900 мыңнан астам зейнеткер жүз пайыз зейнетақы алады

Алина Альбекова Алина Альбекова
2914

Зейнетақы тағайындалмай тұрып, оның жаңа базалық мөлшерін 15 күн бұрын білуге болады.

900 мыңнан астам зейнеткер жүз пайыз зейнетақы алады

2,1 млн зейнеткердің біржолғы базалық зейнетақы төлемі автоматты түрде қайта есептелуге тиіс. Осы мақсат үшін республикалық бюджеттік комиссиядан 530 млрд теңгеден астам қаражат бөлу қарастырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова осындай деректі мәлім етті.

2018 жылдың 1 мамырында зейнетақы төлемін алушылар саны 2 141 548 адам болған, зейнетақының ең төмен мөлшері – 49019 теңге, орташа мөлшері – 70756 теңге, ең жоғары мөлшері – 98247 теңге. Алайда қазір базалық зейнетақы төлемі барлық зейнетақы алушыға бірдей ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54% мөлшерінде төленіп жатқан болса, енді 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны есептеу әдісі өзгереді. Оны белгілеу үшін 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеген еңбек өтілі мен осы кезеңнен кейінгі жинақтаушы зейнетақы қоры жүйесіне қатысқаны есептелетін болады.

Егер зейнеткердің еңбек өтілі болмаса және ол зейнетақы жүйесіне ешқашан қатыспаса немесе оның еңбек өтілі тек 10 жыл ғана болса, онда мемлекет оған ең төменгі күнкөрісі деңгейінен 54% мөлшерінде төлем жасауға кепіл береді. Бүгінгі таңда бұл 15274 теңге. Әрбір жұмыс өтіліне 2%-дан қосылады. Яғни зейнеткердің еңбек өтілі 33 жыл болатын болса, онда ол ең төменгі күнкөріс деңгейінен 100% алатын болады.

Нәтижесінде, Светлана Жақыпованың мәліметі бойынша, базалық зейнетақының орташа мөлшері шамамен 25456 теңге болады. Елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100% мөлшерінде базалық төлем алатындар саны жалпы зейнеткерлер санының шамамен 44,5%-ын құрайды, яғни 940 мыңнан астам зейнеткер. Ал 75-90% шамасындағы төлемді зейнеткерлердің 43-44%-ы алады, яғни 930 мыңнан көп зейнеткер. 120 мың зейнеткер ең төмен базалық мөлшерді алады.

Зейнеткерлер 15 маусымнан кейін төлемнің жаңа мөлшерін біліп, қайта есептеу туралы анықтаманы ала алады. Мұны электронды үкімет сервисіндегі "базалық зейнетақы төлемдерін белгілеу" деген қызметті таңдау арқылы алады. Вице-министрдің айтуынша, бұл анықтамаларды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының фронт-кеңселерінен де алуға болады. Вице-министр қайта есептеуде кез келген қате ескерілмейтінін айтты.

"Біз әр зейнеткердің құжатын тексердік. Олардың барлық еңбек өтілі ынтымақты зейнетақы және зейнетақы жарнасын аудару бойынша электронды форматта есептелді. Осы мәліметтердің барлығы төлем жүйесінен және орталықтандырылған мәліметтер базаларынан алынды. Автоматты түрде қайта есептеу қысқа мерзім ішінде іске асқанына қарамастан, зейнеткерлер ісін түгендеу дайындық жылы ішінде жүрді. Қате болуы мүмкін емес", – деп атап кетті ол.

Светлана Жақыпова халықаралық еңбек ұйымы зейнет жасына шыққаннан кейін жойылған кірісінің 40%-нан кем емес зейнетақы төлемін қамтамасыз етуді ұсынатынын еске салып кетті. Ал бүгінде Қазақстанда жойылған кірістің 43%-ы қамтамасыз етіліп отыр. Ал базалық зейнетақыны көтергеннен кейін жойылған кірістің 46%-ы қамтамасыз етілетін болады.

Еске салар болсақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты төленетін зейнетақы яғни ынтымақты төлемінің мөлшері 8%-ға, базалық зейнетақы мөлшері 6%-ға дейін көтеріліп, 15274 теңге болды.

Гүлназ Ермағанбетова, Алина Альбекова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу