Саясат Нұрбек: Цифрлық теңсіздіктің салдары "цифрлық кедейлікке" апарып соқты

1260

Саясаттанушының айтуынша, әлеуметтік саладағы теңсіздік цифрлық әлемге де жеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz

Саясат Нұрбек: Цифрлық теңсіздіктің салдары "цифрлық кедейлікке" апарып соқты

"Күні кеше ғана Президенттің Жолдауында білім саласы туралы бірден екінші блок сөз болды. Яғни біздің Ұлттық кеңес мүшелерінің үні Мемлекет басшысының құлағына жеткенін көріп отырмыз. Бірінші отырыстан бастап біз көтерген мәселелердің көбі қазір айтылып жатыр", дейді Саясат Нұрбек Ұлттық кеңес мүшелері жиналған отырыста.

Сарапшының айтуынша, білім саласында уәде етілген "алып цифрландыру" сол күйі жүзеге аспай қалды. Өкінішке қарай, мұғалімдерден бастап балалар да, ата-аналар да цифрландырудың басымдығын байқай алмаған. Бұл үрдістің ақыры айналып келіп, қоғамда "цифрлық теңсіздікті" туғызып отыр. Яғни базалық құрылғылардың болмауы, гаджеттерге екінің бірінің қолы жетпеуі – цифрлық кедейлік феноменін де алға шығарып отыр. Мәселен, алты баласы бар отбасы барлық баласына бірдей ноутбук бере алмағанда, бұл жағдай нағыз цифрлық кедейліктің көрінісіне айналған.

"Белгілі бір ресурстарға теңдей қолдың жетпеуі цифрлық әлемге де жетті. Мұны реттеу керек. Әйтсе де, біздің алдымызда одан да зор тегеуріндер пайда болды. Ол демографиямен байланысты. Бұл ретте мені қатты қуантқаны – Мемлекет басшысы білім саласының бағыт-бағдарын еңбек нарығының қажеттілігіне бұрып отыр. Ұлттық кеңестің алғашқы отырыстарында-ақ, естеріңізде болса, осы мәселені көтерген болатынбыз. Білім жүйесі мен еңбек нарығының арасындағы айырмашылық әлі күнге дейін жер мен көктей. Президенттің тапсырмасымен осы бағытта Мамандықтар атласын шығарғанбыз. Осы атластың көмегімен жаңадан 20 жаңа оқу бағдарламасы іске қосылғалы жатыр", дейді ол.

Саясат Нұрбек сонымен қатар білім жүйесінің ең өзекті мәселелердің бірі дәл осы еңбек нарығымен үйлесім екенін айтады. Өкінішке қарай білім жүйесі өз қазанында қайнап, бұл мәселеге баса назар аударылмай қалған.

"Білім саласының ең басты функцияларының бірі – жұмыспен өнімді түрде қамту. Біз адамды 20 жыл бойы білім жүйесінде ұстап келеміз. Ақырында біз жұмысқа жарамды кәсіби маманды алуымыз керек. Алайда Білім және ғылым министрлігі дәл осы жерге келген кезде "бұл енді біздің проблема емес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің шаруасы" деп басын ала қашады", – дейді ол.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу