"Сарыарқа" Ресейдің халықаралық лигасында екінші рет топ жарды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3050

Шайбалы хоккейден Қарағандының "Сарыарқасы" Жоғары хоккей лигасында Петров кубогын жеңіп алды.

"Сарыарқа" Ресейдің халықаралық лигасында екінші рет топ жарды Фото: allhockey.ru

"Сарыарқа" биылғы маусымды ала-құла өткізген болатын. Маусым басында ойын өрнегі көңілден шықпай, кежегесі кейін тартып жүрді. Абырой болғанда, Жоғары хоккей лигасының негізгі додасында (чемпионатында) 10-орынға ие болып (56 ойын, 72 ұпай), плей-оффта бақ сынау құқығына қол жеткізді. Есесіне содан кейін түлеп сала берді.

Оның сыры – бас бапкерінде. Қараша айы ортасынан ауа "Сарыарқа" клубының басшылары команда тізгінін Латвия маманы Леонид Тамбиевке ұстатқан. Дәл сол кезде Қарағанды клубы ЖХЛ-да 17- орында тұрған болатын. Білікті бапкер төрт айдың ішінде кеншілер клубының ойын өрнегін жетілдіріп, деңгейін өсірді.

Плей-оффқа 10 - орынмен шыққан "Сарыарқа" клубына Петров кубогы жолында өзінен жоғары орналасқан азулы командалармен "шайқасуға" тура келді. Яғни көбінесе түзде ойнауға мәжбүр болды. Әуелі плей-офф додасына 7- орынмен шыққан "Югра" (Ханты-Мансы) клубын үш ойында да ұтып, басымдық танытты. Жалпы есеп – 3:0.

Ширек финалда плей-оффқа 2- орынмен шыққан "Нефтяник" (Альметьевск) клубымен табан тіресе шайқасты. Екі команда арасындағы мұзайдын додасы жеті матчқа созылды. Әр команда өз айдынында жеңіске жетіп отырды. Бірақ Татарстан қаласында өткен соңғы ойында "Сарыарқа" жеңісті жұлып алып, жартылай финалға шықты. Жалпы есеп – 4:3.

Шайбалы хоккей мамандары жартылай финалда "Сарыарқа" клубының "сүрінетіндігіне" сенімді болды. Өйткені Қарағанды хоккейшілерінің келесі қарсыласы – "СКА-Нева" клубы еді. Біріншіден бұл команда ЖХЛ-дың негізгі додасында (чемпионатында) топ жарып, 1- орынға ие болған. Екіншіден Санкт-Петербург қаласынан.

Алайда іс жүзінде бәрі де басқаша болып шықты. "Сарыарқа" көсіле сілтеп, Петербор клубын түзде де, үйде де екі рет тізе бүктірді. Жалпы есеп – 4:0. Қарағанды клубы – финалда. Әрі шабуылшылары екпін алып, қорғанысы алынбайтын қамалға айналды. Қақпашысы хас шеберлік танытып, "СКА-Нева" өз айдынындағы екі ойында да бірде-бір гол соға алмады.

Финалда Тюменнің "Рубинімен" додаға түсті. ЖХЛ-дың негізгі додасында (чемпионатында) 4- орынға ие болған ресейлік клубтың ойын өрнегі жетіле түсіп, қарқынын үдете бастаған Қрағанды клубына төтеп бере алмады. Рас, өз айдынында өткен бірінші ойында жеңіске жетті. Бірақ оның өзінде овертаймда бақтары жанып, гол соққан болатын. Осыдан кейін "Сарыарқа" азулы қарсыласын үй демей, түз демей, төрт рет тізе бүктірді.

Сонымен "Сарыарқа" – чемпион! Петров кубогын екінші рет жеңіп алды. Алғаш рет 2014 жылы жеңімпаз атанған, ол кезде бұл дода "Братина кубогы" деп аталатын. Әрі Қарағанды клубы ЖХЛ рекордын жаңартып отыр. Бұған дейін жыл сайынғы чемпионатта 10-орын алған команда плей-оффта бәрін "жайратып" салмаған болатын.

Ал "Сарыарқаның" бас бапкері Леонид Тамбиев те бұрын-соңды болмаған ерен жетістікке қол жеткізіп отыр. Ол былтыр Петров кубогын "Динамо" (Санкт-Петербург) клубымен жеңіп алған болатын. Биыл Қарағанды командасымен топ жарып отыр. Екі жылда екі командамен чемпион болу – әзірше ешбір бапкердің қолынан келмеген жетістік.

"Сарыарқаның" қақпашысы Эдуард Рейзвих плей-офф сатысының ең бағалы ойыншысы (MVP) атанып, теңдессіз болып танылды. Ол плей-оффта кеншілер клубы сапында 18 ойын өткізіп, оның 15-де жеңіске жетті. Өз қақпасына бағытталған соққылардың 94,2 пайызын тойтарды. Үш матчта бірде-бір гол жібермей, "құрғақ" ойын өткізді. Сенімділік коэффициенті – 1,71.

Сонымен қатар "Сарыарқаның" бірнеше хоккейшісі ЖХЛ статистикасы бойынша бірнеше номинацияда үздік шықты. Шабуылшы Айрат Зиазов плей-оффтың мерген ойыншысы болды – 19 ұпай (7 гол + 12 пас). Эдгарс Сиксна қорғаушылар арасында теңдессіз болды – 11 ұпай (3 + 8). Артур Сарваров плей-офтың сұрмергені атанды – 8 гол. Пас беруден де Қарағанды клубының бетке ұстар хоккейшілері алдарына жан салмады. Тағысын тағы...

Әрине, біз "Сарыарқа" клубын, осы бір айрандай ұйыған ұжымның басшыларын және жанкүйерлерін биылғы ерен жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз. Тек команда сапында қазақ жігіттері мен Қазақстан хоккейшілері көбірек ойнаса екен дейміз. Қазір бұл команданың сапында қазақ жоқ. Ал өз еліміздің түлектері – санаулы ғана.

Маруан Түсіп 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу