ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында ол онлайн алаяқтық фактілері халықты қанап жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Өзіңіз жақсы білетіндей, адамзат баласы жаһанданып, жаңарған кезеңде тәуелсіздігін енді қолға алып, етек-жеңін жинай бастаған Қазақстан бұрын естіп-білмеген талай жаңашылдыққа тап болды. Тиісті ақпараты мен тәжірибесі жоқ Қазақстан халқына ол жаңашылдықтар көп зиянды зардабын тигізіп жатыр. Солардың бірі – "онлайн алаяқтық". Жаңа кезеңге жылдам бейімделген "жылпос" алаяқтар күн сайын қорғансыз халықтың шотындағы ақшасын ұрлап қана қоймай, мыңдаған адамның атына сырттай несие рәсімдеп, онсыз да зорға жүрген халықты зарлатуда, – деп ашынды халық қалаулысы.
Өкініштісі сол, алаяққа алданып, сан соғып қалған жұртшылыққа қарасып жатқан Үкімет те, банктер де жоқ. Бұл – Ринат Зайытовтың өз сөзі.
Сонымен қатар, көптеген алаяқтық жасау фактісінде не банк, не жергілікті орган өкілдерінің қатысуымен болғаны дәлелденіп отыр.
– Мысалы, Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкері мүгедектігі бар, зейнеттегі жиыны 90 адамның шотындағы ақшаны жымқырған, Талдықорған, Астана, Алматы қалаларында да банк қызметкерлерінің азаматтардың жеке мәліметіне қол жеткізуге көмектескені жөнінде фактілер анықталған. Дәлелмен айтсақ, Республика көлемінде биылғы жылдың қаңтар, ақпан айларының өзінде ғана кибералаяқтықпен банк қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық Кодексiнің 250-бабы (Өкiлеттiктердi терiс пайдалану) бойынша – 15 іс, ал ҚР Қылмыстық Кодексiнің 254-бабы (Мiндеттерiне адал қарамау) бойынша – 17 іс қозғалған. Бір түсініксізі бұл киберқылмыстан қорғауға, азаматтардың шоттарының қауіпсіздігін сақтауға міндетті банктерге ешқандай жауапкершілік жүктелмеген. Осы әділетті ме? Біз олай ойламаймыз, – деп сөзін жалғады Ринат Зайытов.
Алаяққа қолындағы барын берген ел-жұртты банк тағы "бұрышқа" тақайды. Яғни, шотын бұғаттап, қаржылық қиындығы одан сайын ұлғая береді.
– Сәл қиналса, мемлекеттен миллиардтап қаржыны қайтарымсыз алатын, ойына келген пайыздың өлшемін тағайындап, өз қателіктеріне жауап беруден жалтаратын қайрымсыз банктер қашанға дейін тайрандамақ? Нақақтан-нақақ қарызға батқан халықты қорғайтын уақыт келді ғой. Ата заңымыз бойынша мемлекеттің басты байлығы Банк емес, "Халық" екенін есіңізге салайын, – деп бір тоқтады депутат Бас прокурорға қарата.
Ринат Зайытовтың айтуынша, екінші деңгейлік банктер кибералаяқтардың қылмыстық іс-әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың банктік шоттарын бұғаттан шығаруды және де бұл санаттағы адамдардың шоттарын бұғаттауға тиым салу шараларын қарастыруы керек.
Сондай-ақ, шоттарындағы қаржының сақталуына жауапты банктер болғандықтан, кибералаяқтықтан келген зардап пен барлық шығындарды банктер өз тарапынан өтеу міндетін жүктеуі тиіс.