Ресейлік нөмірі бар қазақстандық көліктер Еуроодақта тұтқындалады

7405

Сонымен қатар Ресейде шығарылған телефон, ноутбук, косметика да тыйымға ілікті.

Ресейлік нөмірі бар қазақстандық көліктер Еуроодақта тұтқындалады Фото: polsov.com

Мәскеудің Украинадаға соғысына қарсы Батыстың санкциялық қыспағы шеңберінде Еуропалық Одақ РФ тұрғындарына өз аумағына төл автокөліктерімен, смартфондарымен, тіпті сусабындарымен кіруге тыйым салды.

Ақпарат құралдары сілтеме жасап жатқан Еурокомиссияның жаңа түсініктемелерінде тыйымға жеке мақсатта пайдаланылатын, сондай-ақ коммерциялық мақсатта қолданылатын кез келген автомобильдер іліккені атап көрсетілген. Яғни, Ресейде тіркелген жеңіл көліктер де, ауыр фуралар да ЕО елдері аумағына кіре алмайды.

Еурокомиссияның нақтылауынша, қара тізімге ресейлік нөмірлік белгісі бар және РФ-та тіркелген барлық көлік құралы жатады.

Жалпы, бұл тыйымдар бұрын енгізілген болатын. Еуропалық Одақтың ұлтүстілік органының оларды енді нақтылауына Германиядағы оқиғалар түрткі болды. 2022 жылдың жазынан бастап, Германия өз аумағында тайраңдаған, тіпті Путиннің және Кремльдің саясатын қолдап, автопарад ұйымдастырып жүрген Ресей азаматтарының көліктерін тұтқындай бастады. Олар неміс еліне ресейлік жеке көліктерімен кіргені анықталды.

Шілде айының басында ГФР кедені "РФ-қа қарсы эмбарголарды анықтайтын 833/2014 регламентінің 3і-бабына сәйкес, Ресейден автомобилдерді әкелуге тыйым салынғанын" мәлімдеді. Соның негізінде ресейлік көліктердің тіпті жеке және коммерциялық емес мақсаттағы кез келген қозғалысына да жол берілмейтінін қосты.

Әйтпесе, бұған дейін РФ тұрғындары Еуроодақтың эмбарголары тек жүк таситын көліктерге ғана таралады деп түсініп келген.

Содан олар түрлі инстанцияларға шағымдана бастады. Олар жалдаған заңгерлер 3i-бабы "Ресей үшін елеулі табыс әкелетін санкциялық тауарларды Еуроодақ елдеріне импорттауға немесе беруге тыйым салуға бағытталған" деп табандады. "Бұл бап тауарды сатуды ғана қарастырады" деп, сан-саққа жүгіртті. 

Үлкен шу көтерген ресейлік заңгерлер, құқықтанушылар және пропаганда РФ тұрғындарының ЕО аумағындағы көліктерін тұтқындауды "еуропалық елдердің атқарушы билігі тарапынан жасалған асыра сілтеу, өкілеттігін теріс пайдалану" деп бағалады.

Еуропалық Одақ және жалпыеуропалық реттеуші біразға дейін тым-тырыс отырды. Германия кеденшілері ары қарай не істеу керектігін білмей дағдарды. Амалсыз, ресейліктерге өз көлігімен ары қарай сайрандауына мүмкіндік берді.

Тіпті жол ережесін бұзып, ұсталған жағдайларды да Мәскеу атойлап, қаһарын төге қарсы алды. Былтырғы 4 қыркүйекте ГФР-дегі Ресей елшілігі мәлімдеме жасап, германиялық кеден органдары қызметкерлерінің "ресейліктерге тиесілі, Ресейде тіркелген және жеке мақсатта немесе транзитпен уақытша енгізілген автомобилдерін тәркілеуінің жекелеген оқиғалары жалғасып жатқанын" мәселе етіп көтерді. Сөйтіп, бұл елдің билігіне қысым жасады.

"Бұл жерде әңгіме сату үшін тауарларды енгізу туралы емес, жеке меншікті жеке мақсатта пайдалану үшін ГФР аумағына уақытша енгізу туралы болып отыр. Яғни, заңды негізде енгізіліп отыр. Бірақ бұл дәйектемелерге германиялық құзырлы органдар таскерең болып қалуда", – деп шағымданды Ресей елшілігі.

Алайда енді ғана Германияның билігіне Еурокомиссия көмекке жетті. Ол РФ-та тіркелген, ресейлік нөмірі бар кез келген көлікке тыйым салу үшін оның ЕО аумағына уақытша немесе тұрақты болсын, қандай мерзімге әкелінгені маңызды еместігін нықтады. Бәрібір рұқсат етілмейді.

Тиісінше, еркін айналымға жіберу немесе уақытша енгізу сияқты ресейлік нөмірлі көліктерге қатысты барлық кедендік рәсімдер де енді күшін жоғалтады.

Ұжымдық Еуропа тек көлікпен шектелмеді, Еуроодақ шекарасын кесіп өтетін ресейліктердің смартфон, ноутбук, косметика, әшекейлері сияқты жеке бағалы заттары да тәркіленуі мүмкін. Бірақ бұл жерде одаққа мүше әр елге өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік берілген. Мысалы, Ресеймен шекаралас елдер, бұдан бөлек Чехия, Грекия сияқты туристік мемлекеттер ресейлік саяхатшылардың жеке заттарына қысастық жасамай, жеңілдік жасайтыны мәлім.  

Жалпы, Еуразиялық одақтан айырмашылығы сол, Еуропалық Одақ пен оның құрылымдары өз сайттарында азаматтардың сұрақтарына жауап береді, яғни "кері байланысты" тұрақты жолға қойған.

Осы орайда "3i-бабына XXI қосымшада тізбеленген жеке заттарды Ресей азаматтары мәселен, туристік мақсатта өзімен бірге Еуроодақ аумағына уақытша алып өте ала ма?" деген сұрақ қойылды.

"Жоқ. 3i-бабы РФ азаматтарына XXI қосымшада тізбеленген тауарларды тікелей немесе жанама түрде сатып алуына, әкелуіне немесе табыстауына тыйым салады. Бұл тыйым Ресейден әкелінетін немесе Ресейде жасалған тауарларға қатысты", — деп жауап берді Еурокомиссия.

Әйтсе де, Еурокомиссия өкілі бұл санкцияны қалай орындайтынын Еуропалық Одақтың әр елі өз бетінше шешетінін ескертті.

Өйткені Еурокомиссияның заңнамалық түсініктемесі одақ елдері үшін орындалуға міндетті емес.

Қалай болғанда, қанқұйлы, соғысқұмар саясат жүргізіп отырған Ресейге көзқарасы теріс Еуропа елдері өз аумағына өтетін РФ азаматынан, соның ішінде туристінен тартып алуы мүмкін тауарлар тізіміне:

  • косметика (сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды 3304),
  • чемодандар (СЭҚ ТН коды 4202),
  • ноутбуктер (8471),
  • ұялы телефондар (8517) және басқасы кіреді.

"Ресей тұрғындарына енді аса сақ, мұқият болуға тура келеді. Өйткені 3i-бабының XXI қосымшасына көптеген заттар, соның ішінде яхталар, жүк тасуға арналған тіркемелер мен жартылай тіркемелер, тері мен былғарыдан жасалған барлық өнімдер, бағалы және жартылай бағалы тастар, фотокамералар, тіпті дәретхана қағаздары, сусабындар, тіс пастасы және басқалары кірген. Кез келген ЕО елінің кеден қызметкері соларды чемоданнан суырып алып, лақтырып тастауы мүмкін", – деді Acquis заңгерлік фирмасының санкциялар жөніндегі маманы Юрий Шумилов.

BGP Litigation фирмасының әріптесі Сергей Гландин РФ тұрғындарына "ең қарапайым кеңес" берді: аталған ұзын тізімді жаттап, жадқа сақтап алып, оларды ЕО аумағына енгізуден бас тартулары керек.

Бірақ Еуроодақ заңнамасын түсіндіретін ақырғы инстанция – Еуропалық сот болып табылады. Ресейліктер шағым айтып, соған жүгінуі ықтимал.

Еуропадағы ресейлік релоканттарға кеңесімен сөзкөмегін беретін және Еуропадан хабар тарататын "Объектив" ресурсы еуропалықтардың бұл тыйымының тәжірибеде орындалатынына шүбәланады.

"ЕО елдеріне автокөлікті және басқа заттарды алып өтуге тыйым жұмыс істейді ме? Еурокомиссияның қаулысына қатысты ресейлік ақпарат құралдары алаңдаушылыққа толы қаптаған мақалалар жариялауда. Алайда байыбына барсақ, бәрі сонша қорқынышты емес. Ресейден Еуроодаққа енгізуге жол берілмейтін тауарлардың тізімі сонау 2014 жылдан бері күшіне енген. Онда шынында да мобилді телефондар, ноутбуктер, жеңіл автокөліктер және басқа да көптеген заттар термеленген. Соған қарамастан, ЕО территориясына кіргенде ресейліктерден олардың ешқайсысын да тәркіленген емес. Шу тек Германиядан шығып отыр. Оның өзінде соңғы жылда ресейліктердің көлігін тәркілеудің небары 10 оқиғасы тіркелді", – деп хабарлады медиапортал.

Ресейлік сарапшылар мысалы, смартфондардың тәркіленетініне күмән келтірді: сим картасын алып тастаса, гаджеттің қай елге тиесілі екенін анықтау қиын. Танымал смартфондар Ресейде құрастырылмайды.

Қорыта айтқанда, Еуроодақтың өз ішіндегі ауызбіршіліктің жоқтығы кесірінен оның Ресейге қарсы онсыз да жұмсақ, жартыкеш, жете пысықталмаған санкциялары толыққанды орындалмай қалатын түрі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу