Сарапшы доллар бағамына қатысты болжам жасады

Қыркүйекке қарай айырбас бағамы 470-ке таяп қалуы мүмкін, егер сыртқы экономикалық факторлар жағымсыз болса одан да төмен межені бағындырамыз. 

Сарапшы доллар бағамына қатысты болжам жасады Фото: inbusiness.kz

Аптаны құлдыраудан бастаған рубльдің соңынан теңге бағамы да құнын жоғалтты, деп жазады inbusiness.kz.

16 тамызда бір долларға 460 теңге көрсеткішіне бір ғана қадам шақ қалған ұлттық валютамыз, мұнай бағасының тұрақтылығына қарамастан, 2%-ға дерлік әлсіреп, бір доллар үшін 459,35, ал рубль 4,74 теңге болды. 

Бірақ бұған қатысты реттеуші тарапынан қандай да бір пайым мен болжам, ресми түсініктеме болған жоқ.

Сарапшылар бастаған, қаржыгерлер қоштаған қауым Ұлттық банктен бір жауап күткендей болды, алайда бас қаржы институты мұны түсіндіруге тырыспады. 

Құлдырау осымен тәмам, себебі рубль өзгеріссіз, "қара алтын" құны сол қалпы деген мамандар пайымы да жүзеге аспады. 

Себебі 17 тамыз Қазақстан қор биржасында таңғы сауда қыза түсті. Теңге сыртқы факторлердің ықпалынсыз бір доллар үшін 465,65-ке дейін әлсіреуін жалғастырды. Салыстырмалы түрде алсақ, 14 тамыз, яғни дүйсенбіде бағам бір доллар үшін 450-ден төмен болатын. 

Қазір Ресей рубліне қатысты бағамы 4,96 теңгеге дейін төмендеді. Мұнай барреліне 85 доллардан  өзгерген жоқ, Ресей рублі 93,8-ге дейін нығайды. Ұлттық валютамыздың құбылуына не түрткі болды? Мұның себебін экономист Бауыржан Шурмановтан сұрадық. 

Фото: Бауыржан Шурмановтың жеке архивінен

"Теңге бағамы мұнай бағасының төмендеуінен кейін құлдырады. Нақты құлдырау рубльмен байланысты болған. Қазіргі жағдайда базалық мөлшерлемені төмендету туралы айтуға да болмайды. Коммуналдық қызметтер, газ және жанармай бағасы көтерілгеннен кейін қыркүйекте инфляция да артуы мүмкін", – деді сарапшы. 

Оның болжамынша, доллар бағамы 470-ке барып тоқтайды.

"Қыркүйекке қарай бір АҚШ валютасы 485-490 теңгеге жетуі мүмкін. Бұл  – ең жоғары меже. Жағдай 1 долларға 500 теңге көрсеткішіне дейін үдей қоймас. Тек мұнай бағасы да құлдырап, сыртқы экономикалық жағдайлар төмен динамика көрсетсе ғана мұндай қатер бар", – деген экономист қазіргі жағдайға ықпал етіп отырған бірнеше факторды атады. 

"Біз ағымдағы шоттың тапшылығын, экспорттың төмендеуін және импорттың ұлғаюын көріп отырмыз. Сондай-ақ, үкімет шығындарды көбейтуді жалғастыруда, сондықтан бюджет тапшылығы бар. Мәліметтер тек бір ғана нәрсені айтады, ол айырбас бағамы рубльдің ізімен төмендейді", – деді сарапшы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу