Ресейлік саясаткер Түркияға соғыс ашуды ұсынды

6115

Түркітілдес елдердің сыртқы жаулардан бірігіп қорғануы мәселесі күн тәртібінде тұр. 

Ресейлік саясаткер Түркияға соғыс ашуды ұсынды

Уикипедияға сенсек, Мәскеу княздығы Новгород княздығын қанға бөгіп, өзіне қосып алған соң, айналасын жаулап, негізінен түркі тілдес Кавказ, Қара теңіз жағалауы елдерінің, Сібір ұлыстарының жерлері есебінен кеңеюге ден қойғалы, яғни XVI–XX ғасырларда, дәлірек айтқанда, 1568–1918 жылдары Ресей және Түркия арасында үнемі қырғын соғыс болып тұрған. Түрік тарихында оған "Osmanlı-Rus Savaşları" деген тұтас тарау арналған.

Ресей тарихы бойынша орыс-түрік соғыстары жалпы жиынтығында 351 жылға созылыпты. Орта есеппен, бір түрік-орыс соғысының екіншісімен арасын небары 25 жыл ғана бөліп тұрды.

Олардың ішіндегі ең ірі соғыстардың тарихымен, немен аяқталғанымен интернеттегі ашық дереккөздерден танысуға болады.

Дегенмен, жаңа ғасырда оның бәрі артта қалғандай еді. Осман империясының жұртында Ататүрік құрған жаңа Түркия сол кезде большевиктер құрған Кеңес одағымен, кейінгі Ресеймен соғыспағанына, әр салада ынтымақтасқанына бір ғасырдан асты.

Бірақ осы бейбітшілікті бұзғысы келетін күштер Ресейде бас көтере бастады.

Былтыр Мәскеу Киевке қарсы шапқыншылық жасағанда, Украинаға бірінші болып, Түркия көмекке келді. ЗСУ негізінен түріктің "Байрақтар" дрондарының арқасында 56 шақырымға созылған ресейлік соғыс техникасы колоннасының күл-талқанын шығарды. Бертінде түріктер Украинаға солдаттарға арналған керек-жарақтар, бронежилет, тіпті төл сауытты техникасын жеткізді.

Сол кезде ресейлік пропаганда Украина тізе бүккен соң Түркияға шабуылдау тақырыбын ілгерілете бастаған. Алайда Анкара ресейлік тыңайтқыштар мен украиналық астық тасылатын "Бидай дәлізін" құруда араағайын болды да, Кремль өз аусарларының аузына қақпақ қойды.

2022 жылғы 29 қазанда Мәскеу әлдебір теңіз беспилотниктерінің Севастополь айлағында тұрған Қара теңіз флотын шабуылдап, бірнеше ресейлік әскери кемеге зақым келтіргенін сылтау етіп, астық мәмілесінен біржақты шықпақ болған. Алайда түрік тарапы оны тырп еткізбей тастады: дәліз Түркияның қауіпсіздік кепілімен өз жұмысын ары қарай жалғастырды. 2023 жылғы ақпанда Анкара бидай дәлізінің қауіпсіз жұмыс істеп тұрғанын растады. Яғни, бір рет келісімін беріп қойған Мәскеу бұл бағыттағы билік тізгінінен толық айрылып қалды.

Түріктер болса, РФ-ты сығымдап, қыспаққа алуын жалғастырды. Былтыр ресейлік әскери және азаматтық кемелердің Босфор бұғазынан өтуіне тыйым салып, Ресейді қара теңізге қамап тастады. Ресейлік ұшақтар үшін Түркия аспанын жапты. Мемлекеттік Turkish Airlines авиакомпаниясы ресейліктерді тасудан бас тартып, оларға билет сатуды доғарды.

Биылғы наурыздың басында Анкара іс жүзінде Батыстың РФ-қа қарсы санкцияларына қосылды: Еуропалық Одақтың талабы бойынша Ресейге бағыт алған санкциялық тауарлардың транзитіне тыйым салды. 

Түркияның Халықаралық жүк тасымалдаушылар қауымдастығы (UND) басшылығының өкілі Кемаль Гүл Ресейге арналған санкциялық тауарлардың Түркия арқылы өтуіне Еуроодақ талабына сәйкес тосқауыл қойылып отырғанын растады.

"Тыйым салу туралы шешім ЕО елдері Сауда министрлігінен келіп түсті. Бұл тыйым қазірдің өзінде көптеген тауарларға таралады. Оның үстіне санкцияға және шектеуге іліккен тауарлардың тізімі ұдайы ұлғаяды", – деді ол.

К.Гүлдің түсіндіруінше, Ресейге жүк алып өткісі келетін жүк көліктерін де Түркия енді өз аумағынан өткізбейді. Себебі, олардың тиісті құжаты жоқ. Ол құжатты аталған фуралардың қожайындары еш жерден ала алмайды, өйткені басқа елдер Ресейге сапарлайтын жүк автомобильдеріне транзиттік құжаттарды бермейді. Бұл қара тізімге беларустік жүк көліктері де ілікпек: Польша Беларуське түрік тауарларын тасымалдауға тыйым салып тастады.

Осының бәрі Ресейді кіжіндіреді. Содан ол Түркияға шапқыншылық жасайтынын білдіріп, қорқыта бастады. Бірақ бір жылдан артық уақыттан бері кішкентай ғана Украинадан оңбай таяқ жеп жатқан Мәскеуден енді ешкім үрейленбейтін болса керек.

Ресейлік саясаткер, V шақырылымдағы Мемдуманың депутаты Семен Багдасаров көршінің басты пропагандисі Владимир Соловьевтың бағдарламасында Түркияға соққы жасауды ұсынды. Оның байламынша, бүгінде Түркия алапат жер сілкінісінен әлсіреді, осыны пайдаланып, РФ одан жаһандық православиенің орталығы саналатын Константинопольды тартып алуы керек көрінеді.

Қызды-қыздымен саясаткерсымақ Орталық Азияға қайта басып кіруді ұсынды. Бұл оның пікірінше, "Түркияны Орта Азиядан түре қуып шығу қажет".

"Түркия бүгінде ауыр жағдайда. Ол қалаларын қиратқан зілзаланың салдарларынан қансырады, экономикалық дағдарысы одан сайын күлшейді. Түріктер еңсе тіктей алатын емес. Келіңіздер, осы мүмкіндікті пайдаланып қалайық? Бірінші болып соққы беру керек. Сонда оны Орта Азиядан қуып шығамыз. Украинадағы ықпалын жоямыз. Оңтүстік Кавказдан, Әзербайжаннан аластаймыз", – деп сандырақтады Багдасаров.

"Московский комсомолец" басылымы оның эфирде ары қарай айғайға көшкенін жазады.

"Тарихтан бері өзімізге тиесіліні, Константинопольды түріктерден тартып алатын, оны біздің мемлекеттің құрамына қайтаратын кез жетті!" – деп лепірді ресейлік саясаткерсымақ.

Шындығы сол, Константинополь ешқашан Мәскеу княздығына қарамаған. Ол алдымен Рим империясының, артынша Шығыс-Рим империясының, соңынан Латын империясының бейресми астанасы болды. Ақыры ол Осман империясының құрамына көшті. 1930 жылдың наурызында Ыстамбұл қаласына айналды.

Багдасаров Ыстамбұлда таяуда музей және мешіт функциясын қатар атқара бастаған Қасиетті София (Айя-София) храмына үлкен крест орнатып, орыс тілінде құлшылық етуге көшіруді ұсынды.

Әрине, дәл қазір Ресей Түркиямен қарулы қақтығысуға еш қауқарсыз. Түріктердің әскери қуаты одан бірнеше есе жоғары.

Дегенмен, осындай мәлімдемелер арқылы РФ пропагандасы 145 миллиондық ресейліктердің, шетелде тарыдай шашылған отандастарының санасына жаман ойдың дәнін себеді. Inbusiness.kz ресейлік пропаганданың өз азаматтарының ақыл-ойына қандай қитұрқы әдістермен мықты әсер ететінін талай жазды. Салдарынан олар шын сеніп, айналасындағы елдердің жерлерін "тарихи орыс жері" деп санай бастайды.

РФ пропагандасына түркітілдес елдердің төркіні бір идеологиясы қарсы тұрғаны жөн. Бұл тұрғыда Қазақстан көшбасшысының күні кеше Анкараға сапарлап, кезекті рет Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөз жүргізуі қуантады. Байырғы замандардан бері сыртқы жаудан бірлесіп қорғануға мүмкіндік берген "Қазақ-өзбек бір туған" идеологиясын "түркітілдес бір туған" идеологиясына дейін кеңейтіп, түркітілдес мемлекеттердің бірлесе қорғану жүйесі жолға қойылып жатыр.

Бұл жерде Түркияның НАТО-ға мүше екені де заманауи бірлескен қорғаныс жүйесін құруға сеп болса керек.

Алапат табиғи апаттан қайғы жұтқан Түркия жалғыз қалмайды. Оған барлық түркітілдес ел ары қарай көмектесе бермек. Алда Еуропадағы серіктестері Халықаралық донорлар конференциясын өткізеді, оған түркі елдері де атсалысады, түрік елін қалпына келтіруге қаржы салады.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті бауырлас елдердің Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынды. Ол Алматыдағы Төтенше жағдайлар және алапат жер сілкіністерінің қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың негізінде ашылмақ. Бірлескен күшке Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғаныс хатшылығы мәртебесі берілмек. Ол апаттан зардап шеккен елдерге көмек көрсету жұмыстарын үйлестіретін болады. Осы құрылым аясында халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Сонымен қатар Қазақстан бастамасымен осы елдердің іздестіру және құтқару қызметтерінің дайындығы күшейтіледі. Осы мақсатта елдеріміздегі Төтенше жағдай мекемелерінің күштері мен техникалық құрал-жабдықтарының тізімі әзірленуі мүмкін. Яғни әрбір түркі елінің осы салада қандай техникасы, құралы барын нақты білсе, бұл апат салдарларын жоюға бағытталған іс-әрекеттерді үйлестіруге жол ашады.

Кешегі ұйым саммитінде Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау механизмін құру туралы шешім қабылданды. Бұл да Көк түрік ұрпағының одағын күшейте түсер қадам.

Қасым-Жомарт Тоқаев "қазіргі геосаяси жағдай мен әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделі кезеңінде Түркі әлемінің өзара ынтымақтастығы нығая түскенін" мәлімдеді. Мұндай мәлімдемелер бекер жасалмаса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу