Сарапшылар: Алматының бас жоспарын жазып шығуға жарты жыл жеткіліксіз

Еліміздің қаржы орталығы 1,5 жылдан бері стратегиялық маңызды құжатсыз дамуда. 

Сарапшылар: Алматының бас жоспарын жазып шығуға жарты жыл жеткіліксіз

Қанша жылдан бері талқыланып келе жатқан Алматының бас жоспары Сағынтаевтың кезінде сан рет түзетіліп, Досаевтың тұсында қайта жазылатын болды. Бірақ мегаполис үшін стратегиялық маңызды құжатты кім және қашан жобалайтыны, оған арналған конкурс қалай ұйымдастырылатыны әлі белгісіз, деп жазады inbusiness.kz.

Әңгіменің басы 2002 жылдан басталады. Себебі алып шаһардың негізгі бағдары болуға тиіс бас жоспар сол жылы қабылданған. Алайда одан бері мегаполис сан рет түрленіп, қаншама жаңа ықшам аудандар салынды, қала аумағы кеңейді. Осылайша, бұрынғы құжатқа соңғы жылдардағы өзгерістер енгізіліп, заңдастырылып қана келді. 

Елімізде қалаларды танумен айналысатын алғашқы тәуелсіз ұйым – "Urban Forum Kazakhstan" қоғамдық қорының сарашысы Диас Маратұлы бұрынғы бас жоспар Алматының даму болашағын айқындайтын маңызды стратегиялық жоба емес, өтіп кеткен өзгерістер белгіленіп отыратын қатардағы құжатқа айналғанын айтады. 

"2020 жылдың басынан бері біздің ұйым қала билігінен жұртшылық пен сарапшылар үшін Алматының бас жоспарына түзетулерді әзірлеу процесінің ашық өтуін сұрап келеді. Жауап ретінде заңда белгіленген мерзімде жобаның қоғамдық тыңдауға шығарылатыны туралы ресми жауаптар алдық. Құжат қазіргі бас жоспардың мерзімі біткен кезде 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуге тиіс еді. Алайда онда көптеген олқылықтар болды. Осылайша, Алматы осы уақытқа дейін, яғни, 1,5 жыл стратегиялық маңызды құжатсыз қалды", – дейді сарапшы. 

Расымен бұрынғы қала билігі 2020 жылдың соңында қысқа мерзім ішінде бас жоспарды қоғамдық талқылауға шығарды. Талқы тұрмақ, пікірталас болған жоқ. Себебі қаланың дамуына мүдделі белсенділер бас жоспарды жобалаушылар "Алматыгипрогор-1" жобалау институты" ЖШС және  "ҒЗИ Алматыбасжоспар" ЖШС -мен төрт кездесу бекіткен. Алайда оның екеуі ғана ұйымдастырылған. 

Нәтижесінде, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бері күшіне енуге тиіс құжат қабылданған жоқ, Алматы бас жоспарсыз қалды. 

Енді міне, 17 маусым өткен XVIІ қала құрылысы форумында шаһар әкімі Ерболат Досаев Алматы қаласының бас жоспары қайта жасалатынын, жаңа құжатты жыл соңына дейін аяқтау көзделгенін мәлімдеді. 

"Үлкен жұмыс атқарылды. Бірақ өкінішке қарай, бас жоспарды түзету 2002 жылы бекітілген бас жоспарға негізделген. Одан бері 20 жыл өтті. Қазір қала да, экономика да өзгерді. Алматы облысы да өзгерді. Бас жоспарды түзетуге атсалысқандардың бәріне алғыс айтқым келеді, оған 3-4 жыл уақыт кетті, бірақ біз жыл соңына дейін Алматы қаласын дамытудың жаңа бас жоспарын ұсынамыз", – деді әкім.

"Urban Forum Kazakhstan" қорының жетекшісі Әділ Нұрмақов жыл соңына дейінгі мерзімді жеткіліксіз деп есептейді. Оның айтуынша, өзін-өзі сыйлайтын ешбір жобалаушы жарты жылда мынадай ауқымды құжатты жазып шықпайды.

"Бас жоспар өте ауқымды мәліметтер негізінде жасалады. Ол біраз уақыт талқылануы керек. Қазір барлығы белгісіз. Біздің білетініміз, жаңа құжаттың қабылданатыны және жуырда жарияланған Алматыны дамыту жоспарының негізгі басымдықтарының жобасы. Болды, ары қарай қандай талқылау болатыны, кім және қалай жазатыны белгісіз", – дейді сарапшы. 

Оның сөзінше, бірінші кезекте бас жоспарды әзірлеуге конкурс жариялануы керек. Оған жеткілікті уақыт берілуі қажет. 

"Салмақты жобалаушы ұйымдар қатысу үшін конкурс халықаралық деңгейде ұйымдастырылуға тиіс. Қазақстанда бас жоспарды әзірлеу бойынша тәжірибе жеткіліксіз, тек бұрынғы "кеңестік мектеп" қана бар. Ал ол қазір өзекті емес. Сонымен қатар жобалаушыларға жеткілікті уақыт берілуі керек. Себебі мұндай ауқымды жұмысты жарты жылда жазып шығуды өзін өзі сыйлатын жобалаушылар мойындарына алмайды. Әрі қарай осы саладағы әр бағыт бойынша сарапшылармен кеңесу сынды нақты қадамдар жасалады. Басым бағытта анықталады. Қоғамдық талқыға ұсынылады. Ал бізде бұл қадамдар қалай жүзеге асырылатыны белгісіз", – деді Әділ Нұрмақов.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу