Сарапшылар Қытайдың Temu маркетплейсіне жоламауға кеңес береді

626

"Миллиардер сияқты сатып ал!" деп қызықтыратын интернет-дүкенді алаяқтар жайлап алыпты.

Сарапшылар Қытайдың Temu маркетплейсіне жоламауға кеңес береді Фото: news.cgtn.com

Көршіміз Әзербайжанның сарапшылары дабыл қағуда. Негізінен қытайлық өнімдерді сататын Temu онлайн базарында алданғандар мен олардың арыз-шағымының саны көбейіп барады.

"Temu интернет-дүкенінің қызметіне көңілі толмаған сатып алушылардың саны барған сайын өсуде. Олардың айтатыны ұқсас: бір тауарды таңдап, тапсырыс бересің, оның орнына Қытайдан мүлдем басқа тауар немесе тауардың макеті келеді. Мысалы, клиенттердің бірі көлік жөндеуге арналған кілттердің жиынтығына тапсырыс бергенін, алайда оның орнына кілттерге арналған футляр түріндегі су контейнері келгенін айтады", – деп жазады Oxu.az порталы.

Мамандар зерттеу жүргізіп, мұндай оқиғаның өте көп екенін әшкереледі.

Тұтынушылардың еркін одағының төрағасы Эйюб Гусейновтің мәлімдеуінше, ұйымға онлайн-сауда саласында алданып қалған азаматтардан арыз-шағымдар лек-легімен түсіп жатыр. Сондықтан маман Қытайдағы алаяқтарға жем болып, мұзға отырып, қаражаттан айрылып қалмау үшін қарапайым қағидаларды ұстануға кеңес берді.

Атап айтқанда, осы және басқа маркетплейсте сатып алмас бұрын біріншіден, тауар туралы ақпаратпен мұқият танысқан жөн. Екіншіден, ол туралы өзге сатып алушылардың пікірін оқыған маңызды.

Мұнда бір гәп бар: Temu мен Pinduoduo маркетплейстерінде барлығы тек қытай (путунхуа) тілінде жазылған. Сондықтан сарапшылар ең құрыса, ондағы мәтіндерді Google Translate және басқа сервистер арқылы дөрекі болса да тәржімалап, оқып алған жөн дейді.

Жалпы, әлеуметтік желіден байқалғандай, пиары агрессивті жүргізіліп жатқан бұл тұғырнамаларда тауар сатып алып, сан соққан қазақстандықтар жетерлік. Мысалы, арзан, бірақ әдемілігімен арбайтын әшекей орнына қуыршаққа арналған бижутерия жіберілген.

Осы орайда Еурокомиссия ҚХР-дің Temu сауда алаңына қарсы ресми тергеу бастады. Ол Еуроодақтың заңын – "Цифрлық қызметтер туралы актіні" бұзды деген күдікке ілікті.

Еурокомиссияның хабарлауынша, Temu еуропалық нарыққа заңсыз өнімдерді таратқаны, жалған сатып алушылардың пікірлерін жариялағаны, өнім жеткізушілердің кім екені туралы ақпаратты ұсынбағаны, ісінде "мөлдірлік" танытпағаны үшін айыпталып отыр.

Егер барлық кінәсі расталса, онда қытайлық онлайн-платформаға жылдық айналымының 6%-ы көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді. 2023 жылы оның жылдық кірісі 35 миллиард долларды құрағанын ескерсек, алты пайызы 2,1 миллиард долларға тең.

Сонша өтемақы өндірте алса, бұл әлем тарихындағы ең ірі айыппұлдың біріне айналады. Еурокомиссия Temu басшылығын тергеушілермен ынтымақтасуға, сұраған құжаттарын өз еркімен тапсыруға шақырды.

Finprom мониторинг агенттігі сарапшыларының айтуынша, Temu мен Pinduoduo Қазақстанда тіркелмеген. Бұл қазақстандық тұтынушыларды заңгерлік қорғану мүмкіндігінен айырады.

"Шетелдік онлайн сауда алаңдары арасында кейінгі кезде қытайлық Temu мен Pinduoduo платформалары танымал бола бастады. Олар агрессивті баға саясатын, адуынды маркетингті жүзеге асыру арқылы төмен бағаларымен тұтынушыларды өзіне еліктіреді. Бірақ мұның артында ел экономикасы мен отандық шағын және орта бизнес үшін салмақты қауіп-қатер жасырынып тұр", – деп мәлім етті "Финпром".

Сарапшылар басты проблеманың бірі ретінде Temu, Pinduoduo платформаларының Қазақстанда тіркеліп, өкілдігін ашпағанын атады. Салдарынан, бюджетке тиісті алым-салықты толыққанды төлемейді.

Осының кесірінен олар Қазақстан экономикасының дамуына үлес қоспайды, сондай-ақ демпингті бағаларымен нарықтағы адал бәсекелестікті бұзады. Ұқсас өнімдерін сататын жергілікті бизнесті тиімсіз етіп, дәрменсіз жағдайға жеткізеді.

Мысалы, қазақстандықтар халық кең тұтынатын тауарларды, киім-кешекті, тіпті жиһазға дейін қытайлық маркетплейстардан сатып алатынды шығарды.  

Бұл ретте олардың елімізде тіркелмеуі алданған тұтынушыларын қорғану мүмкіндігінен жұрдай етеді. Егер тауар ақаулы немесе сапасыз болып шықса, сатып алушылар ешкімге талап қоя алмайды. Өйткені сатушының елімізде бірде бір кеңсесі жоқ.

Сарапшылар мұндай онлайн сауда алаңдарында контрафакт, заңсыз тауарлар сатылатынын ескертеді. Оның соңы бекер жұмсалған қаржы шығынымен, бүлінген көңіл-күймен бітпеуі ықтимал.

Мысалы, сатып алынған әлдебір өнімнің орнына құрамында есірткісі бар зат жіберілсе, тапсырыс беруші адамның темір торға қамалуы ғажап емес.

Немесе отандық зертханаларда зерттелмеген косметикалық заттарының құрамында денсаулыққа зиянды, ағзаға улы заттар болуы мүмкін.

Қытайлық бұл онлайн-базарды бірқатар ел өзінде жаба бастады. Мысалы, 2023 жылғы қазанда Индонезия Temu-ді қосымшалар дүкендерінен жою туралы қаулы қабылдады.

The Guardian хабарлауынша, Вьетнам Temu-ді және қытайлық Shein сән дүкенін жабуға шешім қабылдады. Тыйым салу нәтижесінде олар елде бизнес жүргізуге рұқсат ала алмады.

Cube аналитикалық компаниясының тең құрылтайшысы Саймон Торрингтің айтуынша, Қытай өз өнімдерін әлемдік нарыққа ілгерілету үшін оларды өзіндік құнынан да арзанға сатады. Өнімдерінің шығынын субсидиялайды, салығын барынша азайтады. Сол арқылы кез келген мемлекетте жергілікті өнім өнімдірушілер мен саудагерлерге жойқын соққы береді. Олар өнім шығару жылдамдығы бойынша да, өнім бағасы бойынша да қытайлық бақталастарының шаңына ілесе алмайды.

Мысалы, Би-Би-Сидің хабарлауынша, ЮНЕСКО Венецияға "адамзаттың дүниежүзілік мұрасының объектісі ретіндегі қала статусынан" айрылу қаупі төнгенін хабарлаған. Италияның бұл өңіріне жыл сайын шамамен 30 миллион саяхатшы келеді.

Алайда қала бюджетіне түсетін түсім азайған, шаһарды күтіп-ұстау қиындаған. Талдау көрсеткендей, саяхатшылардың 21 миллиондайы: әрбір 10 туристің жетеуі Венецияда қонуға да қалмайтын көрінеді. Олар ішетін тамағын өзімен ала келеді, Венецияға сапарын есте қалдыратын кәдесый-сувенир ретінде Қытайда жасалған арзанқол тауарларды сатып алады. Бұл масқараға тоқтау салу үшін Венеция мэрі Луиджи Бруньяро қытайлық тауарлардың саудасына шектеу қойды.

Ханзу елінің тауарлары мен маркетплейстеріне тосқауыл қоюға түрлі елдер жергілікті өндірушілерін баға демпингінен қорғау үшін баруда. Өйткені шетелдік тұтынушыны жаппай алдау, оған шын тауар орнына ойыншықты, макетті, плакатты жібере салу арқылы шығынын оңтайландыратын қытайлық маркетплейстер жеткізушілері шын тауарларының бағасын қатты түсіріп, өзіндік құнымен сата алады.  

Мысалы, Reuters жазуынша, қытайлық платформалар тарапынан күн сайын күшейген бәсекелестік салдарынан, Таиландта тек соңғы бір жылда 2 мыңдай фабрика жабылып қалды. Бұл 50 мыңнан астам жұмысшының жұмыссыз қалуына соқтырды.

Temu мен Pinduoduo жаһандық нарықты жаулауын жалғастырды. Алғашында барлық күш-жігерін АҚШ, Еуропа нарығына шоғырландырған олар енді Оңтүстік-Шығыс Азия, ТМД нарықтарына баса-көктей енді.

"Финпром" Қазақстанның да осы сын-қатерге тап болғанына назар аудартты. Соның кесірінен, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, байланыс секторларымен қатар ел экономикасының 6 базалық-тұғырлы саласының бірі саналатын сауда секторы күйреуі ықтимал.

Сауда саласы – бір өзі республиканың ЖІӨ-сінің 18,2%-ын қалыптастыратын алып. Бұл экономиканың барлық салаларының арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Сауда – ересек қазақстандықтардың 16,7%-ын жұмыспен қамтып отыр. Егер негізсіз арзан баға кесірінен тұтынушылардың басым көпшілігі қытайлық сауда алаңдарына ауысып алса, сауда саласы тоқырайды.

Жергілікті бизнес қытайлық маркетплейстер мен тауарлардың экспансиясына шыдамай, нарықтағы бекініс-позицияларынан айрылады. Оның соңы жаппай жұмыссыздыққа, кәсіпкерлік белсенділіктің төмендеуіне, бұрынғы бизнесмендердің жұмыссыздар қатарын толықтыруына, өңдеуші және басқа өнеркәсіптердің стагнациясына, бюджетке төленетін салықтың азаюына және басқа да салмақты салдарларға соқтырады.

Қазақстан халқының Қытай тауарларына толық тәуелділігі ұлттық қауіпсіздікке қатер.

"Жаһандық аумалы-төкпелі құбылыстар аясында Қазақстан да төл экономикасын белсенді қорғау үшін нақты, пәрменді қадамдар қабылдауы қажет. Қытайлық онлайн сауда алаңдарында сатылатын өнімдердің сапасына бақылауды күшейткен жөн. Ішкі нарықтағы орнын нығайтуға көмектесу үшін салықтық жеңілдіктер ұсынып, жергілікті кәсіпкерлерді тиімді қолдау маңызды. Қазақстаннан миллиондаған тұтынушыны өзіне қызықтыра алған қытайлық маркетплейстер бір қарағанда бейкүнә көрінуі, тіпті жұртты арзан өніммен қамтамасыз ететін жанашыр көрінуі мүмкін. Бірақ шындығында олардан төнген қауіп салмақты", – деп түсіндірді "Финпром" агенттігінің сарапшылары.

Олардың байламынша, егер дер кезінде тегеурінді шаралар қабылдамаса, оның салдарлары Қазақстан үшін апатпен тең болады. Экономика салаларының дағдаруынан бастап, ел халқының жаппай улануына, денсаулығынан айрылуына дейін.

Сауда-саттық атаулы жаппай онлайн алаңдарға көшіп жатқанда, төл онлайн-платформаларын дамыта алмаған Қазақстан іргесіндегі екі көршісінің жетегінде кетіп барады. Қазақстан тұрғындарының бір бөлігі керек-жарағын алдымен қазақстандық дүкендерден емес, Қытайдың AliExpress, Temu мен Pinduoduo, Ресейдің Wildberries бен Ozon платформаларын іздейтінді шығарды.  

Сондықтан Қазақстан ең құрығанда, осы маркетплейстердің елдегі саудасын қатаң бақылауға алуы, олардың өткізетін өнімінің халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығына сәйкес келуін, өмірі мен денсаулығына залал келтірмеуін қатаң талап еткені орынды.

Ұлттық мүддені, отандық кәсіпкерді қорғау, адал бәсекелестікті сақтау үшін баға демпингін де тыйған артық болмайды. Алайда жауапты министрліктер әзірлеген тиісті заңды Парламент әлі күнге қабылдамады.

Қазақстан шикізатқа тәуелділіктен құтылуды, оның орнына өңдеу өнеркәсібін басымдықты дамытуды стратегиялық мақсат етіп белгіледі. Дегенмен, әсіресе, шығыс көршінің сауда алаңдары мен өнімдері бұлай бетімен кетсе, бейберекет белең ала берсе, қажетті шаралар қабылданбаса, Қазақстанда жаңа-жаңа бой тіктей бастаған шағын өнеркәсіптік кәсіпорындар жойылады.

Дәл осы кезде Pinduoduo маркетплейсінің және оның еншілес ұйымы Temu-дің қожайыны Колин Хуан биыл Қытайдағы №1 миллиардерге айналып шыға келді. Оның байлығы 48,6 млрд доллардан асты. Бір ғана Temu-дің жылдық табысы 2022 жылдан бері бірден 90% өсіп, 2023 жыл қорытындысында 248 млрд юанға ($35 млрд) жетті.

Блумберг жазуынша, тұтынушыларын "ғаламат жеңілдіктермен" қызықтыратын бұл сервис өзге мемлекеттер бастан өткеріп жатқан инфляция, девальвация, дағдарыс сияқты кесапаттарды өз пайдасына жаратады. Зардап шеккен жергілікті тұрғындарға тікелей ҚХР-дан жеткізілетін арзан, брендтік емес өнімдерді ұсынады. Тұрмысы төмендеп, титықтаған ел амалсыз отандық бизнестің өнімін сонымен алмастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу