Сабақ алмады: Еуропа екінші толқынға дайын болмай шықты

4661

"Қарт құрлықта" аптасына жүздеген мың адам коронавирус жұқтырып жатса да, аймақ үкіметтері толық карантин жариялауға тәуекел етпей отыр.

Сабақ алмады: Еуропа екінші толқынға дайын болмай шықты

Еуропа елдерінің үкіметтері қайта өршіген коронавирус эпидемиясының меселін қайтару үшін шектеу шараларын тағы да қатаңдатуға мәжбүр. Пандемия басталғалы континентте қауіпті инфекция жұқтыру оқиғалары апталық есеппен алғанда ең жоғары деңгейге көбейіп отыр.

Сейсенбі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдегендей, Еуропада өткен аптада COVID-19 вирусы 700 мыңнан астам адамнан табылған. Демек "Қарт құрлықта" оған дейінгі аптамен салыстырғанда мұндай пациенттердің саны бірден 34 пайызға өсіп отыр. Енді ғана инфекцияланғандардың жартысынан астамы – Ұлыбритания, Франция, Ресей және Испанияда.

Науқастар санының мұнша артуы тестілеудің көбеюімен де байланысты. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымының денсаулық жөніндегі агенттігінің дерегінше, арғы аптада "ковидтан" қайтыс болғандардың саны да 16 пайызға өскен. Дәрігерлер әзірге жастар арасында кең тарап жатқан вирус қайтадан егде жастағы адамдарды шарпып, өлім-жітімді тағы да көбейтуі мүмкін деп алаңдап отыр.

"Еуропада жақында небәрі 24 сағатта 98 мың адамнан коронавирус табылды. Бұл – жаңа аймақтық рекорд. Дабыл қағатын жағдай", – дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы аймақтық кеңсесінің атқарушы директоры Робб Батлер.

Лондон Гигиена және Тропикалық медицина мектебінің Еуропадағы қоғам денсаулығы жөніндегі маманы, профессор Мартин Маккидің сөзінше, аймақтың көптеген елдері жазда тестілеу, қадағалау, оқшаулау, емдеу жүйелерін реттей алмағандықтан, пандемияның екінші толқынына дайын болмай шықты. Ал Париждің Тенон госпиталінің инфекциялық бөлімінің жетекшісі Жиль Пиалу BFM телеарнасына берген сұхбатында мәлімдегендей, Еуропа пандемияның бірінші толқынынан сабақ алмады. Сондықтан ол қазір эпидемияның алдында емес, артында келе жатыр.

Италия мен Франция ойын-сауықтар мен кештерге және ресторандар мен барлардың қызметтеріне шектеу қоя бастады. Нидерландыда барлық дәмханалар мен мейрамханаларды жабуға бұйрық беріліп, үйлерде кештер өткізуді азайту үшін кешкі сағат 8-ден кейін алкогольдік ішімдіктерді сатуға тыйым салынып отыр.

Чех Республикасы қарашаның 2-не дейін барлық мектептерді жапса, Латвия жасөспірімдерді бір аптаға қашықтықтан оқуға жіберді. Дегенмен Ұлыбритания көктемдегідей талай жұмыс орындарын жоғалтпау үшін вирус кең тараған аудандарда ғана карантин жарияламақ. Айта кетсек, корольдік экономикасы бірінші локдауннан кейін әлі толық ес жинаған жоқ.

Біріккен Ұлттар Ұйымы кейбір мемлекеттердің қатаң шектеулерден бас тартуын құптаған сыңай танытып, толық карантинге ең қиын жағдайда ғана жүгіну қажеттігін мәлімдеп отыр.

Германия канцлері Ангела Меркель сейсенбі күні мәлімдегендей, ол да инфекцияның қайта өршуін "үлкен алаңдаушылықпен" бақылап отыр.

"Біз өткен айлардағы шектеулермен қандай жетістіктерге жеткенімізді місе тұтып отыра алмаймыз. Карантин жариялау оңай емес. Оны қайта енгізбеудің және денсаулық сақтау жүйесіне тағы да салмақ түсірмеудің жолдарын қарастыруға тиіспіз", – дейді неміс үкіметінің басшысы.

Италия премьер-министрі Джузеппе Конте де ресторандар мен барларды түнгі сағат 12-ден кейін жабуға бұйрық берді. Сонымен қатар мұнда достардың жабық кеңістікте кештер мен спорт ойындарын өткізуіне де тыйым салынды. Және де Италияда қазір бірге тұрмайтын алты адамның бір үйге жиналуына рұқсат берілмей отыр.

"Мақсатымыз айқын. Біз бүкіл елді түгелдей карантинге жабуға жол бермеуіміз керек", – дейді Конте.

Өткен тәулікте Италияда 5900-ден астам адамнан коронавирус табылып, 41-і жан тәсілім еткен. Осылайша, бұл мемлекетте жаңа вирус құрбандарының саны 36200-ге жетті. Италия "ковидтан" адам жоғалтудан бүгінде Еуропада Ұлыбританиядан кейінгі екінші орында тұр.

Өткен аптада Италияда сыртта маска тағып жүру міндетке айналды. Дәл осындай талап қазір Испания, Түркия, Үндістан және Азияның тағы бірталай елінің тұрғындарына қойылып отыр. Далада маскамен жүру Польшаның бірнеше қаласы мен Парижде, Брюссельде де міндет. Сонымен қатар мұндай ережелер Германия қалаларында да енгізіліп жатыр.

Францияда Париж бен Марсельде ғана емес, тағы жеті қалада ресторандар, барлар, спортзалдар, бассейндер жабылып, кештер ұйымдастыруға тыйым салынып жатыр.

Ұлыбританияда коронавирустан 43 мыңнан астам адам құрбан болды. Бұл – Еуропа бойынша ең жоғары көрсеткіш. Өткен үш аптада COVID-19-ды жұқтыру оқиғалары Біріккен Корольдікте үш есеге көбейген. Және де қауіпті инфекция барлық аймақтар мен барлық жастағы адамдар арасында тарап жатыр. Соған қарамастан, премьер-министр Борис Джонсон пандемиямен күресті жалғастыра отырып, балаларды білімнен, халықты жұмыстан айырмаудың жолын қарастыру бірінші кезекте тұруы керек деп есептейді.

Сейсенбі күні Еуропа одағы мемлекеттері осы аймақта адамдар мен тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін реңк-код жүйесін мақұлдады. Оған сәйкес, вирус аз тараған жасыл аймақтарда қарым-қатынас шектелмеуі керек. Алайда одақ елдері қызыл немесе сарғылт зоналардан жеткен жолаушыларды карантинге алуға немесе оларды келген бойда тестен өткізе алады.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу