Саммиттерге қарамастан Жер бәрібір ысып жатыр

3310

1992 жылы өткен Жер конференциясынан бері планета 36 триллион тонна мұзынан айрылды. Және де әлемде өрттер тіпті өршіп, өзендер тасып, қуаңшылық күшейіп, дауылдар жиілеп, температура көтеріліп, жаһандық жылыну құрбандары көбейіп келеді.

Саммиттерге қарамастан Жер бәрібір ысып жатыр

Әлем лидерлері жаһандық жылынуды ауыздықтау үшін 29 жыл бойы бас қосты. Ал осы уақыт ішінде Жер әлдеқайда ысып, бірте-бірте ажал планетасына айналып барады. Бұл кезеңде триллиондаған тонна мұз жоғалып, қазбалы отындарды жағу нәтижесінде ауаға миллиардтаған тонна улы газ тарап, климаттың өзгеруінен туындаған аптап ыстық пен басқа да табиғи апаттардан жүздеген мың адам қаза тапты.

1992 жылы Рио-де-Жанейроға әлемнің 100-ден астам елінің басшысы жаһандық жылыну және басқа да экологиялық мәселелерді талқылау үшін Жер саммитіне жиналды.

"Ол кезде шынымен де үміт бар еді. Бірақ мұздар еріп жатыр... Бәрі нашарлады. Отыз жыл бойы деградация мен тозуға куәміз", – дейді Онондага ұлтының тасбақалар кланының қорғаушысы әрі сол алқалы жиынға байырғы америкалықтар атынан қатысқан белсенді Орен Лионс "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Жер саммиті климат жөніндегі халықаралық келіссөздер процесіне жол ашып, 2015 жылғы Париж келісіміне қол қоюмен  аяқталды. Ал бүгін Шотландияның Глазгосында сондай әлемдік конференция COP26 деген атпен қайта жанданып, онда дүниежүзінің 200-дей елінің жетекшілері көмірқышқыл газының атмосфераны ластауын азайтуға күш салады. Бұл саммит қарашаның 12-де аяқталады.

"1992 жылы климаттың өзгеруі болашақ өмірге үлкен әсер ететін проблема екені анықталды. Сол болашақта қазір өмір сүріп жатырмыз. Бізде уақыт қалмады", – дейді Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш.

Әлем лидерлері климаттың өзгеруіне тосқауыл қою үшін екі келісімге қол қойды. Соның бірі – 1997 жылы қабылданған Киото протоколы – дамыған елдерді ауаны ластаушы көміртегін қысқартуға міндеттеді. Дегенмен ратификациялық талаптарға байланысты, бұл хаттама 2005 жылға дейін күшіне енген жоқ. Ал 2015 жылы Париж келісімі әрбір елді атмосфераға тарайтын улы қалдықтарды шектеу мақсаттарын белгілеуге мәжбүр етті.

Ең ластаушы ел – Америка Құрама Штаттары аталған  келісімдер бойынша келіссөздер жүргізуге көмектескенімен, 2017 жылы Республикалық президент қызметіне кіріскеннен кейін Вашингтон бұл процестерден бас тартты. Бірақ Байден билікке келген соң, АҚШ Париж келісіміне қайта оралғаны белгілі.

АҚШ-тың Ұлттық мұхиттық және атмосфералық басқармасының (NOAA) мәліметі бойынша, 1992 жылдан бері жаһандық температура Фаренгейт өлшемі бойынша 1,1 градусқа (Цельсий бойынша – 0,6 градус) дерлік көтерілген. Және де соңғы 29 жылда Жер өткен 110 жылмен салыстырғанда көбірек жылыған. Бұған қоса, 1992 жылдан бері әлемде жоғары температура бойынша  8 мәрте рекорд жаңартылыпты.

NOAA-ның өзге бір мәліметі бойынша, Аляскада орташа температура 1992 жылдан бері 2,5 градусқа (1,4 градус Цельсий бойынша) көтерілді. Арктикалық бақылау және бағалау бағдарламасына жүгінсек, Арктикада жылыну процесі жалпы жер шарындағы температураның жоғарылау үрдісінен екі есе жылдам жүріп, қазір кейбір маусымдарда тіпті үш есеге дейін жеделдеп отыр.

Осының салдарынан Жердің мұзы еріп жатыр. Лидс университетінің климатологы Эндрю Шепердтің есептеулері бойынша, 1992 жылдан бері Жер 36 триллион тонна мұз жоғалтыпты. Бұған Арктика мен Антарктикадағы теңіз мұзының суға айналуы (олар қазір жазда бұрынғыға қарағанда көбірек еріп жатыр), Гренландия мен Антарктидадағы алып мұз қалқандардың кемуі мен мұздықтардың еруі кіреді.

Колорадо университетінің мәліметі бойынша, мұхитта мұз көбірек еріп, су жылыған сайын, әлемдік теңіз деңгейі 1992 жылдан бері шамамен 95 миллиметрге көтерілді.

1992 жылдан бері Америка Құрама Штаттарында орман өрттері екі есеге көбейді, деп хабарлайды АҚШ-тың Ұлттық ведомствоаралық өртке қарсы орталығы.

АҚШ-та кейінгі отыз жылға жуық уақытта кем дегенде 1 миллиард доллар шығын әкелген 265 табиғи апат тіркеліпті. Соның он сегізін америкалықтар биыл бастан кешірді. Бұл апаттар 11 991 адамның өмірін қиып, олардың зардабын жоюға жалпы алғанда 1,8 триллион доллар жұмсалды. Ал 1980 жылдан 1992 жылға дейін АҚШ-та жылына орта есеппен миллиард доллар шығынға батырған ауа райы апаттары үшеу болса, 1993 жылдан бері олардың саны жыл сайын орта есеппен тоғыздан кем болмай тұр.

Апаттар жөніндегі халықаралық мәліметтер базасына жүгінсек, соңғы 29 жылда дүниежүзінде 8 000-ға жуық климаттық, су және ауа райы апаттары болып, 563 735 адам қаза тапты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары бұл сандардың  қисынды екенін және климаттың өзгеруінен қайтыс болғандар саны 2030 жылдары жылына 250 000-ға дейін өсетінін болжап отыр.

Global Carbon Project тобының дерегінше, 1993 жылдан 2019 жылға дейін әлемде қазбалы отынды жағу мен цемент жасау нәтижесінде ауаға 885 миллиард тоннадан астам көмірқышқыл газы тараған.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу