Ревизорларды бақылайтын қадағалаушы орган құрылады

2068

Қазақстанда бас прокуратура секілді жаңа бірыңғай қадағалау органы пайда болады.

Ревизорларды бақылайтын қадағалаушы орган құрылады

Басты айырмашылығы сол, егер бас прокуратура мемлекеттік бақылаушы және қадағалаушы органдар үстінен қараса, жаңа орган ревизорлардың басқан қадамының дұрыс болуын бақыламақ.

Жалпы, біліксіз аудиторлардан мемлекеттік органдар да, бизнес те ығыр болды. Тіпті парламент депутаттарының өздері "қандай да бір министрліктің үнемдеген қаржысын тиімсіз игерілген қаржы графасына қоспау керектігін", өйткені бұл "шенеуніктерді игеру үшін ел қаржысын босқа ысырап етуге, қымбат қызметтер мен тауарларды алуға итермелейтінін" ескертеді.  

Жазалауға құмар базбір тексерушілердің біліксіздігі кесірінен бизнесмендердің темір торға қамалу оқиғаларының да болғаны құпия емес.

Оның үстіне компаниялардың отандық аудиторлардан қыруар қаржы шығындап алған қорытындысы мен есебі халықаралық деңгейде мойындалмайтын, әлемдік биржалар жарамсыз деп танитын көрінеді.

Салдарынан, Қазақстандағы трансұлттық компаниялар түгіл, ұлттық компаниялар да шетелдік, ең құрығанда ресейлік аудиторларға жүгінеді. Нәтижесінде, ұлттық, трансұлттық, коммерциялық компанияларға ірі аудиттік қызмет көрсетудің табысы елде қалмай, PricewaterhouseCoopers (PwC), "Ernst & Young" секілді жаһандық алпауыттардың қанжығасында кетуде.

Бұл дүниежүзіндегі дамыған елдер қатарына қосылғысы келетін мемлекетке жараспайтын тірлік. Сондықтан саладағы жылдар бойы түйіні шиеленіскен түйткілдерді тарқатуға үкіметтің өзі кірісті.

Қаржы министрлігі "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы аясында кәсіби қауымдастықты жиып, "Аудиторлық қызмет саласындағы қадағалаушы орган" үлгісінің тұсауын кесті. Бұл орган әзірге "Кәсіби кеңес" деп аталмақ.

Осы орган моделін консультативтік органның бастамашыл тобы Әлихан Смайыловтың ұжымымен бірлесе отырып, халықаралық тәжірибе негізінде түзіп шығыпты.

Өздерінің үстінен қарайтын орган кәсіби аудиторлық ұйымдардың (КАҰ) өкілдері тарапынан, әрине, үлкен қызығушылық тудырды. Олар ұсынылған үлгіні талқылай келе, "Кәсіби кеңестің" сапаны сыртқы бақылау және сертификаттау туралы ережелеріне қатысты сын айтып, пысықтай түсуді ұсынды.

Қаржы министрлігінің бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау департаментінің директоры Арман Бектұровтың айтуынша кеңес кәсіби аудиторлық ұйымдардың жұмыс жасауына кедергі келтірмейді. Бірақ салада тәртіп орнататын болады.

Жаңа қадағалаушы орган бас төреші, арбитр рөлін атқармақ. Тиісінше, еліміздегі аудиттің сапасына бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ осы мамандыққа кіру мәселелерін реттейді.

"Нарықта қалыптасқан жағдай алаңдатады. Аудиторларға қатысты шағымдар да, біліксіз аудиторлық тексерулерге наразылықтар да жыл өткен сайын өсіп келеді. Қазақстанда осы нарықта бір жыл ішінде шамамен 200 жаңа маман пайда болады. Әрбір кәсіби аудиторлық ұйым өз ісін жаңа бастаған мамандарға өзінше талап қояды, өз емтихандарын белгілейді. Егер нарықтағы клиенттердің 85%-ының осы кеңесті құруға деген келісімін алмағанда, бір ол органға бастамашы болмас та едік", – деп ашығын айтты Арман Бектұров.

Оның түсіндіруінше, жаңа бірыңғай қадағалаушы орган үкімет жанынан құрылмайды: ол үкіметтік емес ұйымға айналады. Бірақ құрамына мемлекеттік құрылымдар да молынан кірмек. Мәселен, құрамына қаржы министрлігінің, ұлттық банктің, қаржылық реттеушіге қарайтын KASE қазақстандық биржасының, "Астана" халықаралық қаржы ұйымының өкілдері кірмек.

Органдағы басқа орындар отандық бес кәсіби аудиторлық ұйымдарға және "Атамекен" ұлттық палатасына беріледі деп күтілуде.

Олар енді мемлекеттік органмен бірлесіп, кеңесу режимінде сапаны бақылау бойынша негізгі талаптарды әзірлеп, пысықтап шықпақ.

"Әйтпесе, аудиторлар көбіне өздерін өздері бақылайды, өздеріне өздері инспекция жасай салады. Сосын сапа қайдан болсын. Бұған әрине, жол беруге болмайды", – дейді министрлік департаментінің директоры.

Бұл ретте аудиторлық қызметке лицензия беруді және КАҰ-ларды аккредиттеуді бұрынғы тәртіпте қалдыру ұйғарылыпты.

Қаржы министрлігі жаңа органның жұмысы қоғамдық негізде, тегін болмайтынын бірден ескертті: кеңестің жұмыс жасауы үшін жыл сайын кем дегенде 146 миллион теңге қажет болмақ. Бірақ мемлекет оны бюджеттен бөлгісі келмей, бас тартты.

Кәсіби кеңес құрамында мемлекеттік құрылымдар өкілдері көп болғанымен, бұл органды кәсіби аудиторлық ұйымдардың өздері құрылтайшы болып құратындықтан, оның "шенеуніктерін" ұстап тұру, әкімшілік шығыстарын көтеру де аудиторлардың өздеріне жүктеледі. Демек, әр аудитордан кәсіби жарна жиналуы ықтимал.

"Қазақстанның аудиторлар палатасы" КАҰ өкілдері де отандық аудиторлық есептерді халықаралық сарапшылардың мойындамайтынын растады. Сол себепті де олар саладағы өзгерістер мен жаңғырулардың керектігіне келісіп, мойынсұнады. Өйткені мойындалмау себепті мол қаржы көздерінен айырылып отырғанын олар да түсінеді.

Рас, ревизорлардың бәрінің үстінен қадағалаушы орган құру бастамасын қолдамайтындар қарасы да қалың. Атап айтқанда, аудиторлар алқасы, аудиторлар одағы және аудиторлар институты бұған қарсы шықты.

"Аудиторлардың барлығы бірдей бұған дайын емес. Көбісі онсыз да аз клиенттерінен айырылып қалудан қорқады. Өйткені талаптар қатайса, жүйе жергілікті компанияларды нарықтан итеріп шығаруы мүмкін", – деп қауіп білдіреді "Аудиторлар алқасы" КАҰ басқарма төрағасы Данияр Нұрсейітов.

Бірақ бизнесті бірінші кезекте, бәсекеге шыдас бере алмағандардың құруы емес, қолданыстағы ескі жүйенің нашарлығы, ережелер мен стандарттардың сол бойы пысықталмауы мазалайды.

"Қаржы министрлігі ұсынып отырған кәсіби кеңес үлгісі кемелдіктен алыс. Бірақ сонымен бірге, "Атамекен" нарықта қордаланған проблемаларды көріп отыр. Сапасыз қорытындылар белең алуда. Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес. Кеңесті құруға қатысты министрліктің ұстанымы түсінікті: кез келген теріс салдарлар үшін қызметті реттеу органы жауап беруге тиіс. Кәсіби ұйымдардың басты міндеті қалыптасқан проблемаларды шешуге көмектесу болмақ. Сондықтан ұлттық палата нарықтың өзінен сындарлы ұсыныстар күтеді", – дейді "Атамекен" ҰКП төралғасының өзін-өзі реттеуді дамыту мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Ұлан Байжанов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу