Салық кодексін қайта жазу қажет

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13324

Кәсіпкерлер қолданыстағы құжаттың кейбір талабын түсіне алмай жүр. 

Салық кодексін қайта жазу қажет Фото: sputniknews.kz

Осыдан 2 жыл бұрын қабылданып, қолданысқа берілген салық кодексінің түсініксіз тұстары көп. Мәселеге сенатор Дәурен Әділбеков назар аударды.

Оның айтуынша, биз­­нес салық органдарына 639 позиция бойынша есеп береді. Салық есебінің күрделі механизмі кәсіп­керлерді түсініспеушілікке тап қылып, айып­­пұл арқалауға мәжбүрлейді.

"Патенттік және жеңіл­­детілген салық салу жүйесінің өзі бизнес субъек­тілеріне штат санын кө­бейту мен жеке бухгалтер немесе салық маманын қосуды талап ете­ді. Мәселені шешу үшін үкіметке салық заң­­на­масын қайта қарап, заңға тәуел­ді актілердің санын азайту қажет. Салық есептілігін қыс­қартып, салық есеп­теудің тәсілін қарапайым әрі түсінікті еткенде ғана кәсіпкерлер айыппұлдан құтылады, ал бюджетке салық дер кезінде түседі", – деді сенатор.

Біле жүріңіз, соңғы 11 жылда қолданыстағы салық кодексі 16 рет өзгертіліп,3 рет қайта жазылды. 2009-2018 жылдар аралығында салық кодексіне 130 өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Бұрынғы салық кодексінде 798 бап болған, қолданыстағы құжатта 773 бап бар.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқын қорғау жө­ніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтің пікірінше, қолданыстағы салық салу жүйе­­­­сіне шағын бизнес субъектілері мен  өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қырын қарайды. Себебі олар салық кодексін түсінбейді.

"Президент мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіп субъектілерін тексеруіне тыйым салып, шағын және орта бизнес өкілдерін салықтан босатты. Үкіметке осы уақытты пай­да­ланып, шағын және орта бизнес үшін салық талабын түсінікті тілде қайта жазып шығу керек. Іс барысында бизнестің іріленуі мен деңгейінің өсуіне ерекше назар аудару қажет", – деді бизнес-омбудсмен.

Белгілі болып отырғандай, салық жүйесін­дегі бюракратиямен көбінесе жеке сектор бетпе-бет келеді. Олардың мәселесін мораторий мерзімі аяқталғанға дейін шешкен жөн.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған биылғы жолдауында: "Азаматтарға түсінікті салық саясатын әзірлеуіміз керек. Бүгінде 40-қа жуық алым-салық алынады, әкімшілендіру ісі күрделенген және айқын мәжбүрлік сипатқа ие", – деді.

Айта кетейік, Қазақстан салық жүйесінің қолайлығы бойынша әлемдегі 189 елдің ішінде 64-орынға орналасқан. Бұл – жағдай анау айтқандай жақсы емес деген сөз.

Paying Taxes 2020 зерттеуі бойынша, еліміздегі алым-салықтың орташа мөлшерлемесі – 28,4%. OECD тізіміндегі дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40,4%. Бірақ олар рейтингте бізден жоғары тұр.

GSB UIB директоры Мақсат Халықтың сөзінше, қолданыстағы салық кодексінің шикі тұстары көп. Бір бап екінші бапқа қарсы.

"Ұлттық экономика министрлігі қосылған құн салығы алынатын табыстың шегін түсіреміз деп шықты. Оған кәсіпкерлер наразылық білдірді. Шағын бизнеске мұндай салық салынатын болса, әр кәсіпкер бас бухгалтер жалдап, қарамағына бірнеше маман алу керек. Ол бухгалтер мықты, білікті маман болуы тиіс. Өйткені қазіргі салық кодесін әр маман түсіне бермейді.

Салық кодексінің нормалары түсінікті болғанда да салық төлеушілер көлеңкелі экономикаға қадам жасамайды", – деді директор.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу