Ресейдің "пропагандистері" қазақстандық ЖОО-да не істеп жүр?

1695

"Зорланғанына, не өлтірілгеніне құрбанның өзі кінәлі!" деп жендетті мақтап, уағыз жүргізетіндердің тірлігін ақтауға да, құптауға да болмас. 

Ресейдің "пропагандистері" қазақстандық ЖОО-да не істеп жүр?

Бұл мәселені академик Е.Букетов атындағы Қарағанды университетінің студенттері көтерді. Оларға сенсек, Орталық Қазақстанның белді университетінде Қазақстан Президентінің саясатына қайшы көзқарастағы оқытушы бар көрінеді.

"Біздің университеттің тарих факультетінде Михаил Шлюпиков деген оқытушы бар. Бұрынғы жылдары ол "Қырым – Ресейдікі" деген уағызды студенттердің құлағына үнемі құятын. Біз бұған үнсіз көнетінбіз, елемейтінбіз. Өйткені оқытушымен салғыласып, ұрысып, нашар баға алуды кім қаласын? Алайда Украинадағы соңғы оқиғаларға байланысты бұл оқытушы орыс тілді топтарда оқитын студенттер арасында қауіпті риториканың пропагандасына ашықтан-ашық көшіп алды. Мысалы, Михаил Шлюпиков "Путиннің ешқандай кінәсі жоқ, арандатқан Украинаның өзі кінәлі" дегенді ұдайы қайталайды. Оның байламынша, Ресей – алып ел, империяшылдық оның қанында бар, сондықтан оған жаңа территориялар керек. Ол үнемі кеңеюге мұқтаж. Оның мұндай теріс тұжырым-көзқарастарының біздің еліміздің аумақтық тұтастығына жанама болса да қатысы бар", – дейді БҒМ-ге шағымданған студенттердің бірі Жұмагүл А.

Сондықтан қазақ шәкірттер бұдан былай бас бұға бермеген жөн деп шешіпті. 

"Ең қорқыныштысы сол, оқытушы студенттердің ақыл-ойын жаулап, "Украинадағы соғыс қалыпты іс" деген зиянды тоқтамды орнықтырады. Ол соғысты ақтайды, сана-сезімі толыққанды қалыптаса қоймаған жастар арасында пропагандамен айналысады. Украинада қан төгіліп жатқанда, мұндайға жол бермеген жөн деп санаймыз. Асхат Қанатұлы, бәлкім, сіз бұл оқытушыны білетін боларсыз. Ол әрдайым "біз, Ресей, андаймыз, біз мындаймыз!" деп әңгіме айтқанды жақсы көреді. Мұнысы қалай? Біз Ресейде емес, Қазақстандамыз ғой? Бұлай бара берсе, болашақ сепаратистерді даярлап шықпай ма? Бір шара қабылдамайсыз ба?", – деп жалынады студенттер.

Университетте ұлты украин студенттер де бар көрінеді, олар да өзара хат-хабарлама алмасуда мұндай пропагандадан ығыр болғанын мойындапты. Оның скриндері де БҒМ-ге жолданған.

Шәкірттер оқытушысын видеожазбаға түсірмеген екен. "Қырына ілігемін" деп қорыққан. Өкінішке қарай, бұл университетте дәріс аудиториялары бейнекамерамен жабдықталмаған. Егер болғанда, бейнежазбалар арқылы бұл шағымның шын жанайқай, әлде жала екенін нақты анықтауға болатын еді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов университеттің шағымданған студенттеріне өз блогы арқылы жауап берді.

"Тарих ғылымдарының кандидаты, тарих факультетінің доценті М.В.Шлюпиковпен әңгіме жүргізілді. Кездесу барысында оқытушы М.В.Шлюпиков студенттер аудиториясы алдында сөйлеген сөздерінің түзу еместігін өзі мойындады. Әрі қарай лекция және практикалық жаттығулар өткізу барысында оның оқу материалдары осы ұсыным-рекомендацияларды және ескертпелерді ескере отырып, дайындалатын болады", – деп сендірді министр Асхат Аймағамбетов.

Жалпы М.В.Шлюпиков – идеолог. Ресей мемлекеттік кітапханасының базасына жүгінсек, оның 1990 жылғы диссертациясының тақырыбы "Идеологическая работа партийных организаций Казахстана в 60-80-е годы: Историография проблемы" болыпты. Яғни, ел егемендік алмай тұрғанда қорғаған.

Негізі, тәуелсіз Қазақстанның ғылымына тәуелсіз санасы бар ғалымдар қызмет еткені маңызды. Бұл оқиға білім саласын жайлаған былықтың бір көрінісі болса керек.

Ал Украинадағы жағдайға қатысты Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы, тиісінше, мемлекетіміздің позициясы белгілі. Мемлекет басшысы оны биылғы 4 сәуірде, The National Interest журналындағы мақаласында ашып айтты. Ол Ресейдің "арнайы операциясын" соғыс деп атады. Қазақстан тараптарды диалогқа және бейбіт бітімге шақыратынын мәлімдеді.

"Дүниежүзінде құрлықтағы ең ұзын шекараға ие мемлекеттер ретінде Қазақстан мен Ресей өзара ынтымақтастықтың ерекше қарым-қатынасын ұстанады. Сонымен бірге біздің Украинамен арамызда достық қатынастардың терең дәстүрі қалыптасқан. Біз бұл елдің аумақтық тұтастығын құрметтейміз", – деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан көшбасшысының ақылды, аталы сөздері төмендегі "тоңды" жарып өте алмағаны ма?

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу