Резонансты оқиғаларға қатысы бар шенеуніктер биліктен жаппай қуылмақ

4169

Биліктің беделіне дақ түсірген, бірақ еш жаза тартпай, тып-тыныш қана басқа лауазымға ауыса қойған тұлғалардан мемлекеттік басқаруды тазалау науқаны жүзеге асырылуы мүмкін.

Резонансты оқиғаларға қатысы бар шенеуніктер биліктен жаппай қуылмақ

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жаңа төрағасы Дархан Жазықбаев бұған дейін бар-жоғын білдірмей, ләм-мим демей, тым-тырыс жатты. Жай жатпапты, мемқызмет саласына реформа әзірлеген көрінеді.

Енді міне, жаңғыруларды қолданыстағы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" заңына түзетулері түрінде қоғам назарына шығарып отыр. Құжатта жаңалық жетерлік. Соның ішінде ең бір елеулісі – елдің төбе шашын тік тұрғызып, ашуын туғызған, дүмпуі БАҚ пен әлеуметтік желілерді жара жаздаған оқиғаларға себеп болған, дем берген шенеуніктерді мемлекеттік қызметтен аластауға қатысты.

Жалпы сарапшылар дау айтып, бұған қажетті тетіктер қазір онсыз да бар дері сөзсіз. Себебі мемқызмет туралы қолданыстағы заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілер мемқызметке кір келтіретін іс-әрекеттерге жол бермеуге міндетті! Сондай-ақ мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылығы үшін қызметтен шығарылған шенеуніктер бұдан кейін ешқашан мемлекеттік қызметке жіберілмейді. Осыдан артық не керек?

Бұған Жазықбаев командасы қарсы уәж айтады. Өйткені тәжірибелі шенділер бұл талапты айналып өтетін жолды бұрыннан біліп, сүрлеу салып алған. Айталық, олар жоғары тұрған, сондай шешім қабылдай алатын бастықтың аузын алып, теріс сипаттамамен жұмыстан қуылудан құтылады, өзге жұмысқа ауысады немесе өз еркімен кете қояды.

Негізі, заң бойынша "мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтарға" көбіне сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасауы мүмкін іс-әрекеттер жатады. Нақтылай кетсек, егер шенеунік өкілеттіктерін асыра пайдаланса, "крыша" болып, протекционизмді жолға қойса, сыйлықтар қабылдаса, құмар ойындарға қатысса, казинода ойнаса, кәсіпкерлер ісіне заңсыз араласса, өз адамдарына, жақын-жуық, жора-жолдасына артықшылық жасаса, онда мемқызметке кір келтірді деп танылады.

Ауыл-аймақтағы ағайын жақсы білер, осы тізімдегілермен айналыспайтын ақ-адал шенеунікті табу күрделі. Соған қарамастан, дәл осы айыппен қызметінен қуылған шенділер тым аз.

Мемқызмет агенттігінің мәліметінше, жаңа заңнама енгізілген 2016 жылдан бері, мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылығы үшін небәрі 164 мемқызметші ғана жұмыстан аластатылыпты. Тарата кетсек, 2016 жылы – 31, 2017 жылы – 36, 2018 жылы – 27, 2019 және 2020 жылдары – 25-тен, 2021 жылы – 20. Байқасаңыз, жыл сайын азайып келеді. Яғни тек осы 164-і ғана мемқызметке қайта қабылдана алмайды.

Сонымен бірге сеніп тапсырылған саланы әбден былықтырып, мемлекетке, бизнес пен бұқараға зиянын тигізген, елдің қаһарына ұшыраған кейбір шенеуніктер мемқызметте әлі күнге жүр. Олар жоғары қызметке тағайындалғанда журналистер, сарапшылар және қоғам кезекті рет дүрлігіп, әлек-шәлегі шығады.

Сонда Жазықбаев не ұсынады?

"Мына мәселеге назар аударуымыз керек: мемлекеттік қызметшілер формальды түрде тәртіптік теріс қылық жасамағанымен, бірақ резонанстық оқиғаларға қатысты болуы мүмкін. Бұл жағдайда тәртіптік теріс қылықтың ресми түрде тіркелмеуі оларға қайтадан мемлекеттік қызметке келуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге мұндай адамдарды мемлекеттік қызметке қайта қабылдау – келесі қоғамдық резонанс пен халықтың билікке деген сенімсіздігін қалыптастыруға жағдай жасай алады. Мысалы, 2019 жылы мектептердің бірінде болған сорақы оқиғадан кейін (даладағы дәретханада 12 жасар қыз бала зорланған) Мемлекет басшысының тапсырмасымен Тараз қаласының әкімі қызметінен босатылды. Алайда бір айдан кейін сол қызметші "Б" корпусының өзге лауазымына қабылданды", – деп түсініктеме берді агенттік жаңа заң жобасына консультативтік құжатында.

Бұл ретте Тараз қаласының экс-әкімі ізінше Жамбыл облысы әкімінің өкімімен, облыс әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалған еді. Бірақ қоғамдық сыни пікірден кейін ол лауазымынан да босатылды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің байламынша, мұндай қайшылықтарға тәртіптік теріс қылықтың ресми тіркелмеуі кесірінен жол беріледі.

Осыны ескере отырып, жаңа заң жобасында "сенімді жоғалтуына байланысты жұмыстан босату" үшін негіз белгілеу ұсынылады. Осы орайда аталған негіз бойынша жұмыстан қуылған қызметшілерге әрі қарай "Б" корпусының лауазымына қабылдануына шектеу қойылады.

Бұған қоса, мемқызметшінің осы мотив бойынша жұмыстан босатылғаны "Е-қызмет" интеграциялған ақпараттық жүйесінде көрініс табады. Бұл ондай шенеуніктердің мемқызметке қайта қабылдануына жол бермейді.

Мемқызметшілер саяси және әкімшілік, А және Б корпусы болып бөлінетіні мәлім. Жазықбаев ұжымы дәл осы талапты саяси мемқызметшілерге де таратуды ұсынып отыр. Сонда ел алдында ұятқа қалған ірі тұлғалар да министрден әкім қызметіне, өңірден елордаға көшіп жүре алмайды.

Мемқызмет агенттігі осы шектеуді мемлекеттік саяси қызметшілерге мынадай жағдайларда қолдануды ұсынады:

– Мемқызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасаған кезде;

– Мемлекеттік қызметшінің этикасын өрескел бұзған жағдайларда;

– Мемлекеттік саяси қызметшінің, олардың орынбасарларының кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны анықталса;

– Мемлекеттік саяси қызметші, оның жұбайы Қазақстан аумағынан тыс орналасқан шетелдік банктерде шоттар-салымдар ашуға және ұстауға, онда қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауға қойылған тыйымды бұзған жағдайда;

– Мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына, мемлекеттің лауазымды тұлғаларына, мемлекеттік басқару органдарына, басқа мемлекеттік қызметшілерге қатысты әдепке жатпайтын сөздер айтса;

– Өзінің лауазымдық міндеттерін орындамаса және оған өрескел түрде салғырт қараса, сөйтіп, жұмысынан қуылса, онда бұдан былай оның алдынан мемқызметтің есіктері тарс жабылмақ.

Әрине, бұл тұжырымдардың мән-мағынасы тым кең көрінеді. Әсіресе, міндетіне өрескел түрде салғырт қарауға не кіретіні нақты емес. Ендеше бұл заң қабылданғанша, алда меморгандар және Парламент депутаттары тарапынан біраз пысықталатын болса керек.

Бонустар енді ірі бастықтар еншісіне ғана тиеді

Айтқандай, бұл заң жобасы қабылданса, әкімшілік мемқызметшілер бонустан қағылады. Мемлекет басшысы корпоративтік секторда қабылданған тәжірибеге сәйкес, енді тек саяси мемқызметшілерге ғана бонус беру ұсынысын мақұлдапты. Ал әкімшілік лауазымдардағы шенеуніктер қызметінің нәтижесіне қарай сыйақы ала алады.

Мемлекеттік саяси қызметшілер санатына келесілер кіреді:

Премьер-Министр, оның бірінші орынбасары мен орынбасарлары;

Мемлекеттік хатшысы; Президент Әкімшілігінің басшысы, Тұңғыш Президент – Елбасы кеңсесінің басшысы, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасарлары, Елбасы кеңсесі басшысының орынбасарлары; Президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, оның орынбасарлары; Президент кеңесшілері; Президент кеңсесінің бастығы, оның орынбасарлары, Президенттің көмекшілері; Елбасының көмекшілері, Елбасының кеңесшілері; Конституциялық кеңес төрағасы және мүшелері; Ортсайлауком төрағасы, орынбасары, хатшысы мен мүшелері; Жоғары сот кеңесінің төрағасы; Есеп комитетінің төрағасы мен мүшелері; Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін меморгандардың басшылары, олардың орынбасарлары; министрлер, олардың орынбасарлары; Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, олардың орынбасарлары; Омбудсмен;

Қазақстанның төтенше және өкілетті елшілері және басқалары. Толық тізімді мына сілтемеден табуға болады.

Жанат Ардақ  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу