Ресейдің Қазақстан көмірін Украинаға өткізбей қоюының салдары қандай болды?

12242

Мәскеу "шөп қорыған ит" ұстанымына көшкен сыңайлы. Дәл жылыту маусымы басталғанда, Украинаға көмір жеткізуді тоқтатты. Украина оны Қазақстаннан мол сатып алуға ниеттенген, алайда солтүстік көрші өз аумағы арқылы транзитті тыйып тастады.  

Ресейдің Қазақстан көмірін Украинаға өткізбей қоюының салдары қандай болды?

Украина дабыл қағуда. 2021 жылғы қысқы маусымға ел 455 мың тонна ғана көмірмен кірді. Бұл ел тарихындағы ең аз қор. Қазіргі кезде Украинаның энергетикалық балансында көмір жағып, электр қуатын өндіретін жылу электр станцияларының үлесі 37%. Еншісі қомақты.

Украина бұл отынды қазақ елінен мол көлемде сатып алуға ұйғарады. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткізген көрінеді. Бірақ одан да қағылды.

"Ресей өз территориясы арқылы Қазақстаннан Украинаға энергетикалық көмірді транзитпен өткізуге рұқсат етпеді. Қарашаға арналған барлық жеткізілімдер бұғатталды. Техникалық тұрғыдан алғанда бұғаттау – "Ресей темір жолдары" (РЖД) деңгейінде жүруде. Ол көмір тиелген вагондардың Ресей арқылы өтуіне жол ашпай отыр", – деп мәлімдеді Жоғарғы Раданың Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық қызметтер комитетінің төрағасы Андрей Герус.

Өз кезегінде Ресей бұғаттау туралы ақпаратты растамады. Құзырлы органдар мәселенің тек теміржол вагондарының тапшылығы нәтижесінде туындағанын алға тартып отыр.

Андрей Герус бұл дәйектеменің еш сын көтермейтінін айтады. Себебі біріншіден, егін орағы науқаны аяқталғандықтан әрі астық тасымалы жүйеге түскендіктен, вагондарға жүктеме азайған. Екіншіден, Ресей тек энергетикалық көмірдің жөнелтілімдерін ғана шектеген көрінеді. Ал кокстелген көмір экспортына шектеу жоқ.

Сонымен бірге Ресейдің өзі 1 қарашадан бастап, Украинаға энергетикалық көмір экспортын тоқтатты. Бұған көмірдің ішкі нарыққа жетпей жатқаны себеп болған-мыс.

Салдарынан, Украинаның кейбір өңірлерінде тоқты уақытша сөндірулер ("веерные отключения") басталған. Энергетикалық жүйедегі жүктемені азайту үшін тұтынушыларды электр желісінен кезек-кезекпен және топтап ажырату жүзеге асырылды.

Украинаны бұғаттау: кім ұтты, кім ұтылды?

Қалыптасқан жағдайдан Беларусь пайда көріп отыр. "Авариялық көмекке" қатысты уағдаластық аясында Беларусь 2 қарашадан бастап Украинаға электр қуатын жеткізуге кірісті. Өйткені жаураған украиндар электр пешін жаппай іске қосуда.

Укрэнерго мәліметінше, жылу-электр станциялары мен орталықтарының 20 блогы және 1 корпусы отыны бітіп, жұмысын тоқтатқан. Жалпы алғанда, Украинада 85 блок қана бар. Салдарынан, республика 7,26 гигаватт қуаттылықтан айрылды.

Сондай-ақ Энергетика министрлігінің дерегінше, тағы 12 ЖЭС-те көмір қорлары түгесілуге таяу. Мәселен, Углегор ЖЭС-те норматив бойынша қор кем дегенде 77,6 мың тоннадан төмендемеуге тиіс болған. Алайда 21 мың тоннасы ғана қалған.

Украина амалсыз, АЭС қуаттылығын арттыруда. Нәтижесінде, атом станцияларының үлесі тек бір апта ішінде 58%-дан 60%-ға дейін артты.

Әрине, ресейлік телеарналар бөсіп жатқандай, Украина қыста мүлдем қатып қалмайды. ДТЭК компаниясының контрактісі бойынша республикаға шетелден отын тиелген 7 алып кеменің алғашқысы жетті. Ол 60 мыңнан астам тонна көмір жеткізген.

Президент Владимир Зеленский мемлекеттің ешкімді де жарықсыз және жылусыз қалдырмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, теңізбен жеткізілетін көмір арқылы жыл соңына дейін елдің энергетикалық саласының бүкіл қажеттілігі толық өтеледі.

Қазақстандық көмір экспорты құлдырауда

Одақтастық ынтымақтастық мүдделерін үнемі былай ысырып, империялық мүддесін басшылыққа алатын қытымыр көршінің кесірінен Қазақстан беріліп тұрған мүмкіндікті пайдалана алмаған сыңайлы. "РЖД"-ның уақытында вагон ұсынбауы және Ресей аумағы арқылы көмір жөнелтілімдеріне кедергі туғызуы кесірінен жыл өткен сайын қазақстандық көмір экспорты құлдырап келеді.

Мысалы, 2017 жылы Қазақстан 35 миллион тонна көмір экспорттаған. Алда осы көрсеткішті 40 миллион тоннаға жеткізу көзделген.

Алайда 2020 жылы республикамыз небәрі 29,3 млн тоннасын ғана халықаралық нарыққа өткізе алды. Биыл ше?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұловтың мәліметінше, жыл басынан бері, 2021 жылғы қаңтар-қараша айларында отандық көмір өндіруші кәсіпорындар шамамен 99,6 миллион тонна көмір өндірген. Бұл өткен жылғы ұқсас кезеңге қарағанда 1,5%-ға ғана көп.

Алайда оның басым көпшілігін Қазақстан өзі тұтынуда.

"Биылғы жылы көмір еліміздің ішкі нарығында келесідей көлемде өткізілді. Қуат өндіруші кәсіпорындарға, жылу-электр станцияларына, жылу-электр орталықтарына, қазандықтарға шамамен 53,8 миллион тоннасы жөнелтілді. Өнеркәсіптік кәсіпорындар өз қажеттілігі үшін шамамен 6 млн тонна көмір тұтынды. Жылыту маусымын өткізу үшін халықтың коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктеріне 9,4 миллион тоннадай көмір бөлінді. Жыл басынан бері 26,7 млн тонна ғана көмір экспортталды", – деп хабарлады министр Бейбіт Атамқұлов.

Ресейлік ТАСС агенттігіне берген түсініктемесінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Мадияр Уақпаев Ресейдің Украинаға көмір транзитін толық жауып тастағаны туралы украиндік ақпаратты түзетті.

"Ресей көмір жеткізілімдерін толық бұғаттаған жоқ. Бірақ бірқатар шектеулер бар. Ресей тарапы оны "инфрақұрылымының жүктелуіне байланысты" деп түсіндіріп отыр", – деп қысқаша қайырды М. Уақпаев.

Қалай болғанда, Қазақстан Украинаға көмір экспортын еселеп артыру мүмкіндігін жіберіп алғанға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу