Сайлау мен шеру

5864

Ресейде аймақтық сайлау өтіп жатқанда, мыңдаған адам зейнетақы реформасынан бас тартуды талап етіп, шеруге шықты.

Сайлау мен шеру

Жексенбі, 9 қыркүйек күні бүкіл Ресейде зейнетақы реформасына қарсы ауқымды шерулер өтіп, оларға мыңдаған адам қатысты. Бұл акция аймақтық сайлаулар өтіп жатқанда ұйымдастырылып отыр. Демонстрация кезінде жүздеген адам тұтқындалды. Олардың көбі – қамауда отырған оппозиция лидері Алексей Навальныйдың жақтастары.

Зейнеткерлік туралы жаңа заң қазір парламенттен өтіп жатыр. Бұл жоба күн тәртібіне шыққалы, президент Владимир Путиннің рейтингі 15 пайызға төмендеді. 2005 жылы да Ресей үкіметі Кеңес дәуірінен қалған зейнетақы жүйесінен бас тартып, дәл осылай үлкен қарсылыққа тап болған-ды.

Навальный Мәскеудегі шеруге басшылық етпек болды. Бірақ, ол өткен айда шерулер туралы заңды бұзды деген айыппен 30 күнге түрмеге жабылды. Оппозиционердің сөзінше, наразылық акциялары РФ-ның 80-нен астам қаласында өткен. Солардың қатарында Мәскеу мен Санкт-Петербург те бар.

Реформа егде жастағы азаматтарға қатысты болса да, шеруге жиналғандардың көбі – жастар. "Мен зейнеткерлік реформасына қарсылық білдіру үшін митингке келдім. Осы елде өмір сүрмекпін. Және де болашағыма үміт артамын. Қартайғанда жақсы тұруымыз керек", – дейді Мәскеудің 22 жастағы тұрғыны Николай Бородин "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Жаңа заң қабылданып кетсе, Ресейде ер адамдар 2023 жылдан бастап зейнеткерлікке қазіргідей 60-та емес, 65 жаста, әйелдер – 55-те емес, 60-та шығады. Айта кетсек, мұнда ерлер орта есеппен – 66, әйелдер 77 жыл өмір сүреді.

"Левада" қоғамдық пікірді зерттеу орталығының шілде, тамыз айларында жүргізген сауалнама қорытындыларына қарағанда, ресейліктердің 53 пайызы зейнеткерлік реформасына наразылық білдіріп, көшеге шығуға дайын, ал, 77 пайызы осы мәселе бойынша референдум өте қалса, түзетілген заңға қарсы дауыс беретіндерін айтқан.

Ресейде жасы 50-ден асқандарға жұмыс орнын сақтап қалу немесе жаңа кәсіп табу оңай емес. "Кеңес одағы құлағаннан бері Ресейдің еңбек нарығы 30-40 жастағыларды көбірек қалап, 50-дің ішіндегілер үшін табыс пен жұмыс табу мүмкіндіктері күрт азайды. Университеттік білімі бар, тәжірибесі мол талай кәсіби маман 50-ден асқанда көше сыпырып кетті", – дейді Мәскеудің экономика жоғары мектебінің профессоры Марина Колосницына.

Сонымен қатар, Ресейде экономика шатқаяқтаған тұста алаңдаушылық күшейіп келеді. "Левада"-ның бейсенбі күні жүргізген өзге бір сауалнама нәтижесіне қарағанда, азаматтардың 48 пайызы жұмыстан айрылып қалудан қауіптенеді. Яғни, соңғы бір жылда сондай қорқынышпен жүрген адамдардың саны 15 пунктке көбейген. Ресейде жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан да төмен. Бірақ, бұл статистикаға жұмыссыздық үшін жәрдемақы сұрамағандар енбеген. Дегенмен, жұмыстың бары да әрдайым жақсы өмірге кепіл емес: Ресейде 5 миллионға жуық адам айына 150 доллардан кем жалақы алады.

Мемлекеттік қаржыландыру үшін азаматтардың зейнеткерлікке шығу жасын көтеру – кешігіп басталған реформа. Өйткені, жұмыс күші азайып бара жатқандықтан, зейнетақы төлеуге кететін мемлекеттік шығындар жыл сайын артуда. Ал, биыл осы мақсатқа 3,3 триллион рубль (48 млрд доллар) жұмсалады екен.

Дмитрий Медведев президент болып тұрғанда, оның әкімшілігінде жоғары лауазымды кеңесші болып қызмет еткен Евгений Гонтмакхердің сөзінше, зейнеткерлік заңына енгізілетін өзгерістер – "үлкен қателік". Өйткені, онда зейнетақыны табыстың маңызды көзі деп есептейтін, кірісі төмен ресейліктердің тағдыры ескерілмеген. "Зейнетақы – миллиондаған ресейлік үшін үлкен дүние. Себебі, олар зейнеткерлікке уақытында шыға алмай, табысының жартысынан айрылайын деп отыр", – дейді Гонтмакхер The Associated Press агенттігіне берген сұхбатында.

Президент Путин жақында телевизиялық үндеуінде ескерткендей, азаматтардың зейнеткерлік демалысқа шығу жасы көтерілмесе, елдің зейнетақы жүйесі күйреуі мүмкін. Бұған қоса, ол 50-ден асқандарды мемлекеттің қамқорлыққа алатынын айта келіп, оларды жұмыспен қамтуға да сенімсіздікпен уәде берді. "Сіздерден өтінемін, мұны түсініңіздер", – деді Кремль басшысы сол үндеуінде.

Аталған реформа мен Путиннің үндеуі түрлі әзілдер мен интернет мемдерге азық болды. Солардың бірі  мынадай мазмұнда: баскесер өтіп бара жатқан адамнан ақша талап етсе,  әлгі адам "мұның тонаушылық қой" деп жауап беріпті. Сонда тонаушы: "мен сенен бұны түсінуді өтінемін" деп тіл қатқан екен. 

Путин зейнеткерлік реформасын жеңілдету үшін оған түзету енгізуді ұсынып отыр. Сол ұсынысқа кейбір санаттағы зейнерткерлерге қоғамдық көлікпен тегін қатынауға рұқсат беру, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін зейнет демалысына ертерек жіберу жайлы жеңілдіктер бар.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу