Ресейге "сұрапыл санкция" дегені солқылдақ дүние болып шықты

18034

Батыстың "батыл" санкциялары Ресейді тоқтата алмады, солтүстік көршінің экономикасы күйремейтіні анықталуда.

Ресейге "сұрапыл санкция" дегені солқылдақ дүние болып шықты

Халықаралық, соның ішінде ресейлік және украиналық сарапшылардың ойлары бір жерде тоғысты. Батыстың және оларға қосылған өзге елдердің антиресейлік жаңа санкциялар топтамасы РФ-да дағдарыс туғызады. Алайда Ресей экономикасы жайрап қалмайды. Тіпті 90-жылдардағы ауыр күйзеліс те қайталанбауы ықтимал.

Бұған не себеп?

АҚШ Президенті Джо Байден былтыр "егер Ресей Украинаға басып кірсе, оның экономикасы бұрын-соңды болмаған алапат санкциялық қысымның астында қалатынын" жариялады. The Economist өз дереккөздеріне жүгіне отырып, "Батыс санкциялары Ресей экономикасының болашағын қатерге тігіп, Ресейді күйрететінін" білдірді. Ресей 24 ақпан күні таңғы 4-те Украинаға баса-көктей кірді. Батыс уәде еткен санкцияларының бірнеше топтамасын енгізді.

"Экономикалық майданның аралық қорытындысын шығарсақ. Ресей Украинаны толық басып алмай тоқтамайтынын хабарлады. Қазір украиналық қалаларға үстемелете соққы беруде, біраз қалаға гуманитарлық апат төнді, ел ашығуда. Соғыс бүкіл әлемдік экономикада ізін қалдыратыны қазірден белгілі болуда. Сонымен бірге Ресей қаржылық секторына қарсы санкциялар көпшілік күткендей күйретуші сипат алмады. SWIFT жүйесінен Ресейдің бүкіл қаржылық секторы емес, санаулы банкі ғана ағытылды. Нәтижесінде, Ресей шикізаттан күреп табыс табуын жалғастыруда", – дейді украиналық белгілі экономикалық сарапшы Ярослав Винокуров.

АҚШ, Канада және ЕуроОдақ РФ Орталық банкінің және "Ұлттық әл-ауқат қорының" актив-резервтерін бұғаттап тастады. Дегенмен Мәскеу бұған алдын ала дайындалған. Соның арқасында 645 миллиард доллар резервінің жартысына жуығы бәрібір қолжетімді болып қала бермек.

Мұның бәрі Кремльге Украинадағы соғысты "жеңіске жеткенше", айлар бойы жалғастыра беруге мүмкіндік береді.

Ярослав Винокуров Ресей экономикасын күйретуі мүмкін санкция – энергетикалық эмбарго болатынын айтады. Мысалы, АҚШ ресейлік мұнайдан бас тартуы мүмкін екенін жасырмады, Халықаралық энергетикалық агенттік еуропалық елдерді ресейлік газды тұтынудан тезірек аулақтауға шақырды. Сарапшылар бұл процестердің бірнеше айға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін екенін айтады. Өйткені Батыс елдері РФ "қара алтынынан" бірден бас тартса, бірқатар нарық жеткізілімнің 30%-ынан айрылып, мұнай бағасы 200-ден әрі шарықтап кетуі мүмкін. Ал тым қымбат мұнай әлемдік экономиканың рецессиясын тудырады.

Қазіргі кезде әлемдік биржада Brent мұнайының 1 баррелінің құны 110-118 доллар арасында құбылуда (қазақ мұнайы да осы маркаға жатады). Ал ресейлік Urals мұнайы 96-110 доллар тұрады, әйтсе де оны сатып алушыларға үлкен жеңілдік ұсынылады. Мысалы, Еуропаның аса ірі мұнай компаниясы Shell тым жақсы бағаға қызығып, "ардың ала жібін" аттады. Ресейдің Urals мұнайын әр барреліне 28,45 доллар жеңілдікпен сатып алуын жалғастырды.

Әйтпесе шетелдік компаниялар бірінен соң бірі ресейлік энергиялық ресурстардан бас тарта бастаған еді. Bloomberg хабарлауынша, бұл – әскери интервенцияға қарамастан Ресейдің мұнайын алушылар Батыс әлемінен де табылатынын куәландырады. Британдық-нидерландық Shell ресейлік мұнай мен газды алуын жалғастыруға ниетті. Мәскеу мұны символдық акт ретінде қабылдап, насихаттауда. Енді "Роснефть" сәуір-қазан аралығында Urals маркалы 83 млн баррель мұнайын саудаға шығармақ. Бұрын онысы өтпей қала ма деген күдік болған.

Соғыс әлемде агроөнеркәсіп өнімдерінің қымбаттауына соқтырды. Себебі Украинаның ауыл шаруашылығы өзге елдерде 100 миллионнан астам адамды асырап отырған еді. Қазір ол саласы күйреді, тасымал тоқтады. Ал Ресейдің ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық нарық әрі қарай сатып алып жатыр. Мәселен, Қазақстан бидай өңдеушілер одағының президенті Евгений Ган Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жазған хатында Ауғанстан нарығынан қазақстандық ұнды Өзбекстан ғана емес, енді Ресей де ысырып шығарып жатқанына назар аударды.

JPMorgan Chase экономистері соғыс салдарынан Ресейдің ЖІӨ-сі биыл -7%-ға, ал Bloomberg Economics – шамамен -9%-ға құлдырайды деп болжап отыр. 20 пайызға құлайды деп жорамал құрғандар да бар. Салыстыру үшін айтсақ, украиналық ақпарат құралдарының жазуынша, Украина экономикасы қазірдің өзінде екі есеге құлады.

Санкциялар ресейлік олигархтарды "сергітті" ме?

Ұлыбритания, Италия, Франция, Монако және басқа да елдер ресейлік шылқыған байлардың өз аумақтарындағы аса қымбат дүние-мүлкін, яхталарын, виллаларын тартып алуда. Олардың шетелдегі есеп-шоттары бұғатталады. Оларға беріліп келген "алтын визалар" да жойылып жатыр. Кейбір сарапшы осылай зардап шеккен олигархтар соғысты тоқтатуы үшін В. Путинге қысым жасайды деп күтуде.

Ресейлік саясаттанушы, Саяси-географиялық зерттеулер орталығының басшысы, Экономика жоғарғы мектебінің профессоры Николай Петров мұның бәрі бос үміт екеніне сенімді.

"Әрине, мұндай санкциялар оларды қапаландыратыны сөзсіз. Бірақ бұл шаралар Батыс әлемі күткендегідей тиімділік әкелмейді. Ресейлік алпауыттар Путинге қарсы көтерілмейді. Өйткені мұндай персоналды-дербес санкциялар оларды керісінше, Ресейге қамайды, сонда оқшаулайды. Біріншіден, Ресей Президенті оларға шетелдегі мүліктерінен құтылу керектігін 2014 жылы ескерткен. Екіншіден, Ресей жері қазынаға бай, ендеше олигархтар Путинмен серіктестігін сақтаса, әлі талай яхта мен вилла алуға жарар байлық жияды. Батыс саясаткерлері ақымақ емес, олар осылай болатынын білді, бірақ сайлаушылардың, қоғамның қысымымен елдің айызын бір қандыратын, әйткенмен әсері шамалы осындай шараларға барды", – дейді сарапшы.

Оның бағалауынша, антиресейлік жаңа санкциялар топтамасы – жай ғана жоралғы (жест), ол қалыптасқан жағдайды еш өзгерте алмайды. Жағдайды Украина аспанын жауып, ешқандай әуе көлігі, соның ішінде Ресей әскери ұшақтары мен тікұшақтары ұшпайтын "No Fly Zone" құру өзгерте алар еді. Бірақ "жабық аспанды" НАТО-ға қамтамасыз етуге тура келеді. Бұл жағдайда В. Путин іргеге жаудың Альянсы еніп кетті деп санап, "қызыл нүктесін" баса салуы мүмкін. Онда Үшінші Дүниежүзілік соғыс басталып, ядролық шайқас жүреді.

"Олигархтар – Ресейдің іс басындағы режимінің бір бөлшегі екенін түсінеді. Егер режим құласа, халық олардың да дүние-мүлкін тартып алуы мүмкін. Большевиктер сияқты. Сондықтан қысым күшейген сайын ресейлік байлар да Президентін қуаттырақ қолдайтын болады, соның айналасында топтаса түседі. Кейбір олигархтар соғысты тоқтату керек деп үн қата бастады. Бірақ олар Путин санасатын, соғыстың тыйылуына шынайы ықпал ете алатын тұлғалар емес", – деді Николай Петров.

Көршіге жойқын соққы күтпеген жақтан келді

Сарапшылар Батыстың санкцияларынан салмақтырақ соққы беретін нәрсені атады. Ресейден жаһандық алпауыт инвесторлар теріс айналуда. Небәрі он күн ішінде солтүстік көршіде 150-ден астам бренд өз бизнесін тоқтатты. Арасында Hermes француз сауда үйі, Swarovski, Airbnb, Apple Pay, LinkedIn, Microsoft, Oracle, Panasonic, PayPal, Rockstar Games, Netscout IT-компаниясы, Michelin, EPAM, Cisco Systems Inc, Carlsberg сыра компаниясы және басқасы бар. Әлемдік киім брендтері де дүкендері желісін жауып жатыр. Атақты автокөлік брендтері ресейлік нарықта өз автомобильдерін сатуды доғарды.

Әсіресе, Intel, Lenovo, AMD және басқа да микрочиптер шығаратын жетекші компаниялардың өз өнімдерін – барлық типті чиптерін және компьютерлік өнімдерін жеткізуден бас тартуы Ресейге ауырлау тиеді. Олар тіпті әскери өнімдерде қолданылатын. Intel немесе AMD микросхемаларын РФ тез арада отандық баламаларымен ауыстыра алмайды. Себебі ол баламаларды тайваньдық TCMS шығарады. Ол да Ресеймен ынтымақтасудан бас тартты. Әйткенмен Мәскеу бұл санкцияны Қытай арқылы еңсеру жолдарын қарастыруда. Ресейдің төл ай-ти компаниялары дефолт жағдайына жетті және бұл туралы ашық хабарлады. Мәселен, ресейлік Яндекс өз инвесторларына осындай қауіп барын ескертіп, хат жолдаған.

Сарапшылар Батыс елдерінің ресми органдары әлемдік брендтерден Ресеймен ынтымақтастықты үзуді талап етпегенін еске салады. Бұл державаның жексұрын болып кеткені сонша, онда әрі қарай жұмыс істеу халықаралық нарықта репутациялық зор залал әкеледі. Мысалы, украиналық белсенділер және әр елдегі қолдаушылары тұтынушылардан Ресейде қызметін жалғастырғаны үшін Coca-Cola өнімдерін тұтынуға бойкот жариялауға шақырды.

Bloomberg дерегінше, әлемдік брендтердің ауа көшуі кесірінен Ресейде оларға еңбек етіп келген 3 миллиондай ресейлік жұмыссыз қалуы мүмкін. Ресей нарығынан кететінін, елдегі зауыт-кәсіпорындарын, кеңселерін, орталықтарын, бизнесі мен филиалдарын жабатынын, бірлескен жобаларды доғаратынын хабарлаған шетелдік компаниялар легі күн сайын көбейіп келеді.

Германияның Deutsche Börse биржасы, Лондон биржасы, Nasdaq, Нью-Йорк қор биржасы және басқасы ресейлік акцияларды сатудан бас тартты. Демек солтүстік көрші өз экономикасына биржа арқылы қосымша қаражат тарта алмайды.

Алда жаңа санкциялар күтілуде. Мысалы, SWIFT жүйесінен ағытылатын ресейлік банктер саны көбейтілуі мүмкін. ЕуроОдақ Ресейді Халықаралық валюта қорының резервтерін алу мүмкіндігінен айыру тәсілдерін пысықтауда.

Дағдарыс нендей мүмкіндік әкелуі мүмкін?

Қазақстанда Ресейдің 3 банкі жұмыс істейді. Бұлар – Сбербанк, Альфа-Банк және ВТБ банк. Алайда олардың отандық банк секторындағы жиынтықты үлесі аса қомақты. 2022 жылғы қаңтарда 15,1%-ды құрады. Активінің көлемі жөнінен Сбер тек Halyk Bank-ке ғана жол береді. Сбердің активті былтыр бірден 27,5%-ға артып, 4,2 трлн теңгеге жетті. Батыстық санкцияларға олардың қазақстандық еншілес банктері де ілікті. Office of Foreign Assets Control (OFAC) дерегінше, санкциялық тізімге "Сбербанк Қазақстан" және "Банк ВТБ Қазақстан" енгізілген.

Үкіметте құрылған Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстанға залал-ықпалын азайтуға күш салады. Штабтың соңғы отырысында Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне инвесторларды елде ұстап қалу үшін оларға қатысты салық салу мәселесін қосымша пысықтау жүктелді.

Шетелдік мамандар Үкіметке Қазақстанның дәл қазір сыртқы борышын арзанға кері сатып алуға кеңес береді. Себебі Ресей-Украина айналасындағы ауыр ахуал аясында шетелдік қорлар осы аймаққа қатысты активтерден сатып құтылуға тырысуда. Нәтижесінде, олардың құны арзандады. Қазақстан өзінің валюталық міндеттемелерін (сыртқы қарызын) тиімді бағаммен кері сатып ала алады. Демек қазіргі жағдайдың қаупімен бірге мүмкіндігі де болуы ықтимал.

Жанат Ардақ

Фото: news-front.info

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу