Рохинджа халқымен енді не болмақ?

4089

Өткен аптада шамамен 740 мың рохинджа мұсылманының Мьянманың солтүстік-батысында орналасқан Ракхайн штатынан қоныс аударғанына 2 жыл болды.    

Рохинджа халқымен енді не болмақ?

Біріккен Ұлттар Ұйымы тергеушілерінің айтуынша, 2017 жылы мьянмалық әскерилердің рохинджа әйелдері мен кішкентай қыздарын зорлауы аймақтағы мұсылмандарды қырып-жою мақсатында жасалған. 

"Жүздеген әйел мен кішкентай қыз зорланды, оның 80 пайызын әскерилер топ болып зорлаған. "Татмадау" деп аталатын Мьянма қарулы күштері қылмыстың 82 пайызын жасады",-делінген ұйымның құжатында. 

Euronews басылымының хабарлауынша, бұған дейін Мьянма билігі БҰҰ таққан айыптарды біржақты деп танып, жергілікті қауіпсіздік күштерінің әрекеттері көтерілісшілерді басу үшін жасалған. 

Сонымен қатар Мьянма үкіметі БҰҰ-ның бирмалық әскерилерді тергеу туралы құжатын қабылдамай тастады. Ұйым рохинджа халқына қарсы жасалған зұлмат ісі бойынша оларды тергеу жұмыстарын бастауды ұсынған еді. Мьянма үкіметінің баспасөз хатшысы Зау Хтай Мьянманың адам құқығы бұзылуына түбегейлі қарсы екенін, "БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар жала жауып отыр" және Мьянмада тергеу бойынша тәуелсіз комиссия бар екенін айтты. 

Рохинджа мұсылмандары қазір қайда?

Рохинджа халқының басым бөлігі көршілес Бангладеш еліне бас сауғалап қашып кетті. Олар қазір Кокс-базар қаласындағы босқындарға арналған лагерьлерде тұрып жатыр. 
"Мьянма әскерилерінің Ракхайн штатында жасаған зорлық-зомбылықтарынан рохинджа халқы әлі де зардап шегуде",-деді Мьянма, Шри-Ланка және Таиландтағы Save the Children ұйымының директоры Майкл МакГрат.

"Бангладеште миллионға жуық қашқын тар лагерлерьде өмір сүріп жатыр, олардың қайта оралуы екіталай",-деді МакГрат. 

Оның айтуынша, Мьянмада қалған 600 мыңға жуық рохинджа апартеид жағдайында күн кешуде. Яғни олардың жүріп-тұруы, денсаулық сақтау мен білім алу мүмкіндігін жергілікті билік қатаң бақылауға алған.

2019 жылдың мамыр айында Мьянма әскерилері Ракхайн штатында жаңа операциялар бастады. Бұған "Рохинджаларды құтқару Аракан әскерінің" жергілікті полицей бекетіне шабуыл жасауы себеп болды. 

ЕО қандай шара қабылдады?

Еуроодақ кеңесі 2018 жылы Мьянманың әскери және қауіпсіздік күштерінің жүйелі түрде адам құқығын бұзуын айыптайтын құжат қабылдады. 
2018 жылдың сәуірінде одақ "Татмадау" әскерінің бірқатар мүшесі мен мьянмалық шекара полицейлеріне қарсы шектеу шараларын қабылдады. Оларға адам құқығын бұзды, гуманитарлық көмектің көрсетілуіне және тергеу жұмыстарының жүргізілуіне кедергі келтірді деген айыптар тақты. 

Рохинджа халқының болашағы қандай болмақ?

2017 жылдың қараша айында рохинджа мұсылмандарын елге қайтару туралы келісімге қол қойылғаннан кейін, Бангладеш пен Мьянма үкіметтері босқындарды бірнеше мәрте Мьянмаға көшірмек болды. 

Бірақ бұл жоспарларынан түк шықпады. Өйткені босқындардың басым бөлігі бұл шешімге қарсы ереуілге шыға бастады. 

15 тамызда қос тарап 3540 адамның елге оралатынын жариялады. 

Бұдан кейін БҰҰ қызметкерлері мен Бангладештің бірқатар лауазымды тұлғасы олардың шын мәнінде Мьянмаға қайта оралғысы келетінін не келмейтінін тексерді. Нәтижесінде 295 рохинджа отбасының елге қайтпайтыны анықталды.

Бангладеш билігінің айтуынша, босқындардың отанына оралуы тек ерікті түрде өтеді. Бірақ бірқатар үкіметтік емес ұйым Ракхайн штаты әлі де қауіпті екенін айтуда. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу