Салық органдарынан қазақстандықтарға қатаң ескерту келе бастады

20344

Құжат тапсырмағандар хаттама толтыру үшін шақырылуда. 

Салық органдарынан қазақстандықтарға қатаң ескерту келе бастады Фото: lada.kz

Еліміздің әр өңіріндегі тұрғындарға хабарлама келіп жатыр, олар жалпыхалықтық декларациялау аясында 15 қыркүйекке дейін "250 формасын" тапсырмаған.

Учет.kz жазуынша, салықшылар мыңдаған қазақстандыққа мемлекеттік кіріс органына тез жетуге тиістігін мәлім етті.

Салық төлеушінің келуі қажеттігі туралы хабарлама келесідей стандартты нұсқада болып келеді: "Бәленше (мысалы, Медеу) ауданы бойынша МКБ хабарлайды: Сіз Салық кодексінің 632-бабының 1-бөлімінің 2-тармағын бұзуға жол бердіңіз. Атап айтқанда, сіз 250 нысаны бойынша салық есептілігін ұсынбадыңыз", – делінген хабарламада.

Әрі қарай мемкірістер комитеті "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" №121-VI ҚРЗ заңының 45-1-бабына сәйкес, жалпыға бірдей декларациялаудың 3-ші кезеңі аясында "Активтер мен міндеттемелер туралы декларация" 2024 жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей, электронды және қағаз күйде тапсырылып болуға тиістігін еске салады. Бұл мерзім өтіп кетті.

"Осыған байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру үшін сізге келесі мекенжайға (адресі жазылады) келуіңіз керек", – делінген хабарламада.

Ал, декларацияны қате тапсырғандарға оны түзетуге мүмкіндік беріледі. Түзетпесе, оларға да әкімшілік хаттама толтырылады.

3-ші кезеңде, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың, барлық компаниялардың басшылары, құрылтайшылары, қатысушылары және олардың бәрінің әйелдері-күйеулері тапсыра бастады. Алдын ала есептеулер бойынша үшінші кезеңге 3,9 миллионнан астам жеке тұлға кірген.

Ең күрделі кезең келесі жылы басталмақ: 2025 жылы Қазақстанның бүкіл халқы – жасы 18-ден асқан азаматтар тегіс декларантқа айналады. Декларация тапсырмаса, оларға да жаппай айыппұл салынады. Соның нәтижесінде, жаңа жылда тағы 6,4 миллион адам декларанттар қатарын толықтырады деп жоспарлануда.

Жалпы алғанда, 2025 жылдан бастап, кәмелетке толған, ересек 13 миллиондай адам жалпыхалықтық декларациялау жүйесіне ілігеді.

Басқаша айтқанда, бұдан былай мемлекет әрбір қазақстандықтың банктерде және үйлерінде тығулы жатқан қанша ақшасы, елімізде және шетелде қандай жылжымайтын мүлкі, қандай көлігі, тіпті алтын-гауһар әшекейі, қымбат картинасы, асыл тұқымды жылқысы, иті және басқа да бағасы жоғары жануары барын егжей-тегжейіне дейін білетін болады.

Осы орайда Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті декларацияны уақытында тапсырмаған немесе қате тапсырған адамдарды қандай жаза күтіп тұрғанын түсіндірді.

"Декларацияны ұсынбау немесе ақпаратты дұрыс көрсетпеу бірінші рет ескерту түріндегі әкімшілік жауаптылыққа әкеледі. Бір жыл ішінде бұзушылықтар қайталанған жағдайда, уақтылы тапсырмағаны үшін – 15 АЕК (2024 жылы 55 380 теңге), мәліметті анық емес көрсеткені үшін – 3 АЕК (11 076 теңге) айыппұл салынады", – деп хабарлады комитет.

Айыппұлдар келесі жылы өседі, өйткені жаңа бюджет жобасына сәйкес,1 АЕК көлемі қазіргі 3 692 теңгеден 3 932 теңгеге дейін ұлғаяды. Салдарынан, 2025 жылы уақтылы тапсырмағаны үшін айыппұл сомасы – 58 980 теңгеге дейін, мәліметті қате көрсеткені үшін – 11 796 теңгеге дейін көбейеді.

Бұл айыппұлды төлей алмағандардың немесе төлеуден бас тартқандардың жазасы еселеп ауырлайды.

"Салықтардың төленбеуіне әкеп соқтырған бұзушылықтар үшін айыппұл төленбеген салық сомасының 200%-ын, егер бұзушылық қайталанса – 300%-ын құрайды (салық салу объектісін жасырған кезде)", – деп ресми түсініктеме берді комитет.

Мамандарының түсіндіруінше, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне" бертінде енгізілген өзгерістерге сәйкес:

  • Егер салықтөлеушi салық салу объектiлерiн жасырса – жеке тұлғаларға жасырылған салық салу объектiсi бойынша төленуге жататын салық және басқа да мiндеттi төлемдер сомасының 200%-ы мөлшерiнде айыппұл салынады.     
  • Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаса, не әрекетсіздік танытса – жасырылған салық салу объектiсi бойынша төленуге жататын салық және басқа да мiндеттi төлемдер сомасының 300%-ы мөлшерiнде айыппұлмен жазаланады.
  • Егер жеке тұлға Қазақстаннан тысқары жерлерде орналасқан меншік құқығындағы мүлкінің, сондай-ақ шетелдегі банктердегі банктік шоттарында ақшасының болуы туралы ҚР салық заңнамасына сәйкес жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетілуге жататын мәліметтерді жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетпеу жолымен жасырса – 100 АЕК (2024 жылы 369 200 теңге) айыппұл салынады.
  • Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде бұзушылықтарды жоймаса – 200 АЕК (2024 жылы 738 400 теңге) айыппұл салуға әкеп соғады.

Азаматтар қосымша декларация тапсыру арқылы қателігін немесе бұрынғы декларациясының дәл, анық емес тұсын өз бетінше түзете алады. Бұзушылықты өз бетінше түзетсе, айыппұл салынбауға тиіс.

"БК Audit" ЖШС басшысы Айжан Балакешова осы орайда Президентке үндеу жолдап, барлық қазақстандықты жаппай декларациялауды кейінге ысыруды ұсынды. Өйткені мемкірістер органдары 13 миллионнан астам декларанттың мәселесімен айналысуға қауқары жетпей қалуы мүмкін.

Қазірдің өзінде, үшінші кезеңінде бұл басқармалардың ғимараттары келушілерге аузы-мұрнынан шыға толуда.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сізге Қазақстанның барлық салық төлеушілері атынан үндеу жолдап отырмын. Біз сізден декларациялаудың 3-ші және 4-ші кезеңін 2027 жылғы 1 қаңтарға ауыстыруды сұраймыз! Себебі, проблемалар туындауда. Мемкірістер органдары жалпыға бірдей декларациялауды толық ауқымда іске қосуға дайын еместігін байқатты. Азаматтарға да қиынға түсуде: орындау талап етілетін белгілі бір талаптар бар. Мысалы, дебиторлық, кредиторлық қарызды нотариустер арқылы растау қажет. Бұл тұрғыда бір цифрдан қате жіберу тәуекелі болғандықтан, бірде бір нотариус басын бәйгеге тіккісі келмейді", – деп мәселеге назар аудартты кәсіпкер.

Ол биылғы қыркүйекте, декларация тапсыру уақыты аяқталып қалған тұста Мемкірістер комитеті тарапынан Республикалық нотариалдық палатасына арнап, нақты әдістеме жарияланбағанын айтты.

Сарапшы қарапайым декларацияны тапсыруда да қиындық көп екенін қаперге салды. Мәселен, оны тапсыруға міндеттелген, бірақ белгілі бір жағдайға байланысты оны тапсыра алмайтын, тіпті қалай тапсыруға болатынын білмейтін адамдар жетерлік. Оларға бас бостандығынан айыру орындарында отырғандар, мүгедектер, қариялар және басқасы жатады.

Елде немесе шетелде із-түссіз жоғалған, құлдықта отырған адамдар да декларация толтыра алмайды, кейін табылып, үйіне аман оралып жатса, олардың мойнында үлкен айыппұл ілініп тұруы, тіпті қылмыстық қудалануы мүмкін.

Айжан Балакешова бұл үндеуін қыркүйекте жариялаған екен. Содан бері Үкімет тарапынан реакция байқалмады. Қоғам тарапынан қолдау бар. Ол декларация тапсырушылардың тағы бір тығырыққа тірелгенін жеткізді.

"Мәселен, криптовалютаға қатысты да күрделу жағдай қалыптасты.  Істің мәнісі сол, 2020 жылдан бері Азаматтық кодекске сәйкес, криптовалюта мүлік болып танылды. Алайда "Цифрлық активтер туралы" заңы тек 2023 жылы қабылданды. Яғни, 3 жылдық олқылық туындады. 250 және 270 формаларына криптовалютаға қатысты өзгерістер тек 2024 жылы енгізілген. Салдарынан, 2020 жылдан бері криптовалютаға ие тұлғалардың оны көрсетуде қателікке ұрыну қаупі бар. Олардың арасында мемлекеттік қызметшілердің де бар екенін айта аламын. Ендеше мемкірістер органдары криптомонета, криптовалюта бөлігінде салық салу процесін әлі күнге дейін пысықтамаған", – деді сарапшы Айжан Балакешова.

Декларациялаудың 3-ші және 4-ші кезеңдерін кейінге қалдыруды бұдан бұрын Парламент депутаттары да табанды сұрап, Үкіметке, ІІМ-ге, Қаржы, Цифрлық даму министрліктеріне бірнеше депутаттық сауал жолдады.

Айтпақшы, Мәжіліс депутаттары соны шын қаласа, өздері-ақ тиісті заңға бастамашы болып, оны өзі қабылдап, декларациялауды кейінге шегере алар еді. Ондай құзырға ие. Тиісті үлгісі бар: бұрынғы шақырылымдағы Парламент декларациялау кезеңін екі рет кейінге ысыра алды.

Депутаттардың айтуынша, әрбір қазақстандықтың қандай дүние-мүлкі, қанша ақшасы бары бүге-шігесіне дейін, дәл жазылған құжаттарды шенеуніктер құпияда сақтай алмайды. Бүгінде конфиденциалды ақпараттарға толы декларацияны халық: "Ұры-қарылардың анықтамасы" деп атай бастады.

Мәжілісмен Магеррам Магеррамовтың айтуынша, декларациялаудың жаппай енгізілуіне байланысты азаматтардың дербес деректерінің сақталуы проблемасы көкейкесті. Жаңалықтар таспасында дербес деректердің сыртқа кетіп қалғаны туралы мәліметтер легі толастамауда.

"Мысалы, "Мемлекеттік техникалық қызмет" 2 миллионнан астам қазақстандықтың дербес дерегі сыртқа тарап кеткенін әшкереледі. БЖЗҚ, Air Astana, "Қазақтелеком" және басқасына қатысты тексерістер  жүргізілуде. Бірақ нәтиже болмайды, өйткені 2023 жылы дербес деректер туралы заңнаманың бұзылуына қатысты 473 қылмыстық іс қозғалса, оның 318-і ізінше тоқтатылған. Сыртқа кеткен деректерді алаяқтар халықты тонауға пайдаланады. 2023 жылы  интернет-алаяқтық бойынша 158 474 іс қозғалған. Оның 92 954-і қылмыс жасаған адамдардың табылмауына байланысты доғарылған. Алаяқтар шетелде отырып-ақ, жария болған дербес деректер арқылы алдаумен, тонаумен айналысады. Интернет-алаяқтықтың өсуіне азаматтарды декларациялау ықпал етеді", – деді мәжілісмен.

Депутаттың айтуынша, Қазақстандағы барлық ересек адамның дүние-мүлкі, ақшасы, әшекейі, алтын құймалары, қымбат заттары туралы ақпарат көрініс табатын декларациялар "қылмыстық ұйымдар үшін қолайлы жағдайлар туғызады".

"Қазақстанда біздің дербес деректеріміз нашар қорғалған. Дербес деректердің ұрлануы, сатылуы ақыр соңында мүліктің қолды болуына, қазақстандықтарға қатысты алдау, шантаж бен қоқан-лоққының артуына соқтырады. Осыған байланысты сұрақ туындайды: біз жаппай декларациялауды енгізуге асығып отырған жоқпыз ба? Оны енгізіп жатқан қандай тұлға халық алдына шығып, өз мойнына дербес жауапкершілік ала алады? Азаматтардың декларацияларындағы дербес деректерінің сыртқа кетіп, қылмыскерлердің қолына түспейтініне кепілдік берсін", – деді мәжілісмен М.Магеррамов.

Шенеуніктер депутаттарға да еш кепілдік бермеді. Декларациялау үрдісін Қаржы министрлігі әзірлеп, ілгерілетіп, іске асыруда. Бірақ ол да дербес жауапкершілік алудан бас тартты.

"Ақпараттандыру саласындағы, дербес деректер мен оларды қорғау саласындағы ақпараттық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік инциденттерінің алдын алу және оларға жедел ден қою Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің негізгі міндетіне жатады", – деп сырғытты Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов депутаттарға жауабында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу