Зейнеті жоқ бейнет

5183

Ресейде ер адамдардың 60 пайызы 65 жасқа дейін өмірден өтетінін біле тұра, Кремль олардың зейнетке шығу жасын 65-ке дейін көтермек.

Зейнеті жоқ бейнет

Футболдан әлем чемпионаты ашылған күні Ресей үкіметі азаматтардың зейнетке шығу жасын көтеру жоспарын жариялады. РФ билігі неліктен мұны маусымның 14-де хабарлады деген сауалға келсек, бұл жерде ресми Мәскеудің мундиаль басталып жатқанда, көпке жақпайтын жағымсыз жаңалық у-шудың астында көміліп қалады деген есебі болса керек.   

Премьер-министр Дмитрий Медведевтің жоспары бойынша, алдағы 10-16 жылдың ішінде ер адамдардың зейнетке шығу жасы 60-тан 65-ке дейін, әйелдер үшін 55-тен 63-ке дейін көтеріледі. Бірақ, статистикаға жүгінсек, Ресейде еркектердің 60 пайызға жуығы 65 жасқа дейін қайтыс болады екен. Ал, әйелдер орта есеппен 73-ке дейін өмір сүруі мүмкін. Демек, талай ер адам ғұмырлық бейнетінің зейнетін көре алмай, көкірегін өкініш кернеп о дүниеге аттанып кете бармақ.

Президент Владимир Путин бір кездері адамдардың зейнетке шығу жасын көтермеуге уәде берген-ді. Енді ол сол сөзінде тұрмағаны үшін үлкен сынға ұшырап отыр. Кремльге сенсек, Ресейде тұрғындардың өмір жасының ұзаруы туралы болжамдар мен экономикалық белгісіздік ерте ме, кеш пе, ресейліктердің зейнетке шығу жасын бәрібір көтеруге мәжбүрлейтін еді. 

Ал, мұндай мәлімдемемен халыққа жағу мүмкін емес.

Рейтинг төмендеді
Жақында ВЦИОМ қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жүргізген сауалнама қорытындысына қарағанда, үкіметтің зейнеткерлік жоспары жарияланғаннан кейін Путиннің рейтингі 77 пайыздан 63 пайызға дейін төмендеп кетті. Бұл – Кремль басшысы үшін 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялағаннан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Кремльдің бұрынғы спичрайтері, саясаттанушы Аббас Галимовтың ойынша, Путин рейтингінің түсуі зардапсыз болмайды. Өйткені, Федерация үкіметі президенттің беделінің арқасында ғана қызмет етіп тұр. "Егер сол іргетас теңселетін болса, құрылым тұтастай күйрейді", – дейді Галимов BBC-ге берген сұхбатында. Бірақ, Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, Путин өз рейтингін қадағалап отырған жоқ,  ол Ресей халқына қолынан келген бар жақсылықты жасаудың қамымен жүр. Сонымен қатар, Песковтың айтуынша, президент даулы жоспарды жасақтауда ешқандай рөл ойнаған жоқ.

Путин миллиондаған ресейліктің жанын жаралаған коррупциялық капитализмге, қарақшылыққа, кедейшілікке он жыл толғанда, яғни, 2000 жылы билікке келді. Сол кезде жаңа президент елін әлемдік аренада да ұлы мемлекетке айналдыруға уәде берді. ВВП басқарған алғашқы екі мерзімде Ресейде жұмыссыздық деңгейі төмендеп, дүниежүзілік нарықта мұнай бағасының қымбаттауы РФ-ның жалпы ішкі өнімі тұрақты түрде артты. Бірақ, кейінгі кездері жағдай өзгерді. Ресей энергетикалық шикізаттың арзандауы мен халықаралық санкциялардан екі жылдық рецессияға ұшырап, одан енді ғана ес жиып келеді.

Дегенмен, Мәскеу Карнеги орталығының аға ғылыми қызметкері Андрей Колесниковтың ойынша, зейнет жасының көтерілуі Путиннің беделін соншалықты түсіре қоймас. "Путин жұртты әлі де бір тудың астына жинай алады. Ресейліктерге Путинді қолдайсыз ба деген сауал қою, отаныңызды қолдайсыз ба деген сауал қоюмен бірдей", – дейді Колесников.

 "Зейнеткерлік жасын емес, зейнетақыны көтер!"
Өткен аптаның соңында Ресейдің 30-дан астам қаласында шерулер өтіп, оларға мыңдаған адам қатысты. Шерушілер "Зейнеткерлікке шығу жасын емес, зейнетақыны көтер!" деп ұрандатып, тіпті президенттен отставкаға кетуді талап етті. Демонстранттардың сөзінше, Медведевтің жоспарынан миллиондаған адам зардап шегейін деп отыр. Дегенмен, Әлем чемпионаты өтіп жатқан 11 қалада мұндай акциялар ұйымдастырылған жоқ. Солардың қатарында Мәскеу мен Санкт-Петербор да бар.

Ресей Коммунистік партиясы ірілігі жағынан парламентте екінші орында тұр. Ол билікті зейнеткерлік реформаны доғаруға мәжбүрлеу үшін шілденің 28-де жалпыхалықтық шеру өткізуге шақырды. Кремльді сынаушы Алексей Навальный болса, Медведевтің жоспарын "нағыз қылмыс" деп атады.

Ресей мемлекеттік статистикасына жүгінсек, елде 36 миллионға жуық зейнеткер бар. Ал, орташа зейнетақы – 220 доллардың ар жақ, бер жағы. Сондықтан, көптеген қарт жартылай жұмыс істеуге мәжбүр немесе отбасы мүшелерінің табысына тәуелді.

Өткен аптада РФ қаржы министрі Антон Силуанов халықты кәрілікке ақша жинауға және мемлекеттік зейнетақыға аса сүйенбеуге шақырамын деп, үлкен сынға ұшырады. Ресми мәліметтерге қарағанда, Ресей тұрғындарының 15 пайызы кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Өйткені, олардың айлық табысы 165 долларға да жетпейді.

Ресейде зейнеткерлікке шығу жасы Сталин заманынан бері өзгермей келеді. Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл салада реформа жүргізетін уақыт пісіп-жетілді. Себебі, мемлекеттік зейнетақы қорындағы қаражат азайып, халық саны өсіп келеді.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу