Салықтың прогрессивті шкаласы қашан енгізілетіні анықталды

9101

Жалақы рейтингінде Қазақстан әлемде ең соңғы орын алды. 

Салықтың прогрессивті шкаласы қашан енгізілетіні анықталды

Picodi халықаралық сервисі таяуда пандемияның адамдар табысына қалай әсер еткенін талдай келе, 2021 жылдың басындағы жағдай бойынша "әлемдегі ең төменгі жалақы" рейтингін түзді.

Зерттеуге 56 мемлекет қатысты. Өйткені бұл мемлекеттерде ең төменгі жалақы (ЕТЖ) көрсеткіші бекітілген. Бұл ретте Филиппин, Гонконгтың ЕТЖ-ға салық салудан бас тартқаны үлгі ретінде айтылған. Алайда өзге елдер, соның ішінде Қазақстан Үкіметі ең төменгі табыстан да салық жинайды. Сондықтан сарапшылар рейтинг түзгенде азаматтар қолында салық төленгеннен кейін қалатын нетто-соманы ғана назарға алды. Ол сома жергілікті бағам бойынша долларға ауыстырылады.

Елімізде ЕТЖ былтырғы жылғы деңгейде – 42 500 теңге көлемінде қалғаны мәлім. Алайда АЕК-тің 2 778 теңгеден 2917 теңгеге дейін өсуі кесірінен, алым-салықтар өсті. Салдарынан барлық мемлекеттер ішінде тек Қазақстанда ғана жалақы азайып кетті.

Қызығы сол, рейтингті Украина бастады: жерінің үлкен бөлігінен айырылып, соғысты бастан кешкен бұл елдің Еуропа нарығына кірігу арқасында экономикасы көтеріліп келеді. Нәтижесінде, пандемия жайлаған жылдың өзінде мұнда ең төменгі жалақы 27%-ға ұлғайыпты. Дегенмен, сарапшылар Украинада ЕТЖ (171 доллар) бәрібір төмен екенін еске салады. Одан кейін Түркия келеді: өсім – 21,6% (359 доллар). "Үштікті" тұйықтайтын Албанияның жетістігі – 15,4% (257 доллар). Сонымен бірге ең жоғарғы ЕТЖ Люксембургте – 2241 доллар (өсім 2,5%), Аустралияда – 2081 доллар (1,2%), Ирландияда – 1895 (1%).

Посткеңестік елдерде Ресейде ЕТЖ – 146 доллар (өсім 5,5%), Әзербайжанда – 140 доллар, Беларусте – 134 доллар (6,7%), Арменияда – 101 доллар, Өзбекстанда – 57 доллар (7%). Қазақстанда ең төменгі жалақы – 88 доллар ғана (-1,1%-ға төмендеді).

Осылайша, Қазақстан азаматтарының жалақысы азайған жалғыз елге айналып отыр.

Сонымен бірге республикада алдыңғы жылмен салыстырғанда азық-түлік себетінің құны 14%-ға өсті. Ұлттық банктің дерегінше, былтыр инфляция шарықтап, 7,3%-ға жеткен. Аталған зерттеу барысында әр елге қатысты шартты "азық-түлік себеті" жасақталды, оған нан, сүт, жұмыртқа, күріш, ірімшік, ет, жемістер мен көкөністер кірді. Елдегі ең төменгі жалақы осы себет құнымен салыстырылған. Ал 2021 жылдың басында Қазақстанда осы азық-түлік себетінің құны 25 мың 280 теңге болды. Бұл 1 жыл бұрынғыға қарағанда 13,87%-ға қымбат.

Үкімет көрсеткішін экспаттар көркейтеді

Белгілі бизнесмен М.Әбдірахманов тағы бір мәселеге назар аудартты.

"Ұлттық статистика бюросының деректеріне жүгінсек, жалақыға түсетін орташа салықтық жүктеме 21,78%-ды құрайды. Бұл ретте ең жоғарғы ауыртпалық Нұр-Сұлтанда – 51,92%, ал ең төменгісі Түркістан облысында – 4,94%. Әрине, жаңа облыстың төмен көрсеткіші жақсы емес, ол өңірде жұмыссыздық деңгейі жоғары екенін паш етеді. Ал Салық кодексіне сәйкес, Қазақстанда жалақыға түскен салықтық жүктеме 21,21% деп алынған", – деді ол.

Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Неге? Біріншіден, еліміздегі ең ірі 50 кәсіпорын салық түрінде небары 2,7 триллион теңге аударыпты. Бұл олардың жалпы табысының небары 7%-ы ғана. Осыған орай салықтық жүктеменің біркелкі таралмайтынын байқауға болады.

"Бұл қоғамда әлеуметтік шиеленістің туындауына ықпал етеді. Оның үстіне Ұлттық статистика бюросы жұмыскер ретінде шамамен 3,8 миллион қазақстандықты ғана есепке алады. Шынында экономикалық белсенді және еңбекке қабілетті 9,8 миллион адам бар. Қалған 6 миллион адамның қалай күн көріп жүргені, немен тамақтанатыны белгісіз", – дейді кәсіпкер.

Екіншіден, жалақыға салық жүктемені есептегенде, есепке шетелдік мамандардың – экспаттардың табыстары кіріп кеткен.

"Инвестициялық жобалар аясындағы міндеттемелерге орай шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны қоспағанның өзінде, елде пандемияға дейін 300 мыңдай экспат болды. Салдарынан, өмір шындығымен сәйкеспейтін есеп қалыптасты. Оған қарап, билік еңбек нарығының ахуалы жақсы деген байлам жасайды. Егер статистикадан шетелдіктерді алып тастасақ, жұмыс істейтін Қазақстан азаматының жалақысына түсетін салықтық жүктеме 40%-ға дейін жетеді. Сондықтан салық салудың әркелкілігін жою және халықтан басыартық алым-салық жинауды болдырмау үшін қарапайым әрі түсінікті салық салу моделін әзірлеу керек", – дейді Марат Әбдірахманов.

Бұл мақсатта мысалы, Дүниежүзілік банктің ұсынымдарына сәйкес, тұтыну нормативтерін бекіту керек.

"Әділетті салық салуға көшу үшін отбасыдағы жұмысқа қабілетсіз, еңбек етпейтін әр мүшесі үшін ең төменгі күнкөріс шегі мөлшерінде "шартсыз шегеру" (безусловный зачет) туралы бұрынғы норманы қайтаруды ұсынамын. Дүниежүзілік банк кедейлік шегі ретінде күніне 5 долларды алуға кеңес береді. Отбасыда орташа есеппен 3,5 адам х 150 доллар = 525 доллар шығады. Нәтижесінде, орташа отбасының табысы ағымдағы бағам бойынша 525 долларға дейінгі көлемде салықтан босатылуы керек. Заң жүзінде "салық салынбайтын табыс – необлагаемый доход" ұғымын енгізу 5 жыл ішінде кем дегенде 5 миллион жұмыс орнының құрылуына мүмкіндік береді", – деген сенімде ол.

Прогрессивті шкалаға неге қарсы?

Кәсіпкер Ұлттық экономика министрлігіне жолдаған хатында міндетті медициналық сақтандыруды жоюды ұсынады. Себебі, миллиондаған адам оны төлей алмай отыр. Соның кесірінен, емханалар миллиондаған қазақстандықты дертінен емдемей, қабылдаудан бас тартуда. Бұл ақыр соңында "Ауру ұлттың" қалыптасуына соқтырады. Сонда медсақтандыруды немен ауыстыру керек? Денсаулық сақтау алымы онсыз да әрбір азаматтан жиналатын 9% әлеуметтік салыққа бұрыннан енгізілген. Ал оның үстіне медсақтандырудың жамалуы – халықтан екі рет алым жинауға ұқсайды.

Салықтық базаны арттыруды жеке табыс салығының 5%-тен 50%-ға дейінгі прогрессивті шкаласын енгізу арқылы шешуге болады. Әзірге кедей адамнан да, байдан да 10 пайыз ЖТС жиналады. Бұл ретте ең төменгі жалақының 10 есе көлеміне дейін айлық алатындардан 5 пайыз, ал 1,5 миллион және одан жоғары табыс табатындардан елу пайызға дейін салық алуға болады. Тиісінше, ауқаты шалқыған азаматтардан түсетін салық миллиардтап артады.

Прогрессивті шкаланы енгізуді Президент Қ.Тоқаев та ұсынған-тын. Алайда Ұлттық экономика министрлігі бас тартыпты.

"Бюджет кірісін арттыру жөнінде ұсыныстар түзу бойынша жұмыс тобы прогрессивті шкала бойынша келіп түскен ұсыныстарға талдау жүргізді. Халықаралық тәжірибеге жүгінсек, оны тиімді енгізу үшін бірқатар шарт орындалуы қажет. Біріншіден, елде орта таптың үлесі жоғары әрі орнықты болуға тиіс. Екіншіден, елде жалпыға бірдей табыс пен шығысты міндетті декларациялау енгізілуі керек. Үшіншіден, салық тиімді әкімшілендірілуі қажет. Төртіншіден, салық мәдениеті жоғары болуы шарт. Бесіншіден, салықтың үдемелі өсетін жаңа шкаласын халықтың басым бөлігі оң қабылдауы керек. Бұлар болмаған соң ресми жалақы көлемінің жасанды азайтылу, жеке табыс салығын төлеуден жалтару қаупі бар", – деді Ұлттық экономика министрлігі.

Ведомство елімізде жаппай декларациялау толық енгізіліп, әрбір азамат жыл бойы тапқан табысы мен шығарған шығысы туралы мемлекетке есеп тапсыра бастаған тұста прогрессивті шкаланы енгізу мәселесіне қайта оралатынын мәлім етті.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу