Ресейдің мақтаулы "Қанжары" ұятқа қалған ба?

22423

Солтүстік көршінің сарапшылары мен ақпарат құралдары қолды-аяққа тұрғызбай мақтаған "Қанжарға" (Кинжал) қатысты қызықты қосымша деректер әшкере болуда.

 Ресейдің мақтаулы "Қанжары" ұятқа қалған ба?

Украинаға қарсы соғысының 23-күнінде, 18 наурызда РФ армиясының Әуе-ғарыштық күштері тұңғыш рет майдан даласында атышулы "Қанжар" (Кинжал) гипердыбысты зымыран кешенін сынады. Ізінше, 20 наурызда дәл осы гипердыбысты зымыранын екінші рет қолданды.

РФ Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бірінші жолы Батыс Украинада, Ивано-Франковск облысының Делятин елді мекеніндегі украиналық әскер зымырандарының және авиациялық оқ-дәрілерінің жер астындағы ірі қоймасы жарылыпты. Шетелдік сарапшылар осындай аса қымбат қару үшін мұндай стратегиялық маңызы шамалы нысанның таңдалғанына таңғалды.

Одан кейінгі нысан әскери сарапшыларды тіптен айран-асыр етті. РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенковтың хабарлауынша, бұл жолы "Кинжал" заманауи кешенімен Украинаның Николаев облысындағы жанар-жағар май материалдарының базасы жойылды. Бұл ретте Ресейдің мұнай базасына "Қанжармен" бірге өзге зымырандармен де соққы бергеніне мамандар аң-таң болды.

"Каспий теңізінің айдынынан – "Калибр" қанатты зымырандарымен, сондай-ақ Қырым аумағындағы әуе кеңістігінен – "Кинжал" гипердыбысты аэробаллистикалық зымырандарымен Украина Қарулы күштерінің ЖЖМ материалдары сақталған ірі базасы жойылды", – деп нақтылады брифингте И. Конашенков.

Ресейлік әскери тарихшы Дмитрий Болтенков өз елінің не себепті "Қанжарды" қолданғанын түсіндірді.

"Бұл гипердыбысты зымырандар күрделі әрі жақсы қорғалған бекіністерді жойды. Мысалы, Ивано-Франковскіде бұрынғы ядролық қару қоймасында қазір оқ-дәрілер сақталып келген. Бұл – жай ғана бункер емес, таудың ішін үңги қазылған күрделі инженерлік құрылыс. Оны жою арқылы ресейлік әскерилер "Кинжалды" ұрыста қолданудың құнды тәжірибесін иеленді. Нысана құртылды, ал гипердыбысты зымыранымыз бірегей сипаттамаларға ие екенін көрсетті", – деді Д. Болтенков.

Ресейдің Украинада "Қанжарды" қолданғанын АҚШ растады. Ресей бұл заманауи қаруды бірінші рет қолданғанда, Батыс мамандары абыржып қалғандай болды. Құрама Штаттардың жетекші ақпарат құралдарының сұрақтарына Пентагон да мандытып жауап бере алмаған. Ал екінші жолы мамандар бұл зымыранның ұрыс кезіндегі сипаттамаларын зерделей алғанға ұқсайды.

Бір жағынан, Американың абдырайтын жөні бар: 2018 жылғы наурызда Федералдық жиынға жолдауы кезінде РФ Президенті В. Путиннің өзі таныстырған "Кинжал", Ресейдің ресми мәліметінше, ең заманауи, жоғары дәлдікті, гипердыбысты зымыран. Ол 10 мах жылдамдықпен ұшады, яғни дыбыстың жылдамдығын он рет орап кетеді. Салыстырсақ, әлемдегі №1 армия саналатын АҚШ Қарулы күштеріндегі зымырандардың жылдамдығы бұдан екі еседей төмен. Демек бұл зымыранды "бірде бір әуе қорғанысы кешені (ПВО) жолай ұстай алмайды", "бірде бір қолданыстағы және перспективті зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі оны еңсере алмайды". Ресей сарапшылары осылай деген. "Қанжар" 2 мың шақырымға дейін ұша алады.

"Кинжал" сынақтардан өткеннен кейін 2017 жылғы 1 желтоқсаннан бері РФ Оңтүстік әскери округінің тәжірибелік пайдалануына берілген, бірақ әлем жұртшылығы оны В.Путин жолдауы кезінде паш еткен видеоматериалдардан басқа еш жерде көре алмады. Енді оның Украина жерінде алғаш сыналуы жаһандық алпауыттардың өзін сескендіріп тастағандай еді. Өйткені ол ядролық оқ-дәріні де алып ұша алады.

Халықаралық сарапшыларда бұл заманауи қару туралы ақпарат аз болатын. Тіпті Уикипедияның "Кинжалға" арналған материалы шағындау болып келеді. Ешкім көрмегендіктен оның айналасын аңыз тұманы тұмшалап тұрған еді. Дегенмен енді ол тұман түрілгендей шетелдік мамандар оған қатысты білгендерімен бөлісуде.   

Украиналық әскери эксперт, запастағы полковник, УҚК Бас штабының Бас жедел басқармасында істеген тәжірибелі маман Олег Жданов ресейлік тележүргізуші, жазушы Юлия Латынинаға сұхбатында "Қанжарға" қатысты жаңа ақпараттарды қорытты.

"Біз, сарапшылар, "Кинжалдың" бүге-шігесін біліп алдық. Бұл "шоу қаруы" болып шықты. Біздің байламымызша, бұл қаһарлы әскери ұшақты босқа рәсуа етудің, оны нысаналы мақсатынан тыс пайдаланудың, сөйтіп, елдің әскери бюджетін желге шашудың классикалық үлгісі көрінеді. Неге олай деп отырмын? Себебі, "Кинжал" зымырандары МиГ-31К секілді ұрыс ұшақтарына орнатылады. "Кинжал" дегеніміз "Искандер" кешеніне арналған 9М723 бірсатылы зымыранның терең модернизацияланған авиациялық нұсқасы. Яғни, жерден емес, ұшақтан ұшыруға арналған", – деді О. Жданов. 

Ол осы гипердыбысты зымыран ғарышқа жақын кеңістіктерге дейін самғай алатын МиГ-31К биіктікті (высотный) ұшағына "ілінетінін" жеткізді.

"Яғни зымыранға серпін беретін алғашқы "үдеткіш саты" ретінде жойғыш ұшақ пайдаланылады. МиГ-31 зымыранды үдетеді де, көздеген нысанасына қарай қоя береді. Ары қарай "Қанжардың" жылдамдығын зымыранның өз қозғалтқышы үдетеді. Осылайша, ол белгіленген траекториямен зымыраған күйі нысанды жояды. Бірақ зымыранның "траекторияның белсенді учаскесінде" ғана басқарылатыны белгілі болды. Басқаша айтқанда, зымыранның марштық қозғалтқышы істеп тұрғанда, оның ұшу бағытын түзетуге, тиісінше, қарсыластың қарсы жолдаған қорғаныс зымырандарын айналып өтуге болады. Ал одан кейін бұл зымыран да еркін самғаған күйде, парабола, яғни физика заңдылығы бойынша ұшады. Міне, дәл осы үзікте оны заманауи кез келген РЛС-пен аулап, егер үлгере алса, қағып түсіруге болады", – деді Олег Жданов.

Әскери сарапшының байламынша, маршрутының белгілі бөлігін өткеннен кейін "Қанжар" да қарапайым зымыранға айналады.

"Енді МиГ-31-дің босқа ысырап етілгеніне тоқталайын. Бұл – кеңес кезінен бері жетілдіріліп жатқан, заңғарларға самғайтын тұтқыш истребитель. Оның міндетіне АҚШ-тың үш сатылы Trident зымырандары секілді континентаралық қуатты баллистикалық зымырандарды ұстап алу кіреді. Бұл ұшақ "қырғи-қабақ соғыс" жылдарында ықтимал ядролық шайқасқа қарсы жасалған. Түсіндіре кетсем, егер Америка ядролық оқтұмсығы бар зымыранын ұшырса, әуеге 4 МиГ-31 көтеріледі де, алғы шепте 1 мың шақырымды қамти алатын қалқан құрады. Бұл қалқанды анау-мынау баллистикалық зымыран тесіп өте алмайды. Оларды осы ұшақтар жолай тұтып, жойып жібереді. Ал Ресей болса, стратегиялық маңызды осы әуе құралынан бірсатылы зымыранды ұшыратын старт-алаң жасап қойған", – деді сарапшы О. Жданов.

Ресейлік тележурналист бұған қарсы пікір айтып, бір ұшақтың көмегімен жаудың зымыранын тұту және бір мезгілде дұшпанға қарсы зымыран ұшыру – бір-біріне еш кедергі болмайтынын ескертті.

"Әрине, солай да шығар. Бірақ бұл біріншіден, әуе көлігінің өндірісін қымбаттатады, екіншіден, әскери шығындарды еселеп арттырады. "Искандермен" жердегі қондырғыдан зымыран ұшырған бір де, оны ұшыру үшін биіктікті ұшақты пайдалану – мүлдем басқа. Өйткені МиГ-31-дің әрбір әуеге көтерілуі және зымыран ұшыруы – өте қымбат іс. Оның үстіне бұл зымыран сол бойы толыққанды "гипердыбысты" бола алмады. Себебі, ол белгілі бір кезеңде ғана 10 мах жылдамдыққа жетеді. Ары қарай нысанасына жақындағанда, үдеткіш қозғалтқышы сөнгенде, жылдамдығын жоғалтады", – деген ойда Олег Жданов.

Дегенмен Гамбург университеті жанындағы Қауіпсіздік саясаты мен бейбітшілік проблемаларын зерттеу институтының Жаңа технологиялар мен қару-жарақты бақылау департаменті басшысының орынбасары, неміс сарапшысы Ульрих Кюн Deutschlandfunk радиосына сұхбатында "әзірге "Кинжал" зымырандарынан қорғану аса қиын" деген пікір айтты. Оның айтуынша, "Кинжалдың" жоғары жылдамдықпен ұшу барысында шұғыл меневрлар жасай алуы оны жолай тұту мүмкіндігін жоққа жуықтатады. Ол "Қанжардың" жаңа типтегі зымыран болып есептелетінін, сондықтан енді әуе қорғанысы жүйелерін одан қорғанатындай етіп, қайта жетілдіру қажет болатынын білдірді.

У.Кюн баллистикалық зымырандарды ұшаққа орнату жаңа идея еместігін және бұл бағыттағы жұмыстар өткен ғасырдың 60–70 жылдары КСРО-да басталғанын еске салды.

Бүгінде гипердыбысты қаруын әзірлеуге АҚШ пен Қытай күш салуда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу