Қазақстан бюджеттік дефицит жөнінен рекорд орнатты: 2023 жылғы бюджетте қаржы тапшылығы 5,7 триллион теңгеге жетпек. Бюджет тапшылығы шамамен 4 триллион теңге. Бірақ бұрынғы жылдарда алынған мол заемдарға қызмет көрсету, яғни оларды өтеу үшін жаңа жыл бюджетінде тағы 1 триллион 795 миллиард теңге жоспарланған. Осы бюджет тапшылығын жою үшін Үкімет тағы да нарықтан қарыз тартады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ол ақшаның 75%-ы ішкі нарықтан, тек қалғаны ғана шетелден алынатынын мәлімдеді.
Мәжіліс депутаттары мұнай, шикізат бағасы шарықтап тұрғанда елдің бюджеті неге осынша ортайып тұрғанына алаңдаушылық білдіруде.
Мысалы, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры 2022 жылдың қорытындысында шамамен 2 триллион таза табыс таппақ. Бұл туралы қордың Экономика және жоспарлау департаментінің директоры Мират Өтепов жариялады. Биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысында қордың таза табысының өзі 18% өсіп, 956 млрд теңгені құрады. Осынша ақшаның көбі қордың қарауында қалады, мемлекеттік бюджетке бермейді.
"Табыстың өсуіне әлемдік нарықта мұнай құнының артуы ықпал етті. Тағы бір фактор – қордың өндірістік емес шығындары оңтайландырылды. “Самұрық-Қазынаның” ол оңтайландыруы ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне шығын келтірмейді. Қайта 2022 жылы олардың жалақысы 48%-ға дейін өсті. Жалпы алғанда, бұл мақсатқа шамамен 340 млрд теңге жұмсалды", – деді М.Өтепов.
340 миллиард теңгеге жалақыны арттыру кез келген компания үшін алыс арман болса керек. Бұл ретте қордың бюджетке беретіні бұдан әлдеқайда аз көрінеді.
"Жарияланған ашық ақпаратқа жүгінсек, "Самұрық-Қазына" қорының таза табысы 1,8 триллиона теңгеге жетпек. Келесі жылы одан да көп болады деп болжанған. Сонымен бірге қордың республикалық бюджетке 2023 жылы аударатын дивидендтерінің жоспары шамамен биылғы жыл деңгейінде ғана қалды. Осы 2022 жылы "Самұрық-Қазына" таза табысынан ел бюджетіне небары 170 миллиард теңге ғана аударады деп қарастырылған. Ал келесі 2023 жылы бұл сома 170,5 миллиард теңгені ғана құрамақ. Республикалық бюджетке аударатын төлемін арттыруды ұлттық әл-ауқат қорына Мемлекет басшысының өзі бірнеше рет тапсырған. Соған қарамастан, өсіретін емес", – дейді Мәжіліс депутаты Ғани Хамзин.
Депутат Азат Перуашев квазимемлекеттік сектордың дивидендтік саясаты еш сын көтермейтінін айтады. Ол "Самұрық-Қазынаның" төл дивидендтік саясаты бойынша да қор өз табысының кем дегенде 50%-ын дивиденд түрінде бюджетке бағыттауға тиістігіне назар аудартты.
"Бірақ осы жарым-жарты талаптың өзі орындалмайды. Сонау 2020 жылы, елді пандемия қыспаққа алғанда, Президент ұлттық компаниялардың таза табысын 100% бюджетке аударуға тапсырма берген. Дегенмен, қор ол кезде таза табысының небары 12 пайызын берумен шектелді. Мемлекет амалсыз, Ұлттық қордың қазынасын шығындады. Биылғы жылы мемлекетке төленетін дивиденд сомасы таза табысының мардымсыз 10 пайызынан аспады. Үшжылдық бюджет мақұлданды, сонда алдағы үш жылдың бәрінде ұқсас сома жоспарланған. Негізі, квазимемлекеттік сектор ел экономикасының 60 пайызын астына басып отыр. Олардың табысынсыз, мемлекет кәсіпкерлерден жиналатын салықтарды, яғни ел экономикасының жартысына жуығын ғана пайдаланады", – деді депутат.
Оның пікірінше, қалған табыстарды Үкімет пен ұлттық компаниялар өз білгенінше, Парламенттің бекітуінсіз, халықтың бақылауынсыз, бюджеттік рәсімдерсіз, қалаған мақсатына шығындайды.
"Пәрменді Парламент, есепті Үкімет дегені қайда қалды сонда? Квазимемлекеттік сектордың бұлай бақылаусыз, бассыз кетуінің экономикаға қосымша теріс салдары бар. Олар жеке кәсіпкерлікке қысым көрсетеді. Бизнес алпауыт ұлттық компанияларға, мемлекеттік кәсіпорындарға тең бәсеке құруға қауқарсыз. Қолдарында сонша ресурс, әкімшілік құралдар, шетсіз қаржы тасқыны жоқ. Соның кесірінен квазимемсектор жеке бизнестің, нарықтық экономиканың дамуына жасанды тосқауыл қойып отыр. Бәсекелі ортада кәсіпкерліктің өз әлеуетін жарқырата, толыққанды жүзеге асыруына тежеу болып келеді. Шынтуайтында, Қазақстанда мемлекеттік-монополиялық экономика құрылған. Сорақысы сол, Үкіметтің қолында квазимемлекеттік сектордың ысырап етілетін мол ресурстары бола тұра, мемлекет жыл өткен сайын шетелден қарыз тартып, елді борыш батпағының тұңғиығына батырып жатыр", – деп Азат Перуашев ашығын айтып, Үкіметті аяусыз сынады.
Ол да бюджет тапшылығын жабу үшін Үкіметтің 5,7 триллион теңге қаражатты заем түрінде қосымша тартқалы тұрғанын ескертті.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың түсіндіруінше, "Самұрық-Қазынаның" бекітілген дивидендтер саясатына сәйкес, "мемлекетке төленетін дивидендтің мөлшері ақыр соңында қалған қаражаттан ғана есептеліп, төленеді" екен. Ал оған дейін қыруар қаражатты қор басқа мақсаттарға жұмсайды. Олардың бәрі таза табыстың жалпы сомасынан шегеріледі.
Ол шаралардың қатарында "Президент немесе Үкіметтің өзі бастамашы болған әлеуметтік маңызды жобалар" бар көрінеді.
"2021 жылы қор тобындағы компаниялардан жалпы ауқымы 490 миллиард теңге дивиденд бағытталды. Оның ішінде қазіргі кезде республикалық бюджетке 170 миллиарды түсті. Ал 140 миллиарды денсаулық сақтау және спорт объектілерінең құрылысына шығындалған. Биылғы жылға келетін болсақ, жалпы алғанда квазимемлекеттік сектордан мемлекетке 310 миллиард теңге түсті. 2023 жылға тоқталсақ, дивиденд түрінде республикалық бюджетке 170 миллиард теңгеден астам қаражат аламыз деп жоспарлап отырмыз", – деді Қаржы вице-министрі Е.Біржанов.
Ол осы қорға қосымша шығын жүктеліп отырғанын еске салды: мемлекеттік емес, таза қоғамдық болып табылатын, Парламентке де, мемлекетке де есеп бермейтін "Қазақстан халқына" қайырымдылық қорына "Самұрық-Қазына" қоры да 130 миллиард теңге жарна аударады. Осы жарнаны ұлттық әл-ауқат қоры енді жыл сайын беріп тұрады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, шенеуніктің мәліметінше, "Самұрық-Қазына" әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға 260 миллиард теңге бөледі. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру жобалары, нысандарының құрылысы бар. Сонымен бірге қор халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тұрғын үйлер салатын көрінеді.
Ержан Біржановтың айтуынша, жалпы алғанда, осы шаралардың бәрі, соның ішінде қалың жұртқа қайыры аз болып тұрған "Қазақстан халқына" қорының қоржынын қампайту да "мемлекет пайдасына жұмсалған қаражат саналады". Осылайша, жинақтай келгенде, "Самұрық-Қазына" мемлекет пайдасына 2023 жылы 560 миллиард теңге жұмсамақ. Бұл биылғы шығындарынан 1,8 есе көп көрінеді.