Ресейге қарсы санкциялардың келесі 7-ші пакетіне не кірмек

3084

Батыс әлемі Кремльге қарсы санкциялардың шыңына шығуға жақын қалды. Солтүстік көрші болса, Солтүстік Корея сияқты темір шымылдырық ішінде өмір сүруге бекініп, бел буғандай. 

Ресейге қарсы санкциялардың келесі 7-ші пакетіне не кірмек

Еуропалық одақ Ресейге қарсы санкцияларының жетінші тегеурінді топтамасын дайындауға кіріскенін алғаш болып Польша Сыртқы істер министрінің орынбасары Павел Яблоньский хабарлады. Алтыншы топтамасын ЕО елдері биылғы 30 мамырда мақұлдаған болатын.

Польша сыртқы саясат ведомствосының ұстанымынша, жаңа санкциялар аясында ресейлік газдың Еуропаға жеткізіліміне тыйым салып, ресейлік банктерге шектеу шараларын күшейткен жөн.

"Санкциялар бұдан да қаталдана түсуге тиіс. Ресей әлі күнге газын сатып отыр. Сондай-ақ барлық ресейлік банктерді SWIFT жүйесінен ағытып тастау тұрғысынан талқылау жүреді. Әйтпесе, Еуропа елдері Газпромбанктің қызметін пайдаланады. Санкциялар Ресейге технологиялар экспортын қамтуы шарт", – деп термеледі П.Яблоньский.

Сарапшылардың айтуынша, 7-ші пакет – санкциялардың шыңы емес. Ең заңғар биікте "Ресей активтерін қазіргідей бұғаттаумен шектелмей, толық тәркілеп, Украинаға беру" тұр. Мұны ЕО аясында Украинаның сұрауымен Балтық елдері, Польша ілгерілетуде. Бәске Ресейдің 300 миллиард доллардан астам бұғатталған мемлекеттік активі және оның олигархтарының 250 миллиард доллардай дүние-мүлкі тігілген. Ресми Варшаваның мәлімдеуінше, "бұл мәселе бойынша қазірдің өзінде Еуроодақта жұмыстар жүргізіліп жатыр".

Егер осыған қол жеткізе алса, Украина дүниежүзілік тарихта ешқашан болмаған жетістікке жетіп, сарапшылар айтқандай, "жаһандық төңкеріс" жасамақ. Себебі Батыс әлемі ХХІ ғасырдың өзінде Иран, Ирак, Ливия, Солтүстік Корея, Венесуэла, Оңтүстік Йемен, Сирия, Судан сияқты біраз елдің активтерін бұғаттап тастаған. Әрине, бұғатталғанды көпшілігі қайтара алмады. Бірақ заң бойынша қайта оралту мүмкіндігі бар: Батыста оларды басқа бір елге беру прецеденті ешқашан болған емес.

Ал АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Австралия мен Жаңа Зеландияда "прецеденттік құқық" (алдыңғы сот шешімі кейінгі сот шешімдеріне негіз болады) жүретінін ескерсек, Украинаның жеңісі әлемдегі барлық диктаторға жойқын соққы болады. Әлгі аталған елдердің біразына бұғатталған қазыналарынан айрылу қаупі төнбек.

Еуроодақтың Ресейге қарсы 6-шы санкциялық пакеті таяуда күшіне енді. Атап айтқанда, ұжымдық Еуропа бір жарым айдай толғатып, талқылап, әзер дегенде ресейлік мұнай жеткізілімдеріне ішінара эмбарго енгізді. Орыс мұнайын сатып алуға тыйым салуға Мәскеудің досы – Венгрия қарсы шыққан. Ол санкциялар қатарынан "Дружба" құбырын алып тастауды талап етті. Сол арқылы өзі қара алтын алады. Ақырында тыйым тізіміне тек Ресейдің теңіз арқылы тасымалдары кірді. Еуропаның бірқатар еліне Ресей шикізаты сол бұрынғыдай құбырмен тасқындай бермек. Әйткенмен Еурокеңестің басшысы Шарль Мишелдің мәлімдеуінше, осының өзі Еуропаның Ресейден алып келген мұнайын 2022 жыл соңына дейін 90%-ға қысқартуға жеткілікті. Бұл Ресейді жылына шамамен 220 миллиард еуро табыстан айыруы ықтимал.

Айта кету керек, "Дружба" және "КТК" құбырлары арқылы Ресей жерімен қазақ мұнайы да экспортқа шығарылады. Өкінішке қарай, Мәскеу түрлі сылтау тауып, биыл оның көлемін азайтып тастаған көрінеді. Санкцияларға қарамастан, қазақ мұнайы әлгі құбырлармен азайған ауқымда болса да әрі қарай экспорттала береді деп күтілуде.

Оның үстіне қазақтың қара алтынын клиенттер ресейдікінен ажырата алуы үшін ол құбырлар және танкерлер арқылы "KEBKO" (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) атауымен сатылатын болады. Әрі Қазақстан мұнай экспортын әртараптандыруда. Мысалы, былтыр Қытай – 3,6 млн, Түркия – 3,5 млн тонна алған. Биыл бұл көлем артуға тиіс.

Қазақ мұнайының басты импортерлары Италия (2021 жылы – 18 млн тонна), Нидерланды (8,2 млн) және Франция (4,6 млн) оны алуын жалғастыруда. Бұл елдер Ресей мұнайынан бас тарту аясында қазақ мұнайын әлдеқайда көп сатып алуға дайын, алайда тым алыс жатқандықтан жеткізу тізілімінде қиындық бар: дәліздердің өткізу қабілеті тым төмен әрі шектелуде.

Өз жері арқылы өтетін құбырларда Ресей қазақ мұнайына өз мұнайын араластырады. Бұл бүгінде сатып алушылардың көбін үркітіп отыр. Сондай-ақ қазақтың қара алтынының басым бөлігі КТК құбырымен көршінің Новороссийск портына жеткізіліп, сонда танкерлерге құйылады. Теңіз тасымалдарына санкция енгізілгендіктен, кейбір кемелер ресейлік мұнай араластырылған кез келген шикізатты алудан тайсақтай бастады. Өйткені оны алса, ертең кеменің иесі санкцияға ілігіп. сақтандыруынан айырылып қалуы мүмкін. Салдарынан, егер Мәскеу соғысын тоқтатып, бітімге келмесе, бірте-бірте Ресей арқылы мұнай экспорттау жоққа теңелуі ғажап емес. Әзірге АҚШ қаржы министрлігі өз елі "КТК" арқылы қазақ мұнайын сатып алуын жалғастыратынын мәлім етті. Бірақ Америка бізден шамамен 1 млн тоннадайын ғана алады.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының дерегінше, биылғы І тоқсанда 18 млн 309 мың тонна (былтырғы ұқсас кезеңде 18 327 мың тонна) мұнай тасымалданған. Жеткізілім тек -0,1%-ға азайыпты.

Ресейге санкция мәселесіне оралсақ, 6-шы пакетке көршінің 65 тұлғасы, 18 компаниясы енді. РФ-ның еурооблигациялар бойынша төлем агенті саналатын "Ұлттық есептік депозитарий" шектеуге ілікті. "Сбербанк", "Московский кредитный банк" және "Россельхозбанк" SWIFT-тен ағытылып тасталады. "Сбербанкте" ресейліктердің 90 пайызы есепшотын ашқан екен. Ал көршінің ауыл шаруашылығын қолдаудың барлық шарасы "Россельхозбанк" арқылы өтетін көрінеді. Осыдан-ақ санкциялық соққының салмағын бағамдауға болады

Санкциялық "қара тізімге" сондай-ақ "КамАЗ", "Военторг", "Ульяновский автомобильный завод" (УАЗ), "Сухой" сияқты өз салаларын ілгері сүйреуші драйверлер кірді. Шектеу қақпанына түскен адамдар арасында "Яндекстің" негізін қалаушы Аркадий Волож, Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың отбасы мүшелері, шетелдік және ресейлік сарапшылардың байламынша Президенттің нақсүйері, Олимпиада чемпионы Алина Кабаева бар.

Айта кету керек, алтыншы пакеттегі экономикаға қатысты санкциялар тегіс дәл қазір емес, жыл соңына дейін бірте-бірте енгізіледі. Олай болса, олардың әсері де біраздан соң анық байқала бастайды. Ал жетінші топтама енгізілсе, зілбатпан ауыртпалықты одан сайын ауырлатып, Ресейдің сорын қайнатпақ. Жалпы, бұл процесті Шыңғыс Айтматов жазып кеткен азаппен теңеуге болатындай: басына тері қапталғанда, тұтқын екі бірдей азапқа түседі екен. Алдымен, жас тері ыстықтан жиырылып, басын бүріп, сүйегін сындырып жібере жаздаса, екіншіден, өскен шаш кептелген теріні тесе алмай, кері қайырылып, құйқасын ине сұққандай етіп бұрғылап, есте сақтау қабілетін мүлде жойып жібереді. Он күннен кейін не өліп қалады, не мәңгүртке айналады.

Бір айырмашылығы, ондай тұтқынның таңдауы жоқ. Ал Батыс әлемінің талабы бойынша Кремль Украинадағы соғысын тоқтатса, әскерін кері әкетсе, санкциялық қыспақ та доғарыла бастайды.

Сонымен бірге Bloomberg News агенттігі Батыстың өзі санкциялар салудан шаршай бастағанын жазады. Олардан Батыс елдері де зардап шегуде. Соның нәтижесі болса керек, Украинадағы соғыстың үдегеніне қарамастан, Еуроодақ 6-шы пакетке 1,5 айдай уақытта әзер келісе алды. Экономиканың жоғарғы мектебінің Әлемдік экономика және әлемдік саясат факультетінің доценті, ғалым Наталия Карпованың пікірінше, 7-ші пакетті келісімнен өткізу одан да ұзаққа – үш айға созылуы мүмкін.

"Бірақ осы созбалаңға салудың өзі Ресей экономикасын діңкелетіп құртады. Әрбір жаңа пакет жаңа салаларды, жаңа стратегиялық, маңызды, ірі компанияларымызды қамтиды. Тиісінше, жаңа пакеттердің мазмұны емес, оларды енгізудің тұрақты сипат алғаны үрейлі. Жаңа санкцияларды енгізу мерзімі бірер күннен бір аптаға, одан 1,5 айға созылды, енді үш айға ұзауы ықтимал. Бірақ жаңа 7-ші пакеттің дайындала бастағанының және оған газ эмбаргосы кіретінінің өзі импорттаушыларды және серіктестерді "Газпроммен" қатынастарын үзіп, одан іргесін аулақ салуға итермелейді", – деді Наталия Карпова.

Ол Батыс елдері Ресейдің түрлі салаларының, саналуан компанияларының басына "қызыл жалауша" қадап жатқанын білдірді. Соның кесірінен олар өзге әріптестері үшін "әйкәпірге" айналады, серіктері санкция енгізілмей жатып, ол "бәледен" қаша бастайды.

"Әр компания, әр тұлға төніп келе жатқан санкциядан құтылу үшін Батыспен бірге компромистік шешімдер іздей бастауы мүмкін. Яғни жаңа санкциялық пакеттің жариялануы әлі санкцияға ілікпегендер үшін әлдебір шақырту, сигнал болып табылады. Осылайша, Батыс санкцияны қысым құралы ретінде де пайдаланады", – дейді ресейлік экономист Н.Карпова.

Айтқандай, Еуропа елдері санкция астында қалғысы келмейтін тұлғаларға одан құтылу жолын ұсынды: Кремлдің соғысқұмар саясатын қатаң айыптап, онымен ынтымақтастықты толық тоқтатуы шарт.

Сарапшылардың байламынша, Ресейдің газ жеткізілімдерін бұғаттау маңызды. Өйткені Ресей өз мұнайын ашық мұхитта басқа танкерлерге қайта құю сияқты схемаларды пайдаланып, мұнай эмбаргосын айналып өтуде. Ал газды бұлай жасау қиын, толық дерлік құбырлармен беріледі. Құбыр жабылса, экспорт тоқтайды. Ресей соғысты жалғастыруға қажетті миллиардтаған доллардан қағылады (Еуропаға газ сатудан жыл сайын 90 млрд еуродан астам пайда тауып отыр).

"Жалпы келесі пакетке газ кірсін-кірмесін, Еуропа ресейлік көгілдір отыннан онсыз да бірте-бірте бас тартады. RеPowerEU жоспарына сәйкес, Еуропалық одақ Ресейдің энергиялық ресурсынан толық тәуелсіздік алуға 300 миллиард еуро бөлді. Осы мақсатта өзге елдерден газ қабылдайтын жаңа терминалдар құрылысы басталды. Бұл салада Ресейге тәуелді Германия 58 миллиард текше метр газ сиятын 4 терминал тұрғызбақ. Германияның бүкіл тұтынысы 55 млрд қана. Ол көгілдір отын Еуропаға Катар, АҚШ, Парсы шығанағы елдерінен жеткізіледі. Жаңғыратын қуат көздеріне, күн, жел энергетикасына, биоотынға қуаттырақ қолдау болады. Сондай-ақ жаңа индустрия – сутегі энергетикасының іргесі қалануда", – дейді Разумков орталығының Энергетикалық бағдарламалар директоры Владимир Омельченко.  

Демек сарапшылардың пікірінше, Ресей мұнайы мен газының Еуропада болашағы жоқ деуге болады. Қазірдің өзінде Ресейдің көгілдір отынынан барлық Балтық елдері, сондай-ақ Нидерланды, Дания, Ұлыбритания, Франция, Польша, Болгария бас тартты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу