуді сұрады.

"АТАМЕКЕН" салалық және бизнес қауымдастықпен бірлесе отырып, осы жұмысқа қатысуға және агроөнеркәсіптік кешеннің жаңа мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын әзірлеу үшін "жобалық топ" ұйымдастыруға дайын. Барлық мүдделі қауымдастықтар мен бизнесті осы жұмысқа қатысуға және Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсыныстарын жіберуге шақырамыз", – деді басқарма мүшесі.

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу