Зейнет жасын 60 жасқа қысқарту қажет

6805

Үкімет басшысына жолданған депутаттық сауал елді елең еткізді. 

Зейнет жасын 60 жасқа қысқарту қажет

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров үкіметке COVID-19 пандемиясына байланысты зейнетке шығу жасын қысқартуды ұсынды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы еуропалық кеңсесінің мәліметі бойынша, COVID-19 вирусының ерекшелігі – өлімнің басым бөлігі 60 жастан асқан адамдарда кездеседі. Бұл негізінен ағзадағы физиологиялық өзгерістерге, иммундық реакцияның төмендеуіне және қатар жүретін ауруларға байланысты.

Айқын Қоңыров елдегі жағдайға байланысты статистикалық деректерді мысалға келтірді. Деректерге сүйенсек, 2020 жылғы қаңтардан тамызға дейін республикада қазақстандықтардың өліміне қатысты 110 981 акті тіркелген. Оның ішінде 60 жастан асқан азаматтар – 78 637 адам.

"Бұл жалпы көрсеткіштің 71%-дан астамы", – деп нақтылады депутат.

Күзгі-қысқы кезеңнің басталуымен ЖРВИ және тұмаудың маусымдық ауруларына байланысты COVID-19-бен аурудың ауырлығы мен өлім қаупі едәуір артады. Коммунистердің пайымдауынша, COVID-19-дың екінші толқыны, коронавирустық мутация қаупінің өсуі, вирустың басқа да қауіпті штамдарының пайда болуы жағдайында ерекше қауіп тобына жататын қарттарымызды қорғау, олардың қалыпты оқшаулануы үшін жағдай жасау, туындаған мәселелерді дер кезінде шешу өте маңызды. Бұл ретте қосымша қауіпсіздік шараларын қолға алу керек. Әсіресе 60 жастан асқан адамдар үшін.

"Осыған байланысты "Халық коммунистері" фракциясы азаматтарымыздың зейнетке шығу жасын қайта қарауға шақырады. 2013 жылы біз әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайту туралы зейнетақы реформасын қолдамадық. Қазір азаматтарымыздың зейнетке шығу жасын азайтуды және оны әйелдер мен ерлер үшін 60 жастан бастап анықтауды ұсынамыз", – деді депутат.

Оның сөзінше, бұл шара аға буынның өмірі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге ғана емес, экономикалық дағдарыс пен жұмыссыздықтың өсуіне қатысты қолайсыз болжам жағдайында еңбек нарығына оң әсер етеді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу