"Сәтті Жұлдыз" лотерея операторы мәртебесін жоғалтуы мүмкін

3141

Президент жеке операторларды жоюды жүктеді, Үкімет тиісті шешімді бекітетін құжатты әзірлеп отыр, деп жазады inbusiness.kz.  

"Сәтті Жұлдыз" лотерея операторы мәртебесін жоғалтуы мүмкін

Экономика министрлігі мемлекеттің экономикалық функцияларын жеке операторлардың жүзеге асыруына тыйым салатын заң жобасын әзірледі.

Бұл қадамға 2022 жылғы 21 қаңтарда отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуде Қ. Тоқаевтың берген тапсырмасы негіз болыпты. Президент сонда Жаңа Қазақстанда "негізгі қағидат – шынайы бәсеке" болатынын нықтай келе, барлық сала бәсекеге ашық болуға тиіс деп міндет қойды.

"Операторлардың, жеке операторлардың қызметі мүлдем тоқтатылады. Бұрын "өтеп алушы" деген термин болатын. Жеке компаниялар тиісті төлем арқылы мемлекеттің бірқатар экономикалық функцияларын орындауды сатып алатын. Бұл жақсылыққа апармады. Үкіметке мұндай қызметке заңды түрде тыйым салуды тапсырамын. Экономиканы деолигополизациялау бойынша қатаң саясат қажет", – деді Қ. Тоқаев.

Айта кету керек, жекеменшік операторлардың бірі жабылып та тынды. Мемлекет басшысының 11 қаңтардағы Мәжіліс отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Үкімет "ӨКМ Операторы" ЖШС-ын утилизациялық алым жинау және оны бөлу құқығынан айырды. Осыдан кейін компанияның меншік иесі атынан "Ecowaste Solution" ЖШС мен Мұхтарова Шынар Оралғазынқызы Үкіметке "ӨКМ Операторы" ЖШС-ін республикалық меншікке тарту етті.

Алда өзге операторлар да өз дүние-мүлкін мемлекетке өткізе бастауы ғажап емес. Олардан оператор мәртебесі алып қойылатынға ұқсайды.

Экономика министрлігі "Қазақстанда жасанды монополиялар құрылғанын, жеке компаниялар мемлекеттің бірқатар экономикалық функцияларын жүзеге асыруға монополиялық құқықтарды иеленіп алғанын" анықтап отыр.

Мемлекет пен монополистер тартысы: 2:0

Жалпы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Президент жолдауын жүзеге асырудың жалпыұлттық жоспарының 44-тармағын орындау шеңберінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі монополиялық операторлардың қызметіне талдау жүргізген болатын. Талдау барысында антимонополиялық орган 51 монополиялық операторды анықтады, оның 3-еуі толығымен жекеменшік компания болып шықты. Сонда 2021 жылғы 3 ақпанда inbusiness.kz өз дереккөздеріне сүйене отырып, бірқатар оператор жойылатынын жариялады.

Осыдан кейін қызу талқылау жүрді, араға лоббистер салынды. Салдарынан, антимонополиялық орган істі соңына дейін жеткізе алмай, табанының бүрі кетіп, тайғанақтай бастады. Ақырында агенттік небәрі 9 операторға қатысты түбегейлі шаралар қабылдау – оператор мәртебесінен айыру, қызмет түрлерін оңтайландыру, тарату немесе жекешелендіру туралы ұсыныспен шықты. Парламенттегі қалаулылар да осыған "құп!" десті.

Нәтижесінде, 2022 жылғы 3 қаңтарда күшіне енген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңымен 51 оператордың 9-ы ғана мәртебесінен айырылды. Сарапшылардың бағалауынша, бұдан келген жалпы экономикалық тиімділік шамамен 3,5 млрд теңге ғана.

Сорақысы сол, осыдан кейін де жекеменшік операторлар еш қымсынбай жұмысын жалғастыра берді. Олардың өз жеңістерін ерте тойлағаны енді белгілі болып отыр. Ұлттық экономика министрлігі өз талдауында сол заң күшіне енсе де, бәсекелестіктің пайда болмағанын ашық айтады.

"Бәсекенің болмауы себепті монополиялық операторлардың қызметті тиімсіз жүзеге асыруының жоғары тәуекелдері сақталды. Соның ішінде олардың баға саясаты оңтайландырылмаған, көрсеткен қызметтерінің сапасы төмен. Сондықтан Мемлекет басшысы 21 қаңтардағы сөзінде атап өткендей, жеке меншік операторлар тарихқа кетуге тиіс. Барлық сала бәсекелестікке ашық болуы керек. Осыған байланысты мемлекеттің экономикалық функцияларын жеке монополиялық операторлардың жүзеге асыруына заңнамалық деңгейде тыйым салу ұсынылып отыр", – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.

Оператор мәртебесін иеленіп, тұтас саланы монополияландырған 3 жекеменшік компанияның біреуі – "Оператор РОП" ЖШС жойылып, орнын 100% мемлекетке тиесілі "Жасыл Даму" АҚ-ы басқаны мәлім.

Еліміздің жаңа бас экономисі Әлібек Қуантыровтың командасы жаңа заңнамалық түзетулер "мемлекеттің жекелеген функцияларын жүзеге асыратын жеке операторлар – "Сәтті Жұлдыз" АҚ мен "Silk Way monitoring" ЖШС-іне қатысты" екенін жеткізді.

Жаңа заң жобасын Парламент қабылдаса, не өзгермек?

"Қызметтің бірқатар экономикалық түрлерін жеке компаниялар заңды түрде монополияландырып алған. Заң қабылданғаннан кейін жекеменшік монополиялық операторлардың саны 2-ден 0-ге дейін қысқартылады. Одан әрі Қазақстанда жеке монополиялық операторлар болмайды", – деп мәлім етті Ұлттық экономика министрлігі.

Бұл монополистер кімдер?

"Silk Way monitoring" ЖШС-нің ресми сайтында айтылғандай, бұл компания қазіргі кезде Silk Way online (SWO) деп аталады екен. Үкіметтің 2020 жылғы 3 желтоқсандағы №819 қаулысына сәйкес, ол "Халықаралық жүк тасымалдарын қадағалау ақпараттық жүйесінің ұлттық операторы" мәртебесіне ие болды.

Statsnet дерегінше, компания Алматыда 2015 жылғы 14 мамырда тіркелген. Шағын бизнеске жатады. Бағалау бойынша 2021 жылғы жылдық кірісі 638 миллион 540 мың теңге.

Халықаралық автомобильдік тасымалдаушылар қауымдастығының дерегінше, Еуразиялық одақ аясында электронды навигациялық пломбалардың операторы болып, Ресейде "Центр развития цифровых платформ" ЖШҚ, Беларусьте – "Белнефтегаз", ал Қазақстанда – "Silk Way monitoring" ЖШС саналады.

"Бұл компания теміржол көлігінде жүктерді күзетудің көпжылдық тәжірибесіне ие. Оның атқарушы директоры Әділ Сүлейменов бұрын Қаржы министрлігінде жұмыс істеген (салықшы). Осы үш компания тауарлар тасымалын қадағалаудың қолданыстағы ұлттық жүйелерін интеграциялаумен айналысады. Нәтижесінде, уақыт өте келе ЕАЭО жүк тасымалын толығымен цифрлық басқаруға көшетін болады. сонда тасымалдаушылар мен жүк жөнелтушілер тауарды жеткізудің оңтайлы тәсілдерін таңдай алады, маршруттерді тиімді жоспарлайды, жүктің жай-күйі мен орнын қадағалай алады. Бұл тауарлар тасымалын рәсімдеуді жеделдетуге, кеден рәсімдерін оңтайландыруға, уақыт және қаржы шығынын азайтуға мүмкіндік береді", – деп мәлім етті қауымдастық.

Ал компанияның өз дерегінше, "Silk Way monitoring" Қазақстанда жүктерді, вагондарды, контейнерлерді, жүк көліктерін және басқа да жылжымалы құралдарды спутниктік мониторингтеу қызметінің жалғыз жеткізушісі болып табылады. Бұл ол жүктер жолай ұрланбауы, жоғалып кетпеуі үшін қажет көрінеді. Клиенттерінің мүлкін қорғау үшін олардың жүктері спутниктік навигацияның арнайы жүйелерімен, "Watchlock Pro" аспалы контейнерлік құлып түріндегі қосымша бұғаттаушы құрылғылармен және сигнализациямен жабдықталады.

Осының арқасында жүк иелері GPS/GLONASS арқылы мүлкінің қайда келе жатқанын және бүтіндігін шынайы уақыт режимінде қадағалайды. Аталған құлыпты, бағдарламалық қамтылымды джерсилік Starcom systems-тен сатып алады. Ұзақ мерзімді контракт бекіткен көрінеді.

Жалпы жүктерді пломбалау және қадағалау қазір ғана қалыптасып келе жатқан, бірақ перспективті сала. Өйткені өзіне санкция салған мемлекеттердің өнімдеріне қарсы контрсанкция енгізген Ресей Батыс елдерінен, Украинадан Қазақстанға тасылатын тауарлар өзіне еніп кетпеуі үшін ол жүктердің тегіс электронды пломбалануын және қозғалысы қатаң қадағалануын талап етеді.

Бұл іспен бұған дейін тек бір оператор ғана айналысып келген. Ол жойылса, салада бәсекелестік пайда болуы мүмкін.

Ал лотереяның бірыңғай операторы – "Сәтті Жұлдыз" АҚ-ын қазақстандықтар жақсы біледі. Мемкірістер комитеті секілді құзырлы органдардың деректеріне сүйенетін Statsnet бағалауынша, Қазақстанның лотерея операторының 2021 жылғы жылдық кірісі 69 миллиард 476,5 миллион теңгені құрады. 

Компания Алматыда 2016 жылғы 4 сәуірде тіркелген, басшысы Александр Эрикович Тен.

Үкіметтің 2017 жылғы №48 қаулысымен "Сәтті Жұлдыз" АҚ 15 жыл мерзімге лотерея операторы болып бекітілді. Оның қызметкерлерінің саны 748 адамды құрайды. Республика бойынша мыңдаған лотерея таратушы-агенттері бар. Сондай-ақ лотерея билеттерін "Қазпошта" және ірі супермаркеттер желісі арқылы сатады. Таратушы-агенттер лотерея операторынан сата алған барлық лотерея билеттерінің жалпы құнының 6%-ы көлемінде сыйақы алады деген дерек бар.

Президент Қ. Тоқаев енді лотерея сатудан түсетін түсім Болат Жәмішев басқаратын "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына бағытталатынын айтқан болатын.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу