Салықшылардың азық-түлік тасушы кәсіпкермен дауы

12805

Елордада мемлекеттік кірістер органы, прокурорлар және "Хорека" компаниясы арасындағы дау жалғасуда. 

Салықшылардың азық-түлік тасушы кәсіпкермен дауы

Ұзаққа созылып бара жатқан бұл тайталас таяуда бір жылдық межесіне жетуі ықтимал. Бизнесмен әділдік іздеп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне де жүгінді. Өз кезегінде агенттік басшысы Алик Шпекбаев бұл істі қарауды Бас прокуратураға және Қаржы министрлігіне кері жіберді. Біз тараптардың ешқайсысын жақтамаймыз. Тек бұл оқиға өзге кәсіпкерлерге және өз ісін бастаушыларға неден сақ болу керектігін үйретіп, үлгі бола алады.

Жалпы, "HoReCa" сөзі ағылшынның "Hotel, Restaurant, Cafe/Catering" деген сөздерінің басқы екі әрпінен құралған акроним. Тиісінше, ол астанадағы тамақ өнімдері мен сусындарын, сондай-ақ мейрамханалар мен дәмханаларға керек-жарақ жеткізушілерді біріктіреді.

2019 жылғы 27 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қаулысымен "Хорека" жеке кәсіпкерлігі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Нақтылай кетсек, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің "Шот-фактураларды жазып беру тәртібін бұзу, сондай-ақ тізбеге енгізілген тауарларды өткізуді есепке алу жүйесін бұзу" деп аталатын 280-1-бабының 4-тармағына сәйкес, компанияға 5 миллион 681 мың 250 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Салықшылардың шешіміне келіспеген бизнесмен Нұр-Сұлтан қаласындағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына шағым түсіреді. 4 желтоқсанда сот мемкірістер басқармасының "Хорекаға" әкімшілік айыппұл салу туралы қаулысын өзгертіп, айыппұлды 750 АЕК-ке немесе 1 млн 893 мың 750 теңгеге дейін азайтады. 

Бірақ бұл үкімге елорданың прокуратурасы наразылық білдіріп, Нұр-Сұлтан қаласының сотына апелляциялық шағыммен жүгінді. Прокурорлар сот шешімін өзгертуді, ал мемкірістер органының қаулысын күшінде қалдыруды сұрайды. Осыны мақұл көрген Нұр-Сұлтан қаласының Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы 2020 жылғы 25 ақпанда қаулы шығарып, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың үкімін өзгертті. Яғни, үлкен айыппұл толық көлемде күшінде қалды.

Енді бұған жеке кәсіпкер қарсылық білдіруде. Ол апелляциялық соттың қаулысын қайта қарауды сұрап, Жоғарғы сотқа барады. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты сот органдары біразға дейін жабық болды.  

Бір анығы, бизнесмен әкімшілік кодекстің 280-1-бабына қайшы іс жасағаны рас, яғни электронды форматта шот-фактураларды жазып беру тәртібін бір жыл ішінде екі рет бұзған. Дегенмен, оның адвокатының байламынша, салықшылар әкімшілік жаза тағайындау кезінде әкімшілік кодексінің 44-бабының 2-тармағындағы талапты ескермеген: оған сәйкес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, жеке нотариусқа, жеке сот орындаушысына, адвокатқа, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдарға салынатын айыппұлдың мөлшерiн 750 айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды. Осыған орай адвокат мемкірістер басқармасының қаулысы өзгертіліп, айыппұл сомасы едәуір азайтылуға тиіс дейді. Алғашқы сот инстанциясы да осыны назарға ала отырып, айыппұлды 5,6 миллионнан 1,8 миллион теңгеге дейін түсірген екен.

Алайда мемлекет мүддесін қорғаушылардың өз дәйектемесі бар. Прокуратураның пікірінше, сол әкімшілік кодекстің "Бiрнеше әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған кезде әкiмшiлiк жазалар қолдану" деп аталатын 58-бабының 2-тармағына сәйкес, егер тұлға бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық жасап, оларды сол бiр судья, уәкілетті орган қараса, онда жазаның түпкiлiктi мөлшерiн "жазаның осы кодексте белгiленген 3 еселенген ең жоғары шегінен асыруға болмайды".

Осылайша, айыппұлдың 3 еселенген ең жоғары шегі 5 млн 681 мың 250 теңгені (750 АЕК х 3 = 2 250 АЕК) құрап отыр. Прокуратура елордалық мемкірістер басқармасы тағайындаған айыппұл мөлшері дұрыс есептелген және төлеуге жатады деп санайды. Апелляциялық сот прокуратура шағымын қанағаттандырды.

Бизнесмен не дейді?

"Негізі, "Хорека" шағын бизнес нысаны болып есептеледі. Ол Нұр-Сұлтанда мейрамханалар мен дәмханаларға азық-түлік жеткізумен айналысады. Былтыр компьютерлік бағдарлама тосыннан істен шығып, компания 1С-тегі "Электронды шот-фактуралар" ақпараттық жүйесіне кіре алмай қалды. Салдарынан шот-фактуралар берілмеді. Мұның қасақана жасалмағанын растайтын құжаттар бар. Мысалы, бағдарламаны тексерген "Atlakh" фирмасы оның ақауын тауып, салық төлеуші кабинетін, СОНО-ны қалпына келтіргенін айтып, электронды хат жолдады. "Сервис Центр-Лайнер" ЖШС-ның 2019 жылғы 19 шілдеде орындалған жұмыстар актісі де бар. Онда операциялық жүйе қайта орнатылғаны, жүйелік блок тазартылғаны, сервердің бағдарламалық қамтылымы күйіне келтірілгені көрсетілген. Бұл жағдайлар кешіріммен қарау үшін дәлелді себеп саналады және шағын кәсіпкердің шот-фактураларды дер кезінде жазып беруге бар күшін салғанын көрсетеді", – дейді "Хорека" басшысы, жеке кәсіпкер Жанар Есіргеп.

Ол сот процесі кезінде апелляциялық инстанцияға компьютерлік бағдарлама "Хорека" кесірінен істен шықпағанын, ол жалдап тұратын ғимаратта трансформатор жанып кетіп, бірнеше күн бойы электр қуаты болмағанын дәлелдейтін анықтамаларды да ұсынғанын айтады.

Бұл ретте мемкірістер органы да, прокурорлар да, судья да заң аясында шешім қабылдап отырғанына мән бере кеткен жөн. Яғни, "билік ұйымдары жабылып, әлдебір кәсіпкерді жәбірлеп жатыр" деген сөз мүлдем жоқ. 

Сонымен бірге әртүрлі кездейсоқ жағдайлар салдарынан күтпеген қиындыққа жолыққан кәсіпкердің мұңын да түсінуге болатындай.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу