Ресейден келгендер Қазақстанда аз салық төлеудің амалын іздеуде

3660

Олар Үкімет мүшелерін хаттардың астында қалдырып, кезінде өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды заңдастыру үшін енгізілген, тек Қазақстан азаматтарына арналған "бірыңғай жиынтық төлемді" РФ азаматтарының пайдалануына рұқсат етуді сұрап жатыр. 

Ресейден келгендер Қазақстанда аз салық төлеудің амалын іздеуде

Сарапшылар, бір маңызды жайтқа назар аудартады. Ресей тұрғындарының Қазақстанға жаппай көшу үрдісі белең алды. Тарих оқулықтарында жазылғандай, орыс және украин крестьяндарын қазақ даласына қоныстандыру 1867-1868 жылдардағы патша реформасы негізінде XIV ғасырдың 70-ші жылдары басталып, 80-ші жылдары жаппай сипатқа ие болған. Бұған дейін Қазақстанда негізінен қазақтар мекендеді. Алайда  миллиондаған "переселендердің" келуі нәтижесінде Қазақстанда 1897 жылғы санақ қорытындысында қазақтардың үлесі 87,1%-ға дейін құлдыраған. Содан 1917 жылға дейін 1,5 миллионнан астам крестьян көшіп үлгерді. Қайта қоныстандыру бертінге дейін жалғасты, тың көтеру жылдарында күшейді. Ақыр соңында тарихшылардың айтуынша, қазақтардың үлесі кейбір өңірімізде үштен бірге де жетпей, азайып қалды.

Өткен жылдың соңында ресейліктердің Қазақстанға көшуінің жаңа толқыны басталыпты. Сол кезде АҚШ Ресейдің Украинаға басып кіретінін жариялаған. Қарулы қан-қасап қырғын басталғалы және Батыс солтүстік көршіні санкциялық құрсауға алғалы бұл үрдіс серпін алды. Atameken Business телеарнасындағы "Басты тақырып" бағдарламасында "Байтақ болашақ" экоальянсының төрағасы, қоғам белсендісі Азаматхан Әміртай "жыл соңына дейін Ресейден Қазақстанға кемінде 2-3 миллион адам келуі мүмкін" деген болжамын жеткізді.

"Негізі, өте қорқынышты жағдай, кемінде 2-3 млн адам келуі мүмкін. Қазір мұны Көші-қон комитеті ғана емес, әкімдіктердің ішкі саясат басқармалары да қадағалауы керек. Өйткені Қазақстанның өзінде онсыз да жұмыссыз азаматтар көп. Оған қаптаған келімсектер қосылып, еңбек нарығындағы жағдайды ушықтыруы ықтимал. Біз Ресейден келген еңбек мигранттарын қабылдамауымыз керек. Оларда соғыс болып жатқан жоқ, ресейліктер босқын емес", – деді А. Әміртай.

Құзырлы органдар әзірге ондай ағынды байқамай отыр. Ресми дерек бойынша наурыз айында елімізге 15 мыңға жуық Ресей азаматы келіпті. Оның алдында, ақпан-қаңтар айларында 40 мың шетелдік азаматқа Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат берілген. Айта кеткен жөн, бұл ресми тіркелгендері ғана. Көбісі тіркелмей тұрып жатыр. Себебі екі ел арасындағы келісімге сәйкес, РФ азаматтары Қазақстан аумағында 90 күн еркін жүре алады екен. 30 күн – ешқандай тіркеусіз және уақытша тіркелгеннен кейін тағы 60 күн. Ресейліктер осы уақыт ішінде Кремль "арнайы әскери операция" деп атаған қырғыны аяқталады деп үміттенсе керек. Бірақ лек-лекпен келіп жатқан ресейліктер бізде тұрақты қалып қоюы әбден мүмкін. Кезінде көршіден тың көтеруге келгендер де жер жыртып, егін егу аяқталған соң оралуды ойластырғандарын, дегенмен мекеннің құтты екенін көріп, қалып қойғандарын еске түсіріп жүр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті басқармасының сарапшысы Берік Есқараевтың түсіндіруінше, Ресей азаматтарына Қазақстанда еңбек қызметін жүзеге асыру үшін ешқандай рұқсат алу талап етілмейді.

"Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы келісім бойынша Ресей азаматтары үшін біздің елде жұмыс істеуге рұқсат талап етілмейді. Олар елімізде кез келген жұмысқа орналаса алады. Ал Украина азаматтары үшін рұқсат керек", – деді сарапшы.

Саясаттанушы Димаш Әлжановтың айтуынша, қазіргі кезде РФ азаматтарының қазақстандық банктерде жаппай есепшот ашып, банктік карталар алып жатқаны байқалады. Осы арқылы олар Visa, Mastercard, барлық халықаралық төлем жүйелеріне қол жеткізеді. Ресейде санкция нәтижесінде ондай мүмкіндік жойылды.

"Олар ресми тіркеліп, Қазақстанда ЖСН (ИИН) алуда. Одақ аясындағы келісімдер, қазақстандық заңнама соған мүмкіндік береді. ЖСН-сіз банк есепшот ашпауы ықтимал, онсыз елімізде бизнесін жүргізе алмайды. Бір жағынан алғанда, мұның экономика үшін игілігі де бар. Бұған дейін "елден білікті жұмыс күші кетіп жатыр" деп мазасызданған сарапшылар тынышталған болар. Бірақ бұл жаппай иммиграцияның теріс жақтары да бар, көптеген проблеманы ала келеді", – деді сарапшы.

Оның байламынша, Қазақстан Үкіметі біріншіден, бәрібір "құнды мамандардың" мүмкіндігін толыққанды пайдаланып, ел экономикасын көтеруге жарата алмайды. Ондай жоспары да, қабілеті де, жауапты құрылымдары мен тұлғалары да жоқ. Салдарынан тіпті Ресейден өте білікті мамандар, әбжіл бизнесмендер келгенімен, әлеуетін жүзеге асыра алмай, өзге елдерге әрі асуы мүмкін.

Мысалы, 2020 жылы Беларусьте президент сайлауынан кейін билікке қарсы адамдарды аяусыз қудалау басталғанда, Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің командасы біліктілігі жоғары, әлем мақтаған беларустік 600-дей IT-ші Қазақстанға ауысып, елордадағы халықаралық IT-стартап технопаркінде жұмыс істеуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Онысы жүзеге аса қоймады. Сарапшының байламынша, "бізде бизнесті кеңейтуге қажетті жағдайлар жасалмаған".

Айтқандай, иммигранттар өзімен бірге капиталын да ала кетуіне Мәскеу дер кезінде тосқауыл қойды. Тек 5 мың долларды шекарадан алып өтуге рұқсат етіп шектеді, кеткендердің Ресейде қалған жылжымайтын-жылжитын мүлкін сатуына жол берілмейді. Ресейлік банктер елден қашқан азаматтардың банктік ұяшықтарын бұзып ашып, ішіндегі құнды дүниелердің бәрін "спецхранениеге" әкетіп жатқан көрінеді.

Екіншіден, онсыз да шағын еңбек нарығына ауыртпалық түседі. 

"Ресейліктер ағынының артуы проблеманы өршітуі мүмкін. Үшіншіден, қазақстандық қоғам бұл үрдіске сескене қарап отыр. Қаңтар оқиғаларынан кейін елдегі әлеуметтік көңіл-күй онсыз да күрделі. Ресейліктер өздерімен бірге агрессиялық көңіл-күйді ала келмей ме деген алаңдаушылық бар. Қазақстан әлі күнге Ресейдің идеологиялық, ақпараттық өрісінде қалып тұр, яғни Ресейдің ісін қолдайтындар бізде де жетерлік. Біздің билік ұлттық қауіпсіздікке отыз жыл бойы жете назар аудармады. Өйткені екі елдің авторитарлық лидерлері әр мәселеде өзара тіл табыса береміз деп ойлады", – дейді Димаш Әлжанов.

Билік әзірге жағдай дұрыс бағытта дамып жатқандай түр байқатуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржановтың мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда 101 мыңнан астам ресейлік тіркелген. Оның 6 350-і ғана жұмыс іздеп келгенін білдіріпті. Еңбекмині ІІМ-мен бірлесіп, көрші елден келіп жатқандар легін қағадалап отырған көрінеді.

"Ресейліктердің қазақстандық еңбек нарығына шектен тыс тасқындағанын байқап отырған жоқпыз. Үрей көп, қорқыту көп, адамдар енді біздің жұмыс орындарымызды өзге елдің азаматтары тартып алады деп қорқады. Бірақ оң жақтары бар. Қазақстанға білікті мамандар кіруде, бұл білім импорты деген сөз. Неден қорқамыз?", – деді вице-министр.

Бұл ретте сарапшылар өзге елдің азаматы қаласа, мемлекеттік құрылымдардағы қызметке де тұра алатынын еске салады. Мысалы, биылғы 2 ақпанда "Бәйтерек" ұлттық алпауыт холдингінің тізгінін қолына алған Қанат Шарлапаевтың тіпті Қазақстан азаматы еместігін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров растады. Шарлапаев Ресей және Ұлыбритания азаматы болып табылады. Әкесі Саратов облысындағы ауданның депутаты болған, пара бергені үшін сотталған, қазір сонда аграрлық қызметпен айналысады. Бірақ Қанат қазақша біледі екен.

Тағы бір мәселе туындауда. Ресей азаматтары Қазақстан Үкіметінен қазақстандықтарға ғана арналған БЖТ-ны енді өздеріне де беруді қоймай сұрап жатыр. Бірыңғай жиынтық төлем 4 міндетті төлем түрін біріктіреді (жеке табыс салығы; мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар; БЖЗҚ-ға зейнетақы төлемдері; медсақтандыруға жарналар). Тиісінше, аз салық төлеуге мүмкіндік береді. БЖТ мөлшері мегаполистерде және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін – 1 АЕК; басқа елді мекендерде – 0,5 АЕК.

"Ресей азаматы өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде БЖТ төлей ала ма? Егер жеке кәсіпкерлікті тіркесе, бірақ табысы жоқ болса, әлеуметтік салықты, әлеуметтік аударымдарды, зейнетақы жарналарын, медсақтандыруды төлемеуге бола ма?", – деп сұрайды Мемкірістер комитетіне хатында Юлия Левкова.

Қаптап түсіп жатқан сұрақтарға жауап берген ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Әли Алтынбаев "Ратификацияланған халықаралық келісімдерде қарастырылған жағдайларды қоспағанда, Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар (ВНЖ) шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың БЖТ-ны қолдануға құқығы жоқ" деп хабарлады.

Кейбір ресейліктер осы жауаптың бірінші бөлігіне жармасып, "тал қармауда". Қазақстанда тұрақты тұруға келген РФ азаматы Артем Чуев те өзіне БЖТ төлеуші ретінде тіркелуге рұқсат етуді сұрап, жүгінген екен. Әлгіндей жауап алыпты. Енді қайта шағымданып жүр.

"Ресей мен Қазақстан арасында тұрақты тұратын азаматтардың құқықтық мәртебесі туралы халықаралық келісім бекітілген. Оған 1995 жылғы 20 қаңтарда қол қойылған, оны Қазақстанның Жоғарғы кеңесі 1995 жылғы 28 ақпандағы қаулысымен ратификациялаған. Оның 12-ші бөлімінде: "тараптардың бірінің азаматы басқа тараптың аумағында тұрақты тұрса, оған шетел азаматтары үшін бекітілген құқықты шектеу таралмайды" делінген. Онда неге Қазақстан Ресей азаматтарына БЖТ төлеуші мәртебесін алуына рұқсат етпейді?", – деп қапаланады Артем.

Жалпы өзге елдердің ұлттық мүдделерін, өзара мәміле-уағдаластықтарды, халықаралық шарттарды белден баса салатын, қалауынша бұзатын Ресейдің азаматтарының бөтен елге келіп, артықшылық бер деп байбалам көтергені әдепке де, адамгершілікке де, заңға да жат болса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу