Санэпидембақылау мамандары адуынды блогерлермен шайқасып жатыр

1616

Референдум өтті, енді биліктің ісі блогерлермен болуға тиіс. Өйткені Президент биылғы жолдауында Жаңа Қазақстанның реформалары аясында блогерлік істі реттеу қолға алынатынын мәлімдеген. 

Санэпидембақылау мамандары адуынды блогерлермен шайқасып жатыр

Осы мақсатта Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке БАҚ туралы заңды қайта қарауды жүктеді. Оның аясында сарапшылар блогерлерді ақпарат құралы ретінде тегіс тіркеп, қызметін лицензиялауды, егер заң бұзса, блогерлік іспен айналысуға тыйым салуды ұсынып отырған көрінеді.

Мемлекет басшысы өз жолдауында "бедел жинау үшін байбалам салып, қосақ арасында жүргендер мен арандатушыларға жеңілдік жасалмайтынын", себебі ондай солқылдақтық таныту "жазықсыз құрбан болған жандардың аруағын сыйламау деген сөз" екенін айтқан еді. "Қасіретті қаңтар" оқиғалары кезінде елдің үрейін ұшыру, дүрліктіру үшін фейк ақпарат таратқандар болғаны жасырын емес.

Жалпы блогерлердің бір бөлігі қаржы пирамидаларын, заңсыз инвестициялық ұйымдарды жарнамалап, күреп пайда табатыны жасырын емес. Егер құрылтайшылар, акционерлер қатарында болмаса, бөлімін басқармаса, насихатшыларды жауапқа тарту қиын.

Блогерлердің тағы бір қанаты "баюдың бар сырын ашамын" деп, түрлі курстарды сатады. Алайда ол курстарда қандай да бір кәсіптің өзгелер білмейтін қыр-сырын ашпайды, өсек-өтірікті судай сапырумен шектеледі. Тың ақпарат, тиімділігі бар білім-машық игере алмаған адамдар алданғанын соңында бір-ақ сезеді. Бірақ бұл жағдайда да құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғай алмайды.

"Мүйізі қарағайдай", арсыз әрі адуынды бірқатар блогерлер әкімдерді, министрлерді, бизнесмендерді шабуылдап, тырнақ астынан кір іздеп, жұмысына кедергі келтіріп, есін шығарады. Ондағы мақсаты – әділдік іздеу емес, ресми-бейресми салмақты лауазым-қызметтерге, ақпараттық қолдау, видеоролик жасау сияқты тендерлерге қол жеткізіп, тіпті пара алып, қосымша табыс табу. Мұндай істі кең жолға қойған блогерлер жазаланбақ түгіл, "қоғамдық пікір лидерлері" санатынан мықтап орын алған көрінеді.

Мұның бәрі салада қордаланған былық көп екенін аңғартады. Оның үстіне сала реттелмегендіктен, ол шектен шығатын, заңды белден басатын бөгде пиғылды адамдар үшін тартылыс ошағына айналып барады.

Бір қызығы сол, республикалық қоғамдық штаб өкілдері өткен аптада референдумға дауыс беруге үгіттеу үшін Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ұжымымен кездескенде, мамандар ең алдымен бассыз кеткен блогерлердің заңсыз қарекеттеріне тосқауыл қоюды өтініп, араша сұрады. Өздерін блогер деп таныстыратын, алайда қолында журналистік куәлігі жоқ әлдебір тұлғалар СЭС нысандарына басып кіріп, негізсіз жемқорлыққа айыптайтын көрінеді. Жоқ жерден шу көтеріп, арандатушылыққа барып, видеоны блогта жарияламау үшін ақы дәметкендері болған.

Бұл мәселенің өзекті екенін Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алия Әбдіқайымова растады.

"Мұны өзекжарды мәселенің бірі деуге болады. Біздің сала енді ғана еңсе тіктеп келе жатқаны мәлім. Соңғы 10 жылдың ішінде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет 5 рет реформалаудан өтіпті. Ауқымды өзгерістерге тап болдық. Саламыз бірнеше министрліктердің қарамағына көшумен болды. Білікті мамандарымыздан айырылып қала жаздадық. Өйткені бұл қызметке кәсіби емес мамандар – биологтар, химиктер, тіпті валеолог, экономист, заңгерлер тағайындалатын болды. Өңірлерде СЭС-тің штат саны 4-5 есеге қысқарды. Медициналық жоғары оқу орындарында да біздің сала мамандарын дайындайтын факультеттер жабылып қалды. Қазір саламызда кәсіби мамандар тапшы", – деді А.Әбдіқайымова.

Оның айтуынша, елде ауру саны азайған жоқ, керісінше демографиялық өсімнің күшеюімен бірге, Қазақстанда инфекциялық аурушаңдық деңгейі арта бермек. Сондай-ақ әлемде адамзат атын естімеген, тіркелмеген жаңа инфекциялар бас көтеруде.

Екі жылға созылған пандемия санитар-эпидемиолог мамандардың ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі жоғары, қоғам мен мемлекет үшін өмірлік маңызды екенін паш етті. Дегенмен бұл мамандықты таңдайтындар аз. Біріншіден, жалақысы жоғары емес. Екіншіден, жұмысы аса күрделі. Үшіншіден, қауіпті індеттермен, вирустармен, микроағзалармен жұмыс істейтіндіктен, дертке шалдығу қаупі жоғары, тәуекелді топқа жатады.

Бұл аз болғандай, жұмыстағы психологиялық ахуалды өзін-өзі "блогер" етіп тағайындаған бөтен жандар бұзады екен.

"Санэпидқызметі бақылаушы және қадағалаушы орган ретінде сала мамандарын заңмен қорғау қажет деп есептейміз. Себебі жұмыс барысында өзін блогер атайтын кейбір азаматтардың халықтың санитариялық саламаттылығы мен денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстарға кері әсерін тигізетін фактілер соңғы жылдары көбейіп кетті. Тіпті "блогерлер" маманның жұмыс орнына баса-көктей кіріп, аудио, бейне жазба жүргізіп, арандатушылық жасайтыны, мамандарымыздың моралдық-психологиялық жағдайына нұқсан келтіретіні жиі белең алуда. Соңынан қырық-құрақ монтаждалған аудио, бейне жазбаларды, көпе-көрінеу жалған ақпаратты әлеуметтік желілерге жүктейді. Маманның күні сонымен алысып, жоққа шығарумен кетеді. Қолдан жасалған "жанжалдарға" бола, білікті мамандарымыздың жауапкершілігі қаралған фактілер аз емес", – деп шынын жасырмады облыстық департамент басшысының орынбасары.

Ол Мәжіліс депутаттарынан "блогер" терісін жамылған даукес, қарау пиғылды адамдардың теріс әрекеттерін реттейтін заңды тезірек қабылдауды сұрады. Мамандар биліктен өз жанайқайына да құлақ түруін қалайды.

Әділет министрі Қанат Мусин БАҚ-қа қатысты заңнамалық өзгерістер пысықталып жатқанын жеткізді. Бұл Президенттің тапсырмасы: өз жолдауында Қ.Тоқаев "бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтеруге міндетті екенін, бірақ мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасауы керектігін" нықтады.

Сондай-ақ биылғы 17 ақпанда "Qazaqstan" телеарнасына берген сұхбатында Қ.Тоқаев "ақпараттық соғыс" жүріп жатқанын алға тарта келе, еліміз соған бейімделуі керектігін, әйтпесе, жалған ақпарат таратып, елдің мүддесіне қарсы жұмыс істейтін "блогерлер көбейіп кеткенін" ескерткен еді.

"Саяси реформалардың 7-ші бағытын жүзеге асыру үшін БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін және жауапкершілігін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту мәселелері қол алынуда. Осы мақсатта Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ мәселелері жөнінде жеке заң жобасын әзірлеп жатыр", – деді министр Қ.Мусин.

Ол құжат қолданыстағы БАҚ туралы сонау 1999 жылғы қабылданған заңды ауыстыруы мүмкін. Онда "мемлекеттің мүдделері, қоғамның сұранысы және медиа саланың даму үрдістері ескерілетін" көрінеді.

Әйтсе де, заң жобасын тек 2023 жылы қабылдау жоспарланған.

Ендеше билік, бизнес және халыққа блогерлердің әкіреңдеуіне әрі қарай көне тұруға тура келетінге ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу