Сарапшы: Барлық жауапсыз адамды иттерінен айыру керек

2668

Итбалықтардың қырылуына көз жұма қараған шенеуніктердің итбалықтарды ұрғандарға бетін шымшығаны несі?

Сарапшы: Барлық жауапсыз адамды иттерінен айыру керек

"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңы 2021 жылғы 30 желтоқсанда қабылданып, биылғы қаңтарда күшіне енді. Қазір әрбір облыс, қала әкімдіктері соның негізінде өз аумағында Үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын жаңадан қабылдап жатыр. Ол жобалар "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығарылды.

Алайда ол құжаттарға жануарларды қорғаушылардың да, қоғам өкілдерінің де, зоолог-ғалымдардың да көңілі толмай, түңілген жайы бар. Өңірлік қағидалармен танысқан мамандар шенділердің кезекті рет көзбояушылықпен айналысып отырғанын айтады. Мысалы, "Мейірімді қала-Добрый город" қорының басшысы Наталья Уголькова сөз болып отырған құжаттарда ит, мысық және басқа үй жануарларын ұстаушылардың жауапкершілігі мүлдем көзделмегеніне назар аудартты.

"Біз ұмтылған өркениетті әлемде қоғамның қауіпсіздігі мен жануарларға гуманистік көзқарас жануарлар қожайындарының нақты бекітілген, дербес жауапкершілігімен тығыз қабысып жатыр. Ал біздің жаңа заңдағы норма-талаптарды реттеуге тиісті қағидалар бұған мүлдем қарама-қайшы. Олар қасақана қожайындарға жауапкершіліктен жалтаруға жол ашу үшін құрылғандай. Салдарынан Қазақстанда иесіз қалған бұралқы иттерге қатысты онсыз да күрделі жағдай тіптен ушығып, хаос орнауда. Адамдардың жауапсыздығы, салғырттығы мен надандығы қоғамға қандай зиян-залал келтіретініне күн сайын куә болудамыз. Қаңғыбас иттер ересектерді де, балаларды да қабады, ит талап, жазым болғандар бар. Жануарларды қинап өлтіру жағдайлары тыйылмады. Заңның күшіне енгеніне жарты жылдан асса да, құқықтық реттеудің жоқтығы ахуалды тек нашарлатты", – дейді Наталья Уголькова.

Оның байламынша, үй жануарларын ұстау қағидаларында қожайындарға талаптар және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін шаралар нақты жазылуға тиіс.

Біріншіден, әрбір ит пен мысық арнайы мемлекеттік тізілім-реестрде тіркелуі шарт. Әрбір жануарға төл ЖСН-і тағайындалып, ол нөмірі сырға не қарғы-моншақ түрінде ілінгені жөн. Екіншіден, ол тізім қоғамға қолжетімді болғаны абзал: сонда тұрғындар иесіз қаңғырған, не жоғалған жануардың иесін анықтай алады. Үшіншіден, қожайын өзі асыраған жануарының өмір циклының барлық саласын – тіршілігін, тәрбиеленуін, әлеуметтенуін, көбеюін, физикалық және психологиялық әл-ауқатын, денсаулық жағдайын, тіпті мүрдесінің көмілуін бақылауға тиісті.

"Бірақ жұртшылық назарына ұсынылған қағидаларда үй жануарларын тіркеу, идентификациялау, вакцинациялау міндеттемелері жоқ. Жануарлардың көбею функцияларын бақылау, төлін жаңа қолға беру шарттары көрсетілмеген. Яғни тууды бақылау мәселелері ары қарай бетімен жіберілмек. Онда көз қылып, заңды қабылдаудың қандай қажеті болды? Өйткені дәл осы саладағы бақылаудың жоқтығынан қала мен даладағы қаңғыбас иттерге қатысты проблема өршіп кетті. Бұдан бөлек, қағидаларда қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне орын мен көңіл бөлінбеген. Егер әзірлеушілер ерінбей, кәсіби кинологтардың ақылына жүгінгенде, онда қауіпсіздіктің базалық шарты – үй жануарын тәрбиелеу екенін білер еді. Мұндай жауапкершілік толығымен қожайынға жүктелуге тиіс", – деді "Мейірімді қала" қорының басшысы.

Оның айтуынша, егер қала ортасында ит ұстағысы келген екен, ол адам өз итін бұйрықтарға үйретуге міндеттелуі керек. Әйтпесе, ит қандай мінез-құлыққа жол берілмейтінін білмесе, ешқандай заң қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді. Тәрбиесіз, басқаруға көнбейтін, агрессивті ит – адамға бағынбайтын апат.

Осыған орай, қарағандылық кинологтар, зооқорғаушылар ұсыныспен шығып отыр. Олардың ұсынуынша, тек асылдары немесе алыптары ғана емес, кез келген тұқымдағы иттер "Басқарылатын қалалық ит" (БҚИ) тестін тапсыруға міндеттелуге тиіс. Нақтылай кетсек, қожайыны өз итінің жергілікті кинологиялық ұйымда оқудан және арнайы үйрету алаңдарында (дрессировочные площадки) БҚИ тестілеуінен өтуін қамтамасыз етуі қажет. Соның қорытындысында тиісті сертификат беріледі. Тек осыдан кейін ғана басқарылатын қалалық итке көшеге шығуына рұқсат етілуі керек. Ал егер қожайыны бұл рәсімдерден өтуден бас тартса, оны итінен айыру қажет.

Бәлкім, сыншылар мұны – орындалмайтын талап деп тануы мүмкін. Әйткенмен, дәл осындай нормалар озық елдерде ондаған жылдар бұрын қабылданған және бүгінде тиімділігін паш етуде.

Сарапшылардың пікірінше, тіркеу, сәйкестендіру, тууын бақылау, үйрету-тәрбиелеу, әлеуметтендіру шарттары сақталған жағдайда ғана қала-ауыл ортасында ит ұстау жұртшылық үшін де, жануар үшін де қауіпсіз әрі қолайлы болады. Ол болмағасын, шенеуніктер көзбояушылыққа құмарлықтан арыла алмаған соң, қоғамымыз жануарларды қорғаушылар мен ит атаулыға қарсыларға қақ жарылып, ары қарай тайталаса бермек. Мысалы, жабайыланған иттер ауыл жақта малға қырғидай тиіп, қырып кеткен деректері тіркелуде. Соған ашынған ауылдықтар әкімдерден кеңес кезіндегідей иттерді жаппай атуды талап етуда. Алайда "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңы енді оған рұқсат етпейді. Арнайы панаханалар ұйымдастырылуы, қаңғыбас иттер ауланып, сонда ұсталуы қажет. Оған ауылдың азғантай бюджеті мүмкіндік бермейді. Сөйтіп ахуал тұйыққа тірелген.  

Сарапшылар биліктің тағы бір көзбояушылығына назар аудартады. 2020 жылдың шілдесінде Маңғыстау облысында – Ақтау қаласында және өңірдегі бір ауылда ересектер мен балалардың теңіз жағалауында итбалықтарды ірі тастармен, кеспелтек ағаштармен сілейте сабау оқиғалары тіркелді. Бейнежазбаға түспей қалғаны қаншама. Бұл бірқатар жергілікті тұрғынның бұрыннан бар жаман ермегі болса керек. Мұндай оспадарлыққа қоғам жаға ұстады. Резонансты оқиға ақыры аталған заңның қабылдануына түрткі болды.

Дегенмен эколог-ғалым Елена Картамышева мемлекеттің итбалықтарды жаппай қырып жатқан басқа ірі мәселеге – апатқа көз жұма қарап отырғанына қынжылады.

"Каспии теңізі экологиялық апат алдында тұр. Оған теріс антропогенді ықпал өрістеуде. Теңіз мұнаймен, ауыр металдармен қатты ластанған. Теңізде биологиялық әралуандылық күрт кеміді. Мұнай және газ өндірісі теңіздің суына, түбіне және жағалауына кері әсерін тигізіп жатыр: ауаны, айналасын ластайды, кейбір ұңғылардан сыртқа мұнай аға бастады. Әрқашан Каспийдегі экожүйенің саламаттылығының көрсеткіші саналатын итбалықтар саны 100 жыл ішінде 90%-ға кеміп, қазір құру қарсаңында тұр. Теңізде көмірсутегі өндірісі қарқынды өсіп барады, демек бұл бассейнде таяу болашақта экологиялық ахуал жақсарады деп сену аңғалдық болады", – дейді эколог.

Ол бұған бірінші кезекте Ресей, Әзербайжан, Қазақстан және Иран аумағының теңіз қайраңындағы мұнай-газ компанияларының белсенділігі айыпты екенін қаперге салды.

Ғалымның түсіндіруінше, біріншіден, итбалық-түленнің ұсақ, үлпілдек жүні жылу сақтағыш изолятор рөлін атқарады, алайда ол түкті мұнай жапқанда, ондай қасиетінен айырылады да, жануар тез жаурап, қыста гипотермиядан өлуі мүмкін. Екіншіден, төгілген мұнай қалдықтары түленнің қозғалысын шектейді, тіпті жануардың ескекаяқтарының денесіне желімделіп, жабысып қалуы жиі ұшыраса бастапты. Содан біразы жүзу қабілетін жоғалтып, жағалауда, жартастарда, аралдарда азынап жатып алатынды шығарған. 

Үшіншіден, итбалықтың ұрғашысы өз перзентін иіскеп таниды: мұнай қалдығымен былғанып, үстінен жағымсыз иіс шыққан төлді анасының қабылдамай қоятын жағдайлары жиілепті. Салдарынан ондай бала итбалықты ешкім асырамай, бақпай, ол аштықтан және тоңудан өледі.  

Бұған қоса, Каспий теңізіндегі бірегей тіршілік иелеріне қоректенуге азық қалмай барады: түлендердің де негізгі тамағы саналатын каспийлік майшабақ соңғы 20 жылда тоқтаусыз жойылуда. Ересек итбалық күніне орта есеппен 3 келіден артық ұсақ балық жейді. Теңіздің қатты ластануы, климаттың өзгеруі, су температурасының көтерілуі Каспийдегі жануарлардың қырылуына соқтырып, оған өлі теңізге айналу қаупін төндірді. Біраз жыл бұрын небары бірнеше күн ішінде шамамен 30 мың итбалық қырылып қалды. Зерттеулер көрсеткендей, қоршаған ортаның қатты ластануы жануарлардың иммунитетін әлсіреткен, салдарынан олар вирустарға төтеп бере алмаған. 

Экономика дағдарып, геосаяси ахуал ушыққан жағдайда каспийлік мемлекеттер мұнай-газ өндірісіне салмақ салуға мәжбүр. Тиісінше, биліктің өзі жануарларға жауапкершілікпен қараудың не екенін "ұмытып" отыр. Ендеше өзі орындамай отырғанын халықтан талап етуі қалай болар екен?

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу