Сарапшы: Ядролық жарылыс болса, тұрғындар не істегені жөн?

4719

Ядрошы физик маман атом бомбасының жарылысы кезінде тұрғындар қайтсе аман қалатынын айтып берді.

Сарапшы: Ядролық жарылыс болса, тұрғындар не істегені жөн?

АҚШ Президенті Джо Байден адамзатқа ядролық ақырзаман қаупі төнгенін ескертті.

Оның мәліметінше, жаппай қырып-жою апокалипсисінің туындау қатері қазіргі кезде сонау 1962 жылғы Кариб дағдарысы заманынан бері алғаш рет ең жоғарғы дәрежеге жетті. 

"Кеңес Одағы Куба жерінен ядролық зымыранмен соққы беруге ниеттенген кезден бері бірінші рет, бүгінде ядролық қаруды қолданудың тікелей қауіп-қатері туындап тұр. Егер барлығы қазіргі ауанда жалғаса берсе, солай болады да. Біз Кеннеди мен кубалық зымыран дағдарысы дәуірінен бері заманақыр-армагеддон тұйығына маңдай соғып тұрмыз", – деген суыт мәлімдеме жасады Джо Байден Нью-Йоркте.

Биылғы жыл басында АҚШ лидері Ресейдің Украинаға басып кіретіні туралы мәлімдеме жасағанда, оған сенбегендер, күмән-скепсис білдіргендер көп болды. Бұл жолы халықаралық қоғамдастықтың үлкен бөлігі оған сеніп отыр.

Байденнің пікірінше, "қарулы күштері майдан даласында жеңіліп жатқандықтан, тактикалық ядролық, биологиялық немесе химиялық қаруды қолдануға дейін баратынын айтқанда, Путин тіпті де әзілдеген жоқ". 

Америка көшбасшысы "ядролық қаруды бірінші болып қолданса, оның Ресей үшін салдары қандай болатынын қатаң ескерткендерін" жеткізді. Бұл жерде "Мәскеу тактикалық ядролық қаруды жеңіл ғана қолданып, құтылып кетемін, бұл ақырзаманмен аяқталмайды" деп өзін-өзі алдарқатпаса да болады екен. Өйткені оған қарсы жауап зұлмат болады. 

Дегенмен Вашингтон ядролық шайқастың алдын алудың дипломатиялық жолдарын іздеуде. 

"Біз Путин үшін тұйықтан шығудың жолы қандай болатынын түсінуге тырысып жатырмыз. Ол бар абыройынан және Ресейдегі билігінің елеулі бөлігінен айырылмайтындай жағдай қарастырылуда", – деді Байден. 

Таяуда ресейлік ақпарат құралдары ядролық қаруға жауап беретін әскери басқарма қарауындағы арнайы пойыз Ресейдің орталық бөлігінен Украинамен шекараға аттанғанын жазды. Жалпы мұндай маневр бұрын да болған. Осы "ядролық пойыз" 2019 жылы да ұқсас жүріс жасапты. 

Кеңестік және украиналық әскери сарапшы Олег Жданов РФ қарауында "ядролық пойыздардың" екі түрі бар екенін түсіндірді. Бірі тоңазытқыш-рефрижератор пойызға ұқсастырылып, бүркемеленеді, екіншісі брондалған, командалық басқару пункті болып табылады. 

"Ондай пойыздардың бірінші типі ядролық соққы жасауға арналған. Ол 7 вагонннан тұрады. Осындай дивизиялардың бірі Нижний Тагилда орналасқан. Пойыздағы зымыран 6 мың шақырым қашықтыққа дейін ұшады. Ендеше ол пойызды Тагилдан Украина шекарасына бағыттаудың еш қисыны жоқ, сол жерде тұрып-ақ Украина жеріне соққы бере алады. Пойыздың екінші типі – арнаулы. Ол ядролық күштерді басқарудың жылжымалы командалық пункті саналады. Бұл пойызда ядролық зымыран жоқ. Онда тек байланыс құралдары бар", – деген О.Жданов батыстық барлау органдарының мәліметтеріне құлақ түрген жөн екенін жеткізді.

Әлемдегі державалар арасында ядролық және жаппай қырып-жою қаруларын таратпау келісімі аясында Батыс Ресейдегі "ядролық пойыздар" дислокациялана алатын барлық 12 нүктені айқындап, верификациялады. Оның бәрі Оралдан бері орналасыпты. Ақырзаман пойыздарының қозғалысын АҚШ жіті бақылауға қауқарлы. Әзірге АҚШ барлау органдары Ресейдің ядролық қаруын соңғы дайындыққа келтіру белсенділігін байқамапты. Дегенмен қауіп сақталуда.  

Мысалы, 3 қазанда АҚШ барлау құрылымдары ресейлік "Белгород" атты атомдық сүңгуір қайығының өз базасынан жоғалып кеткенін хабарлады. Бірақ бұл оны барлаушылар жоғалтып алды деген сөз емес екен, суасты қайықтары да қадағаланып отырады. РФ басылымдары ресейлік субмаринаға Арктикада, Карск теңізінде ядролық оқтұмсығы бар жаңа "Посейдон" аса қуатты торпеданың сынағын жүргізу миссиясы жүктелген деген мәлімет таратты. Әзірге ондай сынақ тіркелмеді. Әйткенмен, НАТО басшылығы өз одақтастарына Мәскеудің атом сүңгуір қайығын мобилизациялағаны жөнінде құлақтандырды. 

La Repubblica мәліметінше, ядролық соққы беру үшін "Посейдон" су астымен 10 шақырым қашықтықты еңсере алады. Ресейлік пропагандистер соның көмегімен аралда орналасқан Ұлыбритания патшалығын су астына батырып жіберуге болатынын айтып, мадақтаған. 

Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, К-329 типті осы сүңгуір қайық жаңа концепциядағы соғысты жүргізуге арналған прототип болып есептеледі. Авианосецтері мен крейсерлері жоқ Ресей АҚШ әскери-теңіз күштерімен бәсекелесе алу үшін суасты қайықтарын жетілдіруге баса мән берді. "Белгород" РФ әскери-теңіз күштерінең қарауына жуырда, 2022 жылғы 8 шілдеде алынды. Іс жүзінде бұл – әлемдегі ең ұзын субмарина. Оның ұзындығы – 184 метр, ені – 15 метр. Ол су астында шамамен 60 шақырым жылдамдықпен қозғалады. Су бетіне 120 күн бойы шықпай, жүзе алады. Оның ұзындығы рекорд қуалаудың нышаны емес. Мұны сарапшылар оның бортында әлемдегі алғашқы ядролық оқтұмсығы бар стелс-торпедалардың, сондай-ақ барлау ақпаратын жинайтын ірі қондырғының орналастырылуымен түсіндіреді. 

Сонымен егер жаһандық державалар арасында ядролық соғыс болса, планетада "ядролық қыс" орнай ма? Жер өсінен тайып, тіршілік иесі тегіс қырыла ма? Жалпы ядролық бомба жарылса, одан қалай қорғануға болады? Бұл сұрақтарға ресейлік белгілі ядрошы физик, халықаралық сарапшы Андрей Ожаровский жауап берді.

"Ядролық қару өткен ғасырдан қалған, варварлық қару. Оны жасағанда мейлінше көп халықты, негізінен бейбіт тұрғындарды қырып салу мақсаты көзделген. Адамзат жаппай қырып-жоятын қарулардың басқа түрлеріне тыйым салғыза алды, алайда түрлі сылтаумен державалар ядролық қарудан бас тартпады. Егер жау қандай да бір қалаға ядролық соққы берсе, соны өз көзімен көрген адамдардың көбі қаза табады. Терең бункерде, метрода тығылғандар соққы болғаннан кейін мейлінше көп апта бойы жер бетіне шықпағаны жөн. Әйтпесе, радиоактивті ластанудан мерт болады", – деді Андрей Ожаровский.

Ол голливудтық киноларда көрсетілетіндей, қалаларды тып-типыл етіп, күлге айналдыратын стратегиялық ядролық зымырандармен соққы беруге бірде бір ядролық держава бармайды деген пікірде. Тактикалық ядролық қару қолданылуы мүмкін. Ол он бес шақырымдай аумақтағы тіршілік иелерін жояды. 

"Стратегиялық ядролық қаруды қолдану үшін адамзат жаппай есінен ауысып кетуі керек. Бірақ біз қазір ондай бір есалаң бар екеніне куә болып отырмыз. Кім екенін айта алмаймын, Ресейде тұрамын. Егер ол қасіретті қаруды іске қосқысы келсе, соны жүзеге асыратын өзге тұлғалар, әскерилер оның бұйрығына бағынбайды деген үміт бар. Өйткені содан кейін олардың өздері тірі қала алмайды", – деді ғалым.

Интернетте "Ядролық соққыдан соң қалай аман қалу керек?" деген тақырыпта роликтер көп. Қаншама сарапшысымақ сантүрлі амал-айла, лайфхактарды ұсынады. Ядрошы ғалымның айуынша, ядролық бомбадан аман қалу күрделі.

"Көп адамды өлтіретіні бірінші кезекте радиация емес. Ядролық қару алдымен өзінің жарылысын көрген адамдарды жағып жібереді. Оның жарықтық импульсы, қызу қуаты далада жүрген, немесе мықты емес конструкциялар ішінде тұрған адамдарды лезде күлге айналдырады. Содан соң қалғанын соққы толқыны (ударная волна) күйретеді. Ол адамның денесінен өтсе, барлық сүйектерін уатып жібереді. Мұндай соққыға тек арнайы жабдықталған бункерлер, бірқатар метролар шыдас беруі мүмкін. Әйтпесе ол тіпті көпқабатты үйлерді құлатады. Олардың жертөлесіне жасырынғандар үйіндінің, жүздеген тонна темірбетон блоктарының астында қалып, жан тәсілім етуі мүмкін. Айналаға радиация да таралады", – деді ғалым.

Бірақ оның байламынша, бұл тұрғыда ядролық бомбаға қарағанда, қарапайым атом электр станциясындағы жарылыс әлдеқайда қауіпті. Өйткені АЭС жарылысы кезінде радионуклидтер ол аумақты ұзақ жылға радиациялық ластайды. 

"Атом бомбасы бір рет қана жарылса, онда радиация эпицентрден аулақта аздау болады. Демек біраз айлардан соң жер астында жасырынғандарды құтқаруға, кейін ол ауданды залалсыздандыруға мүмкіндік тууы ықтимал. Мысалы, атом бомбасы тасталған Хиросима және Нагасаки қалаларында қазір адамдар тұрып жатыр. Онда тіпті жарылыс ошағы қоршалмаған. Ал бейбіт атом жарылған Чернобыльда адамдар тұрмайды. Ол өте лас әрі қауіпті. Қайталап айтамын, ядролық қарудың негізгі күйретуші элементі радиация емес, жарықтық сәулелендіру (световое излучение), алапат қызудан адам денесінің қуырылып қалуы, соққы толқынының айналаны жермен-жексен етуі. Радиация да көп мөлшерде болады, бірақ ол бастысы емес", – деді ядрошы ғалым.

Ол бірнеше кеңес берді. Алапат жарылыстан аман қалғандар екі маңызды жайтқа назар аударуы шарт: біріншіден, сыртқы сәулеленуге ұшырамаудың қамын жасау қажет. Яғни, радиоактивті ластанған аумақта қорғаныш киімінсіз жүрмеу керек. Егер адам ядролық соққыға төзетін бомбапанада отырса, тамақ, суы болса, барынша ұзақ шықпағаны жөн. Екіншіден, ішкі сәулеленуге душар болудан сақтануға тиіс. 

"Бұл сыртқы сәулеленуден де қауіпті. Айталық, адам радиоактивті бөлшектермен, шаң-тозаңмен тыныстап қойса, олар өкпеге тұнады да, олар адамды ішінен сәулелендіреді. Ол бөлшектер көзге, ауызға түссе де, солай болады. Олардан енді құтыла алмайды. Егер адамның қорғаныш киімі болса, онда оқиға орнынан эвакуацияланған соң радиоактивті бөлшектер жабысқан қорғаныш костюмін шешіп тастай алады. Егер ядролық жарылыс болып, үйдің терезелері, қабырғалары бүтін қалса, онда сіз жарылыс эпицентрінен алыстасыз деген сөз. Бірақ бәрібір сыртқа шықпаңыз, үйде, орынжайда қалыңыз. Себебі далада радионуклидтер бұлты көшіп жатуы ықтимал. Мәселен, 2019 жылғы 8 тамызда Ресейдің Архангельск облысындағы Нёнокс елдімекенінде әлдебір құпия қару сынақ үстінде жарылған. Соның радиоактивті бұлты Северодвинск қаласының үстінен өтті. Сонда көшеде серуендеп жүрген адамдардың өкпесіне зақым келген. Сондықтан басты мақсат радионуклидтердің, радиациялық шаңның ішке түсіп кетуіне жол бермеу", – деді ғалым Андрей Ожаровский.

Бұл үшін дереу есік, терезелерді, кондиционерді және басқа тесіктерді жауып, одан жел үрлемеуі үшін скотчпен желімдеп тастау маңызды. Тамақтан, судан мол қор жасап отыруға кеңес берілді. Содан төтенше жағдай органдары эвакуациялайтын уақытты күту, орнында қалып, әртүрлі коммуникация құралдары арқылы хабар алуға тырысу қажет. 

Әрине, амандық болса, қазір Қазақстанға ядролық соққы беру қаупі жоқ. Бірақ державалар бірін бірі ядролық бомбамен соққыласа, планетада тіршілік жойылмай ма? Өйткені Ресей іргеде тұр.

Сарапшы бұған шүбәланады. Мысалы, Қазақстан аумағындағы Семей ядролық полигонында 1949-1989 жылдар аралығында 500-ге жуық ядролық сынақ жасалды. Оның барысында Кеңес одағы кем дегенде 616 ядролық және термоядролық бомбаны жарған. Оның 125-і атмосферада, жер бетінде жарылды. Қалғаны жер астында сыналған. 

Жер-ана оның бәріне шыдады. Өсінен ауып, ғарышқа лағып кеткен жоқ. Ал "ядролық қыс" әр континенттегі барлық ядролық державалар бірін бірі бір мезгілде атқылай бастаса, орнауы мүмкін. Оған жол бермеу үшін адамзаттың жаппай қырып-жою қаруларынан бас тарту, қарусыздану процесіне қайта оралуы өмірлік маңызды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу