Құрылысы басталып, жарты жолда қалған нысандар – ірі қалалардағы басты мәселелердің бірі. Себебі олар шаһардың ажарын кетіріп қана қоймай, есірткі мен ащы суға жақын адамдардың панасына айналып, өзге жұрттың үрейін туғызуда, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар қаласында да мұндай нысандар аз емес. Солардың бірі №24 мектептің жанында орналасқан-ды. Бұл аумақтан күн сайын оқушылар өтетіндіктен, ата-аналар олардың қауіпсіздігіне алаңдаулы болды.
"Қабырғасы жартылай қаланған ғимараттың тұрғанына бірнеше жыл болды. Не құрылысы аяқталған жоқ, не сүрілген жоқ. Балалар мектептен келе жатқанда жолшыбай ішіне кіріп ойнайды. Ертеңгі күні жарақат алса, кім жауап береді? Тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтардың да жиі төбе көрсететінін көреміз. Мұның барлығы қауіпті", – деді Анар Есілбаева есімді тұрғын.
Абырой болғанда, көпшіліктің көңіліне күпті болған Жамбыл көшесі, 15 мекенжайдағы бұл нысан жақында сот шешімімен толығымен сүрілді. Бірақ оған қол жеткізудің өзі оңай болған жоқ.
Әу баста жергілікті кәсіпкерлердің бірі мұнда шағын дүкен ашуды жоспарлаған-ды. Осы мақсатта құрылыс жұмыстарын да бастады. Бірақ қаражаттың болмауы салдарынан діттеген ойы іске аспай қалды. Мекеменің құрылысы аяқсыз қалғаны сол маңдағы тұрғындардың көңіліне жақпады. Олар бірнеше рет құзырлы органдарға шағым түсіріп, іс сотқа дейін жетті.
Осыдан бес жыл бұрын кәсіпкер сот отырысы барысында жақын күндері дүкен ашатынын айтып сендірген-ді. Алайда бұл сөзі құрғақ уәде болып шықты. Соттан соң да сең қозғалған жоқ. Ақыры бұл іске жергілікті билік араласып, сот 2020 жылы нысанды бұзуға қатысты шешім шығарды. Бірақ кәсіпкер бұл шешімді орындауға да асыққан жоқ.
Талай жылдан бері түйіні тарқамай келе жатқан іске таяуда құрылған Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Нұргүл Айғожина кірісіп, құзырлы органдар күш салып, ақыры дүкенге айналуға тиіс болған "сақалды" құрылыс сүрілді.
Сол сияқты облыс орталығындағы Қайырбаев көшесі, 98 үйдің ауласындағы дүкен құрылысы біраз уақыт бойы жергілікті жұртшылықтың бас ауруы болған-ды. Мұнда да ескі газгольдерлердің орнына сауда орнын ашу жоспарланған болатын. Бірақ тұрғындар бұған қарсы шықты. Сол ауладағы азаматтардың небәрі үшеуі дүкеннің салынуын құптаса, 249 адам қарсылық танытты. Тағы 54 тұрғын пікір білдіруден шет қалды.
Мұнда да кәсіпкер құрылысты тиісті рұқсатқағаздарсыз бастағаны белгілі болып, сот аяқсыз қалған нысан бұзылуға тиіс деген шешім шығарды. Оның іске асуы да біраз уақыт алды. Десе де, тұрғындар мақсатына жетіп, ауласы керек емес нысаннан босады.
Таяуда Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзайыпов осы аулаға барып, тұрғындармен кездесіп, босаған жерге не салуды қалайтынын сұрады.
"Ауланың дәл ортасында бос жер учаскесі бар. Тұрғындар мұнда балаларға арналған ойын және спорт алаңдарын салу, автотұрақ қарастыруға қатысты ұсыныстарын айтты. Олармен ақылдасып,бұл учаскеде воркаут алаңын қою туралы шешімге келдік", – деді Ержан Иманзайыпов.
Павлодар қаласында "сақалды" құрылыстардың саны екі нысанға азайғанымен, мәселе әлі де өзекті болып қалып отыр. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, бүгінде облыс орталығында құрылысы аяқталмаған 15 нысан бар. Сол сияқты Екібастұзда 5, Ақсуда 6 нысан проблемалық болып есептеледі.