Сағынтаевтың тосын шешімі: мегаполис жаппай чиптеуге кіріспек

3486

Алматы мейірімді қала атанғысы келеді. 

Сағынтаевтың тосын шешімі: мегаполис жаппай чиптеуге кіріспек

Еліміздің ең ірі мегаполисі елді елең еткізген бастамасын рәсімдеп ұсынды. Оған сәйкес, Алматы мәслихаты 2021–2024 жылдарға арналған "Мейрімді қала" атты Алматы жануарларының әл-ауқатының "жол картасы" жобасын қабылдайтын болады. Құжат ел арасында пікірталас туғызды. Өйткені ол қарама-қайшылыққа толы. Бір жағынан, қалада қараусыз ит пен мысықтарға қатыгездік танытуға тосқауыл қоятын шаралар қабылданады. Осылайша, тұрғындардың соған қатысты шағымдары легінің азаюына қол жеткізбек.

Екінші жағынан, оларды қыру қолға алынуы мүмкін. Себебі жол картасында "қараусыз қалған жануарлар санын 10 есеге ізгілікті түрде қысқарту" бекітілмек.

Айтқандай, Алматы көшелерінде өліп жатқан жануарлардың өлекселері жыл сайын көбейіп барады. Мысалы, 2017 жылы – 470, 2018 жылы – 385, 2019 жылы – 809, ал 2020 жылдың 8 айының ішінде 527 ит пен мысық мүрдесі жинап алынған.

Әкімдіктің дерегінше, кейінгі 3,5 жыл ішінде қаңғып жүрген 69 мың 300 ит пен мысық ауланған. Соның ішінде 2017 жылы – 23 мың 300-ін, 2018 жылы – 16 мың 700-ін, 2019 жылы – 17 мың 300-ін, 2020 жылдың 8 айының ішінде 12 мыңын ұстады.                                                         

Ресми мәлімет бойынша қалада 2017 жылы – 21 мың, 2018 жылы – 14 мың 400, 2019 жылы – 16 мың 200, ал биылғы жылдың 8 айында 11 мың 200 ит пен мысық өлтірілді.

Қолға түскен осы жануарлардың тек шағын бөлігі ғана иесін тапты. 2017 жылы – 3 мың 315, 2018 жылы – 2 мың 817, 2019 жылы – 2 мың 148, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 1 мың 280-і жаңа үй тапты.

Жалпы алғанда, Алматы тұрғындарының иелігінде биыл 99 мың 289 ит пен мысық тіркелген. Олардың кез келгеніне көшеде қалу қаупі төнуі мүмкін. Себебі қожайыны қажетсіз деп тапса, көзін байлап, тау жаққа апарып тастайды.

Қала тұрғыны Татьяна Тевелевич балалардың тағдыры үшін алаңдайды. Ол Әуезов ауданында Төле би көшесінің бойындағы үйде тұрады.

"Біздің аудан үйсіз иттерге толы. Әсіресе, Ақсай-1, Спорт мектебі маңында және үйлердің ауласында өріп жүр. Кішкентай баласымен қыдыратын аналар көп. Әр жерде үй жануарларының өлексесіне ұшырасамыз. Қаңғыбас иттер байғұс мысықтарды талап, парша-паршасын шығарады. Жақында көршінің чихуахуа тұқымдас декоративтік үй итінің мылжа-мылжасын шығарды. Бейғам балалар таланған мысықтарды асырап күтуге, қолдан тамақтандыруға талаптанады. Олардың ауру тарататынын түсінбейді. Қабаған иттер велосипед теуіп бара жатқан балаларды қуалағанына куә болдым", – дейді Т.Тевелевич.

Ол  – қаңғыбас жануарларды аулаудың жақтаушысы. Аулау қызметін үнемі мазалайды, ал олар болса жануарларды қорғаушы белсенділердің рейдтерінен және шағымдарынан ығыр болып қалған.

"Аулаушылар келуін келеді, бірақ таба алмадық деп сылтауратып кетіп қалады. Қаптап жүрген иттің бірін кездестірмедік дегеніне сену қиын. Жергілікті тұрғындар олардың қайда ұйлығатынын, қоқыс жәшіктерін үнемі қарайлайтынын біледі, келсе, көрсетіп береді. Егер әкім шара қабылдамаса, біз бүкіл тұрғындарды көтеріп, иттердің мәселесімен Президентке дейін шығамыз. Үрейде өмір сүруден зәрезап болдық. Әкімқаралар қаланың элиталы аудандарын ғана қорғаштайды. Бірақ біз де адамбыз. Тыныш өмір сүріп, балаларымызбен аулада қам-қатерсіз серуен құрғымыз келеді", – дейді Татьяна Тевелевич.

Мұндай проблема барлық елді мекенде, тіпті, Нұр-Сұлтанда да бар.

Ал Татьяна Ситникова  – керісінше қараусыз жануарларды аулап өлтіруге қарсы адамдардың бірі.

"Мезгіл-мезгіл иттерді аулап, атып тастап жатады. Қоғам мұндай қатігез әдістерге қарсы. Қаншама рет петиция жинадық. Біздің биліктің бұған мойны жар бермейді, назар аударса да, қаржы жоқ дейді. Шетелдегідей пана-приют жасауға болады. Ауламаса, олар өз бетінше көбейе береді дегенді сылтауратады. Онда стерилизациялау, кастрациялау керек. Бұл иттер онсыз да өмірден теперіш көрген, үйсіз, асыраусыз қалған. Көрсем, жүрегім қан жылайды. Адамды байқаса, қаша жөнеледі. Адамдар оларды өздері ызаландырады. Әйтпесе қаппас еді. Одан да тұрғындарға үйлерінде питбуль ұстауға тыйым салатын заң қабылдасын. Ол шынымен де аса қауіпті ит. Ондайлар далада қалмауы қажет. Иесіз иттердің арасында сүйкімді хаскилер бар, оларды өлтіруге қалай жүректері дауалайды екен", – деді Т.Ситникова.

Қала әкімдігі тұйықтан шығарар жол ретінде тұрғындар қолындағы барлық ит пен мысықты "чиптеуді" ұсынып отыр. Сонда олардың бірі әлдеқалай далада қалса, құзырлы құрылымдар иесін тез табады. 2019 жылы 20 мың, ал 2020 жылдың 8 айында 14 мың 500 үй жануары чиптелді.

Енді жаңа бағдарлама аясында 2024 жылға дейін 50 мың микрочип ендірілмек. Алматының барлық ветеринарлық клиникалары микрочиптерді оқи алатын сканер сатып алуға міндеттеледі.

Жаңа бағдарлама аясында ит-мысықтарды "піштіру" және зарарсыздандыру бағдарламасы күш алуға тиіс. Бұған дейін 2019 жылы – 8 мың, 2020 жылы – 3 мың 300 жануар ғана кастрацияланыпты. Бұдан былай 2024 жылға дейін бірден 32 мың еркек кіндікті үй жануары міндетті стерилизациялаудан өткізілетін болды.

Бұл іске тартылатын қалалық ветеринариялық кәсіпорындар саны 50 екен. Арасында бірде-бір мемлекеттік ветемхана жоқ. Барлығы жеке. Демек жаңа бағдарлама "жануар піштіруші" шағын бизнестің табысын молайтып, дамуына жаңа серпін беретін түрі бар.

Жанат Ардақ

Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу