Салық кодексінің кешіккені, реформаға тұсау

474

Президенттің жаңа Салық кодексі мен Бюджет кодексін қабылдау туралы тапсырма бергеніне 3-4 жылдың жүзі боп қалды. 

Салық кодексінің кешіккені, реформаға тұсау Фото: canva.com

Бір жағы экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы бар, бір жағы бюджет тапшылығы – бұл шаруы сағызша созылып келеді. Тіпті мұнда мүдделер қақтығысы бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. Ал ол кешіккен сайын, реформалық бастамаларға тұсау түсіп, экономикадағы ахуал күрделі күйінде қалып тұр. Бірі ел қазынасын тиянақты толтыруға, бірі ұқыпты жұмсауға бағытталған осы екі құжаттың дәл қазіргі уақытта маңыздысы – Салық кодексі болып тұр.

Фискальды парадигма өзгеруге тиіс

Әрине, бұған дейін де еліміздің салық саясаты аз реформаланған жоқ. 1991 жылы нарықтық қатынастардағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қабылданған "Салық туралы" Заң 1995 жылы әлемдік стандартқа сай болуы керек деген желеумен салық пен бюджет боп топтастырыды.

Ол кезде салық саны 17 түрге дейін оңтайландырылған еді. 2001 жылы алғашқы Салық кодексі қабылданды. Экономиканың өсуіне сәйкес, салық салу базасы кеңейді, салық төлеушілерді қадағалау күшейді. 2008 жылы іскерлік белсенділікті ынталандыру арқылы салық жинауды артыруға бағытталған жаңа редакциядағы Салық кодексі қабылданды. Ынталандыру негізгі салықтарға ставканы төмендету жолымен жасалды. Бірақ бұлардың барлығы өз жемісін бере қойды деп айта қою қиын. Сондықтан да, есте болса 2012 жылы елімізде "салық ревизиясы" жүргізілген еді. Ал қазіргі Салық кодексі 2017 жылы қабылданды.

Оның ерекшелігі, көптеген өзгертулер мен толықтырулардан тұратын 53 пакет түзетулердің енгізілгені. Десе де уақыт өте келе "баяғы жартас сол жартас" екені байқалды. Неге? Өйткені, қай елдің болмасын салық саясатындағы басты мақсаты – бюджетті толтыру сияқты, салық заңнамасының барлық нұсқалары бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайта түсуге арналды, яки фискальдық парадигма бірінші орында тұрды.

Одан бюджет тапшылығы жойылып кеткен жоқ. Ұлттық қорға қол салу азаймады. Экономиканы диверсифакация жасауға мұрша болмады. Осылайша, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің Салық кодексіне кезекті рет елеулі өзгерістер енгізілді. Мұндағы бір мақсат, фискалды саясаттың желісімен бюджетті толтыру болса, ендігі бір мақсат көлеңкелі экономиканы жарыққа шығару болды.

Жаңашылдықтардың ішінде  ел ауызында "Гугл салығы", "майнинг салығы" аталып жүрген алымдар енгізілді. Жалпы сол жолғы өзгерістердің реттеушілік және алымшылық сипаты басым еді. Дегенмен сарапшылар қауымы түбегейлі өзгерістер жасалмай, мәселе шешілмейтінін айтып дабыл қақты.

Соған сәйкес, сол жылы Мемлекет басшысы фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексін әзірлеуге тапсырма берді. Оның ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылуға тиіс екенін айтты.

"Сондай-ақ, жұмыс барысында бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керек.

Тағы бір басымдық – салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру. Ол үшін экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшкен жөн. Пайданың технологиялық жаңғыруға және ғылыми әзірлемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын төмендету немесе одан босату тәсілін енгізу керек.

Салық төлеушілердің салықтан жалтаруға құмарлығын азайту үшін арнайы салық режімдерін жеңілдету керек. Салық жүктемесін төмендету мақсатында ұйымдарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу мәселесі жаңа кодексте қарастырылуы қажет. Сауда-саттық заман талабына сай дамуы үшін мөлшерлемесі ойға қонымды әрі рәсімдері қарапайым бөлшек сауда салығын қолдану аясын кеңейту керек", – деді Президент сол жылғы Жолдауында.

Содан бері түрлі өзгерістер мен толықтырулар үздіксіз енгізіліп жатқанымен, Салық кодексінің түбегейлі бір нұсқасы әлі дайын болған жоқ. Тығырықтан шыға алмай тұрған жайымыз бар. Энергетикалық та, агроөнеркәсіптік те ресурстарымыз мол бола тұра импортқа тәуелді боп отырмыз. Ал оған қарсы қояр салық көзі боларлық отандық компаниялардың қатарын арттыра алмадық.

Салық саясатында фискалды сипатынан бөлек көлеңкелі экономиканы жарыққа шығару, жеңілдіктермен ынталандыру, артық табыстан алым алу сынды тағы да басқа реттеушілік тетіктер жетерлік. Соларды біздің мемлекетіміз сонау Тәуелсіздік алғаннан-ақ мүмкіндігінше қолданып келеді. Дегенмен осы жылдар аралығында Қазақстан фискалды бағыт пен мотвациялық бағыттың тең ортасын таба алмай келеді. Өйткені, көзсіз жеңілдік жасау ел қазынасын толтыруға кедергі болса, ауыр салым-салықпен елді қинауға тағы болмайды. Сондықтан да биыл біз бұл мәселенің мәресіне жеттік. Енді батыл қадамдар жасамасақ, жедел жүзеге асырмасақ, Салық кодексінің кешіккені жасалып жатқан реформаларға тұсау болмақ.

Соңғы ұсыныстар Мәжіліске түскен жоқ

Сонымен қабылдануы 3-4 жылға созылып келе жатқан Салық кодексінің жобасына қатысты соңғы ұсыныстар Парламент Мәжілісіне әлі келіп түскен жоқ. Депутаттар ел ауызында айтылып жүрген ҚҚС және тағы да басқа әңгімелермен норма жүзінде таныс емес. Сондықтан да олар депутаттық сауал жолдап, заң жобасын тездетуді талап етіп отыр. Ал Үкімет ұсыныстардың бас-аяғын жинау үшін әлі ел аралап жүр.

Дәл қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде былтырғы қыркүйектен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет әзірлеген жаңа Салық кодексінің жобасы қаралуда. Ол әлі толыға түсетіні сөзсіз. Әзірге қолда бар жобада жаңа жеңілдіктер мен ынталандыруға қатысты нормалар қарастырылуда.

Атап айтсақ, салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер санын кем дегенде 20%-ға қысқарту бойынша нормалар. Соның ішінде, айтарлықтай фискалдық қайтарымы жоқ төлемдер алынып тасталады, кейбіреулері біріктіріледі.

"Бізде тек 12 салық бар. Олар халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Шаруа және фермер қожалықтарынан алынатын бірыңғай жер салығы ғана табыс салығымен мәндес. Сондықтан бірыңғай жер салығын (БЖС) жеке табыс салығына ауыстыру ұсынылған. Шаруалар мен фермерлер үшін жеңілдікті режимнің өзі сақталады. Сыртқы жарнаманы орналастырғаны үшін және жекелеген қызмет түрлерімен айналысқаны үшін, лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемдер алып тасталады. Жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін, орманды пайдаланғаны үшін және жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемдер бір төлемге, яғни табиғи ресурстарды пайдалану үшін төлем болып біріктіріледі. Жалпы, жоба бойынша төлем мөлшерлемелер саны 77-ге қысқарады. Сонымен қатар, алымдардың 6 түрін қысқарту ұсынылып, олар бойынша мөлшерлемелердің 34 түрін алып тастау ұсынылып отыр. Мемлекеттік баждардың да 5 түрін алып тастап, олар бойынша мөлшерлемелерді 51-ге қысқарту ұсынылып отыр. Бұл салықтар мен төлемдер санын 20%-дан астамға қысқарту міндетін орындауға мүмкіндік береді", – дейді жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев.

Салық кодексінің жобасы бойынша жұмыс тобының құрамына депутаттардан басқа қоғамдық ұйымдар мен бизнес өкілдері қосылды. Жоба бойынша көптеген ұсыныстар түсіп, олар жан-жақты талқылаудан өтуде. Пікірлер әр түрлі бірақ олардың бәрі жобаның тұстарын жақсартуға бағытталғаны сөзсіз. Қаралатын тұстары әлі көп. Соның бірі – ел ауызында жүрген қосымша құн салығы (ҚҚС).

"Біздің ұсыныстарымыздың мәні бір – ҚҚС мөлшерлемесін күрт өсірмес бұрын қолда бар басқа тетіктерді қарау. Яғни, бюджеттің шығыс және кіріс бөліктерінің тепе-теңдігін, балансын керек емес шығындарды қысқарту арқылы қамтамасыз ету қажет. Түрлі мәліметтер бойынша экономикамыздың үштен бірін құрайтын көлеңкелі экономиканы жою үшін іс-шаралар қабылдау да қажет. Өз істерін жүргізіп отырған, немесе жаңадан кәсіп ашам деген кәсіпкерлерге ол үшін ыңғайлы жағдай жасау керек. Бұл бір.

Екіншіден, қаралып отырған Салық кодексінің жобасында арнаулы салық режимдері оңтайландырылу көзделген. Яғни, салық жеңілдіктерінің көлемін кем дегенде 20%-ға қысқарту. Кодекс жобасы бойынша 1,3 трлн. теңгеден астам сомаға 110 салық жеңілдіктерін алып тастау ұсынылады. Одан бөлек, 400 млрд теңгеден астам сомаға 29 салық жеңілдіктері бойынша қолданылу мерзімін шектеу де қарастырылған. Біздің ойымызша, Салық кодексінің жобасы осы тұстарды қайтадан қараған жөн. Әлі де салық жеңілдіктерін қысқартатын резерв бар деп есептейміз.

Үшіншіден, ҚҚС бойынша есепке қою шегін қазіргі 78 миллионнан 15 миллионға дейін төмендету де негізсіз деп санаймыз. Біз мұндай әрекет кәсіпкерлікті дамыту, қолдау көрсетудің орнына керісінше теріс ықпал етеді деп ойлаймыз. Өйткені, соның салдарынан бизнестің көлеңкеге кетіп қалуы немесе жабылып қалуы мүмкін. Ол дегеніміз әлеуметтік қатерлерге, яғни жұмыс орындарының жабылып қалуына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан оны да қайтадан жан-жақты талқылау қажет", – дейді депутат.

Оның айтуынша, төртіншіден, салық әкімшілендіру мәселесі бойынша жұмыстарды жандандыру қажет. Осы жерде бюджетті толықтыру бойынша тетіктер бар. Оған мысал ретінде темекі өнімдерінің акцизін келтіруге болады. 2022 жылы өндірушілер мен импорттаушылар 1,3 миллиард қорап темекі акцизбен таңбаланса, 2024 жылы 1 миллиард қорапқа жуық темекі таңбаланған. Яғни, екі жыл ішінде саны 300 миллионға азайған. "Сонда елімізде темекі шегетіндер сонша азайып кетті ме? Заңды импорт неге азайып кеткен?" деген заңды сұрақ туады. Оған жауап – темекі контрабандасының көбейгенінде. Заңсыз темекі өнімдері базарлар мен дүкендерде ашық түрде 350-400 теңгеден сатылады. Бұл мысал тек темекі өнімдеріне ғана қатысты. Ал, темекіден басқа бізде басқа да тауарлар, аяқ кіим, дәрі-дәрмек сияқты заттар да импортталады Ендеше, олардың қаншамасы заңсыз елімізге кіріп жатқаны белгісіз. Басқаларын қоспағанда темекінің өзінен 100 миллиардқа жуық түсім бюджеттен тыс кетіп отыр. Сондықтан салық әкімшілендіруге баса назар аудару қажет.

Салық омбудсмені қажет

Өткен аптадан бері Үкімет осындағы бастамаларын талқылайтын алты жұмыс тобын құрып, өңірлерде жергілікті бизнес қауымдастықпен кездесулер өткізуде. Жаңа Салық кодексінің жобасына түзетулерді 20 ақпанына дейін Мәжіліске енгізуді жоспарлауда.

Ол қандай ұсыныстар екенін уақыт көрсетер. Осы ретте белгілі қаржыгер-экономист Расул Рысмамбетов мұндағы лоббиге қарсы батыл шешімдер қабылдау қажеттігін айтып жүр.

"Құр Салық кодексін өзгерте бергеннен ештеңе ұтпаймыз. Өйткені, оған әр тарап өз мүддесін тықпалайды. Мәселен, "Атамекен" өзіне қолайлы жеңілдіктерді, қайбір министрліктер өздеріне қажет арнайы режимдерді қосып-ақ келеді. Былайша айтқанда, Салық кодексі біртұтастық жоқ жамау-жамау құрақ көрпеге айналып кетті. Ал шындығында бұл құжаттағы кез-келген екіұшты тұжырымдар кәсіпкердің пайдасына қарай тәпсірленуге тиіс. Осы мақсатта Салық омбудсмені деген институт енгізу керек. Салық Кодексінің соңғы түсіндірмесін сол айту керек. Әйтпесе, салық инспекторлары қандай да бір әрекеттерін дәлелдеу үшін ішкі құжаттарына сілтеме жасайды. Ал ол құжаттың бар-жоғын кәсіпкерлер білмейді, тіпті біле де алмайды. Соның кесірінен салынған айыппұлдардың сомасы салықтай қарыздардың сомасынан да асып кетіп жатады", – дейді ол. 

Оның айтуынша, салық органдарының бизнесті тұншықтыру деген мақсаты жоқ болар, бірақ олар қызметтік құжаттарды бұлжытпай орындауға мәжбүр. Сол себеп, заңнан кіші нормативті-құқықтық актілер, ішкі нұсқаулықтар салық саясатына кесірін тигізбеуі керек.

Сондай-ақ, Жұмыс беруші аударатын зейнетақы жарнасын да тоқтатпау керек. Бұл жаңа бастама белгілі бір жемісін бергенше тиіспеу қажет. Сол сияқты бюджеттің жұмсалуында да мән бар. Тірнектеп жиналған салықты беталды шаша беруге болмайды. Ендеше, Салық Кодексінен кейін Үкімет Бюджет кодексінің де түбегейлі нұсқасын қабылдауға кірісуі керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу